Жексенбі, 16 Желтоқсан 2018
Әне, көрдің бе? 1306 8 пікір 5 Желтоқсан, 2018 сағат 09:27

"Тәуелсіздік" пен "егемендік" емес, азаттық алдық...

Біз тәуелсіздік алдық деп қысы-жазы, күндіз-түні ұлан-асыр той жасаумен келеміз. Шынымен тәуелсіздік алдық па, алмадық па десең, көшедегі жай қазақтан да «не оттап тұрсың?» деген сөгіс естуің әбден мүмкін. Әділіне келсек, азаттық алдық деуіміз керек еді. Ресейдің құлдық қамытын мойнынан шешкісі келмейтін итаршылар мен орысқа «күшігінен таланып қалған кейбір үргедек сорлы ақсақалдар азаттық деуге қорқып, біресе «егемендік», біресе «тәуелсіздік» деген сөздерді қалыптастырды.

Жарайды «егесіне келісейік», ал «мендік» деген не? «Егемен» дегені де келісіп тұрған жоқ. Құрысыншы, оның бәрін қоя тұрайық. Ал  "Ресейден  азаттық алдық" деп сол елдің атын неге ешқашан қосып айтпаймыз? Оның орнына баяғыда жойылып кеткен жоңғарды, сосын өзбекті, арабты, түрікті, парсыны жамандайтын керауыздар көбейді. Оларға қазақтың жер-суын, қазба байлығын тонап, тілін шұп-шұбар алапес тілге айналдырған, ұрлық-қарлықты, қыз зорлауды, арақ ішіп темекі шегуді, әкеге – ұлды, анаға – қызды  қарсы сөйлеуді үйреткен, әлі де жеріңді, суыңды, топырағыңды ауаңды улап, радиоактивті қалдықтарын Ресейден жер таппағандай Қазақстанға әкеп  көміп, «Протондарын», басқа да зымырандарын құлатып, сәбилеріңді адам естімеген кеселдерге душар етіп жатқан өзбек пе, араб па, түрік па десең де сөзге тоқтамайды.

Бұл біздің ұлтымыздың орысқұл, орысқұмар, мәңгүрт ұлтқа айналғанының ең басты белгісі. Бұндай ұлттық санасыздықтан арылып, жерімізді қай ел, қай ұлт тонағанын балаларымызға оқытайық,  тілімізді бүлдірген  ұлттың тілінен тазартайық деген бір ауыз сөз жоқ.

Мүмкін мына төмендегі деректерге тереңірек үңілсек ұлттық санамыз аз да болса оянатын шығар. Ал қараңыз:

Ресейге кеткен жер мен мекендер:

Астрахань (Хажы Тархан) – 1556 ж.

Саратов (Сарытау), Омбы, Тобыл, Нарын

Үлбі (Ульба), Бұқтырма – 1839 ж.

Алтай өлкесі (Алтайский край) – 1920 ж.

Орынбор және оның айналасы – 1924 ж.

Орск (Жаманқала) – 1924 ж.

Соль Илецк (Елек) – 1840 ж.

Байқоңыр ғарыш айлағы –1994-2050 ж.

Семей, Ембі, Нарын, Капустин  Яр, Азғыр полигондары.

Қостанай облысының Жангелдин ауданындағы – 75 000-га жер – 2017 жыл.

Міне, осының бәрін беріп те, көріп те отырып қазекемдер «Елімізде тыныштық», «Орыс біздің досымыз», «украиндар оңбағандар»  дейді. Ал қазақты конфискелеу, жер аудару, қолдан ашаршылық жасау, халық жауы деп, қожа-молда  деп қыру сияқты қырғындар ше? Кімнің дос, кімнің қас екенін, дос болмаса да жеріңді, тіліңді, сәбилеріңнің санасын кім улап отырғанын түсінетін уақытың әлі келген жоқ па, қазеке?

Мырзан Кенжебай, ақын 

Abai.kz

8 пікір