Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 5443 0 пікір 30 Наурыз, 2011 сағат 06:57

Ұлан Еркінбаев «Оқу ісі түзелмей, жұрт ісі түзелмейді»

Бүгінде қайта жаңғырған Алаш зиялыларының еңбектері қазақы таным мен әлемдік мәдениетке сүбелі үлес қосуда. Алаш зиялыларының қай‑қайсысы болсын, ұлтқа барын салып қызмет етуді басты мұрат еткен. Мұны олардың, ең алдымен, білім мазмұнын жетілдіруден бастағаны белгілі.

«Ұлт ұстазы» Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы «Қазақ» газетіндегі «Қазақша оқу жайынан» атты мақаласында: «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халықтық та оқумен түзеледі» - деп жазады.

Осы мақсатта «Оқу құралы» (1912), «Тіл құралы» (1914), «Әліпби» (1914), «Жаңа әліппе» (1926-1928), «Баяншы»  (1926), «Әдебиет танытқыш» атты оқулықтар, Телжан Шонанұлымен бірге «Оқу құралы» (1926-1927) деп аталатын хрестоматиялық көмекші оқу құралдарын жазды. Қазақ тілінде оқу, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы, жағырапия, шаруа-кәсіп, жаратылыс, т.б. ғылым салалары жайынан пайдалы мағлұматтарды білім беру жүйесінің ең тиімді жолын пайдалана отырып берді.

Бүгінде қайта жаңғырған Алаш зиялыларының еңбектері қазақы таным мен әлемдік мәдениетке сүбелі үлес қосуда. Алаш зиялыларының қай‑қайсысы болсын, ұлтқа барын салып қызмет етуді басты мұрат еткен. Мұны олардың, ең алдымен, білім мазмұнын жетілдіруден бастағаны белгілі.

«Ұлт ұстазы» Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы «Қазақ» газетіндегі «Қазақша оқу жайынан» атты мақаласында: «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халықтық та оқумен түзеледі» - деп жазады.

Осы мақсатта «Оқу құралы» (1912), «Тіл құралы» (1914), «Әліпби» (1914), «Жаңа әліппе» (1926-1928), «Баяншы»  (1926), «Әдебиет танытқыш» атты оқулықтар, Телжан Шонанұлымен бірге «Оқу құралы» (1926-1927) деп аталатын хрестоматиялық көмекші оқу құралдарын жазды. Қазақ тілінде оқу, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы, жағырапия, шаруа-кәсіп, жаратылыс, т.б. ғылым салалары жайынан пайдалы мағлұматтарды білім беру жүйесінің ең тиімді жолын пайдалана отырып берді.

Жүсіпбек Аймауытұлы, Мұхтар Омарханұлы, Құдайберген Қуанұлы, Телжан Шонанұлы, Мағжан Бекенұлы, Міржақып Дулатұлы сияқты ұлт зиялылары туған халқының интелектуалдық деңгейін әріден ойлап, әр салада оқу-құралдарын жазды. Бүгінде аталмыш оқу құралдарын зерделеп отырып, олардың әдістемелік тәсілдерінің қарапайымдылығына һәм нәтижелілігіне тәнті боласың. Қазір не көп, оқытудың сан салалы тәсілдері көп. Солай бола тұра мектеп оқулықтарында оқушыға қажетті мағлұматтар жоқ. Білім мазмұнына қатысты педагогтар оқытудың дәстүрлі /репродуктивтік/ және құрылымдық /конструктивтік/ тәсілдерін сарапқа салып тартысады. Әлбетте, бұл білім беруге қатысты жайттар. Бұл мәселеде едәуір ілгерілеген де шығармыз. Бірақ одан нәтиже болмай отыр. Неге? Негесі сол, біз білім беруді айта береміз де сол білімнің өзін сөз етпейміз. Білім мазмұнын түрлендірудің, жетілдірудің жолдарын айтамыз, білім мазмұнын айтпаймыз. Оқулықтарымызда кез келген түсініктің жүздеген анықтамаларын береміз де бірде‑бір қасиетін айтпаймыз. Қазіргі мектептердегі оқытылып жатқан оқулықтардың да басты проблемасы осы. Осы тұрғыда алаш зиялылары жазған оқулықтардың басты артықшылығы олар білім берудің түрлі тәсілдері мен әдіснамалын емес, білімнің басты қасиетін ғана беруді ұстанады. Нәрсенің көптеген құрғақ анықтамаларын емес, бала санасына қонымды жалғыз қасиетін айтады. Және оны баланың баба тілінде қарапайым ауызекі сөзбен жеткізеді. Осылайша ондай оқулықтар оқушының егіз қозыдай ажырамас досына айналады.

