Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 7098 0 пікір 27 Сәуір, 2011 сағат 05:08

Жанболат Мамай. Ол кімдерге, не үшін керек болды екен?

«Бүркеншiк атпен кейбiр сайттарда жарияланған төмендегi мақаланы және оған жауапты назарларыңызға ұсынамыз. Төрелiгiн өздерiңiз айтыңыздар, қадiрлi оқырман» деп жазады «Жас Алаш» газеті өзінің 26 сәуірдегі 32-ші жарияланымында. . (ОЛ КIМДЕРГЕ, НЕ ҮШIН КЕРЕК БОЛДЫ ЕКЕН? «Жас Алаш» №32 (15594) 26 сәуір, сейсенбі 2011) Біз де «бүркеншек атпен кейбір сайттарда жарияланған» мақала мен оған берілген жауапты қатар ұсынып, қадірлі оқырманның талқысына салғанды жөн көрдік.

«Абай-ақпарат»

ЖАҢА ЕФРЕЙТОР?

«Бүркеншiк атпен кейбiр сайттарда жарияланған төмендегi мақаланы және оған жауапты назарларыңызға ұсынамыз. Төрелiгiн өздерiңiз айтыңыздар, қадiрлi оқырман» деп жазады «Жас Алаш» газеті өзінің 26 сәуірдегі 32-ші жарияланымында. . (ОЛ КIМДЕРГЕ, НЕ ҮШIН КЕРЕК БОЛДЫ ЕКЕН? «Жас Алаш» №32 (15594) 26 сәуір, сейсенбі 2011) Біз де «бүркеншек атпен кейбір сайттарда жарияланған» мақала мен оған берілген жауапты қатар ұсынып, қадірлі оқырманның талқысына салғанды жөн көрдік.

«Абай-ақпарат»

ЖАҢА ЕФРЕЙТОР?

Жанболат Мамайдың қазақ қоғамын дүрлiктiрiп келе жатқанына үш-төрт жыл болды. Ол туралы қысқаша ақпарат келтiре кетейiк: "Жас Алаш" газетiнiң тiлшiсi, "Рух пен тiл" жастар клубының және "Қазақ журналистерi клубының" жетекшiсi, "Азат" ЖСДП төралқа мүшесi. Елдегi бiрқатар саясаткерлер Мамайды "болашағы зор жас саясаткерге" балайды. Мойындау керек, ешкiм де мәңгi емес, кәрiлер күндердiң күнiнде жастарға орындарын босатуға мәжбүр болады. Сондықтан да қоғамда белсендi жастардың бар екенi қуантады, әрине. Тек бiр ой бiзге маза бермейдi: Қазақ қоғамы мен жалпы Қазақстанға Ж.Мамай не бередi? Елдi гүлдендiре ме, әлде құлдырата ма? Мәселе осында. Бiреулер бұл сұрақ тым үлкен ауқымда қойылған жоқ па деп сауал қоюы мүмкiн. Менiң жауабым - жоқ. Белгiлi журналист, қалыптасқан саяси қайраткерге айналған Мамайдың жарқын келешегi жайында Болат Әбiлевтiң өзi "аузының суы құрығанша" айтады.

Осыдан бiрнеше жыл бұрын "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының жетекшiсi Бақытжан Төреғожина алматылық студенттер үшiн танымдық семинарлар мен конференциялар өткiздi. Сондай жиындардың бiрiне ол студенттерге лекция оқу үшiн "Жас Алаш" газетiнiң журналисi, "Рух пен тiл" клубының жетекшiсi Жанболат Мамайды шақырады. Ол жас мемлекеттiң тұтастығын сақтау үшiн қоғамның ынтымақта болуы керек екенiн, ол үшiн әрбiр Қазақстан азаматы қазақ тiлiн бiлiп, қазақ тiлiнде сөйлеуi қажет екенiн алға тартты. Әдеттегiдей өз сөзiн тарих беттерiндегi мысалдармен бекiттi.

