Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
7899 9 пікір 31 Қазан, 2018 сағат 15:59

Кейбір әпкелер Веронскаядан үлгі алсашы...

Тәуелсіздік ағанымызға ширек ғасырдан асса да, мемлекеттік тілдің мәртебесін әлі төрге шығара алған жоқпыз. Мемлекеттік тілге менсінбей қарайтын шенділер билікте өріп жүр. Жақында ғана Алматы жастарымен кездескен сенатор Дариға Назарбаева "орыс тілін ұмытпай, Қытай тілін үйренулеріңді талап етемін" деп айды аспанға шығарған еді. Ал, қаршадай ғана орыс қызы Майя Веронская "Қазақ әдебиеті" газетіне сұхбат беріп, тіліміздің жайына алаңдайтынын білдіріпті. Қаны қазақ деп жүрген әпкеміз, "орыс тілін ұмытпа, қытайдың тілін үйрен" деп жүргенде Веронскаяның "бүкіл саналы ғұмырымды қазақ тіліне арнадым" деуі нені білдіреді? Осы сауалға оқырман жауап іздесін деп, аталған мақаланы көшіріп басуды жөн санадық.

Abai.kz ақпараттық порталы

Майя Веронская: Мені тележүргізуші еткен – қазақ тілі!

Өзге ұлт өкілі болса да өз тілінен жеріген қазақтарға үлгі болуға лайық белгілі тележүргізушілердің  сұхбатын назарларыңызға ұсынып отырмыз. "Қазақ әдебиеті" газетінде жарияланған бұл сұхбатта мемлекеттік тілді кейбір қазақтардан артық білетін Майя Веронская мен Ирина Тен тіл туралы тұщымды ойларын ортаға салған.

ҚР Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы бар. Бағдарламаны іске асыру мерзімі үш кезеңге бөлінген. Қазір соның 2017 – 2020 жылдарды қамтитын үшінші кезеңі. Жоспар бойынша мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі 2020 жылға қарай 90 пайызды құрауы тиіс.

Осы бағдарлама аясында, талай жыл телеарнада бірге жұмыс істеген екі досым – Майя Веронская және Ирина Тенмен әңгімелесудің сәті түсті.

– Қазақ тілін қашан және қалай үйрендің?

– 1991-93 жылдардың басында болашағын Қазақстанмен байланыстырғысы келмеген басқа ұлт өкілдері бірден буынып-түйініп тарихи отандарына тартып отырды емес пе? Ал әкем Қазақстанды өз отбасының болашағынан бөліп қарағысы келмегені болар: «Біз осы елде қаламыз, ешқайда көшпейміз.  Майя, сен міндетті түрде мемлекеттік тілді білуің керек! Сондықтан  қазақ мектебіне ауыстырсақ қалай қарайсың?» - деді. Мен әкемнің айтқанын құптап, қарсы еместігімді білдірдім. Сөйтіп, бесінші сыныптың жаңа оқу-жылын Шоқан Уәлиханов атындағы №12 қазақ мектебінде бастадым. Қазақ тілімнің деңгейі «терезе», «тақта», «бор» деген сияқты жекелеген сөздермен шектелетін. Әкем: «Қорықпа қызым, қолымнан келгенше мен саған көмектесемін, білгенімді түсіндіремін, білмегенімді қазақ достарымнан сұраймыз. Әрі қарай сен өзің алып кете аласың!» деді. Міне, осылай менің алдағы тағдырыма бағыт-бағдар берген алғашқы қадамымды жасадым. Әлбетте, отбасында тек орысша сөйлесеміз. Сондықтан бастапқыда сабақтарда шетелдік азамат сияқты ештеңені түсінбей отырдым. Шамамен 2 айдан кейін санама саңылау түсе бастады, бірақ  оқу жылының соңына дейін  сабақты орысша айтатынмын, әсіресе қазақ әдебиетінен қиналдым. Бір жақсысы, ата-анам мені қазақша мектепке барасың деп зорлаған жоқ, тек «Барасың ба?» деп алдымен менімен санасты. Содан болар, қанша қиын болса да, іштей ешқандай қарсылығым болмаған, тезірек қазақ тілін меңгеруге тырыстым.