Мысал ретінде Ахмет Байтұрсынұлының 1926 жылы Қызылорда қаласында баспа бетін көрген «Әдебиет танытқышын» айтуға болады. Бүгінде бұл оқулық әдебиетті қазақша танытатын бірден‑бір классикалық мұраға айналды. Оқулық дейтін себебіміз, автор, әрбір ұғым түсінікті баяндай отырып, «нұсқалықты қараңыз» деп ескертіп отырады. Бұдан, «Әдебиет танытқышты» Ахмет Байтұрсынұлы оқулық және нұсқалық /хрестоматия/ түрінде екі кітап етіп, білім беру жүйесіне оңтайлап, арнайы жазғандығы мәлім болады. Алайда, оқулықпен қауышқанымызбен, нұсқалық әзірге табылмай отыр.

Айта кету керек, «Әдебиет танытқыш» соңғы кезде ірі теориялық еңбек ретінде де ғалымдар назарына ерекше ілігіп жүр. Алайда, мұның өзі бұл оқулықтың орта және жоғары мектеп оқушыларына әдебиетті танытқыштық қызметіне мүлде кедергі келтірмейді. Бір жағынан алғанда бұл, қазірде жиі айтылып жүрген, білім берудегі оқушылардың зерттеушілік қабілетін арттыруға да таптырмайтын құрал.

Мектептегі әдебиет оқулықтарында әдебиет ұғымы мен ондағы түрлі жанрлық категориялар жоғары сыныптарда өтіледі. Ал университеттерде керісінше төменгі сыныптарда өтеді. Бірақ, екеуінде де ешқандай жаңашылдық жоқ ‑ бұрынғы кеңестік тәсілдің көшірмесі.

Төменде Ахмет Байтұрсынұлы әдебиет оқулығының бірнеше артықшылықтарын санамалап келтірейік:

1. «Әдебиет танытқыштың» құрылымдық ерекшелігі - тараулардың, әрбір жаңа сабақ тақырыбының, жекелеген тұжырымдардың реті бір-бірінен туындап отыратын қисындылығында. Ал тақырыпты түсіндіру, баяндау тәсілінің бірден-бір ерекшелігі - нәрсенің анықтамасын айтудан бұрын оның қасиетін айтатынында. Яғни, кез-келген тақырыпты түсіндіру барысында біз үйреншікті дедуктивті әдіспен емес, көбіне сол дедукцияның өзіне негіз болып келетін жолды ұстанып, нәрсенің анықтамасынан қасиетіне қарай емес, керісінше, нәрсенің қасиетінен анықтамасына қарай баяндалады. Және оны пәлсәпалық һәм филологиялық ұғым-түсініктердің ішінде - қарапайым түсінікті тілмен дәл әрі шумақтап (обобщение) беріледі. Мәселен, оқулықтағы роман, повесть, әңгіме жанрларын түсіндіру тәсілі осыған дәлел бола алады. Романды - ұлы әңгіме, повесті - ұзақ әңгіме, әңгімені - ұсақ әңгіме деп әрбір жанрдың атауында оның мазмұны мен формасын қатар түсіндіріп кетеді.

2. Әдебиетті түсіндіргенде оқулықта ең алдымен осы сөздің өзін анықтап алу мақсат етілген. Алғашқы тақырыптан бастап әдебиет ол ‑ өнер, сондықтан өнердің өзін түсініп алалық дейді де оны өте ұғынықты, қарапайым сөзбен баяндап береді:  «Өнер түрлі болады. Біреулер үй салады, арық қазады, етік тігеді, арба істейді, киіз басады, ыдыс істейді, тағысын тағы сол сияқты шаруаға керек нәрселерді жасайды. Біреулер көрікті мешіт, көрнекті там, көркем сурет салады. Әдемі ән, әсерлі күй, ажарлы сөз шығарады. Алдыңғы өнер мен соңғы өнердің арасында айырым бар. Алдыңғы өнерден шыққан нәрселер күн көру ісіне керек шаруа керек‑жарақтары. Мұны істегенде, сұлуынан жылуы дегендей, көркем болуын көздемейді, тұтынуға қолайлы, жайлы, берік болу жағын көбірек көздейді. Екінші өнерден шыққан нәрселер, жылуына гөрі сұлу болуы көбірек көзделінгендіктен, көзге көркем, көңілге жағымды болып істелген нәрселер; алдыңғы нәрселер адамның мақұлықтық жан сақтау керегінен шыққан нәрселер; соңғы нәрселер адамның жан қоштау керегінен шыққан нәрселер. Сондықтан алдыңғы нәрселерді жасауға жұмсалатын өнер - тіршілік үшін жұмсалатын тірнек өнері болады да, соңғы нәрселерге жұмсалатын өнер - көркемшілік үшін жасалатын көрнек өнері болады».

