Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2503 0 пікір 17 Наурыз, 2011 сағат 04:19

Дихан Қамзабекұлы: «Тектілердің сүйегі үзілмейді»

- Алдымен Смағұл Сәдуақасұлының мәйіт күлін елге әкелу туралы халық арасында «сүйекті қозғап несі бар» деген сияқты түсінбеушіліктер кең тарап кетті. Осы арасын (күлі жерленбегендігін, ешқандай сүйек жоқ екендігін, ешнәрсе жерден қазып алынбағандығын) нақты түсіндіріп өтсеңіз?

- Алдымен Смағұл Сәдуақасұлының мәйіт күлін елге әкелу туралы халық арасында «сүйекті қозғап несі бар» деген сияқты түсінбеушіліктер кең тарап кетті. Осы арасын (күлі жерленбегендігін, ешқандай сүйек жоқ екендігін, ешнәрсе жерден қазып алынбағандығын) нақты түсіндіріп өтсеңіз?

- Қазақта ғалым аз емес. Бірақ отаншыл, елшіл ғалымдар аздау. Сол аз ғалымның бірегейі академик Рахманқұл Бердібай: «Біз - тарихы жазылмай келген халықпыз» деген еді 90-жылдардың басында. Әрине, тарихы жазылмаған соң, оны тану да кешеуілдейді. Тәуелсіздіктен кейін жақында жазылған көптомдық тарихтың ХХ ғасырдың 20-жылдарына қатысты бөлігін оқып шықтым. Шынымды айтайын, көңілім тола қоймады. Әрине, бұрынғыдан гөрі ілгерілеушілік бар. Бірақ тарихшы-әріптестерімізде 20-жылдардың атмосферасын түсіну жетпейтіндей көрінді. Мұның себебін әрі ойлап-бері ойлап өзімше тапқандай болдым. Сірә, тарихты жазатын көп әріптесіміз сол дәуірдің қазақша материалын (мысалы, газет мақалаларын) оқымай, архивтің идеология өлшемімен оңды-солды, жоғары-төмен тіркелген хаттамаларынан шыға алмай қалады. Сондықтан тақ-тұқ деректерде жан жоқ. Бастағы кеңестік талғамнан еншісін ала алмай жатқан концепция аяқ-қолды ғана емес, сананы шідерлейді. Салыстырмалы түрде айтайық, енді 60-70 жылдан кейін осы күнгі қазақ тағдырын «Казахстанская правда» мен «Экспресс-К»-ға қарап зерделеу керек пе, әлде ұлт газеттеріне қарап зерделеу керек пе?.. Айталық, Смағұл Садуақасұлы - тарихты жасап қана қоймай, соны нақты дерекпен де, көркем тілмен де жазып кеткен тұлға. Мен, өкінішке қарай, әлгі «Тарихтан» осыны көре алмай дал болдым. Ашуландым, кіжіндім, өкіндім. Кімге? Әріптестеріме және өзіме де. Өйткені сыншыл болсам біреу айтпай ма: «Мықты болсаң, өзің неге жазбайсың?» деп.

Сонымен, «әкесі өлгенді де естіртеді» деген, Смағұлды жай халық түгіл, ғалым атағын алғандар да жақсы білмейді. Бұдан кейін «аттың жалында, түйенің қомында» жүріп оқыған билік басындағыларға қалай ренжисің?..

Әрине, С.Садуақасұлының өлімінің тарихын білетіндер аз болған соң, «сүйекті қозғап не керек?» дейтіндердің табылғаны рас. Сол себепті олар ойлаған шығар: «Баяғыда сүйегі қурап қалған бір қайраткерді Қазақстанға алып келмек пе? Ондайлар көп емес пе?» деп. Мұны жай адам айтпайды, әжептәуір қызметте жүргендер айтады. Бұған да ашулану артық-ау деймін.

Зерттеу нысанамыздың бір саласы смағұлтану болғандықтан, қайталап айтқанды артық көрмейміз. С.Садуақасұлын 1933 жылы ОГПУ-НКВД-ның төңкеріске қарсы элементтерді түрлі тәсілдермен көзін жою бөлімі өлтірген. Қайраткер 16 желтоқсанда, дәл 58 жылдан кейін Қазақ елі тәуелсіздігін жариялайтын күні құрбан болған. Арнайы қоштасу рәсімінен соң сүйегі 19 желтоқсанда кремацияланған (өртелген) соң арнайы ыдысқа салынып, Дон монастырының қабырғасына қойылған. Яғни жерленбеген. Көрмеде тұрғандай қабырғаға қойыла салған. Атеизм заманында, әрине, бұл монастыр діни қызметін тоқтатқан-ды. 1992 жылдан діни қызметін жалғастырды. Былайша айтқанда, С.Садуақасұлы сүйегінің күлі тұрған жерде күн сайын христиан дінінің шаралары тоқтаусыз атқарылып жатты.

