Дүйсенбі, 7 Қазан 2024
Жаңалықтар 4996 0 пікір 29 Наурыз, 2011 сағат 11:47

Интернет-конференция: Бауыржан Жақып (жалғасы)

Бүгінгі қоғамда сұраулы мәселе жетерлік. Соның дұрыс жолын нұсқар білімі мен білігі жоғары азаматтар да бар. Конференциямыздың кезекті қонағы көрнекті ақын, ұстаз «Қазақ энциклопедиясының» бас директоры, профессор Бауыржан Өміржанұлы Жақып мырза қазақ әдебиетінің тыныс-тіршілігі, өз шығармашылығы жайлы ойын ортаға салып және бірнеше буын журналистердің ұстазы ретінде қазіргі қазақ журналистикасы мәселелеріне өзіндік көзқарасын білдіріп, «Қазақ энциклопедиясының» атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып, оқырмандардан келіп түскен сауалдардың алғашқы легіне жауап беріп отыр.

«Абай-ақпарат»

-Бауке, дисс.кеңестің басшыларының бірі болдыңыз. Журналистиканың шифрі бойынша қорғаған доктор дефицит деседі. Сіз бас болып қорғатқан журналистика ғылымының докторларынан топ жарған кімдер бар? Ал, қорғауға жете алмағандардан тәуір ғалымдар бар ма? Болса кімді атап айтар едіңіз.

Бүгінгі қоғамда сұраулы мәселе жетерлік. Соның дұрыс жолын нұсқар білімі мен білігі жоғары азаматтар да бар. Конференциямыздың кезекті қонағы көрнекті ақын, ұстаз «Қазақ энциклопедиясының» бас директоры, профессор Бауыржан Өміржанұлы Жақып мырза қазақ әдебиетінің тыныс-тіршілігі, өз шығармашылығы жайлы ойын ортаға салып және бірнеше буын журналистердің ұстазы ретінде қазіргі қазақ журналистикасы мәселелеріне өзіндік көзқарасын білдіріп, «Қазақ энциклопедиясының» атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып, оқырмандардан келіп түскен сауалдардың алғашқы легіне жауап беріп отыр.

«Абай-ақпарат»

-Бауке, дисс.кеңестің басшыларының бірі болдыңыз. Журналистиканың шифрі бойынша қорғаған доктор дефицит деседі. Сіз бас болып қорғатқан журналистика ғылымының докторларынан топ жарған кімдер бар? Ал, қорғауға жете алмағандардан тәуір ғалымдар бар ма? Болса кімді атап айтар едіңіз.

-«10.01.10» журналистика шифры бойынша бұрын докторлық диссертация қорғаған  профессор Намазалы Омашев пен Шарван Нұрғожина ғана болатын. Біздің диссертациялық кеңесте осы мамандық бойынша Құдайберген Тұрсын, Кәкен Қамзин, Қойлыбай Асанов, Вера Абишева, Назгүл Шыңғысова, Айгүл Рамазанова докторлық диссертацияларын қорғады.Талқылаудан өткен, аяқталған ғылыми жұмыстары  бар Сағатбек Медеубекұлы, Аязби Бейсенқұлов, Қайрат Сақ, Айгүл Ниязғұлова, Айтмұхамет Есдаулетов, Рахима Бегімтаева, Жетпісбай Бекболатов, Қуандық Шамақайұлы қорғауға жете алмай қалды.  Олардың әрқайсысының диссертациялары  журналистика мен БАҚ теориясы мен тәжірибесінің алуан қырын  ғылыми  түрде дәйектеген, бірнеше  жылғы  еңбектерінің нәтижелері еді. Жалпы Қазақстан бойынша 2500 ғалым өздерінің кандидаттық, докторлық диссертацияларын қорғай алмай қалды деген дерек бар. Олардың обалы кімге? Мен немістің классикалық қорғату жүйесін қолдаймын. Соны паралелді түрде  жүргізіп, PhD докторантураны да дамытуға болар еді ғой. Амал нешік бұл ретте біз Германияның да, Ресейдің де алдына түсіп кеттік. Әсіресе қазақ тарихы, қазақ әдебиеті, қазақ  журналистикасы шетелдіктерге керек те емес. Олар бағалай да алмайды.  Сонымен гуманитарлық ғылымның дамуын, өз қолымызбен тоқтатып отырған сияқтымыз.

