Кемпір ұзату
Шалқарда Қорғанбек Исаев деген азамат бар. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы. Шежірелі жас. Шалқар өңірінің тарихы, батыр-билердің айтқан сөздері мен ақын-жыраулардың өлеңдерін таңнан таңға ұрып айтуға бар.
Қорғанбек — менің інім. Руласым емес. Бірақ жақын бауырым. Олай дейтін себебім бар. Әкем қылтамақ болып ауырып жатқанда көп тағамға аңсары ауды. Бірі — шұбат. Інім екеуміз базардан барып әкеліп едік, бір ұрттады да, тыжырынып қалды: «Су қосылыпты». Енді сенімді деген жерден, қолдан алдық. Әкем тағы ұнатпады: «Ұн қосылыпты». Сол кезде есіме Шалқардағы Қорғанбек түсті. Оның беріп жіберген сусынын әкем рахаттана ішті: «Міне, шұбат». Қорғанбек әкем үзілгенше күнара шұбат жіберіп тұрды. Іше алмаса да дәмін алатын ол өле-өлгенше алғысын жаудырып кетті.
Кетерде қолыма қағаз ұстатты. Елу төрт адамның аты жазылыпты. Ауырып жатқанда аңсары ауған тағамдарын әкеп бергендердің тізімі. «Бұлар — әкеңе қызмет еткен адамдар. Сенің бауырларың» — деді әкем...
...Үш күн сапарда Қорғанбектің көп әңгімесін тыңдадым. Соның бірі — мынау:
— Атам екі қатын алыпты, — дейді ол. — Үлкен әжеміз бала көтермегесін, өзі ыңғай білдіріп, еріне тоқал ап берген. Көп уақытқа дейін кіші әжеміздің де баласы тұрмай қойған. Ақырында Байқазақ батырдың баласы Елкейдің батасынан кейін өмірге менің әкем келіпті. Оны бәйбіше бауырына басқан.
...Әкем енші алып шыққанда, әжемді қоса алып кетті. Атам тоқалымен әкемнің інісінің үйінде қалды.
Кіші әжеміз өмірден озғаннан кейін үш-төрт айдан соң бір күні атам үйге келді. Қасында бір топ інісі бар. Әкем қозы сойып, күтті. Еттен кейін шай ішіліп, қонақтар тарқайтын кезде атам әкеме қарап:
— Уай, келген қонақтан бұйымтай сұрамаушы ма еді? — деп саңқ ете қалд
— Өз әкесін кім қонақ десін? Сосын сұрамап едім. Бұйымтайларыңызды айтыңыздар, — деді әкем.
— Айтсам, алдыңнан өтуге келдім. Тізем тоңып жүр. Шешеңді қайтар.
— Шешемді қаңғырта алмаймын, — деді әкем. Кенет үнсіздік орнады. Атам аңтарылып қапты. Дегенмен сөз аяғын күтіп, үнсіз отыр.
— Шешемді қаңғырта алмаймын, — деді тағы да әкем. — Мен де бір балаңмын ғой, кемпір керек болса, қолыма келіп тұр.
Атам қатты толқып, көзіне жас алды. Енді әңгімеге қасындағы інілері араласты. «Рамазан, әкеңнің меселін қайтарма. Ақсақалдың қара шаңырақта, кенже баласының үйінде тұрғаны дұрыс. Бер кемпірін...».
Әкем үнсіз. Кенет әжем тамағын кенеді:
— Ай, балам, ықыласыңа ырзамын. Он төртімде қосылып едім әкеңе. Қартайғанда шошайып жалғыз отырғаны жараспас. Мен барайын, ұлықсатыңды бер.
Енді бәрі жылады. Шешем енесінің жүгін жинауға кірісті. Ел жиналып қалды. Әжемізді ауылдың екінші шетінде тұратын атамның үйіне салтанатпен жеткізіп салдық. Қыз ұзатудан кем болған жоқ...
Пысы. Шіркін, қазақ, ұлы мәдениетің бар ғой сенің! Әйтпесе, өз кемпірін былай да алып кетуге ақсақалдың қауқары жетер еді ғой. Ағайын-туысын ертіп келіп, баласының алдынан өтуі қазақы мәдениет қой.
Беу, дүние. Біз ғой бүгінде өзгенің қаңсығын таңсық қылып жүрген...
Бауыржан Бабажанұлының Facebook-тегі парақшасынан
Abai.kz