Сенбі, 23 Қараша 2024
5627 3 пікір 29 Тамыз, 2018 сағат 14:44

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев бірқатар мәлімдемелер жасады

2018-2019 оқу жылына дайындық туралы баспасөз мәслихатына қатысқан Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев бірқатар мәлімдемелер жасады.

Министрдің сөзіне қарағанда,  жаңартылған білім беру мазмұны бойынша сабақ беретін 205 мың (67%) мұғалімнің жалақысы 30%-ға көбейді. Және биыл педагогтарды аттестаттаудың жаңа жүйесі енгізілді. Ол біліктілік санаттары үшін лауазымдық жалақыға 30-дан 50%-ға дейін қосымша үстемақыны қарастырады.

Аттестаттауға мамыр айында 60 мыңға жуық мұғалім қатысып, олардың ішінен 36 мыңнан астамы аттестациядан өтті. Олар 63%-ды құрады. Осы жылдың қыркүйек айынан бастап жаңа аттестация тәртібінен өткен мұғалімдерге категорияларына сәйкес қосымша ақы төленеді.

Бұдан бөлек ұстаздар қауымының арқасына аяздай бататын қағазбастылық мәселесі де өз шешімін таппақ.

"Министрлік өз тарапынан педагогтар толтыруға тиіс құжаттардың тізбесін алғаш рет бекітті. Ол тек 5 құжат, одан басқа мұғалімдерден ешқандай есеп, ешқандай қағаз сұралмауы тиіс. Жаңа оқу жылынан бастап ҰБТ-ға қатысу міндетінен мұғалімдерді босату талқылануда. Министрлік оны қолдайды. Мұғалім тек сапалы білім берумен айналысуы керек. Мектептердің ҰБТ бойынша рейтингін де алып тастадық" - дейді министр.

Министр оқу бағдарламасында да өзгерістер орын алғанын айтты. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының аясында информатика сабағы келесі жылдан 1-2-ші сыныптардан енгізіледі. Ал биыл бұл пән 3-сыныптан бастап оқытылады.

Сонымен қатар Е. Сағадиев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 5-7-ші сыныптарға «Өлкетану» курсы биыл алғаш рет енгізілетінін атап өтті. Оқулықтар мазмұны өңірлерде құрылған авторлық топтармен бірге жасалды. Бүгінгі күні оқулықтар дайын.

Одан да маңыздысы биыл сапасы сын көтермейтін оқулықтар болмайды деп сенуге болатын секілді. Себебі, биыл оқулықтардың сапасы жоғары болады деп министрдің өзі айтты. Осы жылы жаңа оқулықтар үлкен қоғамдық бағалау мен ғылыми-педагогикалық сараптамадан өтті.

"Орта білімге өткен жылы ең көп көңіл бөлінді. Бұл деңгейде кестеге сәйкес жаңартылған мазмұнға көшу жұмыстары жалғасуда. Жаңа оқу жылынан бастап 3, 6, 8-ші сыныптар мазмұны жаңартылған бағдарламамен оқи бастайды. 4, 9, 10-шы сыныптарда апробация басталады. Кезең-кезеңімен көшіп отырмыз. Мұғалімдер мен оқулықтар дайын. Қазіргі күні Республика бойынша оқулықтарды мектептерге жеткізу 99,5 пайызды құрады. Осы бағыттағы жұмыстарды күн сайын бақылап отырмыз. Алдағы екі күнде барлық оқулықтар жеткізілетін болады", - деді министр.

Ерлан Сағадиев мектепке дейінгі балаларды балабақшамен қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан істер туралы да айтты. Оның айтуына қарағанда, мемлекеттік–жекеменшік әріптестік осы деңгейде ең жақсы дамыған.

"Жекеменшік балабақшалар үлесі 30%-дан асты. Ал 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамтуды 93%-ға жеткіздік. «Балапан» бағдарламасы арқылы балабақшалардағы жалпы орын саны халықтың сұранысынан асты. Бірақ бұл республика бойынша. Аймақтарда дисбаланс бар. Ол миграцияға байланысты. Ірі қалаларда, әсіресе Алматы мен Астанада балабақшаның жетіспеушілігі жоғары деңгейде" - дейді министр.

Сонымен қатар, ол балабақшаға тіркелу мәселесін электронды түрде жүргізуге көшу керектігін айтты.

"Тағы бір маңызды жұмыс – балабақшаға кезекке тұру мен жолдама беруді толығымен электронды форматқа ауыстыру. Сонда кезек жария түрде және тез жылжитын болады" - дейді ол.

Министр 0-ші сыныптардың оқушылары мен ұстаздарын даярлау мәселесі туралы айтты.

"Келесі жылдан бастап 0-ші сынып тәрбиешілері мен мұғалімдерді дайындауға кірісеміз. Латынша «Әліппе» және кирилицада «Букварь» базалық оқулықтарын дайындау жұмысы жүріп жатыр. Оқулықтар 2020-2021 оқу жылына дайын болады" - дейді Ерлан Сағадиев.

Сонымен қатар, министр электронды құжаттарды кең жолақты Интернеті жоқ мектептерде ғана қағаз түрінде толтыруға рұқсат берілетіндігін айтты. Ерлан Сағадиев алдағы уақытта еліміздің барлық өңірінде IT-лицейлерін ашу жоспарланып отырғандығын айтты.

"Цифрландыру, яғни IT технологиялар мен робото-техниканы дамыту үшін қосымша білім берудің мүмкіндіктерін пайдалану керек. Жергілікті атқарушы органдар робото-техника, бағдарламалау, 3D-принтинг кластарын ашуда. Қазіргі уақытта бір жарым мың (1500) мектепте осындай кластар бар. Әрі қарай Сонымен қатар барлық өңірлерде IT-лицейлерін ашу жоспарлануда. Ол үшін біз тиісті нормативті дайындап бердік" - деді ол.

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383