3. «Әдебиет танытқыштың» білім беру тәсілінде алдымен күрделі тақырыпты ұғындырып алу көзделеді. Сол арқылы баланың талғамын қалыптастыру. Көркем дүниеге деген биік талғам қалыптастырған оқушы үшін кез келген тақырыпты талдау зәредей қиындық тудырмасы анық. Осы ретте Байтұрсынұлы сөз өнерінің барлық өнердің сұлтаны екенін айта отырып, биік талғам қалыптастыратын ақындардың өлеңдерінен мысал береді.

Абайдың күзді күнді суреттеуі

Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,

Күз болып дымқыл тұман жерді басқан.

Білмеймін тойғаны ма, тоңғаны ма?

Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан.

Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай,

Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай,

Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,

Айрылған жапырағынан ағаш қурай...

Мағжанның толқынды кескіндеуі

Толқыннан толқын туады,

Толқынды толқын қуады

Толқын мен толқын жарысад;

Күңіренісіп кеңеспен,

Бітпейтін бір егеспен.

Жарысып жарға барысад.

*   *   *

Толқын мен толқын сырласып,

Сырларын еппен ұрласып,

Толқынға толқын еркелеп,

Меруерт көбікке оранып,

Жыландай жүзге бұралып,

Жарға жетер ентелеп...

Абайдың ән мен күйді сөзбен сипаттап танытуы

Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа,

Адам ойы түрленіп ауған шақта.

Салған ән көлеңкесі сол көңілдің,

Тактысына билесін ол құлаққа.

Шырқап, қалқып, сорғалап, тамылжиды

Жүрек тербеп, оятар баста миды.

Бұл дүниенің ләззаты бәрі сонда,

Ойсыз құлақ ала алмас ондай сыйды...».

4. «Әдебиет танытқыш» оқушыны қисынды ойлай білуге үйретеді. Біз көбіне көркем сөз, көркем шығарма, көркем туынды дегенді жиі айтамыз. Алайда, оқушыларға сол көркемдік қайдан келгенін айтпаймыз. Оны түсінбеген оқушы әдебиеттің түрлі теориялық анықтамаларымен басы қатып жатады. Байтұрсынұлы оқулығы анықтаманы оқушының өзіне шығартуға үйретеді. Бірінші өнердің қасиетін түсіндіреді. Осыдан оқушы сұлулық, көркемдік дегендердің өнерге қатысты дүние екенін түсінеді. Содан соң барып, тілдің міндеті қандай, сөздің қасиеті қандай, сөз өнері деген не? деген мәселелерді қозғайды. Осы тақырыптардан соң барып әдебиетке келеді : «Сөз өнерінен жасалып шығатын нәрсенің жалпы аты шығарма сөз, ол аты қысқартылып көбінесе шығарма деп айтылады. Ауыз шығарған сөз болсын, жазып шығарған сөз болсын,  бәрі шығарма болады. Шығарманың түрлері толып жатыр. Оның бәрін шумақтап бір-ақ атағанда арабша әдебиет, қазақша асыл сөз дейміз». Адамға рухани қажеттілік - сөздің асылы ғана дегенге саяды.

