Президент стипендиясын «Президенттің пасобиясына» айналдырып жіберген жоқпыз ба?
Өткенде Президент стипендиясының биылғы иегерлерінің ұзын-сонар тізімі белгілі болды. Ақорданың баспасөз қызметі әлгі әтігөр тізімді жариялады. Оны «Abai.kz» ақпараттық порталында да бөлістік, біз. Оқырман биылғы стипендианттардың кім екенін білсін дедік. Бір қызығы бұл тізімге тамсана қарап, таң қалған ешкім болмады. Сосын біз стипендианттардың «списогын» қайта бір шолып шығуды жөн көрдік. Биылғы тізімге кімдер кірді? Олардың жас категориясы қандай? Сала бойынша қанша адам? Олар осы бір степендияға мұқтаж ба? Сан-сауалға жауап іздегеннің айыбы жоқ. Көрелік...
Ресми атауы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясы. Оны тағайындау туралы Өкімді бекітінен Президенттің өзі. Өткенде тізім жария болғанымен, сыйлықтың өзі Желтоқсанда, Тәуелсіздік күні қарсаңында табысталады.
Президент стипендиясы жыл сайын беріледі. Биыл да сол бір салттан жаңылған жоқ. Атақтарын атан түйе көтере алмайтын ылғи қайраткерлердің ұзын-сонар тізімі бекітілді. Биыл әдебиет пен мәдениет саласы бойынша бақандай 75 адам әлгі әйдік тізімге енген екен.
Енді осы жетпіс бесті жеке-жеке жазайық. Әдебиеттің ауылынан 31 адам тізімделіпті. Бұл жолы біз Президент стипендианттарының атақ-абырой, шен-шекпенін тізіп жазып жатпадық. Жас үлкендігіне қарай сапқа тұрғызып көріңіз... Мінекей:
Әбдіжәміл Нұрпейісов – 94 жаста
Шериаздан Елеукенов – 89 жаста
Мекемтас Мырзахметұлы – 88 жаста
Мыңбай Рәш – 88 жаста
Әбілфайыз Ыдырысов – 88 жаста
Уахап Қыдырханұлы – 86 жаста
Әкім Тарази – 85 жаста
Марфуға Айтқожина – 82 жаста
Қабдеш Жұмаділов – 82 жаста
Олжас Сүлейменов – 82 жаста
Әнес Сарай – 81 жаста
Мырзатай Жолдасбеков – 81 жаста
Ахмет Әшіров – 80 жаста
Сейфолла Оспан – 80 жаста
Қойшығара Салғараұлы – 79 жаста
Сәбит Досанов – 78 жаста
Кәдірбек Сегізбай – 77 жаста
Төлен Әбдікұлы – 76 жаста
Қажығали Мұханбетқалиұлы – 76 жаста
Рәпілбек Ниязбек – 75 жаста
Татьяна Фроловская – 75 жаста
Жәркен Бөдешұлы – 74 жаста
Александр Гаркавец – 71 жаста
Иранбек Оразбаев – 71 жаста
Күләш Ахметова – 72 жаста
Серік Ақсұңқар – 68 жаста
Нұртас Исабаев – 64 жаста
Толымбек Әлімбекұлы – 64 жаста
Тортай Сәдуақас – 64 жаста
Дидар Қосылбеков – 49 жаста
Бекзат Смадияр – 26 жаста.
