Ербақы Байбазар. Тәуелсіздік үшін күрестің соңғы шайқасы еді бұл!
Биылғы маусым айының 16-19 күндері Жаңаөзен көтерілісіне 20 жыл толады.
Уақыт ағыны қандай жылдам десеңші!Осы жылдардың адамды да,қоғамды да түп тамырымен өзгерткенін көріп,
таңдай қағасың.Нарығымыз бірден қарық қыла қоймағанмен, ата-бабаларымыздың тым арыдан армандап, азаттық үшін 300 жылдай арпалысқанының өтеуі азаттықтың көк туы желбіреді аспанымызда.
Тегін келген жоқ.Ең берісін айтсақ, 86-ның Желтоқсанындағы Рысқұлбековтің, 89-дың Маусымындағы Жаңаевтың, Тілеубергеновтің, Отаралиевтің қандарымен суарылған еді бұл Жеңіс!
Жаңаөзен дүрбелеңін тағы бір ой елегінен өткізіп көрейік.
Шынында да социализмнің жоспарлы экономикасы соңғы кезеңде өзінің құлдырау шегіне жетті.Мен де сол алапат кезеңнің арашасындай болып,Жаңаөзен қалалық Партия және қалалық Атқару комитеттерінің 1989 жылдың маусым айында шығарған № 18 “Информациялық бетшесі” сақталыпты.Осы құжатта сол кездегі
Қазақ ССР Министрлер советі төрағасының орынбасары О.И.Желтиков Жаңаөзендегі тұрмыстық-әлеуметтік жағдайдың мүшкіл халін былайша мойындайды:
“Қаланың партия,совет органдары ...қала, Теңге, Өзен поселкелері жұртшылғының тұрмыстық проблемаларын дұрыс шеше алмағандықтан,жастарды баскөтеруге мәжбүр етті... Жеке үй құрылыстарының жұмыс істеу қарқыны сын көтермейді. Сауда саласындағы азық-түлік өнімдерін талан-таражға салу,тұтынушыларды алдау сияқты қолайсыз көріністер орын алды.Көпшілік пайдаланатын көптеген тауарлар қатқа айналды...қаланың дүкендерінде азық-түліктің түспеуі жиіледі. Бұл,әрине,қала еңбеккерлерінің наразылығын туғызды.Тексеру кезінде дүкендерде сүт өнімдері,жеміс-жидек консервілері,сарымай,сыр,күріш,картоп болмады.Халықты нан өнімдерімен қамтамасыз ету қанағаттанғысыз дәрежеде. Совет сауда заңын бұзушыларды қарау...белгісіз себептермен жарты жылға созылып келген.”
Сонымен бірге Маңғыстау мұнайын игеру желеуімен жер-жерден мамандар шақыртылған еді. Тіптен саудагері де, күзетшісі де,үй сыпрушысы да сол келімсектердің өздеріннен еді. Соның нәтижесінде жоғарыдағы “Информацилық бетше” мойындағандай, жергілікті халық, яғни қазақ азшылыққа ұрынды. 1989 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша 55751 тұрғынның қазағы бар болғаны 57 %-ды құраған.Бұл көбейтіп көрсетілген мәлімет сияқты,біздің болжаумызша ол 40% -дан аспаған.Ол кездегі жағдайды көзіміз көрді:жоғарғы жалақы төленетін жұмыстар,жаңадан келген техникалар, қызметтік машиналар, пәтер кезегі жергілікті тұрғындарға бұйырмады.
Ұжымдарда жемқорлық пен параберушілік белең алды.Жасың кәмелетке толып,
еңбекке араласпасаң, ”арамтамақ” деп,милицияға сүйрейтін кеңестік заң бұл жерде адырам қалды.Мектеп бітіріп, әскерден келгендер көшеде жұмыссыз сандалды.
