Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Бұ не мазақ? 10048 12 пікір 6 Қыркүйек, 2018 сағат 12:03

Дәу үйдегі Дәу апамдікі - құры пафос, пішту...

Әуелі мына ақпаратқа қараңыз. Қазақстан ұсыныс айтып, Ауған әйелдеріне көмек берумен, солардың мәселесін Халықаралық деңгейде көтерумен айналысатын кеңсе ашуды ұсыныпты. Қайда? Орталық Азияда.

Сайлаусыз Сенатқа барып, онда білдей бір комитетті басқарып отырған дәу үйдегі Дәриға қыз осы жәйтқа қатысты пікір айтыпты. Жаңағы Ауған әйелдеріне жәрдемдесетін ОА-лық кеңсенің қайда орналасатыны әзірге белгісіз депті. Демек, бұл мәселе ашық дискуссия деңгейінде. Әлі де талқылау болады.

"Бұны біз шешеміз. Меніңше, осы процесстің барлық қатысушылары бұл мәселесі дауысқа салып шешуі керек. Біз, Қазақстан, бұл мәселеде ашық дискуссияға дайынбыз және бұл тақырыпты монополизациялау ниетіміз жоқ. Осы конференция бір реткі шара болып қалмаса қуанар едік. Керісінше, Орталық Азияда жыл сайын өткізіліп тұрса жақсы", - дейді Дәриға Нұрсұлтанқызы.

Ол бұны Астанада өткен Ауғанстан әйелдері мәселесі жөніндегі өңірлік конференцияда айтқан.

Дәриға Назарбаева ОА-дағы әр елдің әйелдерінің өздерінің ішкі гендерлік проблемалары барын, алайда олардың мәселесі Ауған әйелдерімен салыстыруға келмейтінін айтыпты.

"Дегенмен Ауған әйелдері бүгінгі күні күндерін әрең көріп жүр. Тіпті, Ауғанстанда қыздарды 7-9 жастан бастап күйеуге беретін жәйттар да тіркелген. Олардың 65 пайызы туыт кезінде қайтыс болған. Әйел бұл дүниеге бала әкеледі. Сол әйел балаға бірінші тәрбиені береді. Оның мінезін қалыптастырады. Тек сауатты, оқыған әйел ғана махаббат, жылулық секілді жақсы қасиеттермен қатар көкжиегін кеңейте алады", - деп түйіндепті Дәриға Нұрсұлтанқызы.

Жә, Дәу үйдегі Дәу апамның дегені өзекті-ақ. Ол жақта әйелдердің физикалық және сексуалдық қысымның құрбаны болып жатқаны рас.

Ал бізде ше? "Әлемдік" масщтабта ғана ойлайтын Ақорда жақтағы ақ жағалылар Қазақстанды қатырып болып, енді Ауғанның әйелдеріне көмектеспек пе?

Қазақстанда да әйелдердің сексуалдық және физикалық қысымның, онан қалса тұрмыстық қысымның құрбаны болып жатқанын Дәриға апай білмей ме? Әлде, ол кісінің имиджмейкерлері мен спичрайтерлері Қазақстан әйелдерінің мәселесін мардым көрмегені ме?

Білмесе білдірейік. Көрмесе көрсетейік. Атасы бөлек ауғанға алаңдап жүрген Дәриға апай өзіміздің қыз-келіншектердің де жанайқайын шамасы жетсе Сенатта көтерсін.

2017 жылдың статистикасы. ҚР Бас прокуратура мәліметі бойынша, Сот үкімі  оқылған 477 іс қаралған.  458 адам сотталған. 36 адам ақталып шыққан. Біздегі құзырлы органдар жүргізген зерттеу бойынша, 18-75 жас аралығындағы әйелдердің 17 пайызы өмірінде бір рет болсын, сексуалдық, физикалық немесе тұрмыстық күш қолданудың құрбаны болған. Ал әрбір бесінші әйел психологиялық қысым көрген. Бұл дегеніңіз 21 пайыздың үстіндегі көрсеткіш.

Ол аз десеңіз, 24% қазақстандық әйел (тұрмыстағы әйелдер) сексуалдық, физикалық және психологиялық қысымды бірдей көрген.

Бұл Дәриға апа, әйелдердің түрлі күш қолданудың құрбаны болуы фактісі елімізде өршіп тұр деген сөз.

Енді мынаны қараңыз, ерлердің күш қолдануы СҚО, ШҚО мен Түркістан (бұрынғы ОҚО) облыстарында жиі тіркелген. Ал ең төменгі көрсеткіш Қызылорда және Жамбыл облыстарында екен.

1996 жылғы дерек бойынша, Қазақстанда 2026 әйел мен қыз жыныстық және тұрмыстық зорлықтың құрбаны болған.

Сұмдық дерсіз, дегенмен статистика солай сөйлейді. Қазақстандағы қылмыскерлердің 87 пайызы ер адам. Елімізде әр 5-6 сағат сайын кісі өлімі немесе зорлық фактісі орын алады.