– Отбасыңда өзіңнен басқа қазақша сөйлейтін жан бар ма?

– Әкем лингвист, аудармашы, ағылшын, неміс тілдерінен аударма жасаған. Түркі тілдерінен хабары мол, бірақ, жетік білді деп айта алмаймын. Басқалары білмейді. Анам Ресейде дүниеге келді. Институттан кейін қазақ жеріне келді. Бір қызығы, анам өзі қазақша білмесе де, менің эфирлерімді қалдырмай қарайды. Үнемі өз ойын білдіріп, жұмысыма қызығады. Кезінде мені қазақшаға бергенін үнемі мақтанышпен айтып жүр. Менің барлық жетістіктеріме мақтанады.

– Жоғары оқу орнында қазақ бөлімінде оқыдың ба?

– Бесінші сыныпқа дейін орыс мектебінде оқыдым, одан кейін қазақ мектепте. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Қазақ филология факультетінде, аударма бөлімінде білім алдым. Яғни, қазақша оқыдым. Мектеп пен университетті қызыл дипломмен бітірдім. Мектепте жалғыз мен ғана көк көзді аққұба болып жүрдім. Ал, университетте, факультетте менен басқа Света есімді қыз оқыды. Араб бөлімінде. Ал қазір көптеген өзге ұлт өкілдері балаларын қазақша оқытып жүр. Халықтың ой-санасы өзгеріп жатыр.

– Мамандығыңа толығырақ тоқтала кетші?

– Аудармашымын, қазақ тілінен орыс тіліне және керісінше. Бірақ, университетті бітіргелі мамандық бойынша жұмыс істемедім. Бірден телевидениеге шақырды. Мектепте оқып жүрген кезімде аударма жасап, ақша табатынмын. Әкем екеуміз бірге жұмыс істейтінбіз. Ол құжаттарды ағылшын, неміс тілдерінен орыс тіліне аударатын, ал мен орыс тілінен қазақ  тіліне аударатынмын, сөйтіп бірлесіп ақша табатынбыз. Сегізінші сыныптан бастап оқумен қатар жұмыс істедім. Содан болар, әкем сияқты аудармашы боламын деп ойлағам. Бірақ, тағдырым басқа болып шықты. Менің негізгі мақсатым, қазақ тілін насихаттау, қазақ тілін меңгеру - әр адамның қолынан келетінін өзімнің мысалыммен көрсету деп түсінемін. Тағдырдың жазғаны осы. Және бұл істі абыроймен атқаруға тырысамын. Мені тележүргізуші еткен қазақ тілі. Сондықтан да қазақ еліне менің алғысым шексіз.

– Қазір қайда, кім болып жұмыс істейсің?

– Университетті бітіре салысымен телевидениеге жұмысқа кірдім. Міне, содан бері осы салада жұмыс істеп келе жатырмын. Дәл қазіргі кезде декреттемін. Үш балам бар. Кенжем 2 айлық.

– Өз тіліңді жақсы білесің бе?

– Мен қазақ тілді журналиспін. Осы уақытқа дейінгі бүкіл саналы ғұмырымды қазақ тіліне арнадым. Мектепте, университетте қазақша оқыдым. Қазақ редакцияларында жұмыс істеп келе жатырмын. Сондықтан осы сұраққа қалай жауап берерімді білмей тұрмын. Иә, білемін. Бірақ, менің өмірім тікелей қазақ тілімен байланысты. Мен жеткен жетістіктердің барлығы қазақ тілінің арқасында!

– Өзге тілдерден тағы қандай тілдерге жетіксің немесе үйреніп жүрсің?

– Мектепте ағылшын тілін тереңдетіп оқыдық. Емін-еркін сөйлейтінмін. Қазір шетелге шыққанда ағылшынша көбірек сөйлеуге тырысамын. Кез келген тіл практиканы қажет етеді.