Оның орыс тiлiнде оқыған дәрiсi бiр қарағанда сенiмдi, терең әрi патриоттық болып көрiндi. Алайда тыңдармандардың арасында тарих факультетiнiң студенттерi бар болып шықты. Олар Ж.Мамайдың тарихи деректердi бұрмалап, қателiктер жiбергенiн байқап, онысын бiрден бетiне айтты. "Тарих бiлгiрi" бұл сөздерден кейiн бiрден ашулы күйге түсiп, оны түзеткен студенттердiң өздерiн кiнәлау сарынына көштi. "Ал сен қазақша оқи аласың ба?", "Ал сен?". Студенттер мәселе қазақ тiлiнде емес, тарихта екенiн түсiндiрмекшi болғаны сол едi, қаһарланған Жанболат Мамай олардың аузын ашқызбай, өзiнiң сөзiн жоққа шығаруға мүмкiндiк бермей, жастардың өздерiн "кiнәлi" сезiндiрiп бiрақ тынды. Бiраз үнсiздiктен кейiн орыс ұлтының қызы университеттi бiтiрiп жатқанын, бiрақ, әлi де мемлекеттiк тiлдi толық меңгермегенiн айтып, қазақ тiлiндегi бiлiмiн тереңдету үшiн "Рух пен тiл" клубына қабыл­дау­ды сұрады. Жанболат Мамай қыздың бұл өтiнiшiн естiмеген сыңай танытты, "жоқ" немесе "иә" деп те айтпады. Ашу үстiнде көңiл-күйiн бұзуға батылы жеткен студенттерге деген үлкен өшпендiлiкпен оларға қаһарлы көзқарас тастады. Оның терең көзқарасының түбiнде ашу-ыза жалыны ойнап тұрды. Мен көпке дейiн дәл осы көзқарасты қайдан көргенiмдi есiме түсiре алмай жүрдiм. Кейiннен есiме түстi. Көз алдыма отызыншы жылдары түсiрiлген ефрейтор Адольф Гитлердiң ұлттық-социалистiк партия сьезiнде сөз сөйлеп жатқандағы суретi келдi. Сол кезде оның көзқарасы да дәл осындай ыза жалындарын атқылап тұрған едi. Бiреулер бұл теңеудi асыра сiлтеу деп айтуы мүмкiн. Бiрақ бұл жерде Мамай мен Гитлер тұлғаларының деңгейi емес, барлық елдердiң шовинист көсемдерiне тән қасиеттер анық көрiнедi. Бұл ең әуелi басқа ұлттарға деген төзiмнiң жоқтығы. Ж.Мамай сияқты қазақ ұлтшылдарында басқа ұлттарға деген жеккөрiнiш сезiмi, төзiмсiздiк бар. Бiрақ бұлар ондай ойын жасырғысы келедi. Алайда өзiнiң пiкiрiне қарсы шыққан адам табылса, Ж.Мамай бұл сезiмiн жасыра алмайды. Ондайларды қас жауындай көрiп, шабуыл жасайды. Оның әр сөзi өзiнiң пiкiрiнен өзге ойдағы адамға деген төзiмсiздiк пен сөзiн жоққа шығаруға тырысқандарға деген өшпендiлiкпен айтылады. Қазiр ол "қарапайым" билiкке қанағаттануға мәжбүр. "Жас Алаш" газетiнiң бас редакторы Рысбек Сәрсенбайдың сенiмiне берiк кiрiп алған. Газетте Ж.Мамай ойына келгенiн жазуда. Естерiңiзде болса, екi жыл бұрын ЖСДП пленум өткiзiп, "Азат"-қа қосылудың мүмкiн еместiгiн мәлiмдеген болатын. Оған жауап ретiнде Ж.Мамай "Жас Алаштың" бетiнде Жармахан Тұяқбайды қазақ мүдесiн сатты деп айыптап, оны ұлт сатқыны ретiнде сынап мақала жариялады. Қалыптасқан жағдайды бұрмалағаны былай тұрсын, ол қазақ салтының өзiн аяқасты етiп, үлкенге құрмет көрсетпедi де.

Оның мақаласында "мен билiкке келгенде әлi көресiң!" деген өшпендiлiк сезiледi. Өзiнiң бар өшi мен кегiн сыртқа шығаратын "жұлдызды сәтiнiң" жақын қалғанын ескертедi. "Жас Алаш" газетiнiң ықпалынан ыққандары ма, әлде мiнезi бiртүрлi ақын Мұхтар Шахановтың қолдауы ма, әлде партия электоратын кеңейту үшiн ұлтшылдарға да мiнбер беру саясаты ма, не әсер еткенi белгiсiз, бiрақ "Азат" пен ЖСДП басшылары қос партияның бiрiгу съезiнде Ж.Мамайды президиум­ға қабылдап қана қоймай, оған арнайы сөз бердi. Партия делегаттарына арналған құттықтау сөзiнде ол тағы да ұлттық бағытты ұстану керек екенiн қайталап, партияға өз пiкiрiн таңуға тырысты.