ҚР ҰЭМ жүргізген сауалнама қорытындысы бойынша, 51 пайыз әйел күш қолданудың құрбаны болғанын ешкімге айтпаған.

Жоқ. Қазақстанның Үкіметі һәм құзырлы органдары қол қусырып отыр дегіміз жоқ. ҚР Үкімет қолдауымен "БҰҰ-әйелдер" құрылымы елімізде бірқатар жобаларды жүзеге асырып отыр. Оның барлығы Қазақстан әйелдерінің мүмкіндіктері мен құқықтарын қорғауға, күш қолдану мен жыныстық дискриминацияны болдырмауға бағытталған.

Дегенмен Қазақстанда әйелдердің зорлық құрбаны болып отырғаны факт. Мысалы, "Союз кризисных центров Казахстана" келтірген дерекке көз жүгіртсек, елімізде жыл сайын түрлі сипаттағы зорлықтың құрбаны болған 400-ден астам әйел қайтыс болады. Бұл 2017 жылғы дерек. 1 жыл өтсе де, өзгеріп кеткен дүние көрмедік.

Әйелдерге күш қолдануға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша іс қаралады екен. Ол қандай баптар?

Практика көрсеткіші: азаптау (ҚР ҚК 110 бап); аффекті жағдайында адам денсаулығына ауыр зарар келтіру (ҚР ҚК 111 бап); зорлау (ҚР ҚК 120 бап); жыныстық сипаттағы  күш қолдану әрекеті (ҚР ҚК 121 бап); жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу (ҚР ҚК 123 бап).

2016 жылы Бас прокурор болып қызмет еткен, қазіргі ҚР Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановтың айтқаны бар.

Онда ҚР Қылмыстық кодексінің 108 және 109 баптары (Қасақана жеңіл дене жарақатын түсіру және таяқтау) Қылмыстық кодекстан Әкімшілік кодекске ауыстырылған. Демек, байынан таяқ жеп, қорлық көрген, яғни тұрмыстық қысымның құрбаны болған әйел енді Әкімшілік кодекс негізінде ғана шағымдана алады.

Ал күш қолданушы Қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Тек әкімшілік жаза тағайындалады. Бұрын, еркек өз әйелін өлімші етіп сабаған жағдайда бар болғаны 45 тәуліктен 60 тәулікке дейін ғана қамауда болады деп көрсетілген.

Кейін бұл өзгертіліп, енді қамау мерзімін 15 тәулікке қысқартылған. Сәйкесінше, салынатын айыппұлдың да көлемі азайған.

Ол аз десеңіз, тағы дерек 2017 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан әйелдеріне қарсы 91 мыңнан астам құқық бұзушылық жасалған.

Түйін. Міне, солай Дәриға ханым. Жұртты жарылқамай тұрып, өзімізді жетістіріп алу керек. "Әулиең әуелі өзін жарылқап алсын" депті ғой, баяғыда бір кісі. Дәриға апаға да айтарымыз сол.

Дәриға демекші, сөз түйінінде мынаны еске салғымыз келеді. Қытайдың саяси қысымынан қашып, Қазақстандағы бала-шағасына, отбасына оралу мақсатында шекараны заңсыз кесіп өтіп келген Сайрагүл Сауытбайды жұрт жақсы біледі. ҚР ҰҚК Шекарашылары Қытай асырып жібермек болғанда, Халықаралық деңгейде һәм жалпыхалықтық деңгейде араша түсіп, алып қалдық.

Сол кезде жұртты жарылқағыш Дәриға апам қайда қарап отырды? Сенаты бар, Мәжілісі бар құмырсқадай құжынаған депутаттар неге үнсіз қалды? Ең құрығанда Қазақ әйелінің тағдырына араша түспесе де, моральдық қолдау жасауға Сенат пен Мәжілістегі Дәриға Назарбаева бастаған депутат әйелдер Жаркентке келсе астынан тағы түсіп қалмас еді ғой. Жарайды, Жаркентті алыс көрсе, Талдықорғанда УТИ-да жатқан да Назарбаева, Қарақұсова секілді егде депутаттар тобық жұтқан адамдай тымырайып, "ләм-мим" деген жоқ қой.

Қазір де, Қытайдың саяси сүргіні әлемдік масщтабта айтылып жүр. Ондағы мыңдаған этникалық қазақ әйелі түрменің тепкісін көріп жатыр. Олардың жазығы - қазақ болғандығы.

Ал, "бәріміз қытайша үйренуіміз керек" деп жүрген Дәриға апай үнсіз отыр, осы мәселеде.

Қазақтың бір әйеліне араша түсе алмай жатып, ауғанды жарылқаймын деуі - ақылдың шеңберіне сыймайды. Құры пафос. Пішту...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

 

12 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052