Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3268 0 пікір 14 Маусым, 2009 сағат 19:00

Гүлжанат Шонабай. Алатауда да шұбат сапырған наржігіт

 

 

Сыдық Дәулет қалай ғылым кандидаты болды?
Төрт түліктің төресі – түйе малы маң-маң басып, шудаларын шаң басып, шөл далада ғана емес, бабын тапса, шөбі шүйгін таулы аймақта да өсіп-өне береді екен. 
Сүті – ем, еті – азық, жүні киім: радиациялық сәулелерді өткізбейтін қорғаныштық қасиеті мол түйе жүні ғарышкерлерімізге қорған болып ғарышты да шарлап жүр. Ал шұбат пен қымыз ішкен ата-бабаларымыз ауру дегенді білмеген, Жетпісбай, Сексенбай, тіпті Тоқсанбайларды дүниеге әкеліп, толайым күш-қуаттың иесі болғанына өткеніміз куә. Сол қасиетті сусынды ішуді азайтқаннан бері халықтың денсаулығы да сыр бере бастағандай. Бұл маңызды мәселе жуырда Күрті ауылдық округіндегі Ақши ауылындағы «Дәулет-Бекет» ЖШС-інің базасында өткен облыстық семинар-кеңесте кеңінен талқыланды. Түйе шаруашылығын дамыту және сүт өнімдерінің түрлерін арттыру мәселесіне арналған айтулы шараға Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов арнайы келіп қатысты. 
– Облыс деңгейіндегі семинар-кеңестің осы жерден бастау алуының өзіндік себебі бар. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында ауылшаруашылық өнімдерін көптеп өндірумен қатар, оны жергілікті жерде өңдеуге айрықша көңіл бөліп келеді. Сыдық Дәулет басқаратын «Дәулет-Бекет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымы батыл қадамдар жасауда. Оған біз де қолдан келгенше көмек жасап жатырмыз. Нәтиже жаман емес. Тікелей  ғалымдармен жүргізген жұмыстары соңғы жылдары өзінің оң нәтижесін беруде. Қазір бұл шаруашылық өзінің атына заты сай асыл тұқымды түйе өсіріп қана қоймай, одан алынған өнімдерді өңдеп, халықаралық «Халал» сертификатымен дайын күйінде өз тұтынушыларына ұсынуға мүмкіндік алып отыр, – деген Серік Әбікенұлы түйе шаруашылығының өзіндік ерекшеліктерін әсерлі әңгімеледі.
– Қазақ үшін түйе – қасиетті мал. Сүті – сусын әрі ем. Ал жүнін біздің халық аяққа таптамаған, шұлық тоқып кимеген, тек кеудешелер, шекпендер, көрпелер жасаған. Бүгін «Дәулет-Бекет» шаруашылығының қол жеткен табыстарын басқаларға үлгі етіп көрсетіп, түйе шаруашылығын одан әрі дамытудың жолдарын қарастыруға тиіспіз,– деп сөзін түйіндеген облыс әкімінің лебізінен ата кәсіпке деген шын ықыласын байқадық. Халық қамын ойлайтын осындай ел ағаларының қолдауы арқасында Сыдық  кәсіпкердің де бағы жанып, ісі өрге домалады. 
Әйтпесе,  «Бекет-Дәулет» ЖШС-інің негізін қалаған Сыдық Дәулет – 1990 жылы Қарақалпақстаннан көшіп келген көп қандасымыздың бірі еді.  Өзімен бірге Жетісу өлкесіне оншақты түрікменнің аруана түйесін жетектей келген ол нарықтың қыспағынан отбасы, бала-шағасын шұбат сатып аман алып шығыпты. Дегенмен, сұранысқа ие, бірақ жүйелі жолға қойылмаған тиімді саланы жетілдірмек оймен күн-түн ұйықтамай жүріп, бірер жылда жанкешті еңбекқорлығының арқасында дәулеті тасыған кәсіпкерге айналды. Сыдықтың арманы – баққан малының пайдасын көріп, жеке басының байлығын тасыту ғана емес, Қазақстан бойынша аруана түйелерінің өсіп, көбеюіне жағдай туғызу, сол арқылы халықтың салауатты да бақуатты өмір сүруін қамтамасыз ету. Ынта мен мүмкіндік қатар өрілмесе, қандай игілікті іс болсын, ұзаққа шаппасы анық. Осындайда ел басқарған әкім-қаралардың түсінігі, қамқорлығы мен түзу ниеті ауадай қажет. Түйе өсіру – қорада қой ұстап, өріске сиыр жіберу емес. Бұта-жантақты кең жайылымды сүйетін маңғаз жануар ерекше қамқорлықты  қажет етеді. Жағдайын жасасаң, дәмі тіл үйірген саумал шұбатын да аямайды. Шұбаттың қадірін Іле ауданының әкімі Н.