- Сіз «Қазақстан» газетінің редакторы Серғазы Мұхтарбекпен бір бөлмеде жатқан, бірге оқыған дос дейді. Сер-ағаң студент кезінде қандай еді? Өмірде қандай адам, баспасөзде қандай журналист, саясатта қандай маман?

-Серғазы Мұхтарбеков бізден бір курс  жоғары оқыған. Денсаулығына байланысты бізбен  бірге оқу бітірді. Ол студент кезінде  домбыраға қосылып халық  әндерін  шебер орындайтын.  Қазір бізбен араласпайды. Көбіне өзінің бұрынғы курстастарымен бірге жүреді.

-Ғылыми еңбегімнің жетекшісі ретінде Сізге бір өтініш: «Журналистиканың түсіндірме сөздігі» атты энциклопедия сипатындағы бір кітап даярлаған едім. Көлемі 30 баспа табаққа жуықтайды. Сол еңбегімнің жарыққа шығуына көмектесе аласыз ба?

-«Журналистиканың түсіндірме сөздігі» атты еңбегіңіздің  қолжазбасын (электронды нұсқасын) бізге ұсынуыңызға болады. Келер жылғы мемлекеттік тапсырыс есебінен шығаруға әрекет етіп көруге  болады. Ал шұғыл шығару керек болса,  демеуші табу қажет.

-Кітап шығарудың ең оңай жолы бар ма? Экономикалық қиыншылығы бар адам үшін.  Білім баспасы тегін кітап шығарып береді деген рас па? Қалай хабарласуға болады? Жалпы біздің кітап басып шығару жүйеміз бен тарату жүйеміз туралы не айтасыз?

-Кітап сапалы, көркемдік деңгейі жоғары, сұранысқа ие болатын құнды еңбек болса, бар. Ал жәй шалажансар дүние болса, оны шығару қиын-ақ. Жалпы біздің кітап басып шығару мен тарату  жүйемізде олқылықтар бар. Басқалар туралы емес  өзіміздің тәжірибемізден мынадай  мысалдар  келтіруге болады. Бұрын  энциклопедияны даярлауға, оның сөзтізбесін жасап  талқылаудан өткізуге, материалдар жинақтауға, авторлар тартуға кемінде бір жыл уақыт берілетін. Қазір әзірленуге қаржы бөлінбейді. Тек  бір жылдың ішінде жаңағы дайындық  жұмыстарын да, баспадан шығаруды да жүзеге асыру керек. Оның мазмұнына жауап беретіндіктен, аз ғана  шығармашылық топпен жанталасып  жұмыс  істейміз. Әйтеуір  ел алдында ұялмайтындай етіп шығаруға тырысамыз.  Тез арада тиісті  тарату қағазы бойынша, әр мекемеге кітаптарды  апарып беріп, алдық деген акті аталатын бір жапырақ қағазды алуымыз керек. 14 облыстағы білім  басқармасындағы шенеуніктер, университеттер, кітапханалар жер-жердегі біз тегін тарататын кітаптарды алысымен тез бір жапырақ  қағазға  қол қойып, мөр басып жіберуді білмейді. Айлап, жалындырып барып қағазды жібереді. Тіпті кейбіреулері келген кітапты ашуды да білмейді. Облыс, қалаларға жіберілген кітаптың ауыл-ауылға  жететіндігіне күмәнім бар.

Жалпы кітапты тарату жүйесі  толығымен  қайта қаралып, түбегейлі өзгеру керек. Әйтпесе мемлекеттік  тапсырыспен шыққан кітаптарды  жедел түрде тарататын, бөлек, жеке мекеме  құру  қажеттігі күн тәртібінде тұр.

-Қазақ журналистикасында оқулық, тәжірбиелік маңызы бар кітап жазған кімдерді айта аласыз?