Қала көлемінде тіркелу тоқтатылды,тіпті әскерден келген жігітті өз үйіне де тіркемеген жағдайлар да кезіккен.Ал келімсектер жергілікті тұрғындарға доқ көрсетіп,оларды кез келген жерде кемітіп,балағаттап, төбелес ұйымдастырып,сабап кеткен фактілері көптеп тіркелген.Бұл елдің намысына тиген.Міне осындай жағдайлар жастардың көтерілуіне себеп болды.
Қала көшелерін толтырған ызалы жастар талаптарының орындалуын талап етіп, Қалалық партия комитетінің ғимаратына бағыталды. Оларды алғашқы күні милиция,келесі күні қалқандары жарқ-жұрқ етен Вильнюс,Тбилиси,Ферғанадағы толқуларды жаныштаған жазалаушы отрядтар бөгеді.Көтерілістің еінші күні
қала көшелерін 3 БТР таптады,олар адамдар көп жиналады деген Мәдениет сарайы, Орталық алаң, Партия ғимаратының маңын айналып жүрді. Кеңестік милиция алған бетінен қайтпаған қарусыз жастарды оқтың астына алды.
Көтеріліс нәтижесінде Нұрберген Тілеубергенов, Оңдасын Отаралиев және Төлеп Жаңаев опат болды. 40-тай адам жараланып,ауруханаға түсті. Түрлі жарақат алған 50-60-тайы емдеу орындарына бармай, үйді-үйіне тарады.5 адам түрлі мерзімге сотталып,темір тордан бір-ақ шықты. Олар: Ермеков Қуан, Көшмұханбетов Қайырбек (марқұм), Бисенов Қойшығұл, Мамықов Елубай қайсысы екенін анықтау Жазықбаев Махамбет.Көзі көргендердің шамалауынша, бұл дүрбелеңге мыңның үстінде адам қатысқан.Осы іспен көптен бері айналысып жүрген “Қазақ тілі”ұйымының қызметкерлері Маусым құрбандарын іздестіру үстінде.Олардың көпшілігі желтоқсаншылар сияқты әлі де көптеп көрінер емес.Дегенмен сұрастырып жүріп,оншақты жараланған азаматтарды тапқан сияқтымыз.Осы жұмыста біздің өтінішіміз бойынша бұдан 20 жыл бұрынғы аурухана мұрағатын көтеріп, 16-18 масым күндері оқ тиіп жараланған бірнеше адамды табуға септігі тиген қалалық аурухана бас дәрігері Бекназаров Саламатқа ризашылғымыз шексіз.
Иә, жастар жеңіске жетті.Колбин үкіметі қағаз жүзінде болса да, мұнайшылардың әлеуметтік-тұрмыстық сұраныстарын қанағаттандыратын бағдарлама қабылдады. Келімсектердің бірі қалмай ,өздерінің айыптарын мойындап, өз Отандарына тарасты. Қазір Жаңаөзен қазағы 99,9 пайыз 120 мың халқы бар ірі мұнай-газ орталығына айналды.Бірақ осындағы әр азамат мынандай мамыражай өмірдің тектен-тек орнай салмағанын жақсы біледі. Жаңаөзенде маусымдықтарға арналған көше мен қауызын аша алмай тұрған гүлді
бейнелейтін стелла (ескерткіш) бар.Биыл қалалық Ономастика комиссиясы көтерілісте шаһит болған үш жігітке көше белгіледі.
Жақында Маусым көтерілісінің 20 жылдығын атап өтуге байланысты Жаңаөзен қалалық “Қазақ тілі” ұйымының ұсынысын қала әкімі Бабаханов Жалғас мырза құп алып, толыққанды шаралар жасақтауда.Ол 16 маусым күні өтетін Маусым құрбандарын еске алу митингісінен бастау алып, қала мешітіндегі садақада марқұмдарға құран бағыштау, оларға арналған көшелерді салтанатты ашу және Әмин Тұяқов атындағы стадионда Тілеубергенов Нұрберген,Отаралив Оңдасын, Жаңаев Төлептердің рухтарына арналған спорт жарыстарына жалғаспақ. Бұл шара жыл сайын осы мерзімде қайталанбақ. Олардан өзге колледж, техникум,оқушылар арсындағы сынып сабақтары, маусымдықтармен кездесу,т.б.