Енді Президент стипендиясын алған өнер адамдарының өң-түріне қараңыз:
Айша Абдулина – 102 жаста
Күләш Сақиева – 98 жаста
Юрий Померанцев – 95 жаста
Арий Школьный – 92 жаста
Тамара Қосыбаева – 90 жаста
Бибігүл Төлегенова – 89 жаста
Шот-Аман Уәлихан – 86 жаста
Сәбит Оразбаев – 82 жаста
Нүкетай Мышбаева – 82 жаста
Гүльвер Разиева – 82 жаста
Бекен Имханова – 82 жаста
Асанәлі Әшімов – 81 жаста
Нұрғали Нүсіпжанов – 81 жаста
Юрий Клушкин – 81 жаста
Торғын Тасыбекова – 80 жаста
Болат Аюханов – 80 жаста
Чапай Зұлхаш – 80 жаста
Роза Әшірбекова – 80 жаста
Қабыкен Камалиев – 79 жаста
Ескендір Хасанғалиев – 78 жаста
Әмір-Темір Хусеин – 78 жаста
Есмұқан Обаев – 77 жаста
Баян Имашева – 77 жаста
Сара Тыныштығұлова – 76 жаста
Жандарбек Мәлібекұлы – 76 жаста
Базарғали Жаманбаев – 76 жаста
Кеңес Дүйсекеев – 72 жаста
Зарема Қастеева – 71 жаста
Раушан Байсейітова – 71 жаста
Шайза Ахметова – 70 жаста
Меруерт Өтекешова – 67 жаста
Дәурен Қастеев – 39 жаста
Анвара Садықовоа – 36 жаста
Мукаррам Абубахриева – 35 жаста
Самал Еслямова – 34 жаста
Оксана Давыденко – 34 жаста
Саида Қалықова – 33 жаста
Еркебұлан Дайыров – 32 жаста
Анара Әбжанова – 32 жаста
Серік Нұрмолдаев – 31 жаста
Қанат Омаров – 30 жаста
Роман Жуков – 30 жаста
Аян Өтепберген – 26 жаста
Бақтияр Адамжан – 26 жаста
Мәдениет бойынша Президент степендиасы 44 адамға берілген. 30 жасқа дейін – 2 адам, 30-40 жас аралығында – 11 адам, 40-50 жас аралығында ешкім жоқ, 50-60 жас аралығында да ешкім жоқ, 60-70 жас аралығында – 1 адам, 70-79 жас аралығында – 12 адам, 80-90 жас аралығында – 13 адам, 90-100 жас аралығында – 4 адам, 100 жастан асқан – 1 адам бар екен.
Президенттің мәдениет саласы бойынша беретін жыл сайынғы стипендиясын алатындардың ішінде мәдениет саласы бойынша 13 адам 40 жасқа дейінгілер категориясына кірген. Салыстырмалы түрде айтсақ, әдебиет бойынша бұл категорияда 1 ғана адам бар.
Барлығының өмір жолына шолу жасамасақ та, мәдениет саласы бойынша тізімді бастап тұрған Айша Абдулина жөнінде аз-кем айтайық.
Атағы дардай апа биыл 102 жаста. Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі атағын 1942 жылы, Қазақ КСР халық әртісі атағын 1958 жылы алған. КСРО-ның бірнеше наградасын, Тәуелсіз Қазақстанның бірнеше мемлекеттік сыйлығын алған. Парасат Орденін 2007 жылы кеудесіне таққан.
Абдулинаның ізін басып келе жатқан 98 жастағы Күләш Сақиева, 95 жастағы Юрий Померанцевтер, Сәбит Оразбаев пен Асанәлі Әшімовтер, Нүкетай Мышбаева мен Торғын Тасыбековалар, Ескендір Хасанғалиев пен Нұрғали Нүсіпжановтар, Шот-Аман Уәлиханов пен Жандарбек Мәлібековтер бар бұл тізімде. Көрдіңіз бе, атақтарынан ат үркетін бір-бір мастадонттар.
Әдебиет бойынша әлгі тізімдегілерді жоғарыда көрдіңіздер. Президент степендиасы 31 адамға берілген.
30 жасқа дейін – 1 адам,
30-40 жас аралығында – 0,
40-50 жас аралығында – 1 адам,
50-60 жас аралығында – 0,
60-70 жас аралығында – 4 адам,
70-79 жас аралығында – 11 адам,
80-90 жас аралығында – 13 адам,
90-100 жас аралығында – 1 адам.
Бұл тізімді 94 жастағы абыз ақсақал Әбдіжәміл Нұрпейісов бастап тұр. Айтпақшы, қарашаның 16-күні Әбдіжәміл ата Президенттің қабылдауында болған еді. Ақорданың баспасөзі ол кездесуде «отандық әдебиетті одан әрі дамытудың перспективаларын талқылады» деп жазды.