5. Бұл оқулықтағы келесі бір ерекшелік - бір тақырып аясындағы түрлі мәселелердің ішкі бірлігі. Әдетте, біз оқушыларға сюжетті бір тақырып, композицияны бір тақырып, олардың ішіндегі түрлі бөліктерін жеке‑жеке тақырып етіп түсіндіреміз. Мұнда керісінше, барлығын бір ойдың желісімен түсіндіріледі. Мәселен кітапта: «Шығарманы жазбас бұрын, қандай мәселені оқушыларының алдына тартпақшы, сол туралы аз ба, көп пе ойлайды. Сан ой, сан алуан пікірлердің ішінен біреуін негізгі ойының қазығы етеді. Сол шығарманың тақырыбы болып саналады» дейді де, ал шығармадағы негізгі пікірдің (идеяның) үстемдігі жөнінде: «Қандай шығарма болсын, белгілі бір идеяны үндейді дедік. Тақырып, оқиға, және оның құрылысы, шығармада қатысушылардың араларындағы тартыс, оларды суреттеу әдістері, түптеп келгенде - жазушының сол шығармадағы айтайын деген идеясына бағыныңқы» деп көркем шығарманың тақырыбы ауқымды әрі қарапайым түрде түсіндіріледі. Онан соң сөйлеудің түрлері «жай сөйлеу», «аралас сөйлеу» деп қарапайым мысалдармен беріледі.

6.  Оқулықтың және бір ерекшелігі кез-келген ұғым түсінікті қазақы дүниетаныммен, образдап, салыстыра отырып беруі. Бұл оқушылар үшін өте тиімді тәсіл. Әсіресе, тақырыпты есте сақтау тұрғысынан. Мәселен көркем туынды қалай жазылады. Бұл өте күрделі мәселе. Кітапта мұны түсіндірудің ең төте жолы оқушы түсінігіне лайықтап берілген. A) «Дыбыстың, сөздің, сөйлемнің сыр-сыйпатын тану, заңдарын білу - бұл үйге керек заттардың сыр-сыйпатын білу сияқты нәрсе. Керек заттарын сайлап алып, үй салуға кірісу - дыбыстың, сөздің, сөйлемнің жайын біліп алып, солардың әрқайсысын дұрыстап орнына жұмсап, пікірлі әңгіме шығаруға кіріскен сияқты болады».

Ә) «Топырақтан иленіп кірпіш жасалған сияқты, дыбыстан құралып сөз жасалған. Үйдің түрлі болып шығуы балшығынан, кірпішінен, әсіресе қалауынан болатыны сияқты, әңгіменің түрлі болып шығатыны тілдің дыбысынан, сөзінен, әсіресе сөздің тізілуінен»

Б) «Өлеңнің ұнасымы неден болады? Өлең ғана емес, нәрсенің көбі-ақ жарастығымен ұнамды көрінеді. Нәрсенің көбі-ақ, негізінде, бірдейлігімен, реттілігімен жарасып, ұнамды болады. Екі құлақ, екі көз - сол сияқты дененің қос мүшелері - екеуі бірдей болса, жарасып, ұнамды көрінеді. Қоралы қойдай шоғырланып, бет-бетімен жүрген солдаттан, сап түзеп, қатар тұрған жарасып, көзге ұнамдырақ көрінеді».

7. Ахмет Байтұрсынұлы бір мәселені ұғындырғанда оны түсіндірудің барлық тәсілдерін қолданады. Оқулық сонысымен ерекшеленеді. Оқушы есінде жаңа дәріс ұмытылмастай сақталады. Бір тақырыптың негізімен бірге іс‑тәжірбиелік жағын өмірмен байланыстыра баяндап береді. Мәселен, көркем сөзді түсіндіре отырып, оны кімдер қолданатынын да жан‑жақты айтып өтеді: «Ақындар ғалымдар сияқты болған уақиғаны, яки нәрсені болған күйінде, тұрған қалпында бұлжытпастан айтып, дұрыс мағлұмат беріп, қақиқаттануға тырыспайды, тұрған нәрсе тұрған күйінде, болған уақиға болған күйінде ақынға өте үйреншікті, жай қалыпты, жабайы көрінеді. Оның бәрін ақындар өз көңілінше түйіп, өз ойынша жорып, өз ұйғаруынша сүгіреттеп көрсетеді. Сол өзі ұйғарған түріндегі ғаламды сөзбен көрсетуге бар өнерін, шеберлігін жұмсайды, сүйтіп шығарған сөзі көркем сөзді шығарма болады».