-Білім және ғылым министрлігінің  барлық талаптарына сай жазылған, журналистика саласында әзірге  екі-ақ оқулық бар. Оның бірі  профессор Н.Омашевтің «Радиожурналистика» оқулығы, екіншісі  менің 2007 жылы «Қазақ университеті» баспасынан шыққан  «Публицистика шығармашылық негіздері» оқулық кітабым (көлемі - 486 бет)

-Менің бір ұсынысым бар. Қазақ тарихын әркімдердің сырт көз, сандырақ пікірлері мен деректерінен ажыратып, жыр, дастандарын зерттеу арқылы толық қайта жазып шығу керек. Оған менің шамам да, ата-бабалар алдындағы аруаққа адалдығым да, ұрпақ алдындағы ар-ожданым да жетер еді.  Арманым қазақ «Шахнамасын» жазу немесе жазылғанын көріп, оны оқып шығып, басыма жастанып жатып өлу. Бұған не дейсің, не кеңес бересің?

-Алдымен қазақ «Шахнамасын» жазу туралы  арманыңызды орындау керек. Қазір  қазақ тарихы бір жүйеге түсіп келеді. Ол үшін білікті  тарихшыларымыз нақты деректер негізінде еңбек етті. Соның  нәтижесінде «Қазақстан тарихының»  төрттомдығы жарық көрді. Кемшіліктер болуы мүмкін. Бірақ оны тек  ғылыми  негізде дәлелдеу керек болады. Тарих қиялдан, арманнан тумайтынын ескеру қажет. Бізден «Қазақстанның көркемсуретті тарихы (4 томдық)» қазақ, орыс тілдерінде жарық көрген. Аса құнды еңбек. Танысуыңызға болады.

-Қазақ қашан өз байлығын иеленіп, игілігін көреді?

-Қазақ халқы  қазірдің өзінде  өз байлығын иелене бастады. Игілігін көріп отыр. Тәуелсіздіктің  алғашқы жылдарындағы қиын кезеңмен  салыстырғанда, әр азаматтың жағдайы  көп жақсарды. «Қанағат, рахым ойлап қой», - дейтін  Ұлы Абай сөзіне мән берейік...

-Басқа елдерде Ғаламторда энциклопедия бар. Бәрін тауып алуға болады және үнемі жаңартылып отырады. Оның мақалаларын жазуға барлық жетекші мамандар тартылады. Мысалы, Ресейлік интернетттің «Кругосвет» энциклопедиясын алайық. Қазақстанда сондай «Ғаламтор энциклопедия» қашан болады? Оқушы қазақ балалар әлдене сұрап жатса, Энциклопедиядан бәрін де тауып алуға болатынын көрсетіп жіберер едік. «Википедия» туралы айтып отырғаным жоқ, оның да қазақшасында материал аз. Қазақша ғылыми энциклопедия туралы айтып отырмын.

-«Қазақ энциклопедиясының» электронды веб-сайты бар. Соған жарық көрген кітаптардың электронды нұсқасы енгізіледі. Ол жұмыс биыл аяқталады. Ал «Википедияға» орналастыру үшін де энциклопедиялардың  электронды нұсқаларын  «Казконтент» акционерлік қоғамына бердік.

-ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ ТІЗГІНІН СІЗГЕ БЕРСЕ ҚУАНАР ЕДІК. БЫЛЫҚҚАН ЖҮЙЕГЕ ЖАҢАЛЫҚ ӘКЕЛЕТІН ҰЛ ТУМАЙ МА? ҚАЛАМГЕРЛЕРДІ ЖАУЛАҒАН ИМПЕРИЯ ҚАШАН ҚҰЛАЙДЫ?

-Қазақстан Жазушылар одағын  Нұрлан Оразалин, Ғалым Жайлыбай, Ұлықбек Есдәулетов, Берік Шаханов, Жұмабай Шаштайұлы сияқты  азаматтар басқарып отыр. Олармен  адами, достық қарым-қатынасымды бұзғым  келмейді. Олар  нарық заманында  қолдан келгеннің бәрін жасап отыр. Ақын-жазушылардың мерейтойларын өткізіп отыр.  Қайтыс болған қаламгерлерді аттандыру да оңай шаруа емес. Жастарды қолдап, шығармашылық кештерін өткізіп келеді. «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Простор» «Сын» басылымдарын  шығарып келеді. «Анарыс» баспасынан көптеген әдеби кітаптар шықты. Осының  бәрі  қаржыны қажет етеді. Ал мемлекет тарапынан бір тиын алмайтын  қоғамдық ұйымның жұмысын жүргізу оңай емес. Қазір бәрі қаржыға  тіреліп тұрған заман.