жоспарланған.
Өз өмірлерін өрт шалғанына қарамай,қысылтаяң кезде халқының қамсыз болашағы үшін,арыстандай алысқан бұл ерлердің кешегі Алпамыс пен Қобыландыдан, Бауыржан мен Мәліктен қай жері кем! Жылдар өтер. Туып-өскен жері мен елі үшін кеудесін оққа тосқан ерлердің де есесі түгенделер. Біздің тілеріміз:Тәуелсіздігіміздің дәмін жаңа сезе бастаған жас өскін жүрегіндегі адалдық пен аршылдықтың айбарлы ұшқынын сөндіріп алмағай.
Енді түрме теперішін көрген және оқ тиіп жараланған маусымдықтардың бірнешеуіне сөз берейік.
Езілген Еліңді көргенде, қауіп-қатерді елемейді екенсің!
Сол күндері халқының азаттығы үшін арпалысқандардың ,осы үшін де сотталған 5 жігіттің бірі Жазықбаев Махамбет еді. Мұнай саласындағы жұмыста жүрген онымен сұқбаттасудың өзі де оңайға түскен жоқ. Махамбет те басқа маусымдықтар сияқты көрінуді, көзге түсуді, өздері туралы әңгімелеуді жақтыра бермейді. Олар азамат ретінде халқының құқықтары тапталып жатқанда, қайрат көрсетпеуді өздеріне мін санаған. Сөйтіп қанды оқиғаның құрбандарына айналған.
Менің алдымда байсалды да, байыппен сөйлейтін, ұзын бойлы,кең иықты, шымыр денелі жігіт отыр. Ол табиғатына біткен байсалдылықпен болған жайтты баппен баяндайды. — Сол 17 маусым күні жолдың бір жағында біздер, екінші жағында милиция мен жазалаушы отрядтар тұрды. Олар бізді тарату үшін, басымыздан асырып оқ атады. Бірақ бұғатын не кейін аттайтын ешкім көрінбейді. Кенет олардың бізге қарай оқ ата бастағанын байқадық. Оқтары от болып ұшады. Кенет менің қатарымда тұрған жігітке оқ тиіп, құлап түсті. Оны өз арамызда әзілдеп “черный”дейтінбіз. Мен оны дереу көтеріп алып, 16-17 үйдің тасасына апардым. Ол есінен танған, көйлегі қан-қан. Сол жерде бізді үйінен шығып тұрған ақ сақалды қарт көріп, жігіттің үстіне таза киім жауып, ”жедел жәрдем” шақырып, оны ауруханаға жіберісті. Ол жігіт есін жимастан, ауруханада қайтыс болды. Кейіннен білсек, бізге көмектескен қария, Отан соғысына қатысқан,бірнеше орденді зейнеткер Оңғарбаев Жоламан екен.Ол кісі 5-6 жыл бұрын марқұм болды.
Содан кейін 19 маусым күні жиырма шақты жігіт болып, алаңға барсақ,онда ешкім жоқ .
Үйді-үйімізге тарай бастағанда, милиция бізді бас салып ұстады да, ішкі істер бөліміне алып барды. Содан Мамықов Елубай екеумізді қалдырып, қалғандарын босатты. Содан күнде тергеу,күнде соққы. — Біздер көппен бірге наразылығымызды білдірдік, ешімге зиян салған жоқпыз, — десек те, оны тыңдап жатқан олар жоқ. Әрқайсымызды бөлек камераларда жалғыз-жалғыздан қамады. Мені подполковник Кудряшев дейтін тергеді. Күніне 10-15 рет жауап алады. Бір күні түрлі азаптаулардан кейін ол маған:
- Біз сізге қалайда айтқызамыз. Көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі екеніңді, бұл
құрамда тағы да кімдер бар екенін мойындамасаң, осы жерден мүгедек етіп шығарамын, — деп,шарт еткізіп,екі алақанымен құлақтарыма ұрды. Көпке дейін саңырау болып жүрдім. Қазірдің өзінде бір құлағым ауырады және нашар естиді. Бір күні менің қасыма 10-15 жыл отырған 2 рецидивисті жіберді. Оларды маған қастандық жасау үшін әкелгенін байқап қалдым да:
-Мен орысша түсінбеймін. Маған қазақ тілін білетін тергеуші тағайындаңыз, прокурормен кездестіріңіз, — деп,талап қойдым. Олар тыңдамағаннан кейін, аштық жарияладым. Содан бірнеше күннен кейін қасымдағыларды алып кетті де, Алматыдан қазақ тергеуші келді. Содан көп ұзамай, бізді Атырауға алып кетті. Сот болып,маған 4 жыл берді. Адвокатым Бисенова Үрпат маған: — Қорықпа, кассация жіберіп, үкімді бұздыртамын, — деді.Соның нәтижесінде менің ісімді қайта қарап, 6 ай 20 күнге түсірді. Біздерге көп жақсылық жасаған әділ жан еді,жақында о дүниелік болыпты, топырағы торқа болсын. Сонымен бірге ол 1986 жылы ұсталған желтоқсаншыларды ақтап жатқан кез екен.
Сөйтіп туған қалама оралып, бұрынғы жұмысыма кірістім.. Сол кездерді қазір ойласам, екі қолыңды қара майға малып отырып, күйкі тұрмыс шеккен екенбіз.Таулықтардың да көрсеткен қорлықтары шектен шығып кеткен еді.
Менің бір түйгенім: адамды намыс қамшыласа, өлген-тірілгеніңе қарамайды екен. Қазір Аллаға шүкір, әйелім, екі баламмен ел қатарлы жүріп жатқан жай бар.
Келімсектер қорлығы көтерілісті бастады
Маусым көтерілісінің 20 жылдығына байланысты көтерілісшілерді іздестіргенде, кейбіреуінің өз қаламызда еңбектеніп жатқанын біліп таңғалдым. Соның бірі Көшербаев Орынбай еді. Мен сол кезеңді еске түсіруін өтіндім .Ол бірден шешіле сөйлеп кетті:
— Совет Одағы әскері қатарынан келген кезім еді.Ресейде Кантемиров танк дивизиясында қызмет еттім.Қанша дегенмен туған топырақ,өсіп-өнген жер өзіне тартады ғой. ”Жұмысты адал атқардың,білімің бар, орысша білесің, әскер қатарында қал” деген командирлердің сөздерін тыңдамай, елге оралдым. Келгеніме көп болса,екі апта болған болар. Ауыл тыныш. Баяғы ауылым, 362 әулиелі Маңғыстауым. Жұмысқа кірем бе, мұнай техникумына түсем бе деп, ойланып жүрген кезім еді.
Көңіл қойып қарасам, ауылымдағы, мұнайлы Жаңаөзенімдегі тыныштық алдамшы екен. Қала толған өзге ұлттың адамдары.Қайда қарасаң да,іс басында, сауда-саттық маңында, дүкен, қоймаларда-барлық жерде келімсектер. Базарды, ”Жұмысшыларды азық-түлікпен қамту” бөлімін билеп отырған осылар екен. Жергілікті ұлт пәтер кезегіне тұрғанмен, оны ала алмайды. Ол кез қазағымыздың қанша туып-өскен жері, өз Шаңырағы болғанмен, оларды өзі иелене алмай, басқаға кіріптар болған кезі еді. Партия, Совет атқару органдарындағы қызметкерлердің көбі келімсектер болды. Сол 1985-90 жылдар қазақтардың тарихи атамекеніне көптеп көшіп келіп жатқан уақыты, әсіресе Маңғыстауға Түрікменстаннан, Қарақалпақстаннан, Өзбекстаннан келіп жатты. Олардың арасында да талай басшы, ұйымдастырушылық қызметтер атқарған, істің тетігін білетін, білімді, тәжірибелі адамдар көп еді. Басшылар оларды надан көрді, жұмысқа қабылдамады. Сөйтіп “қайда барсаң, Қорқыттың көрі” дегендей, елімен, бабалардың туған жерімен аңсап қауышқан халық тығырыққа тірелді.