Таяуда Ж.Мамай "Жас Алаш" газетiнде Айдос Сарым мен Нұрлан Ерiмбетовтi қаралап мақала жариялады. Олардың бар кiнәсi - президент сайлауын қадағалау жөнiндегi қоғамдық комиссия құрып, сайлауды заңдастырғаны. Бiрақ комиссия тек сылтау ғана. Бұл саясаттанушылар Мамайдың және Шахановтың әсiреұлтшылдық бағытын қолдамайды. Олар қазақ ұлтының басына не түрлi нәубеттердiң келгенiн, ұлттың әлi де шешiлмеген мәселелерiнiң көп екенiн түсiнгенiмен, қазақты өзге ұлттардан артық қоюға, оған ерекше мәртебе беруге қарсы. Себебi, мұның соңы азаматтық соғысқа немесе фашизмге алып келерiн түсiнедi. Алайда М.Шаханов пен Ж.Мамай бастаған ұлтшылдар тобының арманы - қазақ тiлiн меңгерген, қазақ салтымен өмiр сүретiн азаматтар­ға мемлекетте ерекше, айрықша мәртебе беру. Олардың айтып жүрген "титулды ұлт" туралы идеясы Қазақстанның әлемдiк интеграциялануына бағытталған "қазақстандық ұлт", "үш тұғырлы тiл" сынды саясатына кереғар. Шын мәнiнде, төлқұжатта "қазақстандық" деп тұратын болса, қазақ ұлты одан еш ұтылмайды. Себебi, "қазақстандық" сөзiнiң түбiрi - "қазақ", "орыс" емес. Ал басқа тiлдердi меңгеруге келер болсақ, мемлекеттiк тiлмен қатар өзге тiлдердi де меңгеру жоғары мәдениеттiң белгiсi болып табылады. Бұл адамның мүмкiндiктерiн арттырады.

Алайда көпшiлiк Ж.Мамай мен оған қолдау көрсетушi М.Шахановтың шынайы пиғылын ажырата алмай қалады. Олар бүгiнгi жағдайды, өздерiнiң iсiнiң дұрыс емес екенiн түсiнгенiмен, өз дегендерiнен таймайды. Олар ұлтаралық достықты шайқалту арқылы билiктен орын алуды көздейдi. Олардың қазақ қоғамына және жастарына ықпал етушi қауiптi ойындары қандай салдар­ға алып келуi мүмкiн деген ойға жетелейдi. Отызыншы жылдардағы Германия мен тоқсаныншы жылдардағы Югославияны мысалға келтiруге болады. Бiз болашақты М.Шахановпен емес, Ж.Мамаймен байланыстырып отырғанымыздың себебiн түсiндiре өтейiк. Шаханов әрi кетсе, саяси сахнада ендi 10 жыл болар. Содан соң өзi қаласа да, қаламаса да, орнын Ж.Мамайға қалдыруға мәжбүр болады. Сол кезде елiмiзде алапат қақтығыстар болуы да бек мүмкiн. Бұған қоғамда объективтi және субъективтi белгiлер бар екенiн жоққа шығаруға болмайды...

Немiс ұлты әлi күнге дейiн сайлаушылар санасын ұлтшылдық идеялармен жаулап, билiкке келген Ефрейтордың басқаруының зиянды салдарын тартып отыр. Тарих сабақтарын еске ала отырып, "Жас Алаш" газетiнiң бас редакторы Рысбек Сәрсенбай, өзiн ұлы гуманист санайтын ақын Мұхтар Шаханов, "Азат" партиясының жетекшiсi Болат Әбiлев Ж.Мамайдың асқан амбициясын қолдай отырып, өз iстерiнiң қандай салдарға алып келерiн түсiне ме екен?

