Сенбі, 21 Желтоқсан 2024
Әліпби 16120 3 пікір 1 Қараша, 2018 сағат 10:57

"Ә" әрпінің емлесі туралы...

Емле ережелері қалың жұртшылыққа бірдей ортақ болуы шарт. Егер емледе бірізділік сақталмаса қиындық пен ала-құлалық орын алатыны мәлім. Қазіргі қазақ тілінде ә дыбысы жеке фонема. Зерттеушілердің бір тобы ә фонемасын түркі тілдеріне араб, парсы сөздері арқылы енген десе, екінші тобы оны төл дыбыстар қатарына жатқызып келеді. Қазақ тілі дыбыстарына алғаш зерттеу жүргізген Н.И.Ильминский ә дыбысын жеке фонема деп есептемей, а дыбысының варианты ретінде түсіндіргені белгілі. Түркі тілдеріндегі ә~е сәйкестіктеріне қарай (кәл-гәл-кел, мән-мен, сән-сен) А.М.Щербак ә дауыстысын көнеден келе жатқан дыбыс деп есептесе, Э.В.Севортян керісінше е дыбысы көне деген пікірде. Ғалымдар І.Кеңесбаев, Ж.Аралбаев, М.Томановтар ә фонемасы шығыс тілдерінің ықпалымен еніп, қазақ тілінде бергі кезде ғана пайда болған туынды фонема деген тұжырым жасаған. 

Профессор Н.Уәли: «Ә  қазақтың дыбыстық қорында баяғыдан орын алған, соның негізінде жеке фонемалық деңгейге көтерілген мағына ажырататын дыбыс. Тілімізге енген араб, парсы сөздері оның жеке фонемалық деңгейін одан әрі күшейте түсті», - дейді. Қазақ тілінің дыбыстық жүйесін суперсегментті фонетика тұрғысынан зерттеп, интонология саласын қалыптастырған ғалым З.Базарбаева да ә-ні кейіннен кірген дыбыс қатарына енгізбейді. «Қазақ тіліндегі байырғы дыбыстар төрт жұптан құрылған, олар: а-ә, о-ө, ұ-ү, ы-і, ал е жеке дифтонгоид», - дейді ғалым. Түркі  тілдеріндегі  дауысты дыбыстардың даму  тарихына арнайы зерттеу жүргізген жас ғалым Ж.Жұмабаева  ә дыбысын ата түркі тілінен келе жатқан байырғы дыбыстың қатарына жатқызады.

Қазақ тіліндегі сингармонизм құбылысын фонетикалық қана емес фонологиялық тұрғыдан зерттеген белгілі ғалым Ә.Жүнісбек тіл алды деп сипатталып келген ә дауыстысын тіл ортасына жатқызады: ә дауысты дыбысы – тіл ортасы, ашық, езулік (Қазақ тілі дыбыстарының артикуляциялық моделі. 2005 ж.).

Қазіргі таңда бірқатар түркі тілдерінде ә жеке фонема ретінде таңбаланады. Мәселен, татар, ноғай, башқұрт, әзербайжан, ұйғыр тілдерінде. Ал өзбек, түрік, түркімен, қырғыз тілдерінде ә дыбысының естілімі болғанымен, арнайы әріппен таңбаланбайды. Қазақ тілінде ә дыбысы төл сөздерде тек басқы буындарда кездесетіні мәлім, ал соңғы буында тек араб, парсы сөздерінде қолданылады: куә, күнә, шүбә, сірә, жүдә, іңкәр, күмән, зәмзәм т.б. Жаңа емле ережелер жобасында шеттілдік сөздердің де соңғы буыны ә әрпімен жазылған:  кобәлт, асфәлт, фестивәл т.б. Бұл әдіс жіңішкелік белгісін білдірудің, яғни сөзді жіңішкертіп айтудың жолы ретінде алынып отыр.

ХХ ғасырдың басында латын графикасына көшкен кезде  шай, жай сияқты т.б. сөздерде а жазамыз ба, ә жазамыз ба деген мәселе көтеріліп, оны анықтау үшін: «Сөз ішіндегі дыбыстардың жуан-жіңішкелігі көмескі болған жерлерде, анығы жалғау-жұрнақтың түрінен ашылады. Жалғау жуан болса, түбірдегі көмескі дыбысы да жуан болады. Мысалы шай-шайға (шәйге емес) жай – жайланды (жәйленді емес)» деген ереже шығарылған (Қазақ жаңа емлесі. Қызылорда, 1929 ж.). Бұл ереже бірінші буындағы дыбысқа қатысты қабылданып, қазіргі жазуымызда да  тұрақталды. Ал  соңғы буынға а немесе ә таңбалау мәселесі күні бүгінге дейін шешімін таппай келе жатыр. Соңғы «Орфографиялық сөздікте» (2013 ж.) жаннат, ажуа, тәубе нұсқалары берілгенімен, қалың көпшілік жәннат/жәннәт, әжуә/әжуа,  тәуба/тәубә нұсқаларын да қатар жазып келеді.