– Кітап, газет-журнал оқисың ба? Оқысаң, көбіне қай тілде?

– Көркем әдебиетті көбіне қазақша оқимын. Жаңалықтарды ғаламтордан қазақша оқимын. Тағы психологияға қызығамын, психологиялық кітаптарды орысша оқимын.

– Салыстырмалы түрде соңғы он жылды алайық. Мемлекеттік тілді меңгерген достарың аз ба, көп пе?

– Соңғы жылдары қазақ тіліне деген бетбұрыс әлдеқайда жақсырақ. Бұған дейін баланы не орыс, не қазақ мектепке беретінін білмей, екіойлы болып жүрген ата-аналар енді бірауыздан қазақ сыныбына беріп жүр. Өзге ұлт өкілдері де қазақ тілін меңгеруге көп көңіл бөлуде. Ересек адамдардың өздері аса жақсы білмесе де, балалардың білгенін қалайды. Репетитор жалдап қосымша сабақ алып жүр. «Қазақ тілі баламыздың болашағына қажет» деген сөздерді соңғы кезде жиі естіп жүрмін.

– Ана тілін білмейтін жандарға көзқарасың?

– Мен қазақ тілін жетік меңгеру үшін көп уақытымды арнадым. Әлі күнге дейін толық меңгере алмадым. Сондықтан басқаға сын айтуға асықпаймын.

– Отбасында қай тілде сөйлейсіңдер?

– Өкініштісі, отбасымызда менен басқа ешкім қазақша білмейді. Алайда, балапандарымды қазақшаға үйретіп жүрмін.

– Болашақта Қазақстаннан кету ойыңда бар ма?

– Жоқ, ондай ой жоқ! Отан – әр адамның жүрегіне жылы тиер қасиетті сөз. Менің Отаным - Қазақстан. Осы жерде дүниеге келдім, осында өмір сүріп келемін, өз жерімді, халқымды сүйемін. Ешқайда кеткім келмейді. Тарихи Отаным – Ресейде, әрине, болдым, алайда ол жақтың менталитеті мүлдем басқа. Айырмашылығы жер мен көктей. Маған жақпайды. Адамдардың басым көпшілігінің жүздері суық. Біздегідей, ақ жарқын емес. Қазақ халқы кең пейілді, бауырмал халық.

– Бос уақыт қалай өтеді?

– Бүгінде бос уақытым мүлдем жоқ. Телевидение, кино саласындағы түрлі шараларға қатысып, қалған уақытымды отбасыма арнаймын. Үш бала деген оңай емес екен.

– Майя, әңгімеңе көп рақмет! Отбасың өсіп-өне берсін!

 ÐšÐ°Ñ€Ñ‚инки по запросу ирина тен

Болашақта балаларым қазақ тілін білгенін қалаймын

Ирина Тен

– Қазақ тілін қашан және қалай үйрендің?

– Мен қазақы салт-дәстүрдің қаймағы бұзылмаған Қызылорда облысының Арал өңірінде туып өстім. Қазақ тілін маған қазақтар үйретті. Балалық шағым Арал топырағында қазақтың қара домалақтарымен бірге өтті. Ес білгелі бері екі тілде де (орыс және қазақ) ойымды еркін жеткізе аламын. Көрші үйлерде тұрған ата-апалар, аға-тәтелер, құрбы-достарым, бәрі де менің қазақша сөйлеуіме үлес қосты. Акцентсіз сөйлеуімнің сыры осында.
№14 орыс орта мектебінде білім алдым. Сондықтан оқитын әдебиеттің басым бөлігі орыс тілінде болған. Шамамен бесінші сыныпта жүргенімде туған ағам Александр қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен республикалық олимпиадаларға қатысып үнемі жүлделі орындар алатын, солай менің де тілге деген қызығушылығым артты. Өскенде мен де қандай да бір жетістікке жетуім керек деп алдыма мақсат қойдым. Қазақша кітаптар оқып, мақал-мәтелдерді арнайы дәптерге жазып жүрдім. Қазақ халқының салт-дәстүрі туралы сыр шертетін «Жеті қазына» кітабы және Мұқағали Мақатаевтың жырлары ажырамас серіктеріме айналды. Мектептегі ұстаздарымның қолдауы да мықты болды. Мектеп ұжымына басымды иіп алғыс айтамын. Ата-анам да қолдан келгенше жағдай жасады. Айтпақшы, қазір отбасымызда бәрі мемлекеттік тілде еркін сөйледі. Дегенмен, «білетінім – бір тоғыз, білмейтінім – тоқсан тоғыз». Сөздік қорымды байытып, білім көкжиегін кеңейту процесін тоқтатқан емеспін.

