Жұма, 22 Қараша 2024
Құйылсын көшің 5842 2 пікір 4 Қыркүйек, 2018 сағат 02:56

Оңтүстіктен көшкен жұрт өңірлердегі маман тапшылығы мәселесін шешеді

Еліміздің солтүстігінде жұмысқа тұрғысы келетін оңтүстік тұрғындарының саны жыл санап артып келеді. 2018 жылы рекордты көрсеткішке жетуі мүмкін. Осыған орай 2015 жылдан бері қолға алынған Күнгей жұртын теріскейге алдыртып, сондағы тіршілік қазанын қайнатуды көздеген Оңтүстіктен Солтүстікке қоныс аудару жобасы еліміздің оңтүстігі мен солтүстігінің халық саны тепе-теңдігін қалыптастыруға мүмкіндік турдыратын бірегей бағдарлама екені сөзсіз.

Бұл жобаның басты мақсаты оңтүстік өңірлерде халық саны тез өсіп, еңбекке жарамды адамдардың жұмыс табуы қиынға соғатын, ал солтүстік өңірлерде жұмыс күші жетіспейтін жағдайды жөнге салу. Қазақстанның солтүстік өңірлерінде кадр тапшылығы сезілу себебі халықтың өзге жаққа қоныс аударуы салдарынан болса керек. Ал өзге жаққа кеткен сол мамандардың орнын оңтүстік тұрғындары басуы мүмкін.
Қазақстан статистикалық комитетінің деректеріне жүгінсек, 90-шы жылдардың ортасынан 2000 жылдардың басына дейін елден көшіп кетушілер саны сырттан келгендер санынан әлдеқайда көп болатын. Жалпы, тәуелсіздік алғаннан кейінгі он екі жыл ішінде Қазақстан халқының сыртқа ағылу қарқыны толастамады: 1991-2003 жылдар аралығында ел аумағынан 2,7 миллион адам шетел асқан. Тек 2004 жылдан бастап қана иммиграция көрсеткіші эмигранттар санынан асты. Мұның өзі жақсылыққа жоруға татитын жаңалық еді. 2011 жылға дейін жыл сайын Қазақстанға 110 мың адам қоныс аударған. Тек соңғы бес-алты жылда сыртқа кетушілер қатары қайтадан арта түсті. Әсіресе, соңғы бір жылда орыс ұлты өкілдерінің көшіп кету көрсеткіші күрт өскен көрінеді.

1991-2004 жылдар аралығындағы халық миграциясының өзгеріс динамикасын қарасақ, эмиграцияға кеткендердің 91 пайызы көршілес мемлекеттерге, 9 пайызы алыс шетелге қоныс аударған. Сондай-ақ, осы аралықта Қазақстанға көшіп келгендердің басым бөлігі, яғни 70,9 пайызы көрші елдердің азаматтары болса, 29,1 пайызы алыс елдердің тұрғындары еді.

Журналист Г.Омардың жазуынша, былтыр жүргізілген социологиялық зерттеулер ел тұрғындары арасында, әсіресе, жастар арасында миграциялық көңіл-күйдің құбылып тұрғанынан хабар береді. Яғни, қазіргі жастар жақсы қызмет, жайлы тұрмыс табу үшін ауыл не ауданның аумағынан шығудан қаймықпайды, тіпті шекара асып, бөтен елге баруға дайын. Екі қолға бір күрек іздеген жас мамандар жаңа қоныс іздеп, орындарынан жеңіл көтерілетін болды. Ел іші былай тұрсын, алыс шетелдерге, оның ішінде Оңтүстік Кореяға, АҚШ-қа, тіпті, алыс Австралияға еңбек мигранты ретінде буынып-түйініп, отбасымен сапарлатқандардың қатары көбейіп келеді.

Мысалы, 2017 жылы Қазақстаннан 37 704 адам сыртқа кеткен. Ал елге көшіп келгендер саны – 16 081. Шетелге қоныс аударғандар арасында Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарының халқы көш бастап тұр.  Негізгі бағыт – Ресей. Әлбетте, эмиграцияға кеткендер ішінде солтүстік аймақтардан тарихи отанына оралуға шешім қабылдағандар да, оқуға аттанғандар да, нәпақа іздеп, еңбек мигранты есебінде шекара асқандар да бар. Осы аралықта ішкі миграцияның көрсеткіші – 74 780 адам. Бір ғажабы, ел аумағын тастап кетушілер арасында оңтүстік тұрғындары өте аз екен.

Ішкі миграцияға қатысты статистикалық деректер 1991 жылы 166 739 адамның бір облыстан екінші облысқа қоныс аударғанын баяндайды. Одан кейінгі он жылда ел ішіндегі миграция қарқыны күрт төмен түсті. Бұл кезең ел экономикасының дағдарыстан теперіш көрген ауыр жылдар болғаны белгілі. Дегенмен халықты оңтүстіктен солтүстік аймақтарға қарай қоныстандыруды көздеген мемлекеттік бағдарлама қабылданғалы ішкі миграция қайтадан серпін алды, облысаралық көші-қон қарқыны өсе түсті. Расында, соңғы жылдары ел ішінде әрі-бері қозғалыс көп. Мамандар ел ішіндегі ішкі миграцияның қарқын алуын экономиканың дамуы үшін игі нышанға балайды.

Кей деректерге қарағанда, Қазақстандағы ішкі миграцияның қарқыны 5 пайыз шамасында, ал Батыс елдерінде бұл көрсеткіш 20 пайыздан асады. Яғни, ел ішіндегі барыс-келіс көбейген сайын ұлттық экономиканың бойына қан жүгіреді деген сөз.

Халық өсіміне айтарлықтай үлес қосып тұрған екі облыс пен бір қала: Түркістан облысы, Алматы облысы және Алматы қаласы. Әйткенмен, Алматы мен Астананың өсімі тек табиғи емес, оған ішкі миграцияның әсері бар екенін ескеру керек. Елдің екі бас қаласы – арман қуған, білім қуған, қызмет қуған жастардың жан-жақтан ағылып, жаңа тұрақ етер мекені.

Ал Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында демографиялық өсім жоқтың қасы. Оның үстіне, бұл аймақтарда ауылдық жердегі халық саны кеміп барады. Жалпы, қазір халықтың жартысына жуығы, нақтырақ айтқанда, 47,6 пайызы оңтүстіктегі бес облыста өмір сүріп жатыр. Соңғы он шақты жылдан бері қалыптасқан жағдай осы: 2000 жылдары оңтүстіктегі халық саны республика тұрғындарының 42,1 пайызын құрайтын. Осы екі көрсеткіштің өзі елдегі демографиялық картаның біркелкі еместігін аңғартады.

Сондықтан халықты қоныстандыру ісін реттеуде оңтүстіктен солтүстік аймақтарға көшуді ынталандыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызы зор. Қазақстандағы тұрғын халқы ең көп қоныс аударатын бес облыстың төртеуі – оңтүстікте. Елдегі демографиялық ахуалды одан әрі жақсарту үшін әрі көші-қонды реттеу үшін Үкімет былтыр 2017-2021 жылдарға арналған Миграциялық саясат тұжырымдамасын қабылдаған болатын. Оның басты мақсаты – ең әуелі ішкі миграцияға көңіл бөлу. Бұдан бөлек, жаңа миграциялық тұжырымдама қандастардың туған отанына оралуы мен сапалы кадрлардың сыртқа ағылу мәселелерінің шешімін табуды көздейді. Бұл құжатта: «Қазақстан Республикасы шетелдік жұмыс күшін тарту арқылы уақытша миграция, сонымен қатар Қазақстан Республикасына оралған этникалық репатрианттарға қатысты ұзақ мерзімді тұрақты миграциялық стратегия ұстанады» деп анық жазылған. Миграция классификациясына сәйкес, ерікті түрде ұзақ мерзімге жасалатын саяси және экономикалық миграция басқа елдерден көшіп келетін қандастар санын арттыруды меңзейді.

Ең бастысы, мемлекеттік саясат республика халқының жартысына жуығын құрап отырған оңтүстіктегі бес облыс пен демографиялық көрсеткіші жылдан жылға төмендеп бара жатқан солтүстіктегі аймақтар арасындағы теңсіздікті жоюға бағытталып отыр. Себебі демографиялық әркелкілік кей аймақтарда жұмыссыздықтың белең алып, ал басқа жақта, керісінше жұмыс күшінің жетіспеушілігін тудырады. Осы орайда, бір ғана Қостанай облысына бес жыл ішінде оңтүстіктегі бес облыстан 10 мың отбасын көшіруге шешім қабылданған. Әлбетте, жоспарлы көші-қон ерікті түрде, тек ынталандыру арқылы жүзеге асырылады.  Жаңа қоныс іздегендерге жергілікті әкімшіліктер жер алып, үй салуға немесе сатып алуға қаржылай көмек беріп, бір реттік ақшалай жәрдемақы төлеп, жұмыс орнымен қамтамасыз етеді.

Жалпы, оңтүстіктен солтүстікке көшіп барған отбасыларға республикалық бюджеттен берілетін бір реттік жәрдемақы көлемі жан басына – 84 175 теңге. Бұдан бөлек, 12 айға дейін жалға алынған баспананың төлемақысы мен оның бір жылдық коммуналды шығындарының қаржысы қоса беріледі. Баспанаға төленетін қаржыны түгел алып, бірден үй сатып алуға да болады. Жергілікті әкімшілік жаңадан көшіп келгендерді жұмыспен қамтуға міндеттелген. Жұмыс демекші, қазіргі кезде солтүстікке қоныс аударғандар ішінде егін егіп, мал шаруашылығымен айналысып, шаруасын дөңгелетіп жатқандар жетерлік. Әйткенмен, мұнда білікті мамандарға деген сұраныс көп, оның ішінде мұғалім, дәрігер, мейірбике, электр маманы, агроном, мал дәрігері, сатушы, көлік жүргізушісі сияқты мамандық иелеріне жұмыс табу қиын емес.

Былтыр оңтүстіктегі бес облыстан Солтүстік Қазақстан облысына – 184, Шығыс Қазақстан облысына – 98, Павлодар облысына – 69, Қостанай облысына – 30 отбасы көшіп барған екен. Ал биыл қоныс аударушыларға арнап Солтүстік Қазақстан облысына – 690, Шығыс Қазақстан облысына – 364, Павлодар облысына – 380, Қостанай облысына – 272 квота бөлінген. Дегенмен квотадан тыс қоныс аударушылар да жетерлік.

Жалпы, сауатты жүргізілген мемлекеттік саясат миграциялық толқынды ретке келтіріп, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал ете алады. Себебі мамандардың айтуынша, әлемнің ешбір елінде мигранттар мақсатсыз көшіп-қонбайды, олар қай жерде жұмыс күшіне сұраныс болса, сол аймаққа шоғырланады екен. Яғни, мемлекеттік қолдаудың арқасында солтүстікке бағытталған көш даңғыл жолға бір түссе, кейін табиғи түрде үздіксіз жалғасуы әбден мүмкін. Ең бастысы, адамдар санасында өзгеріс туды. Тұрмысын түзеп, жағдайын жақсартқысы келген немесе өмірін жаңа арнаға бұрып, тың жетістіктерге жетуді аңсаған жастар солтүстік өңірдегі мол мүмкіндікті игеруге бел буатын болады.

Ерлан Әбікенұлы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5270