8. Термин мәселесінде бірде‑бір грек, латын не болмаса орыс сөзін қолданбайды. Барлығын қазақы дүниетанымнан, әрбір сөздің өз түбірінен, өз төркінен алып, соны термин етіп түсіндіреді. Бұл да оқушының өзіндік туа бітті жаратылысына лайық, ақылына қонымды тәсіл.  «Мінездері ұқсас біріңғай, бір кейіпті адамдарды кейіптес дейміз. Мінездің белгілі бір түріне кейіп беретін адамдарды кейіпкер дейміз. Жомарттық, сараңдық, батырлық, қорқақтық, түзіктік, бұзықтық - бұлар қай жұртта да болатын мінездердің жалпы кейіптері. Сондықтан мұндай мінезді адамдар жалпы кейіпкерлер болады».

«Ұлы әңгіменің өресі қысқа, өрісі тарлау түрі ұзақ әңгіме деп аталады. Онан да шағындау түрі ұсақ әңгіме деп аталады».

ә) Толғау шын сырлы болуы тиіс. Өтірік жай сөзге де жараспайды. Толғау сияқты сырлы шығармаға өтірік жараспақ түгіл, бүлдіреді. Сондықтан күйлі толғау көңілде шын күй болған күйден шығуы керек.

б) Толғау таза болуы тиіс - нас, былғаныш, нәжіс әдемі нәрседен шықса, көңілге қандай әсер етеді? Толғау сөзге былғаныш сөз, былғаныш пікір қатысса, о да сондай әсер етеді.

в) Толғау көңілдің тереңдегі күйінен хабар беруі тиіс. Көңілдің бер жағынан шыққан толғаудың әсері оқушының көңілінде терең із қалдыра алмайды» [16, 347 б]. Бұл жерде ғалымның лирикалық тектің табиғатын «жалпы сырлы», «шын сырлы», «таза болуы» және «көңіл тереңдігі» деп жіктеп отырғандары жай емес.

«а) Толғау сөзі көңіл күйінің бейне билеуі сияқты болу тиіс. Күй де, би де біріне-бірі үйлесіп келгенде, сұлу болып шығады. Күй мен бидің үйлесуі.

ә) Толғау қысқа болуы тиіс. Көңіл күйінің көбі-ақ бір қалыпта ұзақ тұрмайды. Көңіл күйінен шығатын толғау көңіл табиғатына қарай ұзын болмасқа тиіс, ұзын болмайды да. Нағыз толғаулардың көбі-ақ 4-5 ауыз өлеңнен аспайды.

б) Толғау әуезді сөзбен айтылуы тиіс. Адамның көңілінің күйін жақсы білдіретін - күй мен ән. Әннен соңғы көңілге көбірек әсер беретін  - әуезді сөз, әуезді сөздің әдемісі - өлең. Толғау көңіл сөзі болғандықтан, әсер күшін көбейтетін өлең түрде айтылуы тиіс. Көбінесе солай айтылады да»

Иә, сөзді тану, әсіресе, әдебиетті тану - ғаламның өзегіндегі аса нәзік үйлесімділік пен әсемдікті танудан бастау алып, тіршіліктің қарапайым заңдылықтарын ұғынуға дейін жалғасады. Мұны жаратылыстың өзіндік қарапайым тілімен сөйлете білу де ‑ өнер. Сондықтан, кез‑келген көркем дүниенің туу, жазылу, өмір сүру тарихы, ең бастысы оның өнер ретіндегі құндылығы - аса ауқымды мәселе. Көркем туындының пайда болуы мен оның өнер ретінде өмір сүруі өзара бірлікті қажет етеді. Өнердің шартты заңдылықтары жоқ десек те, оны танудың өзіндік ерекшеліктері бар. Бұл оқырман талғамымен, оның құндылықтар жүйесімен, көркемдік құпиясына қояр талаптармен тікелей байланысты.

Осы тұрғыда «Әдебиет танытқыш» ‑ әдебиетті танытудың шынайы тәсілдерін қолданған. Сондықтан оқырман жүрегінің төрінен орын алып отыр. Кез келген көркем шығарма жаратылыстың сырлы сыпаттарын көркем тілмен баян етеді. Біз әдебиетті тануда, талдауда көркем туындылардан сол сырлы сыпаттарды іздейміз. Ал материалдан тыс теориялар мен анықтамалар ойлап тауып, соларды материалға теліп талдау - барып тұрған сауатсыздық . Өкініштісі, біздің мектептерде сол сауатсыздық салтанат құрып тұр. Әсіресе әдебиетті оқытуда...

Ұлан Еркінбаев,

Сүлеймен Демирел университетінің доценті,

филология ғылымдарының кандидаты

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052