Ал, ойлаңыз, біз осыған қалай қарауымыз керек? Әлбетте, Смағұл - шаһит кешкен тұлға. Яғни оның сүйегі қайда тұрса да, Алла үшін ол - шаһит. Біз солай қабылдаймыз. Діни құндылықтарымыз солай дейді. Бірақ ... артында іздеуге тиіс тәуелсіз елі бар, иманды жұрты бар ұлт қайраткерін осылай жат діннің қорымына тастап кете ме?.. Бұл елдікке сын емес пе? Оның үстіне әлгідей жағдайда бақиға озған мұсылман тұлғасының сүйегі (күлі) қара жер қойнына берілмеуі, қай жағынан қарасаңыз да, қисынсыз, дәстүрсіз, ұят нәрсе. Біз соны ойладық. Мұны Сабыр Қасымов, Берік Әбдіғали үшеуміз әп-сәтте шеше салған жоқпыз. Зиялылармен, діндарлармен, елшіл азаматтармен ақылдасып барып осындай тоқтамға келдік. Әр нәрсенің сәті болады, Смағұл сүйегі күлінің елге жету сәті 2011 жылы 21 қаңтарда туды. Бұған дейін 1 ай ішінде біз республикалық газеттерге сұхбат бердік, мақала жаздық, ғылыми-практикалық конференция өткіздік. Тіпті бұл мәселені халық қалаулылары парламент мінберінен де көтерді.

- Мәйіт күлді әкелу шарасын ұйымдастырушылар кімдер? Неге билік құрмет көрсетуге жарамады? Үкіметтен емес қалалық әкімшіліктен де ешкім қара көрсетпеуін қалай түсіндіріп бересіз? Билікте отырғандарға Мәскеуден демейміз өз елінде отырып Астанадан азамат ретінде қарсы алса оған ешкім қой демейтін шығар...

- Шараны ұйымдастырған - Алашқа құрметпен қарайтын азаматтар. Мен 1991 жылы әлгі крематорияда болып, Смағұлға Құран бағыштаған болатынмын. Ылғи өзге діндегілердің сүйегінің күлі салынған ыдыстар қаз-қатар тізіліп тұрды. Арғы жағында кремацияға дейінгі қоштасу рәсімі өтеді екен. Мына жағында орган ойнап, сай-сүйекті сықырлатады. «Бұл қалай?» деп ойланып, «С.Садуақасұлы сүйегін елге жеткізу керек. Абылайхан мен Қабанбай қиылысындағы бұрынғы жастар театрының орнына (өртенген) «Алаш қабірстанын» орнатайық» деп «Алматы ақшамына» ұсыныс хат жаздым. Кейін жағдайлар өзгерді. Астана көшті. 2008 жылы Смағұл сүйегі туралы мәселені Президент әкімшілігінде істейтін Б.Әбдіғалиға айттым. Ол жанып кетті. Мәскеуде таныстары барын айтты. Бірақ бұл кезде біз екі дүниенің мәселесіне ойланып қарайтын жаста едік. «Қалай әкелеміз? Әкелсек қалай қоямыз? Дін-ислам бұған не дейді?». Өз басым осы туралы көп толғанатын болдым. Не керек, мәселені шешудің қиындығын білген Берік мұны Сабыр Қасымовқа айтқан. Сәкең Мәскеудің беделді саясаткерлерін жақсы таниды. Сөйтіп мәселе шешілуге айналды. 2010 жылдың қарашасының бір күні С.Қасымов маған: «Ал, бауырым, дайындал! Мәскеуге жүреміз. Қалайда тәуелсіздік мейрамына дейін сүйекті елге жеткізуіміз керек» деп тұр. Бұл хабарға қуанып тұрып, аты да, заты да Сабыр ағамды «Елді дайындайық» деп сабырға шақырдым. Сөйтіп осы қайраткер екеуміз С.Садуақасұлы сүйегінің күлін елге жеткізудің шараларын ақылдаса бастадық. Күніне жүз ойланып, мың толғанамыз. Қайта-қайта телефон шалысамыз. Биліктің биік тұғырларындағыларды құлағдар еткіміз келеді. Депутаттар қолдап тұр. Қоятын зиратты шоламыз. Жоспарлаған конференциямыз өте табысты өтті (13 қаңтарда). Сонымен 19 қаңтарда 2 туысы (Қ.Айтуғанов, Ғ.Ожаров), 3 депутат (И.Елекеев, Ж.Сүлеймен, А.Смайыл), 1 журналист (Ж.Самрат) және Сәкең екеумізден құрылған шағын делегация Мәскеуге жүретін болып шештік. Ұшақпен. Өз қаржымызбен. Бірақ бір күнде жағдай өзгерді. Жауапты билік орындары сапардан құлағдар болып: «Кейін, жер аяғы кеңігенде арнайы делегациямен барып әкелеміз» деген хабар берді. Депутаттарымыз мәселенің жайын аңғарып, шараны «саясиландырмауға» көнді. Біз, бастамашыл топ, 18 қаңтарда «Нұр-Отан» хатшысы Е.Қаринге, 19 қаңтарда Астана әкімі И.Н.Тасмағамбетовке, ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы О.Б.Мұхамеджановқа барып жолықтық. Ой бөлістік.

Әрине, бәрін де мемлекетаралық деңгейде шешуге болатын еді. Оған баршамыз мүдделіміз-тін. Бірақ біз «Алдағыны кім болжап білген? Көршіміздің ресми орындары рұқсат етіп отырғанда, кейін «қап!» деп қалмайық» деген тоқтамға келдік. Мәселені саясиландырмау бәрімізге тиімді көрінді... Сонымен, Мәскеуге 4 адам болып аттандық. «Қамсыз жүрдік, әбіржімедік» деп айта алмаймын. Солтүстік көршіміздің өз-өзіне «бізді ақылмен түсіну мүмкін емес» дегені тағы бар. Оның үстіне біздің шенеуніктер шебінен «көлеңкеден қорқу» үрдісі қылаң беріп қалды...

Қайраткер С.Қасымов көп нәрсені шешіп қойған екен. С.Байменше бастаған елшілік қызметкерлері қол ұшын берді. Құдайдың құдіреті, осы Серікқали мырза Смағұл тұңғыш кітабын шығарған Бейімбеттің білікті зерттеушісі-тін. Мәскеудің жәми мешітінен қандас молда тауып, сүйек күлін алу шараларын орнымен өткіздік. Елшілік пен диаспора өкілдеріне шағын құдайы тамақ бердік.

21 қаңтарда Астана әуежайынан халық бізді жақсы күтіп алды. Біз көп дабыра етпегендіктен 250-300-дей адам жиылса керек. Көбі - мәдени-зиялы қауым мен жастар. Олар көзіне жас алып, рухтанып тұрды. БАҚ өкілдері де көп болды. Жоспарымызда «Смағұлдар осы тәуелсіздігімізді әперді ғой, сүйегін Тәуелсіздік даңғылымен Қазақ елі монументі жанынан алып өтейік» деген ой болды. Соны жүзеге асырдық. Арнайы көлік шеруін МАИ мәшинесі бастап жүрді. Астана қаласы Алматы ауданының жауапты қызметкерлері біршама көмектесті. Университет жастары қатты тебіренді.

Біз әзірше Смағұл сүйегінің күлін бір жерге аманаттап қана қойдық. Діндарлар: «Бұл жаңа мәйіт емес, бұған жаназа шығарылмайды, жерлеу жағын сәл-пәл күтуге де болады. Бірақ Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «мәйітті жерлеуге асығыңдар» деген» деп пәтуа айтты.

Бәрі де салыстырмалы ғой, бірақ мен С.Садуақасұлының сүйегін Мәскеуден Отанымызға әкелуде ел азаматтары жасқанды деп есептемеймін.

- Жерлеудің кешігу мәселесінде Сіздер қатты сынға ұшырап қалдыңыздар. Әкелмес бұрын жерлейтін орынды дайындап қоюға болмас па еді? Әлде елдегі саяси науқандар кедергі келтіріп отыр ма? Қай жағынан алып қарасақ та, көп күттіріп қою ақылға қонымды емес.

- Смағұл жай адам болса, бір сәрі ғой... Оны 20-жылдары қатарластары «Біздің заманның Кенесарысы» деген. Ол - Алаш көсемі Ә.Бөкейханның күйеу баласы. Ол - қу жақ Голощекинге қарсы тұрған қайсар тұлға. Ол - кезеңінде жастардың көшбасшысы және білім министрі болған қайраткер. Ол - артына мол мұра қалдырған жазушы, сыншы, журналист. Ол - қиын шақта қуғындалған Алаш зиялыларына қамқор, қалқан болған азамат. Біз бүгін классик деп мойындайтын Мұхтар Әуезовтер Смағұлдың қайраткерлігі мен азаматтығының алдында тік тұрған. Мойындап, оны төрге шығарып, басын сыйлаған.

