Аңыздық деректерге абай болайық!
"Құлатылған ескерткіш орнына ешкімге белгісіз Қарабалық батырдың мүсіні қойылады" деген біздің мақаламызға Abai. kz порталында «Қарабалық батыр өмірде болған адам» деген айдармен белгілі ақын Ақылбек Шаяхмет жауап жазған екен. Жауаптың басым көпшілігі Қыпшақтың Қарабалық атасына қатысты аңыздық және ақындық (көркем шығармашылық) деректерді шолу болып шыққандықтан, нақты Қарабалыққа қатысты екі деректің төңірегінде сөз қозғауды жөн санап отырмыз. Оның бір – Мәшһүр Жүсіптің, екіншісі – Б.Дауылбаев деген автордың жазбасы.
Қарабалықтың мифтік персонаж екенін автор тілге тиек етіп отырған қазақтың шежірелері мен аңыздық әңгімелерінің мазмұны айтып тұр. Айталық, қазақтың фольклорлық мұраларын жазбаға түсірген Мәшһүр Жүсіптің Қыпшақ тайпасының шежіресіне қатысты аңыздық дерегіне назар аударайық. Бес таңбалы Қыпшақтың шежіресін таңбалық сипатыннан мінездік [бірбеткейлік - (мойын таңбасы) және тұрмыстық (адам саны көптік- (әліп таңбасы), байлық - (қарын таңбасы)] сынды ерекшеліктерді сипаттаған көркем (мифологиялық) әңгімеде (сөз жоқ, қыпшақ тайпасының кейінгі тарихынан шығарылған жиынтық әңгімеде) Қарабалық – бес таңбалы Қыпшақтың бір баласы. Қарын таңбасымен, яғни тоқшылықтың, байлықтың молдығымен ерекшеленген ру. Олардың арғы атасы – Қобыланды батыр. Демек, Қарабалық руының тарихы тереңде. Себебі Қыпшақ атты ру-тайпалық бірлестіктің Ұлы Далада мекен еткені ықылым заманнан белгілі. Ал қазақ-ноғайға ортақ атақты Қобыланды батыр эпосының ел аузында жырлана бастаған уақытын эпостанушылар эпостық қаһарманның әр кезеңдегі тарихи оқиғалардың ішінде жүргеніне қарай ХІҮ ғасырдан бастап жырлана бастаған деп есептейді. Олай болса, Қарабалық батыр Қобыланды сынды эпостық қаһарман өмір сүрген сол бір ғасырлардың о жақ, бұ жақ шегіндегі кісі болып шықпай ма? Ол кезең алдымен Алтын Орда, кейін Ноғайлы дәуірі емес пе еді?
Енді автор келтірген Орыс императорлық географиялық қоғамының Орынбор бөлімшесінің корреспондент-мүшесі Б.Дауылбаевтың 1903 жылы жариялаған танымдық дерегіне назар аударайық: «Назад тому 50 лет киргизы кыпчакского рода карабалыкского и кульдененского, около 3000 кибиток, управляемые своими родоначальниками, из которых самымим известными были батыры Карабалык и Жабагы, во время лета кочевали по всем обширным степям,начиная от реки Тобола до озеро Уркач, а к зиме откочевывали к реке Тогузак (по берегам их находятся поселения)».
Жоғарыдағы шежірелік дерек пен авторлық жазба деректен қандай қайшылықты аңғарамыз? Әрине, зердеге бірден зерделенетін нәрсе - Қарабалық батырдың өмір сүрген уақыты. Б.Дауылбаевтың айтуынша, Қарабалық батыр дерек қағазға түскен уақыттан (1903 ж.) 50 жылдай бұрын өмір сүрген екен. Олай болса, бұл шамамен – 1850 жылдар, яғни ХІХ ғасырдың орта шені. Тіпті, оны тағы бір елу жыл шегеріп, ХІХ ғасырдың басы-ақ болсын дейік. ХІХ ғасырда Қарабалық батырлық көрсететін қандай тарихи оқиғалар болды? Тарихқа көз салайықшы. Жоңғар ХҮІІІ ғасырда жойылған еді. 1837-1847 жылдары орыс үкіметіне қарсы қару көтерген Кенесарының соғысы болды. Кенесарының орыстың отарлық саясатына қарсы көтерілісіне шекара маңындағы қазақ рулары орыс үкіметінің ықпалында болғандықтан қатыспай, керісінше, тіпті, олардың ішінен көтеріліске қарсылық көрсеткендері де болды. Кенсары хан «көтеріліске қолдау көрсетпедің» деп Ыбырай Алтынсариннің атасы Балғожа бидің ауылын шапқаны тарихтан белгілі.