Логутов та жақсы біледі екен, табалдырығын имене аттаған кәсіпкер жігіттің ойын бірден қолдап, Күрті ауылының аумағынан жер бөліп береді. Соның арқасында алғашқыдағы ондаған түйенің басы 1290-ға жетіп, қой 3816-ға, ірі қарасы 209-ға, жылқы 257-ге жетті. Көктемде бағымындағы 1200 саулықтан 1500  қозы, түйенің әр жүзіне шаққанда 61-ден бота алып, аман өсірді. Сондай-ақ, жыл басынан бері өндірілген шұбаттың көлемі 58 тоннадан  асып жығылды. Артынша кәсіпкердің игілікті ісі облыс әкімі Серік Үмбетовтің де құлағына жетіп, әкімнің бастамасымен Талдықорғанда, Қарасай мен Іле аудандарында  шұбатханалар ашылды. Ақши ауылының құлап тұрған бұрынғы ауылдық кеңес үйін күрделі жөндеуден өткізіп, тойхана, наубайхана, киіз үй жасайтын, кілем, алаша, өрнек тоқитын арнайы цехтар ашып, ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етті. Ал серіктестікте 50-ге тарта адам жұмыс істейді. Оның 16-сы түйеші, 3-і жылқышы, 11-і қойшы, 3-уі бақташы, 8-і сауыншы. Нар жігіттің алғырлығы бір бұл емес, оны ел ауыл іргесіндегі Белағаш баба ескерткішін қайта жаңғыртып, бойын түзеткені үшін Атымтай Жомарт атап кеткен. Мұның бәрі бекер емес. Сыдық –  Пір Бекет әулиенің жетінші ұрпағы, аузынан Алласы түспейтін иманды жігіт. Сыдықты тек кәсіпкер түйеші деп санасаңыз қателесесіз. Ол ата кәсіптің бұл түрін  ғылыми жүйеге түсіріп, бірнеше жыл бақылап, нәтижесінде «Қазақстанның оңтүстік-шығыс шөл аймағында түркімен аруана түйелерінің сүт өнімділігі мен төлдерінің өсіп-жетілуі» тақырыбында диссертациялық еңбек жазып, жуырда ауылшарушылығы ғылымдарының кандидаты атағын табысты қорғап шықты. Сыдық Дәулеттің табандылығы мен елжанды қасиетін жергілікті ел лайықты бағалап,  аудандық мәслихатқа депутат етіп сайлаған. «Ой түзу болса, іс түзу»,– дегенді жиі айтады сөз арасында Сыдық. «Түсің оңбай, ісің оңбас»,– дегенді де ұмытпайды. Түс демекші, аруана өсірген арда жігіт  өмірінің сан тарау жолдарында серігі болған жетпіске жуық аян түсінің кереметтерін жыр ғып айтып берді. Ол да болса, Жаратушының қалаулы пендесіне ғана ұсынатын киесі  екені шүбәсіз.
Жуырда жаңа сүт зауытын іске қосып, химиялық қоспасы жоқ ұлттық сусындарды көптеп өндіре бастаған серіктестіктің басшысы ақ несібе – шұбат пен қымызды пайда табу үшін шетел асыруды емес, алдымен өз халқын жарылқап, өз елін сусындатуды  көксейді. Іргесін жаңа бекітіп жатқан еліміздің әрбір кәсіпкері Сыдық Дәулеттей рухты, иманды,  халқын сүйетін еңбекқор да қайырымды болса ғой, біз өзгелердің таңсығына таңылмас едік-ау. Кәсіпкердің тәжірибесін енді батыс, солтүстік өңірлерге таратсақ, малсыз күні жоқ қазақтың етек-жеңі бүтінделіп, денсаулығы да түзелер еді.
...Қарасай ауданындағы үлкен трасса жиегіндегі «Мал өсірсең, түйе өсір, табысы оның көл-көсір» деген жазуы менмұндалаған ақшаңқан киіз үйлерге еріксіз назар аударасыз.  Төменіректе аруаналар жайылып, қазақтың әсем әндері мен күйлері төгіліп, ұлттық тағамдар ұсынған қонақжай шұбатхананың есігі әрқашан ашық. Тура ауылдағыдай жантайып жатып сары қымыз, шипалы шұбаттан ұрттап шөліңізді қандырасыз. Қазақтың кешегі берекесі тасып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған жұмақты шағы көз алдыңызға елестейді...


Гүлжанат Шонабай   
«Қазақстан Заман» газеті, 11 маусым 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1495
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3266
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5604