 

ҰЛТЫН СҮЙГЕНДIК - ҚЫЛМЫС ЕМЕС

Бiздiң пайымдауымызша, бұл мақаланың шынайы авторы бүкiл табиғатымен, бiтiм-болмысымен орыстанған космополит, қазақ тiлiнде екi ауыз сөздiң басын қоса алмайтын Айгүл Омарова болса керек. Қазақтың ұлтжанды тұлғаларын, тiл, ел үшiн аянбай еңбек етiп жүрген азаматарын қаралайтын мақаланы А.Омарова "Spik.kz", "Nomad.su", "Centr­asia.ru" тәрiздi сайттарда жария­­лаған. Жұртшылықтың сөзiне қарағанда, бұл сайттар Ұлттық қауiпсiздiк қызметiне тиесiлi көрiнедi.

Автордың айтуынша, әлдебiр семинарда бiз өзiмiздi әсiре­ұлтшыл, тiптi фашист ретiнде танытқан екенбiз. Қазақ тiлiн үйренгiсi келетiндерге дөрекi жауап берiп, тарихи фактiлерден қате жiбергенiмiздi мәлiмдеген. Омарованың айтып тұрғаны - нағыз өтiрiк. Бұл семинар (5-6 адам қатысқан) 2008 жылы қаңтар айында өткен едi. Ол кезде бiз "Жас Алаштың" қызметкерi болған жоқпыз және олай таныстырылмадық та. Ал "Рух пен тiл" жастар клубының құрылғанына небәрi 3-4 айдың жүзi болған едi. Аты көпшiлiкке бейтаныс ұйым болды ол кезде. Ұйымдастырушылар бiзге осы клубтың жұмысы, мақсат-мiндетi жайында айтып берудi сұрады. "Рух пен тiл" клубы қазақ жастарымен қоян-қолтық жұмыс iстеу, қоғамдық-саяси, әдеби-мәдени тақырыптарда пiкiрталастар ұйымдастыру және азаматтық ұстанымды бiлдiру мақсатында құрылғанын баяндадық. Мұхтар Шаханов құрған "Халық рухы" партиясының бағыт-бағдарын қолдайтынымызды да жеткiздiк. Ұлттық мақсат-мүдденi, тiлдiк проблемаларды қозғаған бiздiң пiкiрiмiз Айгүл Омарованың шамына қатты тидi. "Сiздер ұлтшылсыздар! Бұл - өте қатерлi бағыт. Мұндай ұйымды құрудың қажетi қанша? Егер Мұхтар Шаханов және сiз сияқтылар билiкке келсе, онда елде анархия орнайды, соғыс болады. Тiлдi бiлудiң қандай қажеттiлiгi бар? Бәрiмiз орысша сөйлеймiз. Бiр-бiрiмiздi түсiнемiз. Бұдан артық не керек? "Қазақстандық ұлтқа" қарсы шығуды да тоқтатыңыз. Оның несi жаман? Бәрiмiз теңбiз, бiрдей­мiз. Бiр ұлт боламыз. АҚШ-қа, Швейцарияға, Канада мен Австралияға қараңыз. Үш тұғырлы тiлдi де қолдау керек. Бiр ғана қазақ тiлiн бiлсек, құрдымға кетемiз", - деп қатты буырқанды А.Омарова. Бiз бұл пiкiрге қарсы екенiмiздi бiлдiр­дiк. "Сiздiң өзiңiз, Айгүл, қазақша бiлесiз бе?" деп сұрақ қойдық. "Жоқ, маған мұның қажетi де жоқ" деген сыңайдағы жауап қатты. Осыдан соң бiз Қазақстанды АҚШ-пен, Канадамен және өзi атаған басқа да елдермен салыс­тыруға болмайтынын түсiндiр­дiк. "Қазақстандық ұлт" пен "үш тұғырлы тiл" идеясына наразы екенiмiздi де ашық бiлдiрдiк. "Бiзде мемлекеттiк тiл бар. Ол - қазақ тiлi. Оны елдегi барлық азаматтар бiлуi тиiс. Ал орыс тiлi мен ағылшын тiлiн мемлекеттiк тiлмен қатар қойып, оған қосақтаудың қандай қажетi бар? Егер бұл тiлдер керек болса, оны азаматтардың өздерi де үйренедi. Айталық, бiз қазақ, орыс және ағылшын тiлдерiнде еркiн сөй­леймiз. Себебi, ол тiлдердiң бiзге қажетi бар деп санаймыз. Ол - бiздiң жеке ұстанымымыз. Ал басқа азаматтар өздерiне орыс және ағылшын тiлдерi керексiз деп шешсе, онда бiз оларды неге бұл тiлдердi үйренуге мәжбүрлеуiмiз керек? Бiзде барлығы үйренуге мiндеттi тiл - қазақ тiлi. Оның мемлекеттiк тiл мәртебесi бар себебi. Айталық, Франция мен Ұлыбританияны алыңыз. Француздар өздерiнiң мемлекеттiк тiлiмен қатар араб, түрiк, немiс, ағылшын тiлiн бiлуi мүмкiн, бiрақ олар "пәленбай тұғырлы тiл" қажет дегендi айтпайды. Британдықтар да солай. Бiзде де солай болуы тиiс. Өрке­ниеттiң және заңның жолы осы", - деп өз пiкiрiмiздi айттық. Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университе­тiнде оқитын бiр орыс қызының "қазақ тiлiн үйренгiсi келетiнiн, бiрақ мұның тегiн болуын қалайтынын" айтқаны рас. Бiздiң тiл үйрету курстарын ашуға қаржылық, интеллектуалдық және инфрақұрылымдық мүмкiндiгi­мiздiң жоқтығын түсiндiрдiк. Тiл үйренудiң тегiн (мемлекеттiк тiл үйрету орталықтары) және ақылы курстары бар екенiн айттық. Оған "қазақ тiлiн үйрене салайын" деген салғырт көзқарастан арылып, мемле­кеттiк тiлдi меңгеруге бар ынта-ықыласпен кiрiсудi ұсындық. Айталық, азаматтар шет тiлдердi қалай үйренсе, мемлекеттiк тiлдi де сондай ықыласпен үйренуге ұмтылуы қажеттiгiн айттық.