Ал сол Кенсарының көтерілісіне «Қарабалық батыр» қатысып, орыс әскерімен шайқасыпты деген дерек жоқ. Оның үстіне Қарабалық руы орыс үкіметінің Үй өзенінің бойымен белгіленген шекаралық линиясында-Тоғызақ өзенінің бойын қыстап жүрген. Басқаша айтсақ, орыс әскерінің танауының астында, бақылауында болған. Ендеше, ол Қарабалық «батыр» деген құрметті атақты қайдан алған? Ол кіммен соғысқан, қайда шайқасқан? Қандай ерлік істер көрсеткен? Алдымен осындай сауалдарға жауап табу керек.
1895 жылы «Тургайская газетада» Аманқарағай мен Наурызым елді мекендердің атауы туралы топонимикалық әпсана жарияланады. Әпсана былай басталады: “Торғай облысының Қостанай мен Торғай уездерiнде “Аманқарағай”, “Науырызым”, “Тiрсек” деп аталатын орман, “Данабике” өзiне мен “Сарымойын” көлi жайында қырғыз арасында айтылатын легенда бар. Астрахань қалмақтарының қазақ даласы арқылы Қытайға ауған заманда Аман, “Наурызым” атты қазақ байлары жайлайды. Байлығымен екеуiнiң де атты кеңге жайылады. Аманның Данабике атты қызы, ал Наурызымның Сарымойын атты ұлы болады. Данабикенiң толған айдай сұлулығы қандай жау болмасын қайтпаған нағыз ержүрек дейтiн батырлар оған ғашық болып, сұлудың сөзiн ала алмай жiгерi құм болып жүргендерi Сарымойынның құлағына шалынады. Батыр жiгiт деген атқа толық сай Сарымойын күндердiң күндерiнде өзiнiң батырлығын тағы бiр сынау үшiн Аман байдың ауылына келедi. Данабике сұлуды көрiп Сарымойын оған ғашық болыпты, Аманның қызын қалындыққа сұрайды...».
Әпсананың соңында салтты бұзған Сарымойынға қатаң үкім шығып, өлімге кесіледі. Сол Сарымойын батыр ел арасында «батыр» деп аңыздалмайды. Себебі ол әпсана ел арасына кеңінен таралып, фольклорлық мұраға айналмаған. Фольклорға айналған шығарма ғана халық арасында сақталады. Сондықтан оқта-текте, бір-екі мәрте аталған кейіпкерді «батыр» деп жалаулата кету қисынсыз. Оның үстіне «баяғыда пәленше деген батыр болыпты» деген сөз қазақ арасында жетіп-артылады. Бұл «баяғыда бір бай бопты» деп басталатын эпостық-ертегілік сарынның бірі.
Ендігі кезекте Б.Дауылбаевтың дерегіне ежелгі Қарабалық руынының атауы жаңарып «батыр» болып кіру себебінің сырына үңілейік. Себебі ХІХ ғасырдан бастап қазақ даласы орыс империясының құрамына кіріп, Қазақ хандығы құлағаннан кейін көшпенділік, жаугершілік заман кетіп, ел мойнына отаршылық қамыта орнаған уақытта өткенді аңсау, ондағы керемет өмірді сағыну басты сипат алды. Өткен замандағы батырлар әспеттеліп, олардың ерлік істері дәріптеледі. Бұрынғы көне жырлар сол аңсаудың әсерінен қазақ даласында қайта жырланады. Эпостануда мұндай құбылысты «эпикалық уақыт, дәуір» деп атайды. Қазақ фольклорындағы соңғы үлкен эпикалық кезең – ХІХ ғасыр. Осы тұста бұрынғы өткен кісілер қазақтың арман-аңсарының салдарынан «батыр» болып танылды. Халықтың арман-аңсары негізінде жасалатын тарихты ғылымда «мифологиялық тарих» деп атайды. Мифологиялық, яғни көркем тарих дегеніміз фольклорлық сана, фольклорлық мұра негізінен туындайды. Мифологиялық тарихтан жер бетіндегі халықтың барлығы дерлік өткен. Айырмашылығы бірі ерте (батыс елдері), екіншісі кеш (шығыс елдері) өткізген. Кештеулік сипат қазақ халқына да тән.
