Сенбі, 23 Қараша 2024
Сатира 4438 3 пікір 19 Қыркүйек, 2018 сағат 15:18

Ұятың қайда, теңге!

Ақын деген «атағы дардай» Қисық үйінде  «жүз»грамды жұтқыншақтан «жүгіртіп» отырып, бір сәтте алдында жатқан мың теңгеге қарап, міңгірлей бастады. «Ей, теңге, теңге, ұят жоқ қой сенде. Құлдырап қайда барасың, келмейсің бе жөнге? Қаншама ақшам жоғалттым, «ұшқанда сен «желге». Қай «бетіңмен» қарайсың, қажыған мынау елге? Анау доллар сияқты,шықпайсың неге «төрге»? «Сандалып» сен кеткенде, кіргендей болам жерге. Қажыттың-ау, қажыттың, «ұятың» қайда, теңге?

Тағы не айтсам екен  деп қиялдап отырған Қисықтың құлағына біреу «әй, ақымақ» деп сыбыр ете қалғандай болды.

- Астапыралла, бұл кім?!- деді шошып кеткен Қисық жан-жағына қарап.

-«Мен ғой» деген дыбыс шыққан жаққа қараса, сізге – өтірік, Қисыққа - шын, алдында жатқан мың теңгенің «көзі» «өзіне қарап, ақиып тұр екен».

-«Астапыралла!- деді тағы шошып кеткен Қисық мың теңгеге қарап.- Бұл сен бе едің? О заман да бұ заман теңге сөйледі дегенге кім сенер. Сен «жаманға» қашаннан бері «тіл» біткен? Көк тиындық құның жоқ, қай бетіңмен «мыңқылдап» тұрсың? Мың теңге екенмін деп «көзіңді ақитпа». Егер мен «банкке» күн сайын бір теңгеден салып отыратын болсам, сенің бір жылдағы жиынтық құның бір долларға да жетпейді екен. Ұят-ай, ұят-ай! Қай бетіңмен шіренесің, құнсыз?

- Әй, Қисық , әй, ақымақ - деді мың теңге,- мені сөйлетіп отырған сен емессің бе? Өзіңнің басыңда тауықтікіндей де ми жоқ екен ғой.

- Неге жоқ?

- Оны мен қайдан білейін. Жоқ болған соң жоқ та. Жоқ екенін алақтаған көзіңнен, былшылдаған сөзіңнен байқап тұрмын.

- Қалай?

- Солай. Сен ғой, мені құнсызданып кеттің деп «көзімді» шұқып жатсың. Бірақ, сендер - қазақтар, менен бұрын алдымен өздерің құнсызданып кеткен жоқсыңдар ма? Соған да ақылың жетпей тұр ма?

- Қалай?

-Солай. Сенің қазір қоғамда, өз ортаңда көк тиындық құның бар ма? Жоқ қой, жоқ. Неге? Өйткені, ақшаң жоқ. Сендер құрып жатқан қоғамда ақшасы жоқ адамның бәрі құнсыз. Мейлі ол атақты артист болсын, жазушы болсын, ғалым болсын. Өзіңді ақынмын деп әлдеқандай қыласың. Кімге керексің сен. Рас, кешегі кеңестік заманда ой-ой, ақындардың «құйрығы» «батпандай» болды ғой! Көтере алмайтын. Сол заманның серкесі де, еркесі еді. Енді қазір сенде «құйрық» та қалмады ғой. Өтірік пе?

- Өзің құйрық-мұйрық  демей, дұрыстап сөйлеші,- деді Қисық. Не айтқың келіп тұр?

- Әнеки, соған да ақылың жетпейді. Қазақтардың құнсызданып кеткенін айтып тұрған жоқпын ба? Баяғы қазақ жоқ қазір. Баяғыны айтамын-ау, тіпті кешегі кеңес заманының қазағы да жоқ. Ол заманның қазағында «аздап» болса да ұят бар еді, әділдік бар еді, ізгілік бар еді. Қазіргі қазақ қазақ емес, мазақ. Намыс жоқ. Тілің үш тілмен қосақталып, тұншығып тұр. Алпыстағы емес, жетпістегі емес, сексендегі кемпір-шалдарың  қазақша сөйлемейміз деп қырсығып тұр. Орыс тілін «тауысып», ағылшын тіліне ауысып жатсыңдар. Қытаймен «ауызжаласып», қытай тілін үйрену керек дегенді шығардыңдар. Әр тілге жармаса беретіндей бастарыңа не күн туды? Әлде ағылшын, қытай тілін білсек, аяқ астынан байып кетеміз деп ойлайсыңдар ма? Байымайсыңдар. Баю үшін ұрлықты, жемқорлықты жойыңдар. Шенеуніктеріңнің сиқы анау. Ойлағандары тек  өз құлқындары. Қытайлар құрт-құмырсқа, бақа-шаян жеп «мақтанса», қазақтың жебірлерінің жемейтіні жоқ. Қолына не түссе, соны жей береді. Темірді де «жейді», көмірді де «жейді».  Талғамайды. Ауыздары арандай. «Қарындарының» не құпиясы бар екенін ит білсін, созыла береді, созыла береді, түпсіз. Асқазандары не болса, соны қорыта береді. Бұған адам ағзасын зерттейтін ғалымдардың да ақылы жетпей жүр.