Осындай дәрежедегі тұлғаны зерттеу бір басқа, ал нақақ қорланған сүйегін қадірлеу немесе елге әкелу бір басқа. Соңғысының жауапкершілігі мен салмағы өте ауыр. Сол себепті оған жүрексіне, қобалжып кіріскенімізді жасыра алмаймыз. Неге? Негесі сол, мұны ел болып көтеруіміз керек еді ғой. Мемлекет - мемлекет, онда талай саяси ағыстар, амалдар бола береді. Қоғамдық белсенділікке, парасатқа  не жетсін?..

Смағұл сүйегінің күлін жерлеуге байланысты біз неге сынға ұшыраймыз? Кінәлі біз бе, қоғам ба?.. Әрине, бастаған - біз. Тәуелсіздікке қол жеткізгеніне 20 жыл толған қоғамның мүшесі ретінде бастадық. Қызметіміз, лауазымымыз бұл жерде рөл ойнамайды.

Тарихи тұлғаға тарихи қызмет, тарихи мүдде, мемлекетшілдік парасат керек. Оны бір адам немесе бірнеше адам жасай алмайды.

Смағұл Садуақасұлын әкелерде сүйегін жерлейтін жерді анықтағанбыз. Ол не Жастар ықшамауданындағы Кенесары сарбаздары жерленген ескі қорым, не «Қабанбай батыр зираты» деген Астана шекарасынан 9 шақырым жердегі биік болатын. Біз қоғамға «осы қалай болады?» деген ой салғанбыз.

Смағұл Садуақасұлын қайта жерлеуге қоғам мен мемлекет санасы әлі даяр емес екенін аңғарғанымызда, «Не де болса, әйтеуір елге жеткізейік. Бір мәнісі болар. Халықтың сынын атқарушы билік түсінер» деп шештік.

Жасырып не керек, Ресейдің орталық қалаларындағы зиратханаларға байланысты дау-дамайды күнде интернеттен оқып отырмыз. Оның үстіне сол елдегі діни реңкпен сипатталатын терроризм ылаңы бір күні христиан қабірстанына да жететінін болжау қиын емес. Біз сонда өкініп қалуымыз да мүмкін ғой. «Алаштан қалған жалғыз Смағұл сүйегіне ие бола алмадық» дейміз бе сонда?..

Қазіргідей саяси науқан, сайлау т.б. мемлекет болған соң ешқашан бітпейді. Ал, «әруақ риза болмай, тірі байымайды». Ол шаралар елдік іске кедергі келтірмеуі тиіс.

Айтқандайын, жақында ОСК Лингвистикалық комиссиясында болып, президенттіктен үміткер Н.Ә.Назарбаевтан емтихан алып отырып Астанада орнауы тиіс ұлттық қабірстан (пантеон) туралы сұрадым. «Улатпай-шулатпай, саясиландырмай Смағұл сүйегін әкелдік. Енді не болады?» дедім. Елбасы «Биылдан кешіктірмей Қабанбай бабамызға қойылған кесененің жанынан пантеон ашамыз» деді. Қазақта «Хан екі айтпайды» деген тағылымды сөз бар. Сондықтан жақсылықтан үміттенеміз.

- Осы мәселе тек ұйымдастырушыларға ғана емес, қазақ халқына да үлкен сын сағаты сияқты. Етжақын туысы, бауыры дегенде жер де тез табылып, белгі орнатуға да тез арада қаржы жиналып жатады. Ал елдің азаматы дегенде неге біз тек Үкіметке ғана қарап отыруымыз керек? Осындай сын сағатта ел азаматына деп тез арада жылу жинап, мәселесін көпшілік болып шеше салуға саналы азаматтар табылмады ма?

- Бұл мәселеге де қабырғамыз қайысып жүр. Мемлекетке қол жаю - мақсат та, міндет те болмауы тиіс. Халық пен тарих мойындаған тұлға болған соң, «имандылық жолында жаным мен малым - садақа» дейтін азаматтар көбеюі керек. Отарландыру саясаты солтүстіктің қазағын қалай жаныштап тастағанын Смағұл тұлғасын қадірлеудің қазіргі жайын мысалға алып, үлкен зерттеу еңбегін жазуға болады. Әрине, С.Садуақасұлы - атаның да, бір аймақтың да баласы емес, қазақтың баласы. Сөйте тұра «Бұл қалай болды? Не істедіңдер? Енді не істейміз?» деген жерлес-азаматтарды әлі байқай қойған жоқпын. «Ондайлар жоқ!» деп айтуға аузым да бармайды. Бірақ шындық солай болып тұр. Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданының әкімі Ағзам Ахметжанұлы Астанадағы конференцияның өтуіне атсалысты, елде музей ашып жатыр. Алайда Қызылжар мен Көкшетаудан (Смағұл туған Жарқын ауылы бұрын осы облысқа қараған) шыққан талай іскер азаматтар бар емес пе? Бәлкім оларды, ақын Серік Тұрғынбекұлы айтпақшы, «біраз алаштандыру керек шығар». Тарихты тану талғамын қалыптастыруды айтамыз да.

