Азаттықтың рухы қайда кетті?
Еліміз тәуелсіздік алған сәтте, халықта ерекше азаттықтың рухы болды. Әлеуметтік жағдай өте нашар, тіпті киерге киім, ішерге тамақ болмаса да, қазақтың ертеңге деген сенімі орасан еді.
Жер-жерде түрлі партиялар құрылып, ұйымдар ашылып жатты. Нарықтық экономикалық қатынас енді бастауын алды. Тарихшылар тарихты қазбалап, Ашаршылық сұмдығы, Қазақ хандығы, Желтоқсан жаңғырығы, Саяси қудалау процестерін зерттей бастады. Саясаткерлер жаңа қозғалыстарға бастау салды. Демократиялық сыни пікірдегі газеттер шығып жатты...
Халық бір серпіліс күйінде жүрді. "Бүгін жағдайымыз нашар, бірақ ертең жақсы тұрамыз" деген ойда болды. Тіпті аға-әкелеріміздің айтуы бойынша 1997 жылы "Қазақстан-2030" стратегиясы шыққан сәтте, олар шынымен сол жобаға сенім артты. Ондағы әр бөлімде айтылған жоспарлардың іске асып, Қазақстанның кемелденген келешекке жетеріне күмән келтірмеді. Әр бастамаға шын ниетімен қатысқан, сенген жандар көп еді...
Алайда 2000-жылдардан бастап сол бір Азаттықтың рухы халықта жоғалған сияқты. Ертеңгі күнге сенім жоқ. Иә, 90-жылдармен салыстырғанда халықтың әлеуеті өскен, ол күмәнсіз. Дей-тұра енді бұқара көптеген стратегияларға, реформаларға сенбейді, жаңа саяси топтарға күмәнмен қарайды, экономикалық жоспарларды бос сөз санайды.
"Қазақстан-2030", "2020 бағдарламасы", "100 аурухана, 100 мектеп", "Рухани жаңғыру", "Мәңгілік ел", "Ақбұлақ бағдарламасы", "Дипломмен ауылға", түрлі жыл сайынғы айтулы жылдар (2003-2005 ауыл жылы сынды) және т.б саяси бастамалар халықты елең еткізбейді. Сенбейді, күмән басым.
Азаттықтың рухымен талай дүниені төңкеріп тастау керек еді. Сингапур сынды, Малайзия сияқты. Тарих сыйлаған мүмкіндікті пайдалана алмағанымыз-ай. Бірақ әлі де кеш емес, көрден шығудың ғана жолы жоқ, ал қалған кедергіні жоюға болады.
Асхат Қасенғалидың facebook парақшасынан
Abai.kz