Ұлттық, тiлдiк мәселелердi қозғаған осындай ойлар Айгүл Омарова тәрiздi космополиттiк бағыттағы көзқарас иесiне жақпаған тәрiздi. Бiр кездерi шағын алаңда айтылған ұлттық мақсат-мүдденi қорғауды көздейтiн ой-көзқарасты қазiр республикалық деңгейде айтып жүрмiз. Ұлтсыздандыру, рухсыздандыру әрi ұлтты жою саясатын қолдайтын, қазақты құрдымға кетiрудi көздейтiн топтың шамына қатты тиiп жүрсе керек бұл.

Егер "омаровалардың" қисынына салсақ, ұлттық, елдiк мүдденi қорғау, қазақ ұлтына қатысты iрi-iрi мәселелердi көтеру - "фашизммен" парапар қылмыс. Олай болса, әлемдегi барлық өркениеттi елдердi "фашис­тiк" идеологияның мұрагерлерi деп атауға болады! Бұл қатарға Францияны, Германияны, Түркияны, Балтық жағалауы елдерiн, Украинаны, Белорусьтi, алысқа бармай-ақ Өзбекстан, Түрiк­менстан, Тәжiкстан тәрiздi мемлекеттердiң барлығын жат­қызайық бұдан былай. Неге десеңiз, бұлардың барлығы да мемлекетқұрушы ұлттың мақсат-мүддесiн басқалардан әлдеқайда жоғары қояды. Олардың азаматтығын алғың келе ме - мемлекеттiк тiлдi үйренуге мiндеттiсiң. "Үш тұғырлы тiл", "төрт тiлдi қоғам" тәрiздi идеяларды бұл елде ешкiм де қабылдамайды. Мемлекетқұрушы ұлты бар елдерде ешкiм де АҚШ-тың, Канаданың, Швейцарияның мысалын келтiрiп әлек болмайды! Бұл елдi, жұртты ақымақ ету ғана емес, оны ашық арандату, қоғамда жiк туғызу.

Егер бiздiң айтып жүргенiмiз, ұлттық, тiлдiк мәселелердi көтергенiмiз "фашизмдi аңсау" болса, онда Омарова бастаған "космополиттiк" топқа көршi Ресейге көшудi ұсынамыз. Қазақстанда мемлекеттiк тiлге, өзiнiң туған ана тiлiне мұрын шүйiре қарап, оған менсiнбеушiлiк танытса да, Ресей орыстары оны құшақ жая қарсы алмайтыны айқын. Ол жүз жерден орыс мүд­десiн қорғап, жан-тәнiмен орыс болуға ұмтылса да, оны орыстар орыс ретiнде ешқашан қабылдамайды. Фашизм мен шовинизмнiң не екенiн сонда түсiнер едi. Ұлты орыс болмағаны үшiн Ресей әсiре ұлтшылдарының көшеде, алаңдарда адамдарды соққыға жығып, оларды өлтiрiп жатқанын да көрiп жүрмiз.