Міне осындай тұрмыстық жағдайлар Жаңаөзенде жастардың көтерілуіне әкеліп соқты. Сонымен 16 маусым күні кешке басталған ғаламат толқуды 19-ы күні ғана таратуға қол жеткізілді. Бірақ бұл көтерілістің лебі Қазақстанның бүкіл батыс бөлігін шарпыды.Сонымен 17 күні бұл дүрбелең қаланың 1, 2 , 4 шағын аудандарын толықтай қамтыды. Ол үлкен көшелерде, даңғылдарда жалғасып жатты. Алматыдан, басқа республикалардан әскерлер келді, ВМП, БТР дейтін танктер қаптады.Ал қолдарында қару жоқ бейбіт халық бұл кезде митингілеп жатты. Халыққа тосқауыл бола алмаған милиция мен солдаттар шетке шыққан жастарды сабап,көпшілікке оқ жаудырды. “Өзен”мейрамханасының алдында да көп жігітке оқ тиді.Халыққа шыны түтіндеткіштер лақтырды. Атуға ресми рұқсат берілмегенмен, милиция оны орындамады. Атып жүргендер таулық милициялар еді. «Олар біздің жігіттерді атып жатыр, біздің жанымыз олардан артық емес. Милицияны қоршаймыз деп шештік Теңге кентінен келгендер. 18-і күні бұрынғы “Құрылысшы” (қазір мешіт) клубының алдында маған оқ тиді. ”Абайла!” деген ащы айқайды естіп,алдыма қарасам, милицияның пистолетпен мені көздеп жатқанын көрдім. Тез бұрылып, аунап түсем дегенімше,үлгермей қалдым. Оқ тіземнің кірісіне тиіп, аяғымды лақтырып жіберді, асфальтқа құладым. Аяғымнан қан фонтанша атқылап жатыр. Мен резина оқ шығар десем, аяғым бұралып кетіпті. Сол кез есіме түскенде, жылағым келеді. Қасымдағы Қарасаев Қонақбай, Құлшаров Берік, Сырлыбаев Әлімғали, Қыдырғали, Аманқұл, Бегалы деген жігіттер жүгіріп келіп,көтеріп ала жөнелді. 46-үйдің тасасына алып келді.Қан тыйылмай жатыр. ”Жедел жәрдем” келіп: — Ауруханаға апарамыз, — деді.Жігіттер: — Милиция қорлап жүрер, біз де барамыз, — деді. Бірақ мен: — Ұят болар, қалыңдар, — дедім.Ұзындығы 10-12 мм пистолеттің оғы сол жақ тізеден төменгі жердің сүйектерін шашып жіберген екен. Келесі күні мені атқан адам үй-іші, отбасымен еліне көшіп кетіпті. Маған операция жасап, қатарға қосқан Шайқы, Ғазиз деген хирургтер еді. Соңынан естідім, сол мен жараланған күні көбін түрмеге қамапты. Міне осы оқиғаға да 20 жыл толып отыр. Біз мақсатымызға жеттік: Кеңес үкіметі уақытша болса да, қаланы азық-түлікпен қамтамасыз ету жөнінде шұғыл шаралар қабылдады. Қаланың иесіне айналған таулықтардың бірі қалмай өз Отандарына қоныс аударды. Бірақ қан төгілді. Біреулер шаһит болды, көбі жараланды. Көтеріліске қатысқандар қазір қазақ елінің түкпір-түпірінде тұрып жатыр. Қазір міне Тәуелсіздік келіп,маңдайымыз ашылды.Туымыз бар, жеріміз бай. Біз ешкімнен кем емеспіз.Нанымыз бар,еңбектеніп жатырмыз.Өткен өтті.Бірақ ол қазақ ұрпағына сабақ болуы тиіс.Олар “Елім!”деп, ажалға қарсы шапты. Олар жас ұрпақтың басқаға рухын таптатпайтындай, өр де қайсар болуын тіледі. Менің айтпағым: маусымдық құрбандар, түрменің тар камерасында тұншыққандар, жараланғандар ұрпақ есінен өшпеуі тиіс. Ал басшылардың олардың отбасына адами көмектерін аямағандары абзал.