-Үш тұғырлы тіл саясаты күштеліп қанатын кеңге жайып барады. Осыған көзқарасыңыз қандай? Неге әлемдегі барлық елдер орыстармен ағылшын тілінде сөйлесіп, біз ғана орыстармен орыс тілінде сөйлесуіміз керек? Жалпы қазақты түрлі тәсілмен ұлтсыздандыру саясаты кімге не үшін керек? Қазақты орыстандыру саясаты қашан тоқтатылады деп ойлайсыз? Және балаларға 5-сыныптан кейін ғана шетел тілдерін оқытуға қалай қарайсыз? Ұшқын ініңіз

-Қазір мемлекетте қызмет тізгінін ұстап отырғандардың  басым көпшілігі орыстілділер. Бұл үлкен күш. Олардың  бәрі өз қызметінен  айырылғысы келмейді.

Бірақ 2017 жылы  халықтың 80 пайызы, ал 2020 жылы 95 пайызы қазақша сөйлейтіні туралы жоғары деңгейде айтылып жүр. Қазақ тілі түбі өз тұғырына  қонады. Сонда білікті, білімді ұлттық кадрларға да жол ашылар.

Ал бүгінгі жаһандану заманында өмір  сүру үшін шет тілдерін білгенің өзіңе пайда. Біздің ата-бабамыз өз ана тілін осы уақытқа дейін сақтады.Әрі өзге жұрттың тілін білу керектігін де үнемі ұрпақ жадына сіңіріп келеді. Ал қай  кластан бастап шет тілін  үйрету керектігін Білім және ғылым  министрлігіндегі тұтас  құзырлы органдары айтуы керек.

-Ассалаумағалейкум, аға! «Қазақ энциклопедисында» қандай жаңа жобаларды (тендерден алған емес, жеке өздеріңіздің) іске асырмақсыздар? Оқырман қауымды қандай кітаптармен қуантпақсыздар?

-Жеке   өзіміз іске  асырғымыз келетін жобалар аз емес. Соның бірі - «Жамбыл» энциклопедиясын шығару. Жамбыл бабамыз туралы  ұшан-теңіз деректер соған сұранып тұр. Бірақ  бұл асығыс жасалатын шаруа емес. Алматы облысының  әкімі Серік Әбікенұлы Үмбетов  ұсынысымызды қолдап отыр. Құдай сәтін салса,  «Жаңа Қазақстан» атты  көптомдық әмбебап  энциклопедиямызды шығару ойда бар. «Шоқан Уәлиханов» анықтамалығының қолжазбасы дайын тұр. «Абылай хан» энциклопедиясы бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Басқа да көп жобаларымыз бар. Оның  бәрі қаржылық мүмкіндіктерге қарай жүзеге асады.

-1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне неге қатыспадыңыз?

-1986 жылы 15 желтоқсанда менің  КазГУ-ге  оқытушы болып орналасқан күнім. Сол күні бұйрық шықты. Алаңға   мен де  бардым. Көп ішінде болдық. Жолдасым «Қазақ теледидарында» жұмыс істейтін. Ол  алғашқылардың ішінде алаңға шығыпты. Аяғы ауыр  еді. Алғашқы ұлым Алтайдан сол кезде айрылып қалғанбыз.

-Қазақ ұлтын «жою» доктринасына қарсы құрылған М. Шаханов бастаған топтың құрамында Сіз неге жоқсыз?

-Кез-келген топқа қосылып, қол қоюға өз басым қарсымын. Ал өзімнің жеке  азаматтық ойларымды баспасөз бетінде білдіріп жүрмін.

-Ұлттың ұлысыз ба, әлде биліктің құлысыз ба?