Нұрлан мен Айдосты ақтап-жақтап, қорғаштағанына қарағанда, Айгүлдiң басқа да ойы бар сияқты. Мамайдың "қарсыластары" тарапынан өзiме қолдау табармын деген есек дәме болуы да мүмкiн. Ең бастысы, Айгүл Омарова Нұрлан Ерiмбетов пен Айдос Сарымға қатысты айтқан сынымызды қабылдап, оның дұрыстығын өзi де мойындайды. Билiктiң тiкелей нұсқауымен сайлауды бақылау жөнiндегi қоғамдық комиссия құрған ерiмбетов­тердiң басты мақсаты - заңсыз әрi конституцияға қайшы келетiн президент сайлауына демократиялық реңк беру, оны заңдастыру тетiгiнiң бiрi екенiн атап көрсеткен едiк. Омарова да комиссияның сайлауды "заңдастыру" үшiн құрылғанын айтты. Ал бұл азаматтарды ұлттық мәселе төңiрегiндегi көзқарастарымыздың қайшылығы үшiн сын садағына алдық деу - түк түсiнбейтiн адамның негiзсiз әрi дәйексiз пiкiрi. Космополиттiк жағынан алғанда, Омароваға "туыстығы" бар Ерiмбетовтiң ұлтқа қарсы айтқан пiкiрлерiне тойтарысты ол қоғамдық комиссияны құрмай-ақ берiп жүрдiк. Ал "ұлтшыл" болмай қалуына байланысты А.Сарымды сынаған ешкiм де жоқ. Сынасақ, бүгiнгi қоғамдағы екiжүздiлiктi, сатқындықты, саяси тайғанақтықты айттық. Олардың шамына тиюдi, ел-жұрттың алдында абырой-беделiн түсi­рудi мақсат етпедiк. Қоғамдық комиссияны құрғанда-ақ оларға ашық хат жолдап, өткiр тақырыптарды алдына қойдық. Жауап берсе, әдiл уәжге бiз де тоқтаймыз.

"Егер ұлтшылдар өз ұстанымынан қайтпаса, бұл елдi апатқа алып келуi мүмкiн" деген қорытынды жасапты "омаровалар". Бiз өз ұстанымымыздан қайтпаймыз. Қайта керiсiнше, егер ұлтсыз­дан­ған космополиттер, бiтiм-болмысымен орыстанған "омароваларға" ақыл кiрiп, өз ойынан қайтпаса, бұл олардың өздерiн тығырыққа тiрейдi. Халықтың ұлттық сана-сезiмi, намыс-жiгерi күннен-күнге оянып келедi. Елге жаны ашитын да, келешектi ойлайтын да қазақ жастарының қатары көбейiп келедi. Мемле­кеттiң тұтқасы да, оның тiрегi де - мемлекетқұрушы ұлт. Бүгiн, бүгiн болмаса ертең, оның ұлттық сезiмi сiлкiнерi хақ. Бұл - ақиқат. "Бiз бәрiнен жоғарымыз! Бәрiнен үстембiз!" деп сiлкiн­бейдi, өзiне тиесiлi, өзiне қа­жеттi, табиғи әрi заңды дүниенi та­лап етiп көтерiледi. Мем­лекеттiк тiлдi сыйлауды, ұлтты қадiр тұтуды, халықтың дәулетi мен байлығын талан-таражға түсiрмеудi талап етедi. Бiз осы күндi жақындату үшiн еңбек етемiз. Соған ұмтыламыз. Қазақстанда кiм қазақ ұлтымен, хал­қымен бiрге болса, сол ғана жеңiске жетедi, биiкке көтерiле­дi. Өзiн-өзi сыйлайтын барлық елдерде мемлекетқұрушы ұлттың мақсат-мүддесi алдымен еске­рiледi. Бұл күн бiзге де келедi. Омарова тәрiздi "космополиттiк" топтар мұны мойындайтын күн де туар. Құдайға шүкiр, бүгiн заман басқа. Егер 1937-жылдар болса, "омаровалар" бiздердi "фашистер" ретiнде "халық жа­уы" жасап, атқызып жiберер ме едi?

Жанболат МАМАЙ

"Жас Алаш" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5562