- Смағұл Сәдуақасұлының мәйіт күлін әкелу мәселесінен кейін, шеттегі басқа да арыстарымыздың сүйегін немесе мәйіт күлін әкелу сияқты мәселелер қозғала бастады. Бұның соңы сырттан сүйек тасу сияқты теріс кампанияға ұласып кетпей, арнасын дұрыс бағыттап отыру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

- Бұл мәселеде, әрине, жүйе болуы тиіс. Мысалы, біз мұсылманша жерленген тұлғалардың сүйегін елге алып келу міндетті емес деп есептейміз. Кезінде біреулер «Германиядағы Мұстафа Шоқай сүйегін елге әкелейік» дегенде, мен «Мұстафа бізге сүйегін емес, сөзі мен ісін аманаттаған» деп қарсы мақала жаздым. Себебі, Шоқайдың қилы тағдыры, Еуропадағы бейіті (түрік-мұсылман қорымындағы) зиялылар тарихын, қуғын-сүргінін еске түсіріп тұрады. «Енді олай жасамайық» дегендей. Ал, Төле би мен Әйтеке бидің сүйегі қазақ жерін айқындап, ершатқа соғылған мөрдей болып тұр. Оны қозғау да қисынсыз, әрі себеп жоқ.

Осыларға қарасақ, Смағұл сүйегінің ерекше екенін түсінесіз. Оны, әлбетте, Мәскеудің мұсылман қорымына қоюға болушы еді. Бірақ ақыры қозғаған екенбіз, елге неге жеткізбейміз?.. Астанаға, өзі аңсаған тәуелсіз елінің қақ ортасына?.. Біз осыны ойладық.

Туысқан Әзірбайжан елінде әрбір қонақ келіп көретін екі тағылымды қабірстан бар: бірі - шаһиттер қабірстаны, екіншісі - ұлттық патеон. Бұл олардың ұлттық мәдениетінің бір бөлшегі болып қалыптасып кеткен.

Әрине, бізде ұлттық қабірстан ашылса, мемлекеттік деңгейдегі оның қатаң тәртібі мен ережесі болуы тиіс.

- Жерлеу рәсімі туралы айтып берсеңіз? Қашан, қай жерде өтеді? Қандай көмектер қажет?

- Әзір бізге белгілі жоспар бойынша, атқарушы билік мемлекет және қоғам қайраткері Смағұл Садуақасұлы сүйегінің күлін жер қойнына беруді 31 мамырға қарсы атқармақ. Қай күні, қай сағатта екенін айта алмаймын. Елбасы «Қабанбай батыр кесенесінің маңына ұлттық қабірстан жасаймыз» деген соң, «онда Смағұлдан артық кім жерленуі мүмкін» деп те ойланатынымыз анық.

«Егер пантеон мәселесі созылып кетсе, өз күшімізбен қаланың ортасындағы («Жастар» ш/а) ескі зиратқа қоямыз. 20-жылдары Ақмола жерін қорғап қалған қайраткерге екі метр жер табылатын шығар. Сүйекті қорламайық!» деген азаматтардың ұсынысы да күн тәртібінен түсе қойған жоқ.

Жалпы, Смағұлдың әкесі - молда болған адам. Шын мұсылман «мені жақсы-жайсаңдардың жанына жерле, сүйегім биікте жатсын, бейітімді жарқырытып әспеттеңдер» демейді. Сондықтан біз ел мен жер үшін құрбан болған С.Садуақасұлын өз дәрежемізде танып, басын қарайтып жатсақ, кейінгі толқын да толысқан дәрежесінде бағалап-қадірлер. Бұл жас Алаштың жалыны, жас қазақтың қайраты болып бақиға аттанған Смағұл үшін емес, өзіміз үшін керек. Мұны қазақ бір ауыз сөзге сыйдырып «Су сүзілмейді, сүйек үзілмейді» деген. Тектілердің сүйегі үзілмейтініне иманым кәміл.

Сұхбаттасқан Фазылбек Әбсаттарұлы

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5522