- Апырай, сен құнсыз не айтып кеттің ,- деді Қисық , темір жейді дейді, көмір жейді дейді. Неге жейді?

- Жемқор болған соң жейді де,-  деді теңге. -- Бұл елдің үлкен билікке қол жеткізген шенеуніктерінің  сол «таққа» отырған сәттен-ақ  ішек-қарындары «көтеріліс жасап», «ойбайлап», «қиқулап»,«не жесем екен, не жесем екен» деп ұлып қоя береді екен, сосын ауыздарына не тисе, соны қылғытып, «сора» береді екен.  «Тағы не жесем екен» деп жан-жағына жалақтайды, сол таққа әдейі жеу үшін отырғызғандай ауыздары арандай ашылып, тілдері салақтайды. Миллион теңге жалақы олар үшін түк емес, миллиардтап жеу жүк емес. Ал енді елдің экономикасын көтеруге тиісті қолында үлкен билігі бар шенеуніктері осылай не болса соны жеп, арзандап, құнсызданып жатқанда сол елдің ақшасы мен қалай құнсызданбайын. Менің құнсыздануымды қаржы «құлағын» ұстап отырғандардың сылтауратып, мұнай бағасымен «некелестіретіндей» «онымен» ешқандай сыбайластығым  жоқ. Мұнай тұрмақ, «сайтаны» да жоқ Европа елдерінің ақшасына қарашы. «Көздері қутыңдап», маған күліп, «мәз-мейрам боп сылқылдап», аспандап тұрған жоқ па? Анау «алақандай» ғана Финляндия елінің жылына екі-үш елді шарлап, «шайқап» қайтатын қарттары айына орташа есеппен екі мың евро зейнетақы алады екен. Мұны маған шаққанда сегіз жүз мың теңгеден асып кетеді. Көрдің бе, Қисық, айырмашылық қандай! Рас, менің құным жоқ екен. Бірақ менің құнды не құнсыз болуым сендердің милы не мисыз болуларыңа байланысты болып тұрған жоқ па? Осыған да ақылың жетпей ме? Өзің ақымақ болсаң, ол үшін мені неге жазғырасың?

- Е, жоқ - деді Қисық, сен бізді демократиясы дамып кеткен, экономикасы алға «шауып кеткен» Европа елдерімен салыстырма. Салыстырсаң , күні кеше ғана Кремль деген ортақ байынан айырылысып, бүгінде өз алдына отау болған кешегі он бес «тоқалмен» салыстыр.

- Жарайды,- деді теңге,- алысқа бармай-ақ сол тоқалдың бірі болған, қазаққа «маңқа» қазақ деп күлетін мынау қырғыз елін алайық. О, Құдай! Сол қырғыздың «бас терісі келіспеген» « жаман» сомы «қасы-көзі қиылған» маған да «маңқа» теңге деп күліп жатыр ғой. «Оймақтай» ғана жері бар, сол жерінің тоқсан үш пайызы тау-тасты, мұнай тұрмақ  темірі де, көмірі де, «сайтаны» да жоқ сол қырғыздың ақшасы телегей теңіз қазба байлықтың үстінде отырған қазақтың ақшасынан, яғни менен - теңгеден бес есе құнды болып тұр ғой. Ұят-ай!

- «Ол» неге құнды-ей, сен неге құнсызсың-ей?- деді мас болуға айналған Қисық .

- Мені құнсыз қылған сендерсіңдер,- деді теңге. Сендердің тек ұрлықты, жемқорлықты ғана ойлайтын, көздері ешқашанда тоймайтын, қанағат дегенді білмейтін, «бірдеңе» жемесе күлмейтін билікте отырған жалмауыз шенеуніктерің. Ақшаны ақша жасайды. Сендердің көл-көсір қазба байлықтан түсіп жатқан көл-көсір ақшаларың қайда? Миллиардтаған долларды, немесе триллиондаған теңгені халықтан жасырып, шет елдерге офшорларға  «айдайсыңдар», сөйтіп халықтың бағын байлайсыңдар. Соншама қыруар ақша шет елдің емес, өз еліңнің пайдасына  қызмет еткен болса, яғни сол ақшаларға қажетті зауыт-фабрикалар салып, қажетті өнімдеріңді, дүние-мүліктеріңді өздерің шығарып отырсаңдар шетелдерге ағылып жатқан миллиардтаған теңге өздеріңде қалмай ма? Ау, онда мен де «тірілмеймін бе», сілкінбеймін бе, құнымды көтеріп, доллар сияқты «шіренбеймін бе»? Осыған да ақылдарың жетпей ме? Ұят болғанда тіпті сендер басқа дүние-мүліктерді айтпағанда сүтекеш сүттің өзін «әлдеқандай» қылып, шет елдерден сатып аласыңдар ғой. Масқара! Қаншама ақша шет елдерге ағылып жатыр. Бұлай қалай «адам» боласыңдар, қалай ел боласыңдар, Қисық?

Алайда бұл кезде ол өзінің бұрынғы «әніне» қайта басып отыр еді. «Ей, теңге, теңге, ұят жоқ қой сенде. Не ақың бар менде? Түнде кіріп түсіме, ұйқымды менің бөлме, бетімді менің көрме...

Не айтып отырғанын оның өзі де ұғып отырған жоқ.

Дамир ӘбіӘӘБІШЕВ,                                                                                             Қостанай қаласы.

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5456