Жүрегі намыс пен арға суарылған жігіттер
1989 жылдың 16-19 маусым аралығында Жаңаөзен қаласында болған көтеріліске қатысып,ауыр жараланған Ділмағамбетов Сәбитті азар дегенде тауып,әңгімелесіп отырмын. Ол жігіт сол дүрбелеңнен кейін көп ұзамай,жұмыс ретімен Атырауға ауысқан екен.Мен оны осындағы анасымен хабарласып отырып,Жаңаөзенге келгенде кездестірдім.
Алып денелі ақсары жігіт сөйлеп отыр:
— Бәрі де тұрмыстың төмендеп кеткенінен ғой,- деді ол. Жаңаөзен- мұнайлы қала. Сондықтан алғашқы жылдары осында жұмысқа келушілер көбейіп кеткен еді.Бірақ әсіресе осы мұнай саласындағы жалақысы жоғары, сауда маңындағы пайдалы, қоймалы орындар қазақтарға бұйырмады .Жап-жас қазақ жігіттері мен қыздары кеңсе сыпырушы,жөндеуші,күзетші,жүкші сияқты төменгі жұмыстарда жүрді де,келімсектер инженер,басшы,қойма меңгерушісі,дүкенші болып істеді. Бәрінен де қорлық болғаны олардың жергілікті халықты көріне-көзге кемсітушілігі болды. Бұндай өктемшілік барлық жерде көрініс тапты. Дүкенге кезекте тұрғанда,оның алдын бермеді. Кешке қарай серуендеп жүрген қыз, жігіттерге тиісті.Биге шықпаған қазақ қызын сабап кету олар үшін ештеме емес. Талай төбелес те болды.Бірақ милиция бізді ғана ұстайтын. Себебі оның да жартысынан көбі келімсектер еді.
Тұрмыстың тауқыметін тартумен бірге,өз жерінде отырып,моральдық кемсітушілікке тап болған қазақ жігіттері шара қабылдау жөнінде бір ай бұрын осы жағдайларды қағазға түсіріп,қалалық Партия комитетіне тапсырған еді. Бір ай емес,бірнеше ай өтті.Олардан еш жауап болмаған.Сол себепті 16 маусым күні көшеге шықтық. Партия комитеті үйінің алдына топ болып барып, азық-түлік тапшылығы, пәтер, жастардың жұмыс жағдайы, моральдық мәселелерімізді шешуді талап еттік. Бірақ бізге жауап берген ешкім болмады. Біздер талабымыз орындалғанша кетпейтінімізді білдіріп, көшенің қарсы жағына шеп құрдық.Түнде де тарамадық. Апа,әжелеріміз бізге тамақ,ас-су тасыды. 17күні көтерілісшілер қарасы көбейді. Алматыдан Ішкі істер министрі Князев келді. Жазалаушлар отрядтары әр қаладан бірінен соң бірі құйылып жатыр. Таңсәріден солдаттарды шепке тұрғызып,команда беріп,көшемен жүргізіп өтеді. Оның бізге жасалған қыры екенін жақсы түсіндік. Міне осылайша 18 маусымның таңы да атты. Омондар көшенің бір жағында, көтерілісші жастар көшенің екінші жағында. Солдаттар қалқандары жарқылдап, бір-екі рет ілгері аттап, жоғарыға оқ атады. Біздер де қаймықпай, еңкеймей, алға аттаймыз. Сөйтіп текетіреспен тұрғанда, милиция тобы жағынан атыс басталды. Ол жарты сағаттай уақытқа созылды. Құлап жатқан кім, ыңыранып жатқан кім, біліп болмайды. Кенет менің алдымда он шақты метрдей жерде үстінде қызғылт көйлегі бар бір жігіт бақырып құлап түсті, омырау тұсы қан-қан. Көмекке ұмтылдым. Маған бағытталып, ұшып келе жатқан отты байқап қалып, оқыс бұрылдым. Екінші рет атылған оқ мені орып түсті. Құлағанымды білемін. Адам өмірінің бір секөндтік екенін сонда білдім: көз алдымнан қуанышты кездерім кинолентасындай өте шықты.