Президенттің стипендиясын алған дәулердің дәу тізімінде 89 жастағы Шериаздан Елеукенов, 88 жастағы Мекемтас Мырзахметов пен Мыңбай Рәш, Әбілфайыз Ыдырысов, 82 жастағы Марфуға апа Айтқожина мен Қабдеш Жұмаділов, Олжас Сүлейменов, олардың өкшесін басып 81 жастағы Мырзатай Жолдасбеков пен Әнес Сарайлар, 70-ті орталап қалған Жәркен Бөдешұлы, Рафаэль Ниязбек, Төлен Әбдік ақсақалдар мен 78 жастағы Сәбит Досановтар да бар.
Енді мына қызыққа қараңыз, әлгі әйдік тізімге енгендердің ішінде жасы отызға толмаған жалғыз адам бар, ол – ақын Бекзат Смадияр ғана. Тіпті, 49 жасқа дейінгі санаттан ешкім бұл тізімге енбеген екен. 49 жастағы жазушы Дидар Амантай (Қосылбеков) қосылды демесеңіз, 60 жасқа дейінгі категорияда басқа ешкім жоқ. Әрі қарай тізімді 64 жастағы ақын, зерттеуші Тортай Сәдуақасов бастайды.
Құдай оңдағанда жас ақын Бекзат Смадияр мен жазушы Дидар Амантай әлгі тізімге еніпті. Әйтпегенде, бұл тізімді өзгелер көрсе, қазақ әдебиетінде 60-қа дейінгі қаламгер жоқ екен деп ойлар еді, сөзсіз.
Тізімді кім түзіп шыққан? Қазақ әдебиетінің 60 жасқа дейінгі екі бірдей буыны неге бұл тізімде жоқ?
Жә, біз енді соңғы 3 жылдағы тізімге шолу жасайықшы. Әдебиет саласы бойынша стипендианттар кімдер?
2017 жылы әдебиет бойынша Президент стипендиясын алғандар:
Марфуға Айтқожина, Күләш Ахметова, Төлен Әбдік, Әкім Тарази, Жәркен Бөдеш, Сәбит Досанов, Шерияздан Елеукенов, Мырзатай Жолдасбеков, Нұртас Исабаев, Уақат Қыдырханұлы, Мекемтас Мырзахметов, Рафаэль Ниязбек, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Сейфолла Оспан, Мыңбай Рәш, Қойшығара Сарғалаұлы, Әнес Сарай, Олжас Сүлейменов, Әбілфайыз Ыдырысов.
Жалпы былтыр 30 қаламгер стипендиант атанған. Ол тізімде 1954 жылы туған ақын Нұртас Исабаев, 1967 жылы туған жазушы Думан Рамазан, 2004 жылы туған жас ақын Жамбыл Дүйсен бар демесеңіз, ылғи 70 жастан асқан ақсақалдар.
2016 жылы әдебиет бойынша Президент стипендиясын алғандар:
Марфуға Айтқожина, Төлен Әбдік, Әкім Тарази, Шерияздан Елеукено Мырзатай Жолдасбеков, Мекемтас Мырзахметов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Сейфолла Оспан, Мыңбай Рәш, Қойшығара Сарғалаұлы, Әнес Сарай, Олжас Сүлейменов, Уақат Қыдырханұлы, Нұртас Исабаев.
2016 жылы Президент стипендиясы әдебиет бойынша 27 адамға бұйырған.
Біз бұл жолы Президент стипендиясын қатарынан 3 жыл алған қаламгерлерді тізімдеп шықтық. Тізімдеп отырып ой түйдік. Алған атақ-шендері бір басынан артылып-жығылатын ақсақалдар осы бір азынаулақ қаржыға соншалық зәру ме?
Мысалы, Мырзатай Жолдасбековті алайық... Бір басында бес орден бар. Медальдері тағы бар. Астана қаласының Құрметті азаматы деген атағы және бар.
