Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Әдебиет 4552 0 пікір 19 Қараша, 2018 сағат 16:49

Барбарис. Бұрыш қосылған сүт...

Жалпы бала кезде бір нәрсенің нақты атауына немесе оның түпкі мағынасына бас ауыртып жатпаймыз ғой. Ол не тәтті, не ащы, суық я ыстық, олай жасауға болады, немесе болмайды. Осындай антоним ұғымдар. Ал ол не үшін жақсы немесе неліктен жаман–ол маңызды емес. Ал қалған ауырлау тақырыптар тек үлкендердің әңгімесі сияқты. Денсаулық деген сөз де маған солай көрінген. Тіпті, ол ұғым менің сөздік энциклопедиямда мектепке барғанша болмаған шығар. Менің денсаулық жайлы алғашқы түсінігім: суық тиіп ауыру мен одан жазылу деген тұйық етістіктерден тұратын.

Баламыз ғой. Қыс кезінде інім екеуміз ұшып-қонып ойнап жүріп, суық тигізіп алатынбыз. Негізі ауырып көрген адам болса, бұл өте қиын жағдай. Бір сәттің ішінде тамағымыз қырылдап, қақалып-жөтеліп үй ішінің мазасын қашырамыз. Содан үйдегі бас дәрігер әжем мен бас медбике анам жедел емдеу шарасын бастайды. Әжем ыстық сүтке қызыл бұрыш, май салып әкеледі. Ал анамның миссиясы – сол «таңғажайып» дәріні екі пациентке тезірек ішкізу. Өзіңіз ойлап қараңызшы, ып-ыстық әрі ап-ащы бұрыш қосылған сүт. Оны дені сау адам іше ме? Әрине, біздің сол деніміз сау еместігін пайдаланып береді емес пе?! Інім екеуміз де осал науқас емеспіз ғой, қиналып отырсақ та, барынша қиғылық салып бағамыз.  Анам бұдан ештеңе шықпасына көзі әбден жеткен соң, айлаға көшеді. Бауырым екеуміздің қолымыз жетпейтін шкафтың төбесінде тұрған қораптан екі кәмпит алып шығады. Кәдімгі қып-қызыл тәтті «Барбарис»! Біз бала болсақ та, ол сыйлықтың тегіннен-тегін берілмейтінін сәби санамызбен ұғып отырамыз, әрине. Ал қойылатын шарт қатал: кеседегі сүтті тез арада тауысу. Ал, кеттік! Сүт ішу марафоны басталсын. Қызыл бұрыш тамақты одам сайын қыздырып, ыстық сүт күйдіріп бара жатады. Бірақ "Барбарис" көзден бұлбұлдай ұшып кетпесін десең, амал жоқ тауысасың. Сосын сыйлығыңды аласың. Сонымен емдеу профилактикасының бірінші кезеңі бітіп, екіншісі басталады. Ол – қалың көрпені жамылып, тапжылмастан ұйықтау. Бұл енді біріншісіне қарағанда сәл оңайлау. «Барбаристі» баппен шайнап жатып, ұйықтау да сөз бе екен?!

Біз ауылда тұрдық қой. Дәрі-дәрмек те көп табыла бермеген шығар. Ол ем шынымен шипалы ма, әлде үлкендердің «енді жазыласың» деген сенімінің күші ме, білмеймін, біз екі-үш күннің ішінде құлындай ойнақтап шыға келетінбіз. Кейін біздің үйдегі шағын дәрі қорапшасында «Солодкого корня» деген сироп пайда болды. Жөтелсең, содан үш мезгіл бір қасықтан ішесің. Бірақ, оның дәмі тәтті. Сол үшін інім екеуміз ауырсақ та, ауырмасақ та ішіп алып жүгіріп жүретінбіз. Балалық қой.

Ес жия келе ауыра қалсақ, дәрі-дәрмекке жүгіретін болдық. Ағзамызды антибиотиктерге үйретіп алған соң ба, әлде оны баппен дайындайтын әжем болмаған соң ба, бойдағы салқын бұрынғыдай бұрыш қосылған сүттен қорықпайтын боп алды.

Есейген сайын белгілі бір ұғым, жағдайларға қатысты ақпаратың көбейіп, көзқарасың өзгере бастайды. Денсаулық жайлы да. Оны сақтау жолдары, дертке шалдықтыратын зиянды заттар т.с.с. Бұрын әлем елдерін тамақ табу мен оны дұрыс өндірудің жолы алаңдатса, қазір керісінше сол тағамдардан келетін қауіптің алдын алу мәселесі маңызды категорияға көтерілген. Адамзаттың өмір сүру деңгейі жақсарған сайын, олардың өздеріне жасалатын залалдың деңгейі артып барады. Биоқару арқылы бір адам ғана емес, бір халықтың денсаулығына нұсқан келтіру сынды жағымсыз факторлар тағы бар. Жақсы, әлемдік деңгей, ғаламдық жүйе деп бас ауыртпай-ақ, өз елімізге, өз жақындарымыздың жанына үңілсек те осындай мәселелер табылады. Баланың іштен синдроммен немесе «черепное давлениемен» туылуы, ересектердің емі табылып болмайтын сан алуан ауру түрлері шексіз, шетсіз. Әлеуметтік желіні ашып қалсаң, сәбиінің дауасын жазуға донор мен доллар іздеген ата-аналардың жан айқайын көресің. Ал ақылы емханаларға көрінетін ақшам жоқ десең, ауырмау керек.  Ауырып ем іздегеннен, ауырмайтын жол іздеу тиімді болып тұр қазір. Егер денсаулығымызға дер кезінде ден қоя білсек, әрине. Қазіргі адамзат ақылды ғой, бәрін біледі. Денсаулықты қалай күтуді, қандай тағамдар зиян, қайсысы пайдалы. Бірақ, біз «ережелер бұзу үшін жаралған» деп, көзімізді жұмып қойып, фаст-фуд пен коланы құшақтап отырамыз ғой. Бәріміз емес, ақылдының да ақылдысы бар. «Аурудың 80 пайызы бас пен аяққа салқын тигеннен» деп еді бір дәрігер. Радиода денсаулық туралы хабар боп жатқанда бір апай хабарласып «Денсаулық дегенді студент кезде құрттық қой. Бірде тоқ, бірде аш боп жүріп, асқазанды да бір жайлы қылдық. Соның зардабын тартып жүрміз» дегенде ойланып қалып едім. «Доширак» сау болсын деп жүрген біздің асқазанға құдай өзі жар болсын. Сол. Айта берсе, әңгіме көп.

Қысқасы, денсаулық сақтау деген тек бұрыш қосылған сүттен тұрмайды екен. Ал өмір «Барбарис» сияқты үнемі тәтті бола бермейді.

Әсем Құлманова

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1561
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2251
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3504