– Мектепте орыс сыныбын аяқтапсың, жоғары оқу орнында қазақ бөлімінде оқыдың ба?

– Жоқ. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің орыс бөлімінде білім алдым.

– Қазір мамандығың бойынша жұмыс істеп жүрсің бе?

– Иә, студент кезімнен бері мамандығым бойынша істеп келем. Қазір «Қазақстан» телеарнасының тележүргізушісімін.

– Өз тіліңді жақсы білесің бе?

– Үйрену үстіндемін... Күнделікті қолданыста болмаған соң, корей тілін меңгеру оңайға соғып жатқан жоқ.

– Өзге тілдерден тағы қандай тілдерге жетіксің немесе үйреніп жүрсің?

– Ағылшын мен корей тілі...

– Кітап, газет-журнал оқисың ба? Оқысаң, көбіне қай тілде?

– Технология дамыған заманда электронды құралдарды көп қолданамыз. Газет-журнал­дардың электронды нұсқаларын ресми сайттардан қарап тұрам. Жаңалықтың қайсысын қай тілде оқығаныма мән бере бермейді екенмін. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ақпарат аламын. Кітапқа келгенде де солай.

– Салыстырмалы түрде соңғы он жылды алайық. Мемлекеттік тілді меңгерген достарың аз ба, көп пе?

– Бұрын білмей, меңгергендер де бар. Бұрын біліп, ұмытқандар да табылады.

– Мемлекеттік тілдің даму қарқынына көңілің тола ма?

– Өткен жылдармен салыстырсақ қазақ тілді аудиторияның кеңейгенін байқауға болады. Ол осы уақытқа дейін мемлекеттік бағдарламалардың, жеке тұлғалардың істеген жұмысының жемісі деп білемін. Тіл үйренемін деп ниеттенген адамға толық мүмкіндік жасалған. Тек еңбектену керек.

– Отбасын құрдың ба? Құрсаң, үйде қай тілде сөйлейсіңдер?

– Тұрмыс құру – мені алда күтіп тұрған қуаныштардың бірі деп сенемін, бұйырса. Болашақта балаларым қазақ тілін білгенін қалаймын.

– Көпшілікке айтуға болатын қандай арманың бар?

– Арман көп қой. Тіпті, тізімі бар. Кейбірінің орындалуы тікелей өзімнің әрекет еткеніме байланысты, кейбірінің орындалуы менің қолымда емес. Мысалы, кішкентайымнан Арал теңізі толып, қалаға өмір нәрін сыйласа екен деп армандаймын.

– Болашақта Қазақстаннан кету ойыңда бар ма?

– Білім алуға немесе саяхатқа шығуға болмаса, азаматтықты ауыстыруды ойламаппын.

– Бос уақыт қалай өтеді?

– Бос уақыт – отбасымның уақыты. Жақындарыммен бірге болғанда алаңсыз демаламын. Сүйікті істеріме де көңіл бөлуге тырысамын: кітап, фортепиано, спорт т.б. дегендей.

– Әңгімеңе көп рақмет, Ирина. Жұлдызың жарық болсын!

Сұхбат алған: Қанағат Әбілқайыр

Abai.kz

 

9 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036