Марфуға Айтқожина ше? Ол кісі де атақ-даңққа кедей емес. КСРО-ның Құрмет белгісін алған, Болгарияның «Достық» медальімен марапатталған, Қазақстанның «Парасат» орденін таққан. Мемлекеттік сыйлықтың 2002 жылғы иегері. Президент стипендиясын жыл сайын тағы алады. Медальдері тағы бар. Абай атындағы ҚҰПУ-дың «құрметті проофессоры», «Еңбек ардагері» деген атағын және есепке алыңыз. 2009 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын және алған.
Әбдіжәміл ата Нұрпейісовтің шен-шекпенін, атақ-дәрежесін тізбелеп жатудың өзі әбестік болар.
Сол секілді Олжас Сүлейменов те, Әкім Тарази де, Мыңбай Рәш те тірі аңызға айналған адамдар.
Біз бұл азаматтар Президенттік степендияға лайықсыз деуден аулақпыз. Әбден лайық. Алсын да. Ақсақалдарды көзі тірісінде қадірлеп, құрметтеу әрқайсымыздың парызымыз. Десе де Президент стипендианттарының жыл сайынғы ұзын-сонар тізіміне жас буын мен орта буынның өкілдері енбейтіні көбімізді ойландырады.
Енді соған тоқталайықшы. Ақорданың ресми сайтында былтырғы жылғы стипендианттарды марапаттау туралы мақала жарияланған. Онда: «Стипендиялар жыл сайын Қазақстан Республикасының құрметтi атақтары мен мемлекеттiк марапаттарына ие болған шығармашылық өкілдері мен мәдениет қайраткерлеріне, сондай-ақ Қазақстанның мәдениетін қалыптастыруға, сақтауға және дамытуға қосқан үлесі үшін айрықша дарынды шығармашыл жастарға мемлекеттік қолдау көрсету мақсатымен берiледi», деп жазылыпты.
Президент стипендиясы атақ-дәрежесі бар азаматтарға ғана емес, дарынды жастарға да берілетіні жазылған. Шын мәнінде солай ма?
Әдебиет бойынша 26 жастағы Бекзат Смадияр мен 49 жастағы Дидар Амантайды айтпағанда, 64 жастан асқан, ақсақалы 94 жастағы Әбдіжәміл Нұрпейісовпен аяқталатын тізімнен жас дейтіндей жасты көрмедік. Жастар түгілі орта буын өкілдері жоқ ол тізімде. 64-тен асқан, 70-ке жақындағын 4 адам, 70-79 жас аралығында – 11 адам, 80-90 жас аралығында – 13 адам, 90-100 жас аралығында – 1 адам бар.
Сонда әлгі айтып отырған дарынды жастар қайда? Жоқ па? Егер жоқ болса 25 пен 30 жас, 30 бен 40 жас, 40 пен 50 жас, 50 мен 60 жастағы төрт буынның өкілдерін түгел жоққа шығаруға тура келеді. Олай жасауға сірә болмайды. Қазіргі әдебиетті жасап отырған басқа-басқа емес, нақ осы буын. Бұл буынды жоққа шығару – ертеңгі әдебиетті өлтірумен пара-пар дүние.
Жақсы, бұл біз айтып отырған буын мемлекеттің «диктовкасына» тәуелсіз, еркін қалам иегерлері болды, сондықтан тізімге енбеді делік. Жақсы, жаңағы сыйлықты жыл сайынғы тізімде жүрген әдебиетіміз бен мәдениетіміздің абыз ақсақалдарына Президенттің ерекше көмегі, қаламақысы болсын делік.
Биылғы жылғы тізімдікке есім-сойы енгендерді екі сала бойынша бөліп көрсеттік. Мәдениет саласы бойынша 40 жасқа дейінгі 13 адам алыпты. Дұрыс-ақ, ал әдебиет бойынша ше? Әдебиеттегі Кеңестік кезеңнен қалыптасып қалған геронтократиялық жүйе жас қаламгерлерге жол бермей келе жатқан жоқ па? Бұл стипендия жас қаламгерлерді де қолдау үшін берілмейтін бе еді? Жоқ, әлде ақсақалдарға құрмет үшін берілетін дүние ме?
Олай болса, жоғарыдағы сыйлықты «стипендия» дегеннен гөрі «Президенттің пасобиясы» десек дұрыс болар еді.
Сіз не дейсіз?
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz