Жақан Молдабеков. Абай даналығы – адамдықты жақтайды
Ел бірлігі туралы ұлттық доктрина қабылданды. Доктрина қоғамның бүгінгі талабынан туындауда, еліміздің болашағына бағыт-бағдар ретінде қызмет етуге арналған. Ел бірлігі - адам өмірі, ұлт болмысы мен рухы, осы қоғамдық құндылықтардың өркениет жолында дамыту мұраты. Мұндай тектес идеялар тарихи белестерде ұрпақтардың ұлттық сана-сезімінің нысаны болғаны мәлім. Сол идеялық сабақтастықтың үлгісі неде, одан үйренеріміз не? Көңілге қонымды жауапты Абай мұрасынан табуға болады.
Егеменді елдің тәуелсіздігі мен теңдігін нығайтып, ұштастырып жатқан бүгінгі ұрпаққа Абай несімен құнды? Ең алдымен, ділмәр даралығымен, ерекше даналығымен. Даралық - тұлғалығында, ал даналық - азаматтық болмысы мен белсенділігінде. Қос ағымның тоғысында оның даналығы - сезімталдықтың жеке өрнегіне, тәжірибелі танымның тапқырлығына, танымдық құбылыстың кемелдігіне ұқсайды. Кең ауқымда, даналық адамдар арасындағы жарастықты, жанашырлықты, жауапкершілікті, тіпті азаматтық қоғамға деген бетбұрыстың тұрақты нышандарын білдіреді. Бірінші жайда даналықтың тұлғалық бейнесі мен белсенділігіне, адамдықты ақтаудағы рөліне назар аударсақ, ал екіншісінде, адам белсенділігін әлеуметтік деңгейге көтермелеуге, әлеуметтік дәстүр арқылы елдің ырқын жақтауға ден қоямыз. Ойымызды түптей берсек, даналықтың бұрын-соңғы сарынынан әлемдік ауқымды, ұлттық үрдісті, тұлғалық өлшемді аңғару қиын емес.
Ел бірлігі туралы ұлттық доктрина қабылданды. Доктрина қоғамның бүгінгі талабынан туындауда, еліміздің болашағына бағыт-бағдар ретінде қызмет етуге арналған. Ел бірлігі - адам өмірі, ұлт болмысы мен рухы, осы қоғамдық құндылықтардың өркениет жолында дамыту мұраты. Мұндай тектес идеялар тарихи белестерде ұрпақтардың ұлттық сана-сезімінің нысаны болғаны мәлім. Сол идеялық сабақтастықтың үлгісі неде, одан үйренеріміз не? Көңілге қонымды жауапты Абай мұрасынан табуға болады.
Егеменді елдің тәуелсіздігі мен теңдігін нығайтып, ұштастырып жатқан бүгінгі ұрпаққа Абай несімен құнды? Ең алдымен, ділмәр даралығымен, ерекше даналығымен. Даралық - тұлғалығында, ал даналық - азаматтық болмысы мен белсенділігінде. Қос ағымның тоғысында оның даналығы - сезімталдықтың жеке өрнегіне, тәжірибелі танымның тапқырлығына, танымдық құбылыстың кемелдігіне ұқсайды. Кең ауқымда, даналық адамдар арасындағы жарастықты, жанашырлықты, жауапкершілікті, тіпті азаматтық қоғамға деген бетбұрыстың тұрақты нышандарын білдіреді. Бірінші жайда даналықтың тұлғалық бейнесі мен белсенділігіне, адамдықты ақтаудағы рөліне назар аударсақ, ал екіншісінде, адам белсенділігін әлеуметтік деңгейге көтермелеуге, әлеуметтік дәстүр арқылы елдің ырқын жақтауға ден қоямыз. Ойымызды түптей берсек, даналықтың бұрын-соңғы сарынынан әлемдік ауқымды, ұлттық үрдісті, тұлғалық өлшемді аңғару қиын емес.
Абай даналығы, даралығы туралы ойсана жарыстырғандар баршылық. Біз бұрынғы айтылған ойларымызды жалғастырмақпыз, толықтырмақпыз (1). Абай шығармасымен егжей-тегжейлі танысқан сайын, оның тынымсыз ізденісте, толғаныста болғаны, ақынның шығармашылықта жеңіл жол іздемегені, оқиғадан шет қалмағаны білініп-ақ тұрады. Олай болса, Абай сөзімен Абай ойын тұжырымды тұрғыдан өрбітіп көрелік, оның даналығын адамдық өлшеммен елдік деңгейде өрелік. Ниет осы.
ХІХ ғ. өркениеті дамыған батыс үшін шығыс мәдениеті жабайы, тұрпайы жақтарынан баса қөрініс алды. Екі ағымда азиялық өмір салттың кемшілігіне қадалды. Сыңаржақтылық әлемдік тарихтың құрамдас кезеңдерін, тарихи кеңістіктің құрылымдық бөліктерін тұтас қарастыруға бейім де, дайын да емес еді. Жартыкештікте тарихи шындыққа жүгінгендер, танымдық ақиқатты бетке ұстаушылар кемде-кем болды. Өмірдегі олқылықты көңілмен сезінген Абай а) адам болмысындағы ішкі өзгеріс пен тұрпайылыққа терең үңіледі, ә) қазақтың іштегі олқылығы мен надандығын, әлеуметтену тарлығын, көзге сынық мінез-қылықтарын аямай сынайды. Адам бойындағы оң және теріс өзгерістерді дәл және толығырақ түсінуге тырысады. Ащы сынды арқау тұтқан көзқараста, а) ұлттық мәдениет мәселесі назардан тыс, талдаусыз қалғандай, ә) оның құрамдас бөлімдері өз деңгейінде, өз белгісі мен қайшылығында талқыланбай қалғандай. Бұл үстірт түсініктің елестері. Ойшыл кемшілікке қадалып, қомақты да кешенді мәселелерді қарастырады.
Мәдениеттің ұлттық сипатына айрықша мән беруіміздің себебі бар. Онда
әлемдік дүниетаным, мұсылмандық рухани-этикалық ұстаным, қазақи дәстүрлі көзқарастар әрқилы тоғысады. Осы үш бастау да Абай даналығында өз арнасын және өрнегін тапқан. Онда адам мен қазақ болмысының объектісі мен субъектісі мазмұндық жағынан бір-біріне үйлес, адамзаттық бірегейлікке үндес келсе де, адамзаттық бірегейлік пен қазақ болмысы танымдық және құндылық тұрғысынан әрдайым толықтырылады,
Әлемді тануда заттың бейнесі затпен бірдей емес, образдың мән-мағынасы сыртқы құбылыспен немесе аңыз-әңгімелердегі символдық белгілермен таусылмайды; адамның белсенділігі әрқашан ортаға бейімделу мүмкіндігімен шектелмейді. Адам әлемі аспан әлеміндей шексіз кеңістікке бөленген, оған жетер келістік ұзақ жол. Табиғат пен қазақ даласындағы айналым бір-бірімен үйлесіп жатады. Абай оны қалай суреттейді?
Күзде кең даладағы табиғаттың да, келбеттің де түрі кетеді. Қара суық сүйектен өткенде жыртық киім салбырай түседі, тоңған келбетті сүреңкілік торлап алады. «Күзеу тозған, оты жоқ елдің маңы, Тұман болар, жел соқса, шаң-тозаңы» (2). Кедейлігі сүйелдей көзге түсетін «қай ауылды көрсеңде жабырқаңқы». Жастары ашық-жарқын күлмейді. Кедейлік - ғұмырдың сүреңсіз күзі.
Азынаған қыс келгенде, қалың жұрт бүрсең қағып жыртығын жамаумен әлек. Түсі суық ақ қырауды Абай: «Дем алысы - үскірік, аяз бен қар, Кәрі құдаң - қыс келіп, әлек салды» деп суреттейді.
Көктем шығысымен қайратына мінген жарлы қыстағы азабы мен шығынын ұмытып кетеді. Табиғат тамылжып гүлденгенде қазақтың тынысы кеңейеді, тіршілігі оянады. Қыстай дем алмай елегізген қазақ аулақтағы ағайынмен жолығуға асығады, жол тосады. Қандай жағдайда болмасын, табиғаттың ашықтығы мен тепе-теңдігі қазақтың туған жердегі бейімшлідігіне, ұстамдылығына, шүкіршілігіне, тобашылдығына ұласады.
Қазақи дәстүрде адам өз өрісін кісілік және адамзаттық құндылықтар тұрғысынан сараптайды. Егер танымдық-тағлымдық бетбұрыстарды мәдени сабақтастық тұрғысынан кеңірек қарастырсақ, онда екі қағидатты аңғарамыз: адам болмысында аңыздық, діни, саяси, әлеуметтік мотивтер ұштасып жатады; оқиғалардың өткені мен бүгіні біте қайнап, бір-біріне қарсы қойыла бермейді. Өркениет шиеленісінің барысында мұндай идеялық бастаулар еуроазиялық кеңістікте түрлі рухани-мәдени кезеңдерге бөлінді және этномәдени ортада әрқалай ықпалға ұшырады. Бірақ мінез мірі мұсылмандықта еді.
Абай құдайына құлшылық еткен мұсылманшылығы бар зерек те, ерек тұлға. Бірақ ол қазақтар арасында ортақ мәселеге араласу, ортақ мүмкіндікті қарастыру, ортақ жұмысты ұйымдастыру, ортақ міндетке үйрету, ортақ ісімен үлгі болу шаралары немесе әрекеттері өзара үйлесе бермегеніне қиналды. Көзқарастар мен қимыл-әрекеттер бір-бірінен алшақтап, тіпті бір-біріне қарсы келіп жатса да, Абай қазақтың болашағынан күдер үзбеген. Содан да шығар, ұлттық тәрбие мен дәстүрге ерекше мән берген, көңіл бөлген. Ол аталы сөзден, ақын-жыраулардың жалынды да өткір өнерінен тәлім алған, оларды үлгі тұтқан.
Ақын-жырауларымыздың төзімі темірдей мықты, тумысынан отты да текті болды. Олар бұралқы сөзге, содыр сынға мойын бұрмай, көлденең сөзді құлаққа ілмей, соққан сайын соқталанып, сынаған сайын қарыс сүйем өсіп, саржелісінен танбай еңбектенді. Қысымда озбыр қорлауға көнбей, саяси батылдыққа барады. Әр озбырлықта тізе қосқандардың сезгенін іліп әкетеді. Олар адамнан қазақты, қазақтан адамды іздеген тынымсыз жандар. Абай сол көріністі қожыратпай қисаптау үшің өмірлік тәжірибені талдайды.
Даналық - тарихи, әлеуметтік, көркемдік шындық. Ойдағы шындық, өмірдегі шымырлық халықтың рухы мен тағдырын танытып, адамзаттық рух пен әдептілік туралы ойсананы қатар алып жүреді. Абайдың осы бағыттағы интеллектуалды қасиеті және қуаты өз арнасын таппағандай. Әйтседе, Абайдың өмірдегі, өнердегі, өлеңдегі тапқырлығы, көрегендігі, зиялылығы бірін-бірі толықтырып жатады. Құпия да, құдірет те осында. Ол үшін «бойда қайрат, ойда көз» болуы шарт.
Абай даналығы - адамның өзін-өзі тануға, өзін-өзі ұстай білуге арқау, әлеуметтік үйлестікті іздестіру мен құрастырудың арпалысы. «Мыңмен жалғыз алысқан» «Абай жолын» - қазақ жолы, адамды түзу жолға бастау деп, асылы, тегін айтылмаған болар. Үйткені Абай адам болмысына оның әр қыры мен сырын өзара салыстыру арқылы тереңдейді, адамның өзіндік құндылығын арттырады. Адам болмысына, қазақ болмысына біржақты қаратқан сырт көзқарастар да, оған іштей сіресіп жалаң қарайтын надандық та өзара үйлесе бермеді. Сірескен біржақтылық елдікке де, естілікке де, еркіндікке де нұқсан келтірді. Адамдық пен елдік мақсаты өзара үйлеспегенде рухани құндылықтарымыз қазақтың өз санасында біртіндеп ыдырады, әлсіреді. Осыдан қазақтың беделі мен кісілігін арттыру; қазақтың надандығынан арылып, біліктілігін бой көтерткізу; елдегі ішкі тұтастықты, ішкі бірлікті арттыру - ортақ міндет-мақсат-мүддеге, ортақ сабақтастыққа айнала бермеді.
«Аума-төкпе заманда, ел билеген адам жоқ, Ата менен бабаңда». Бұл - тарихи шындық. Онда қоғамдық, этникалық және этикалық-эстетикалық дамудағы әлеуметтік сабақтастықты жалғастыру, жаңғырту - күн тәртібінен шығып қалды. Сонда да болсын, өмірлік нақты проблеманы өзектеу, оның іргелі немесе көлеңкелі жақтарын көрсету - ұрпақтық сұранысқа айналды. Сұраныс адам болмысын тұтас қарастыру, оның өзіндік ерекшелігі мен дербестігін айқындау, соған лайықты бейне мен беделді жасау, насихаттау мәселелеріне тірелді.
Абай үшін адамды тану - қазақты тану, тұлғалықтың адамдық және ұлттық сипатын өзара салыстырып қарастыру арқылы ұлттық сана-сезімді қалыптастыру. Абай көзқарасындағы әлеуметтік-әдептілік және мәдени-рухани сабақтастық осы қағиданы негізге алудан нәрленді. Бірақ ішкі бағытқа дәйектілік пен интегративті көзқарас жетісе бермеді.
<!--pagebreak-->
Абай қазақ бейнесі мен болмысын тереңірек тануға мүмкіндік ашқан сайын, оның түйгені де түпкілікті болды: «Ақыл керек, іс керек, мінез керек»; «мінезге көз жетпей, көңіл берме»; «ары бар, ақылы бар, ұяты бар» кісіден ғапыл қалма; «сөзіне қарай кісіні ал»; «шын сөз қайсы біле алмай, әр нәрседен құр қалма»; түпсіз сөздерге еріп «надандарға бой берме». Шыншылдың «сөзін оқы және ойла, тез үйреніп тез жойма». «Өзің үшін үйренсең, жамандықтан жиренсең, ашыларсың жылма-жыл». Мірдің оғындай атылған сөздер. Рухы биік ашық жандардың «көкірегінде қаяу жоқ, қиянат жоқ», ал олардың татулыққа деген талпынысы таусылмайды, ақылға салып құлаққа ілетін төтенше өлшемдері мол. «Жақсыға айтсаң, жаны еріп, Ұғар көңіл шын беріп» деп Абайдың кейде жұбануы да кездейсоқ емес.
Ендігі кемел тұлғаның ой-талғамын толықтыру мәселесіне оралсақ, ол дегеніміз Абай шығармашылығының а) көркемдік-идеялық, моральді-эстетикалық, саяси-әлеуметтік, адамгершіл-тәрбиелік, философиялық тұжырымдарын анықтау; ә) ұлттық ой-сананы оятатын әлеуетін ашып беру әрі мәдени мұраға деген ұлттық көзқарасты ұштау; б) қазақты танытатын оқиғаларды келбеттеу немесе келбетін айқындау. Осы бағыт-бағдардың ұлттық мәдениеттегі маңызы анағұрлым артуда. Абайдың осындай ұстанымын әлемдік және мұсылмандық деңгейде сабақтау әрі сабақтастыру немесе үйрену-игеру жұмыстары өмір талабынан кенже қалуда.
Абай даналығы адамның өз қабілеті мен кемшілігін білуге, кісілік әлеуетінің тұрақты өсуіне, интеллектуалды тұлғаны қалыптастыруға арналған. Қабілетке лайықты білім керек, біліктілік керек. Өз азаттығын ойлағандар үшін біліктілікті ірілету қажет болды. Даналық адамның үшбірдей белесін тұтастауда, яғни қабілет-қарымын ұштау, жағымды қасиеттерді ой еңбегіне қарай бейімдеу, интеллектуалдық санасын көтеруде көрініс тапты. Рухани асылдыққа деген Абай жүрегіне ұялаған ыстық сезім, сергек ой осы уақытта да оқырманды тәнті етеді.
Абай сөз шешендігімен, әрекет шеберлігімен өмірге тыныс әкелді, мекем мінез шымырлығымен адамгершілік тұғырын көтерді. Мұнда күнделікті даралық пен саналылық айқын. Оған тілмаштың керегі жоқ. Әркім тапқырлықты өзінше қабылдап, өзінше бағалайды. Абай «өткен заманның» адамдарынан гөрі өз замандастарының зиянды қылықтарымен көп арпалысты. Абай үшін даналық өмірлік тәжірибенің дәйегі, дәлелі, тіпті адамгершілікті асқақтайтын рухани-көркем әрі әлеуметтік қызмет көрінісі. Екінші деңгей, қазақтың жан әлемі мен рухын жайып салатын белсенділік, болашағын жарқын ететін болмыс.
Адамға деген сенім, сүйіспеншілік, үміт қазақтың бір-бірімен танысуына, табысуына, туыстасуына көшпелі дәстүр кезінде кедергіні кемітті, керісінше, өзара сыйластық пен құрметтеу дәстүрлерін демеді. Кісілікке деген құрмет ізгілік, шындық, әділеттілік тұтқасын тұтастады, өмірлік құндылықтың адами өлшемін көбейітті. Абай адамнан кісілік қасиетті, қарым-қатынастың құндылығын іздеді. Қазақ кісілікті өнегемен тәрбиеледі, әдептің нақты үлгісімен үйлестірді. Абай сөзінен: «Есіңді жи, өзіңде болсын күй. Еліңді сүй, соған лайық сенім түй», деген тоқтамды аңғарамыз.
Иә, бүркемелі қыңырлық пен ашық кесірлік ұлы Абайдың салын суға жіберді. Керағарлық адам ресурсын іске қосуға, ой өрісін дамытуға кедергісін әрдайым көлденең тартады, ізденгендерге орынсыз қарымтаны үйіп-төгіп артады. Қаса надан сөзді ұқпайды, түгел сөзді тыңдамайды, ойды танымайды. Сөз ұқпағаннан «сый дәметпе, берсе алма» деген қағида қалған. Иә, «пайдасыз ақыл, байлаусыз, тақыл». Қорлықпен өтсе де қу өмір, «ұятың, арың оянсын». Бұл - өкініш пен жоқтықтан алып шығатын жол, әлсіздерге көмекке келетін қол.
Тоқырау тереңдесе тұйықталып қана қоймай бұзылады. Бұзылған ант ішседе бет көрем немесе дерт көрем деп ойламайды, қара ниетін сабақтауын қоймайды. Арамдықты еп көргендер тоқтау айтқан кісіні шет көрді, соңғылармен аңдысуды тек көрмеді, қысылғанда далақтап қу тілмен қулық сауды. Аузымен орақ орған сұрамсақтық пен қыртыңдықтан сауықпады. Сұрамсақ өз сөзінен басқаны ұқпады, ақылды мақұл тұтпады. Нәпсісін тия алмағандарға байлаусыздық тән. Байлаусызда «бірлікте, берекеде, шын пейілде жоқ». Байлаусыз байғұс өзінің ырқын ғана емес, елдің сиқын бұзған қиқымдар.
Халқымыз «жүз құбылғанның жүзі күйсін» деп, Абай болса, «өз үйінде шертиген паңы құрсын» деп қайталап, майдалап бекер айтпағандай. Абайды жегідей жейтін қылықтар - надандардың керенаулығы, шабармандығы, кісі алдында кірбеңдеушілігі, естілерге жабырқаулы жат мінезділігі. Олар қабілетін де, қызметін де, күнін де тарылтып жүргенін ұқпады. Қолындағы құндылыққа місе тұтпады. Шертигендер өнімді өзі алалмайды, қолынан келетіндерге алдырмай далақтайды. Тиянақсыз байлаусыздан оңалмайды. Онда «бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ», ақырында, «басқа сая, жанға олжа дәнеме жоқ» дал-дал күйге ұшырайды. Арсыздан жұрттың көңілі тынбайды. Арсызда мейір қанып қуанатын қылық жоқ. Жүрекке төте ізді жоғалтып, жеңілді қотарып елді аздырды, ішкі жетімдікті қоздырды. Нәпсісін тия алмағандарда былжырақ басым. Олар сұрамсақтыққа жиі-жиі ұрынып «бектікке бекіп тұра алмайды», алдымен ішкі, рухани құндылықтан, біртіндеп бұрынғы жиып-тергенінен жұрдай тоналып қалады. Артық ыржаңдау, қалжыңдау немесе қораздану - сидаңдық пен адасудың нышаны. Әлсізге қырындап, оның сөзін шала ұғатындар бірде жақынсынғанымен, күздің ауа-райындай құбылып, суық жүзін кенеттен тоса қояды. Іштен шыққан жау жаман деген осы. «Адал еңбек, мал таппақ, жұртқа жақпақ» әрекетке ниеті жоқтар жүз құбылып өзі адасады, өзгелерді бірге адастырады. Ондай «адасқанның арты соқпақ, қол тарлығынан көрері тоқпақ». Өнер қумағандар сөзді ұқпай, уәжде тұрмай ешкімге де қорған бола алмай, шабандыққа ұрынады. Біз әлеуметтік шабандық пен жалақорлықтың психологиялық екпінін, яғни дұшпандықтан қашық бола алмайтын жүйкелі күйді айтып отырмыз. Іштей оңбаған қолдаусыз және қорғансыз. Олар асылдық пен даналыққа асықпайды. Сөз бен іс арасын ұқпағандар - күйсіз бишаралар немесе надан озбырлар.
Түсініспеушілік «айтушы мен тыңдаушының надандығынан» сіресе берді. Надандардың «жат айбынар ісі жоқ, жау айбынар күші жоқ». Олар қайта «таршылықта қайраңдады, кеңшілікте ойраңдады», «ауыр мен жеңілдің арасынан» өту үшін бірде жалт етіп, бірде жоқ боларлықтай тасаланды, тіпті жақынын сатарлық амалдан да бас тартпады. Надан - ынсапсыз. Ол істің ақ пен қарасын талдап жатпайды. Одан көңіл кірлейді. Наданның көңілінде сана жоқ. Надан жарамсақсып, жалпылдағанда көрінгенді азғырады, дұспандығын оздырады. Елді бауыр тартпаушыда «өткен күннің бәрі ұмыт» қалады. Ұлағаттылықтан үйренбеу - арсыздық. Арсыздық - наданның кесепат әдеті. Кесепат Абай сөзімен айтқанда: «Ұятсыз, арсыз салтынан, қалғып кетер артынан» деген дағдыда ушығады. Тоқырау заманында: а) даналық тұтас үлгі болудан қалып қойды, оның әр қыры өмірлік көрініс ала бермеді; ә) өз ұпайын аңдығандардың саны да, таласы да көбейді. Өзі сабырсыз, арсыз, көрсе қызар жалмауыз. Жеке бастың қамын ойлағанның мінез-құлқы ұршықтай иіріліп, сырт көзге пысық көрінсе де, қыңыр қылықта адам бас пайда үшін жанжал-керістен тартынбайды, әккі әрекеті жаладан артылмайды. Әккілікте адамның дегені бірден бола бермейді. Қысылтаяң кезде қой дегенге көнбейтін арсыздар «өзін-өзі күндейді, жақынын жалған міндейді». «Үйтіп асқан жолығар, кешікпей-ақ тосқанға». Бұл - шындық. Себебі, «ұятсыз, арсыз салтынан, қалғып кетер артынан». Одан не тындырдық?
Ал үйінде құр жатқандар «еркек арын сатады». Еңбегі жоқ еркелер «бір сөз үшін жау болып, бір күн үшін дос болып», жұз құбылтар салт шығарды. Шаруаға қыры жоқтың «сыбырдан басқа сыры жоқ». Ыржақбастар «өз үйінде қипаңдады, кісі үйінде күй таңдады». Өзі оңбағанадр ешкімге берекет ойламады. Сенімі жоқ серменделер осылайша сырды, салтты бұзды.
Күйлеме қалжыңбастық ертелі кеш бір зарлыққа жеткізетініне қанша мәрте Абайдың көзі жетті. Үйткені салақ та, лапылдақ та, паң да «адал еңбек, мал таппақ, жұртқа жақпақ» ниеттен аулақ; «малыңды жауға, басыңды жауға қор қылма, қорға, татулас» деген талаптан шет қалды. Тер төкпей жеңісқойлықты аңсаған ортада жолдастыққа лайықты үлкен істер қолға алынбады. Сыртын түзеп, сырын түземегендерді, Абай бірде жетесіз, бірде «қу борбай, сымпыс шолақ» дейді. Қыңырлық қашанда кесепаттың басы. Кесепат қол мен ойдың тарлығында, жан мен тәннің қорлығында. Не демелік, көрсе қызар жалтаң көздік естіліктің белгісі емес, қайта бишаралықтың айғағы еді.
Осыған орай Абай күйіне былай дейді: «әр сөзін бір ойланып, салмақтасаң, «көлеңкесі түседі көкейіңе»; кейде мақтан үшін қылық қылады; ал адалды арамға сатқан жанға иман, дәулет бітпейді. «Еріншек ездігінен көпке көнбек», өнерсіздің ісі «ақылға ермек, бойды жеңбек», «қылығы өле көрмек». Ақылды құлаққа ілмеген - надан, шынға сенбей, жоққа сенбек - ақылсыз, ұрлық, қулық қуған - арам, мақтан үшін әлекке түскен - қайратсыз. Бәріде жат мінезділіктің нышаны, бұзылғандықтың белгісі. Жат мінезділер «терін сатпай, телміріп көзін сатады». Бұзылғандар тез өшігеді, ант ішуді дерт көрмейді. Өшіккендер «кім көп берсе, соған серт береді». Өз еркін ұстай алмағандар жиі құбылды. Өзіне сөз келтіретіндерде дүрмек көп, тірлік жетіспейді. Мұндай дүрмекте «адалдық, адамдықты кім теңгермек?!». Дүрлікпе зар заманда жауабы, дәлірек айтсақ шешімі табыла бермеген сауал. Әйтседе, дәл бүгінгінің берекесіздеріне арнап айтылғандай.
Бишаралық неден басталды? Бекер көкірек керіп, артық білуге талпынбағанда. Немесе «тура сөзін айта алмай, қит етуге бата алмай, қорлықпенен шіруге, аз ақшаға жалданып, өнбес іске алданып, жол таба алмай» жүргенде өрескелдік өршіді. Бишара мұңдасса да көңіл кірін кетіре алмады, аз білгенін көпсінді, сүйтіп өз талабын жалмады. Абай адамның қадірін кетірер осындай сыңарлық пен жарлылықты көріп ашынды, іштей күңіренді, тасыды. Сыңарлық - жарты жандық. Жарты жан өзгеге пана бола алмады, істің ағы мен қарасын ажырата алмай, ынсапсыздыққа ұрынды. Ысырапшылдар сын сағатта қасыңнан табылмайтын бақырлар. Ынсапсыз «таршылықта қайрандап, кеңшілікте ойрандап» шынның бетін бояйды, аяушылықты ұқпайды. Бақыр жалғандыққа бейім.
Көрінгенді азғырғанның сөзінде расы, өзінде ырысы жоқ. Азғырушы көкейдегі құмарлығына бола жақынын сатып кетеді, жалғандыққа ұрынады. Кісімсінгеннің «қалжыңы теріс, сөзі - ұрыс». Өзімсінгеннің беделінде береке қалмаса да, оған өкінбейді. «Қулықты көргіш, сұмдықты білгіштер» ел нұсқынын кетірді, адамның көңілін әбден торықтырды.
Сыңаржақ сызданбаның ұмтылысы немен тұйықталды? Сыңаржақтың бастауы - енжарлықта, жеңілтекті күтуде, осал әлсіздікте, қысқасы, өзіне болар жендетте. Осалдар бостықты өзіне ырықтап, жоқтықты өзінше тосатынын аңғармайды. Бостық дайынға тап болудан басталады, тер төкпеген пайданы құп көреді. Абай ескертеді: «Пайда деп, мал деп туар ендігі жас, Еңбекпен терін сатып түзден жимас». Пайдаға бас ауғандар қапысын тауып жақынын алмақ, сол құлқында кеудесіндегі сәулесі өше бермек. Жеңілтекке ойтолғам тұрақтамайды.
Енжарда немқұрайдылық күш алады. Немқұрайдылықтың кесірінен адам жаңалықты ұқпайды, тың идеяны жақтамайды. Түзелмеген орта әлеуметтік әлсіздікті ұштайды, адамның өзін-өзі ұстауға нұқсан келтіреді. Әрекетсіздік іштегі де, түздегі де бос кеңістікті ұлғайтады. Бос кеңістіктегі осалдықта кісілік құны әлсірейді. Кісілік құны мен қоғам құндылығы құлдырағанда руханият және әлеуметтік кеңістіктегі ретсіздік, айқынсыздық, қайрымсыздық күш алады, әркім өз тұйығында жиырылып қалады. Алғашқысында, «ештеңе етпейді» деп өзімізді жұбатсақта, қамсыздар күнделікті тұрмыстағы «хаосқа», әлеуметтік әлсіздікке ұрынады.
Әлеуметтік әлсіздік рухани теңсіздікте асқына береді, көптеген қыңыр қылықтарды тоғыстырады. Әлеуметтік қысылтаяңда «ойланар елдің сиқы жоқ, Баяғы қулық, бір алдау, Қысылған жерде - жан жалдау» тиылмайды. Себеп неде? Білмеген соқыр қайғысыз, қарнын сипаған көкірек алғысыз, түкті байқамай, қалғып-мүлгіп жүреді. Сөзді ұқпаған ешкімді де қадір тұтпайды. Адам өз болмысының ішкі қайшылығын шешпей, өмірдің тауқыметін жеңе алмайды. «Ойланар елдің сиқы» болмағанда тауқыметтің титықтатары көп. Жалпақ жұртқа арналған сөздің оралымы шектеулі, онда қырағылық шамалы.
Абай даналығында рухани құбылыс пен құндылықтарды талдау мен бағалау айқын сезіледі. Абай шығармашылығы даналықты сұхбаттасушы субъект ретінде түсінуге және алуан пікірлерді түсіндіруге мүмкіндік береді. Мұның өзі дүниетанымдық жүйенің қалыптасуын қарастырып қана қоймай, оның дамуына қосымша ықпал жасамақ. Ол үшін тәрбие қайшылықтарын, дәстүр үрдістерін бағамдап, сондай үйлесімділікті көркем бейнелеумен көрсету шарт.
Абай қазақтың елдігі мен еңселілігін қалады, еркіндігі мен егемендігін аңсады. Сол үшін қазақты сынай отырып, оның қадір-қасиетін көтерді, соған күш салды. Дертті аурудан айығу үшін адамның көңілі ашық, жүрегі кең, мінезі мекем, ниеті адал болуы шарт. Ұлық қасиеттер арқылы қазақты танытуға ынталы болды, ағартушылық жігерін суытпады.
Абай даналығы - кісінің тұрақты дамуының үлгісі, әлеуметтік-рухани құбылыстарды зерделеудің іргелі үйлестігі.Оның тірегі - адамдықты ақтауда, елдің ырқын жақтауда. Даналықтың осындай деңгейін тарату және басқару жұмыстарын ұйымдастыру ендігі көңілден шыға бермейді. Жүректі сыздататын мәселені қозғағандаймыз. Сондағы діттеріміз екі бағдар. Бірі - ұмытқанды ұлықтай отырып жоғалтқанды есте жаңарту, сол арқылы бұрынғы ұрпақтардың ұлағатты өмірлік тәжірибелерін бүгінгі адамның болмысымен ұштастыру. Қазақты өзіне өзін танытатын мұндай дәстүрлі қағида ендігі оның әлеуметтенуіне лайықты сара жолды, ұлттың ұлағатты өрнегін қалыптастыруға арналмақ. Санамыз да, саясатымыз да осы тұғырға шоғырланса, елдігіміз одан сайын күшеймек.
1.Автордың еңбектері: Қазақ осы мың өліп, мың тірілген, А.,1998, Шешендік.А.,2009
2. Абай Алматы, «Жазушы»,1976
Жақан Молдабеков, философия ғыл. докторы, ҚазҰУ-дің профессоры
«Ақиқат» журналы