Өліп бара жатырмын деп ойлағанша,есімнен тандым.Көзімді бір ашсам,трикомды қиып жатыр екен. Қайта талықсып кеттім.Содан есімді келесі күні кешке жинадым. Сол күні оқ тиіп, жараланған 22 адам менімен бірге жатты.Маған дәрігерлер:-Бір аяғың солып барады,біз емдей алмаймыз. Гурьевке (қазіргі Атырау) жібереміз, — деді.Онда келген соң,2 күн аурухана дәлізінде жаттым.Ешкім көмек берер емес. Жарам шіріп барады. Содан Алматыдағы ағайыма телефон соқтырдым. Содан кейін ғана мені палатаға алып, операцияға дайындады. Екі қолымды байлап, екі аяғымды басып отырды. Санымдағы өртенген, жарамсыз бұлшық етті кесіп алып көрсетті. Себебі милиция “черемуха” деген оқпен атқан екен. Ол от болып ұшады да,тиген жерін өртейді. Сау жерімдегі еттерімді сылып алып,жалғап жатыр. Содан 6 ай дегенде, балдақпен үйге оралдым. Жұмыс жасаған кәсіпорным емделген кезіме ақша төлемеді. Сау болсын Ұңғыларды жерасты жөндеу басшылары жұмысқа шақырды.
Қатты жүре алмаймын, ауа райы бұзылса, сырқырайды. Мүгедектікке шықпай жүрмін. Екі баламды кім асырайды. Сәбит осылай деп, сан сүйегіне терінің жабысып тұрғанын көрсетті.
Мен: — Сәбит, оқ атқан солдаттар ма,милиция ма? — деген сұрақ қойдым. Ол: — милиция. Солдаттарға оқ атуға бұйрық берілмеген, — деді. Ол қыран көздерін алысқа, терезеден көрінген ақша бұлттарға тікті.
— Не болғанда да,алғашқы адам төзбес қиындықтарға қарамай, мұнай байлығын игеріп жатқан қара жұмысшы жартылай аш-жалаңаш болды ғой. Жақсы нәрселер дүкенге түспеді, оны игі жақсылар қоймадан пышақ үстінен бөліп алатын. Оның үстіне басқа жақтан жұмыс іздеп келгендердің кемсітуі жүк үстіне жайма болған жоқ па.Жұмысқа келдің бе,кім болсаң да,тыныш жүріп, ісіңді істе. Намысқа тиме. Қазақ — намысқой халық. Олай болмаған жағдайда, “мың күн сынбаған шөлмек бір күні сынады. ”Қазіргі жағдайын сұрадым.
— Жеңіл жұмстамын. Жас 40-тан кетті.Бетті құбылаға бұрдық.Намазға жығылдық. Менің тілегім: — Азаматтар аман болсын.”Мың өліп,мың тірілген” қазағымызды ешкім басынбасын. Тәуелсіздігімізді қорғай білейік. Иә, сол бір бетқаратпас әлімжеттікке толы қарау кезеңде, елінің есесін жібермей, ажалға қарсы шапқан Сәбиттің айтқанына алып-қосарымыз жоқ. Тек осындай, жүрегі намыс пен арға суарылған Сәбиттей азаматтарымыздың барына мың тәуба делік.
Ербақы Байбазар
«Қазақстан Заман» газеті, 11 маусым 2009 жыл