Сенбі, 23 Қараша 2024
Жазылған жайдың жалғасы... 7432 18 пікір 3 Қыркүйек, 2018 сағат 09:21

Әміржан Қосанов. «Өкімет өзгермей, үкімет өзгермейді!»

Жадыраған жаз да өтті, күркіреуі күшті, бірақ жауары белгісіз күз келді. Жаңа саяси маусым басталды. Әдетте, осындай кезде саясаттанушылар, БАҚ өкілдері биліктегі өзгерістер туралы алуан-түрлі болжам жасай бастайды. Соның ішінде ең жиі аталатыны – кезектен тыс сайлау мен үкіметтің ауысуы.

Бұл жолы да солай боп жатқан сыңайлы.

Әрине, біз де бәрі де болуы – үкіметтің ауысуы, не ауыспауы – әбден мүмкін: өкінішке орай, біздің саяси өміріміздің ең басты шешімдері қоғам болмысының объективті заңдарына сәйкес емес, билік басындағы ықпалды лоббист топтардың субъективті қалауы бойынша қабылданып жатады. Сондықтан өз басым ондай саяси сәуегейлікпен айналысқым келмейді.

Бірақ осы жылдың бір қызық жаңалығы да жоқ емес.

«Abai.kz» танымал портал бұл жолы болуы ықтимал үкімет ауысуына қатысты атқарушы билік тармағының болашақ нобайын жариялапты. «Оппозиция бірге болсын» деп, әзірше саяси амбициясын тыйып, бадырайтпай жүрген мен сияқты пақырды алыпты да үкімет басшысы етіп қойыпты. Ал менің орынбасарларым мен кабинет мүшелері ретінде бұрынғы, қазіргі шенділермен қатар азаматтық қоғам өкілдерін «бекітіп» тастапты.

Осыған байланысты портал менен де болашақ үкімет құрамына қатысты ойымды сұрады. Нақты адамдардың аты-жөнін атауымды қалап отыр.

Менің жауабым мынадай.

«Abai.kz» порталының бұл бастамасын өз басым қолдаймын. Мәселе ұсынылып отырған нақты жобада немесе сол нұсқада аталған бірқатар өз басым сыйлап, қадір тұтатын тұлғаларда емес.

Мәселе мынадай аса өзекті әрі Қазақстанда әзірше орныға қоймаған маңызды принципте – Қазақстан азаматтары биліктің барлық тармақтары туралы өз пікірін ашық айтып, болашақта билік басында кімді көргісі келетіні туралы да бүкпесіз, ешкімге жалтақтамай көзқарасын білдіруге қақылы! Демократия мен өркениетті саясаттың бір ұстыны – осы!

Ащы болса да, шындығын айтайын: «Abai.kz»-тің осы ұсынысын оқыған кейбір ағайын: «олардан кім сұрап жатыр екен осы? Билік өзі-ақ шешпей ме?», - деп, бір жағынан мысқылдап, екінші жағынан түсінбей жатты. Міне, осының өзі біздегі саяси мәдениеттің деңгейі қай жерде екенін анық байқатты.

Осынау ой орамында «үкімет секілді атқарушы органның құралуына халықтың не қатысы бар?» деген ерекше қате, әрі катерлі ой жатыр!

Меніңше, елде біраздан бері айтылып келе жатқан саяси реформа туралы сөз қозғағанда біз көбінесе президенттік институтты қайта құруға баса көңіл бөлеміз де, парламент және үкімет секілді аса жауапты органдарды «ұмытып кетеміз». Осынау пайымның артында «жә, президент тұрғанда, олар не шеше алады?» деген таптаурын тұжырым жатқаны да рас.

Оппозиция сынап жүрген соңғы конституциялық өзгерістердің өзі үкіметтің саяси билік тармақтары жүйесіндегі рөлін біршама арттырғандай (әрине, ол жеткіліксіз, бірақ ол өз алдына бөлек бір әңгіме). Сондықтан да біз, қоғам, қазірдің өзінде үкімет қалай, ненің негізінде құралады деген сауалдарға жауапты іздестіре бастауымыз керек.

Меніңше, қазіргі үкіметтің бір «ахиллес өкшесі» бар (және ол туралы көпшілік айта бермейді). Оның мәні мынада – біздегі үкімет бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған, бірауызды, біршешімді, бірқимылды команда емес, әртүрлі кландар мен топтардың өкілдерінен құралған ала-құла жиын! Иә, формальды түрде олардың бәрі - бір партияның мүшесі. Бірақ, жеме-жемге келгенде, әр министр өз тобының күйін күйттеп, сойылын соғады. Кейде бір үкіметте жұмыс істеп жүрген премьер, оның орынбасарлары, министрлер мен әкімдер бір-бірін аңдып, бір-біріне қарсы жұмыс істеп, бір-бірінің сүрінгенін қалап жүргендей көрінеді маған! Ондай кезде жұмыла жүк көтеру деген туралы тіпті айтуға да болмайды ғой!

Өркениетті елдерде болса, жағдай мүлдем басқаша. Ол жақта парламент сайлауында жеңіске жеткен партия үкіметті жасақтайды да, сайлау кезінде жариялаған бағдарламасын орындауға кіріседі. Келесі сайлауға дейін берген уәделерін жүзеге асырса, халық ол үкіметті тағы да қолдайды. Бағдарламасын орындай алмаса, масқара боп орнынан кетеді. Бір-екі адам емес, бәрі орнын босатады да, яғни команда болып кетеді. Және де жай кетпей, ресми түрде оппозицияға өтеді және де жеңіске жеткен өз қарсыластарының әрбір қадамын аңдып отырады!

Міне, бізде де дәл осындай өркениетті дәстүр қалыптасуы керек.

Сонда ғана үкіметтің жұмысы тиімді әрі жемісті болады, қоғам оның бағдарламасы мен күнделікті қимыл-әрекетіне ықпал ете алады.

Портал журналистері маған «үкіметтің өзіңіз қалаған құрамын атап берсеңіз», - деп қолқа салды.

Бермей-ақ қояйын. Оның екі себебі бар.

Біріншіден, мен мақтаған қоғам мен биліктегі тұлғаларға салқыным тиіп кетер: «сені Қосанов мақтап жатыр» деп, шенділерге бастықтары шүйлігіп жүрер, маған бір қатысы болар деп өсірмей қояр (күледі).

Екінші себеп туралы жоғарыда айттым: тек қана әділ де ашық сайлауда жеңіске жеткен партия өз үкіметінің құрамын жасақтап, парламентте бекітіп, жұмыс жасауы тиіс!

Abai.kz

 

 

18 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5345