-Мен бала кезімнен ұлттың ұлы ақыны Абай өлеңдерінен  сусындап өстім. Ғылыми ізденістерімді «Түркістан уалаятының газетіндегі», «Дала уалаятының газетіндегі», «Қазақ», «Айқап», «Сарыарқа», «Абай», Жас азамат», «Ақжол», т.б. басылымдардағы ұлт зиялыларының, алаш ардақтыларының еңбектерін ғылыми айналымға енгіздім. Олардың қатарында Дінмұхамед Сұлтанғазин, Асылқожа Құрманбаев, Отыншы Әлжанов, Қорабай Жапанов, Райымжан Мерсеков, Рахымжан Дүйсенбаев, т.б. бұрын беймәлім ұлтжанды азаматтар да бар.  Ұлттық университетте дәріс оқимын. Ұлттық энциклопедиямызға басшылық жасаймын. Сондықтан  ұлттың ұлы болмауға ешқандай қақым жоқ.

-Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатын, күн көрудің қамы үшін қолдайсыз ба, әлде шын сеніп қолдайсыз ба?

-Ұлт көшбасшысын қолдаймын. Біз кеше қандай едік? Бүгін қандаймыз?

1989 жылы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде  4 ай стажировкадан өттім. Сонда  бөтен елдің  астанасына өз астанамызға  барғандай бардық. Ал ол кезде Мәскеуге  бару - ең биік  сапар саналатын. Орыстар бізге биіктен қарағанын  өз көзімізбен көрдік. Қазір өз Астанамыз бар. Басқалар санасатын, шекарамыз шегенделген тәуелсіз мемлекеттің азаматымыз.

1997 жылы, 2000 жылы АҚШ-та  алдымен 1 ай, одан кейін 2 ай болдым. Сонда американдықтар  Қазақстан туралы өте аз білетін. Ағылшын тілін оқытатын бір американдық әйел « Қазақстан деген Ауғанстанда ма?» «Онда шөл дала мен түйелер ғана бар шығар?» деп сұрақ қойды. Мен «Қазақстанның әлемде территориясы  жағынан  9-шы орын алатынын,  қаншама пайдалы қазбалары бар, өзен де, көл де, теңіз де, орман да, тау да, құм да, жазық та бар аса үлкен  мемлекет екенін айтқанда» естігендердің  бәрі аң-таң қалды.

Қазіргі биік  жетістіктерге жетуімізге, Қазақстанды дербес ел ретінде бүкіл дүние жүзіне танытуға сіңірген  аса зор еңбегі үшін Елбасыға  шын сеніп, қолдаймын!

-Ертең заман өзгеріп, Назарбаевты мысалы, «жерден алып жерге салатын»  күн туа қалса, Сіз сонда да Назарбаевты қорғайсыз ба, жоқ әлде басқалармен жарысып жамандайсыз ба?

-Заман  өзгерсе де, Нұрсұлтан  Әбішұлының атқарған істері елімізді тек алға  дамытатындығына сенемін! Қорғаймын!

-Баукең деген жігіт қой. Білімі жетеді, тұлғасы бұрынғының батырларындай. Өзі ұлтшыл. Бұл кісіні нағыз ұлттық мәселелерді шешетін жерге қою керек. Мына жұмысы менше, өзіне сай емес.

-Тілегіңізге рахмет! Қай жерде  қызмет атқарсам да, елім, ұлтым үшін  аянбай еңбек етіп жүрмін.

-Қазақстан Жазуышлар Одағындағы былық-шылық туралы айтудай айтылды. Неге сіздер осыған көзжұмбайлықпен қарайсыздар? Әлде «сыйлық ала алмай қалам, одақтан шығарып тастайды» деп қорқасыз ба?

-Мен, Мұқағали Мақатаев атындағы  сыйлықтың, «Дарын» Мемлекеттік  жастар сыйлығының лауреатымын. Соған қанағат етемін. Ал жақсы, ел оқитын  шығарма  жазылып жатса, оны алда көрерміз. Одақтан шығарады деп қорықпаймын.  Жазушылар  Одағы туралы пікірімді жоғарыда  айттым.

Соңы

0 пікір