ХІХ ғасырдың орта шеніндегі қазақ қоғамында сәл-пәл ерлікпен аты шыққан кісіні жаппай «батыр» деп мақтау көрініс орын алды. Бұл көріністі қазақтың танымдық кеңістігінде алғаш сынаған хәкім Абай болатын. Ол өзінің «Ғақлияларының» «Он төртінші сөзінде» былай деді: «Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? Біздің қазақтың жүректі кісі дегені - батыр кісі дегені. Онан басқа жүректің қасиеттерін анықтап біле алмайды. ...Қазақтың «жүректісі» мақтауға сыймайды. Айтқанға көнгіш, уағдада тұрғыш, бойын жаманшылықтан тез жиып алғыш, көштің соңынан итше ере бермей, адасқан көптен атының басын бұрып алуға жараған, әділетті ақыл мойындаған нәрсеге, қиын да болса, мойындау, әділетті ақыл мойындамаған нәрсеге, оңай да болса, мойындамау - ерлік, батырлық осы болмаса, қазақтың айтқан батыры - әншейін жүректі емес, қасқыр жүректі деген сөз».
Халық аңыз-шежірелерінің білгірі Мәшһүр Жүсіптің жазбаларына. «Би деген - ақ шариғат ілуде біреу табады, батыр деген - барақ ит екі қатынның бірі табады»,- деген халықтың «батыр» деп мақтағандарға қарсы айтылған сыны тіркелген.
Қазақтың өткен күндерді, тарихтағы тұлғаларды керемет етіп аңсау көңілін сынаған тұлғалардың бірі Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан. Ол: «Пәлен хан-ай, түген би-ай!» деп үйде отырып өкiнесiңдер. Бұрынғы хандарың да, бұрынғы билерiң де осы күнгi атқа мiндiм деп жүрген өздерiңдей едi! Қазақтың бұрынғы басшыларында әдiлдiк, береке болса, бұл күнде қазақ бұл күйде болар ма едi?! Жұрттың берекесi кетуге түптен себеп болған нәрсе - қазақта бiрлiктiң жоқтығы. Бiрлiк жоқтан һәм жанға еріп бытыраған, бірлік жоқтан қазақтың һәр қайсысын һәр жерде дұшманы обайлатқан. Бұрынғы хан болсын, билер болсын, әдiлдiктен жырақ болған, дәл осы күнгi атқа мiнген өздерiңдей»,- деп, батыра айтқан болатын.
Атақты ойшылдардың сөздерінен келтірілген бұл мысалдар бізге де ой салуы тиіс. Әрбір аңыздық дерекке абай болуымыз керек. Оны ғылыми негізде талдай білу парыз. Қазіргі фольклортануда халық шығармашылығын, танымын ғылыми тұрғыда тануға септігін тигізетін көптеген әдіс-тәсілдер, танымдар бар. Халық шығармашылығының қыр-сырымен терең таныс ғалымдардың ортақ пайымында халықтың миф-әпсаналарында, жыр-аңыздарында ел басынан өткен тарихи кезеңдердің сарыны, сол тұстағы адамдардың танымдық деңгейі бейнеленеді деген тұжырым қалыптасқан. Осы тұрғыдан келгенде, Б. Дауылбаевтың жазбасында орын алған аңыздық дерек ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамының фольклорлық танымында батырлық кезеңді дәріптеу белең алған сарынның негізінде пайда болған сынды. Сөйтіп, көне Қарабалық «қайта жаңғырып», «Қарабалық батыр» атанады. Егер Қарабалық шын мәнінде батыр болса, оның ерлік істері, шайқасы, жаудың қимыл-әрекеттері Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Олжабай батыр, Шақшақ Жәнібек, Шұбыртпалы Ағыбай т.б. сияқты ерлердің аңыздалғаны сияқты ерлік, жаужүректік, батырлық туралы әңгімелерге толы болар еді. Бірақ ол жоқ. Ондай көріністің ел аузында жоқ екенін автор: «Қарт ақын Өтеміс Қалабаев көзі тірісінде Қарабалықтың бес қаруы сай болған, өзі де талай шайқасқа қатысқан, бірақ ел аузында оның ерліктері туралы деректер жоқтың қасы дегенді айтқан болатын»,- деп өзі де қоштап отыр.
«Жоққа - сот та жоқ»,- дейді батыс танымы. Жоқ нәрсені шындыққа айналдыру қазіргі ХХІ ғасырда-ғылым мен білім жетілген уақытта әуре болу – беректі аз, мазмұны таяз қаракет. Ғылым-білім жетілген заманның азаматтары сарыншыл, қуғыншыл емес, сарапшыл, талапшыл болып келгені ләзім. Батырлар институты - қазақтың өткен тарихында өзіндік орны болған әлеуметтік құрылым. Ол жаугершілік заманға лайық құбылыс еді. Жаугершілік кеткеннен кейін ол да тарих сахнасынан ығысып кетті. Қазақтың өткен тарихында ерекше орны болған батырлыққа жалпы ескерткіш қойсақ, бұрынғы кезеңде болған жүздеген жалқы батырларды да қамтыған болар едік. Біздің ой – осы.
Алмасбек Әбсадық, филолгия ғылымдарының докторы, профессор
Abai.kz