Араб жазуының қадим, жадид жүйесінде бұндай сөздер түпнұсқа вариантымен таңбаланды, яғни араб, парсы тілдеріндегі жазылымы сақталып отырды. Ал оқыту жүйесі қолға алына бастаған ХХ ғасырдың бас кезінде түпнұсқаны қалдыру керек пе, әлде қазақ тілінің заңдылығына икемдеу керек пе деген мәселе күн тәртібінен түскен жоқ. Тіпті мәдениет, әдебиет, мәселе, жәрдем сынды сөздердің өзі маданиат, адабиат, масала, жардам түрінде таңбаланған болатын. Ал соңғы буындағы ә дыбысы а арқылы жазылды (тәуба, шүба, күман, рәсуа т.б.). Латын графикасын қабылдағаннан кейін (1929 ж.) мұндай сөздер кейде бірыңғай жіңішке, кейде бірыңғай жуан түрде таңбаланып ала-құлалық орын ала бастады.

1941 жылы шыққан «Қазақ тілінің орыс графикасына негізделген жаңа алфавиті мен орфографиясы» атты ережелер жинағында тек үш сөз ғана ә әрпімен жазылған: «ә әрпі сөздің соңғы буынында жазылмайды. Тек сірә, мә, кә сөздерінде ғана ә жазыла береді» - деп көрсетілген. Басқа сөздердің барлығы, жуан а дыбысы арқылы күна, күман, т.б. түрінде таңбаланған (Ғ.Бегалиев. Жаңа алфавит. 1941 ж.). Ал 1960 жылдардан бастап соңғы буындағы а дыбысы ә әрпімен жазыла бастады. Мәселен, 1960, 1963, 1978, 1988 жылдары шыққан «Орфографиялық сөздіктерде» куә, күнә, күмән, кінә, шүбә, мәрмәр, іңкәр  түрінде беріліп, қосымшалар бірыңғай жуан тұрпатта ғана жалғанды: куә, куәға, куәға, куәдан, куәландыру, куәлы, куәсы, куәсыз; күнә, күнәға, күнәлау, күнәлы, күнәлылық, күнәсы, күнәсыз, күнәсыздық; күмән, күмәнға, күмәндану, күмәнды, күмәндылық, күмәнсыз, күмәншыл, күмәны; кінә, кінәға, кінәлану, кінәласу, кінәлату, кінәлау, кінәлы, кінәсы, кінәсыз, кінәсыздық, кінәшыл, кінәшылдық; шүбә, шүбәланбау, шүбәланған, шүбәлану, шүбәлы, шүбәлылығы, шүбәлылық, шүбәсыз, шүбәсыздығы, шүбәсыздық; мәрмәр, мәрмәрға, мәрмәрлау, мәрмәрлы, мәрмәры; іңкәр, іңкәрланған, іңкәрлану, іңкәрлық.

Ал 2005, 2007, 2013 жылдары шыққан «Орфографиялық сөздіктерде» қосымшалардың жіңішке түрі жалғана бастады: куәсі, куәсіна, куәсінан; күнәлі, күнәлілігі, күнәлілік, күнәсі, күнәсіз, күнәсіна, күнәсінан; күмәнді, күмәнсіз, күмәншіл, күмәні, күмәніна, күмәнінан; кінәлі, кінәсі, кінәсіз, кінәсіздік, кінәсіна, кінәсінан; шүбәлі, шүбәлілік, шүбәсі, шүбәсіз, шүбәсіздік, шүбәсіна; мәрмәрі, мәрмәрлі; іңкәрі, іңкәріна, іңкәрінан.

Бұлайша берілуінің себебі, 1983 жылы ресми түрде бекітіл­ген «Қазақ тілі орфографиясы негізгі ережелеріне» 2005 жылы өзгертулер енгізіліп: «.Соңғы буынында жіңішке ә әрпі жазылатын сөздерге қосымшалар жіңішке жалғанады,  тек барыс, жатыс, шығыс жалғаулары мен етістік тудыратын -ла жұрнағы жуан айтылып, жуан жалғанады. Мысалы: күнәсіз, күнәлі (бірақ кінәға, кінәдан, кінәсіна, күнәлау), шүбәсіз, шүбәлі (бірақ шүбәлану, шүбәға, шүбәсінан), куәсі, куәлік (бірақ куәға, куәдан, куәда), күмәнсіз (бірақ күмәндану, күмәнға, күмәнінан), Күләштің (бірақ Күләшқа)» - деп көрсетілген болатын.

Ал қазіргі таңдағы ұсынылып отырған Жаңа емле ережелер жобасында куәсіна, куәсінан емес куәсіне, куәсінен,  күнәсіна, күнәсінан емес күнәсіне, күнәсінен, күмәніна, күмәнінан емес күмәніне, күмәнінен түрінде беріліп отыр. Латын графикасымен алдағы уақытта шығатын «Орфографиялық сөздікте» соңғы буыны ә-мен аяқталатын сөздердің барлық қосымшалармен түрленетін нұсқалары толығымен көрсетілуі қажет деген ойдамыз. Өйткені олардың офрограммасы емле ережесінде жазылғанымен, сөздікте тек күмәні, күмәніне, куәсі, куәсіне  деген нұсқа ғана көрсетілсе, қалған нұсқаларын қалың көпшілік күмәнге, күмәнға, күмәндері, күмәндары, куәден, куәдан түрінде әртүрлі жазып, қайтадан ала-құлалық орын алуы мүмкін.

Дүдәмал, дүбәра сөздері 1960, 1963, 1978 жылдары шыққан «Орфографиялық сөздікте» дүдамал, дүбара, 1988 жылдан бастап дүдәмал, дүбәра түрінде берілген. Қосымшалар барлық сөздіктерде тек жуан түрде жалғанған (1960, 1963, 1978, 1988, 2007, 2013). Қазіргі таңда дүдәмәл, дүбәрә нұсқасы да қатар қолдынылып жүр. Қосымшалар жалғауда дүдәмал, дүбәра (дүдәмалдық, дүдәмалдан, дүбәралық, т.б.) варианты дұрыс болып танылады.

Жұмақ мағынасындағы жәннат сөзі 1960 жылғы сөздікте жәннет түрінде берілген, 1963, 1978, 1988 жылдардағы сөздіктерде мүлде жоқ. 2005, 2007, 2013 жылғы сөздіктерде: жаннат, жаннаттай, жаннат жер. Қазір діни сананың қайтадан жаңғыруына байланысты бұл сөздің қолданым аясы барынша кеңіді және діни кітаптар мен баспасөз беттерінде жәннат нұсқасының қолданымы жоғары екенін байқадық.

Жоғарыдағы талдаулардан көріп отырғанымыздай, соңғы буыны ә әрпімен келетін сөздерге қосымша жалғағанда ала-құлалық пайда болады. Соңғы буын жіңішке (ә) болып тұрса да, неге қосымшалар бірізділікпен тек қана жіңішке жалғана алмайды?  Мұның басты себебін ғалымдар сөздің қосымшасыз жеке өзін алғанда, соңғы буындағы дауысты фонема өзінің негізгі реңкінде жұмсалмайтындығымен түсіндіреді. Ғалымдардың тұжырымынша, сөз соңындағы дауысты а (таңбалануы ә) бірінші буындағы тіл алды дауыстыларының әсерінен жіңішкеріп, қосымша реңке ие болады. Сол үшін де ә әрпі ә фонемасын таңбалап қана қоймай, кей позицияда а фонемасын да білдіретін қосалқы қызмет атқарады (Н.Уәлиев, А.Алдашева. Қазақ орфографиясындағы қиындықтар. 1988 ж.). Сөз аяғы жіңішке ә әрпімен таңбаланып тұрғанымен, жуан түрдегі қосымшаларды талғауының басты себебі міне, осы. Сондықтан да, ондай сөздерге бірде жуан (күнәға, күнәлары), бірде жіңішке (күнәмен, күнәсінен) қосымшалардың жалғануы қайшылық тудырмайды, қосымшалардың барлық түрін бірыңғай жіңішке немесе бірыңғай жуан жалғау шарт емес және ондай бірізділікке көнбейді. Тек алдағы шығатын «Орфографиялық сөздікте» қосымшалардың барлық түрленімі реестрде көрсетілгені дұрыс.

Гүлфар Мамырбек, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жетекші ғылыми қызметкері, Ұлттық комиссия жанынан құрылған Орфографиялық топтың мүшесі

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1935