Шекара және Елбасы
Бүгінде мемлекеттік шекараның жалпы ұзындығы, Каспий теңізіндегі шекараны есептемегенде, 13500 километрге созылып жатыр. Солтүстігінде Ресей Федерациясымен, оңтүстігінде Түркіменстан, Өзбекстан және Қырғызстан республикаларымен, шығысында Қытаймен шектеседi. Тарихи қысқа мерзім ішінде еліміз аталған мемлекеттермен арадағы шекараны межелеп, іргесін бекітті. Шекараның халықаралық деңгейде танылуы — Қазақстанның мызғымастығының кепілі. Сол шекараны шегендеуде әлем қауымдастығынан кепілдік іздеген Елбасының орны қашанда ерекше.
Осыдан жиырма жыл бұрын ел тәуелсіздігін жариялаған тұста іргелес көршілермен мемлекеттік шекараны айқындап, бекіту ұзақ уақытқа созылды. «Біз үшін Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтаудан маңызды міндет жоқ» деген Президент тұтастығымызды қамтамасыз ету үшін шын мәнінде орасан жұмыстар атқарып, халықаралық қауымдастықты мойындатты. Жиырма жылдың ішінде бүкіл шекарамыз – тату көршілік пен ынтымақтастықтың шекарасы деп айтылуы бекер емес.
Күрмеуі қиын мәселе еді
Азаттықтың ақ таңы атқаннан кейін шекара түйткіліне қатысты екі мәселе болды. Оның біріншісі – тарихи мұрагерлік құқығы бойынша Кеңес Одағы құрамындағы Қазақ КСР-інің қолда бар аумағын жаңадан, халықаралық дәрежеде делимитациялап, бекіту. Екіншісі – үрдіс барысында туындаған мәселелерді бейбіт жолмен шешу.
Мемлекеттік шекараны анықтау шаралары 1992 жылдан басталып, 2005 жылға дейін басты үш бағыт бойынша жүргізілді.
Қытаймен шекаралық мәселелерді реттеу 1992 жылы қолға алынды. Екі ел арасындағы шекараларды делимитациялау туралы келіссөздердің қорытындысы ретінде бес халықаралық келісімшарт жасалды. Онда Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара сызығы нақтыланып, арнаулы сипаттама жасалды. Жұмыстары аяқталғаннан кейін тараптар шекараны демаркациялауға кірісті. 2002 жылдың мамырында қол қойған Қазақстан–Қытай мемлекеттік шекарасын демаркациялау туралы хаттамада оның ұзындығы 1782 шақырым деп көрсетілді. Осылайша, жүздеген жылдар бойы мойындалмай келген біздің территориялық тұтастығымызды шығыстағы көршіміз мойындады, келісімге келді. Қытаймен шекаралас он бес мемлекеттің ішінде Қытай үкіметінің келісімімен толықтай шекара мәселесін тиянақтап алған жалғыз мемлекет болса, ол – Қазақстан.
Кеңес Одағы кезінде одақтас республикалардың арасындағы шекара ішкі әкімшілік-аумақтық шекара ретінде белгіленіп, тек карталарда ғана көрсетілетін. Шекара бойында ешбір бөлу сызығы болмаған.1999 жылдың қыркүйек айында Қырғыстан, Ресей, Түркіменстан және Өзбекстан республикасымен арадағы мемлекеттік шекараны делимитациялау жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды. Комиссия жұмысының нәтижесінде бұл мәселелер толығымен реттеліп, шешімін тапты. Қырғызстанмен шекара 1242 шақырымды, Түркіменстанмен – 426, ал Өзбекстанмен 2351 шақырымды құрады.
Ең ұзын шекара
Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара әлемдегі құрылықпен үздіксіз жүретін ең ұзын шекара. Оның жалпы ұзындығы — 7591 шақырым. Шекара бойын делимитациялау Каспий теңізінің жағасынан басталып, Еділ өзенінің шығысы бойын жағалай, Сарыарқа мен Сібір жазығының ортасын көктей өтіп, Қазақстан, Ресей, Қытай іргелері түйісетін тұста, Алтай тауының ең биік жоталарына жете аяқталады. Мемлекеттік шекара туралы екі ел арасындағы алғашқы хаттама 1998 жылы ресімделді. Екі ел Президенттері 2005 жылдың қаңтарында «Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы» келісімге қол қойды. Бұл еліміздің мемлекеттік аумағын бекіту бойынша маңызды қадам еді. Осылайша, Қазақстан – Ресей мемлекеттік шекарасын халықаралық құқықтық тұрғыдан ресімдеу үрдісіне ең басты нүкте қойылды.
Аумақ тұтастығы айқын ел
Ел ағаларының он жыл ішінде елдің шебін белгілеп, іргесін бекіту бағытындағы атқарған жұмыстарының ең басты нәтижесі ретінде болашақ ұрпаққа халықаралық құқық нормаларымен қорғалған, бейбіт әрі тұрақты шекараны қалдыратынын атап өткен жөн. Бүгінде мемлекеттік шекараны нығайту жұмыстарымен бірге еліміздің аумақтық тұтастығының мызғымастығын қамтамасыз ету міндеті абыроймен атқарылды. Ұлттық қауіпсіздігіміз бен алдағы талай мыңжылдықтарға жалғасатын тұрақты дамуымызға қажетті негіз толықтай қаланды. Төскейде малы қосылып, алыс-берісі мен барыс-келісінен жаңылмаған іргелес көршілеріміздің барлығымен бауырластық қарым-қатынас орнаттық.
Біздің шекарамыз – достық пен тату көршілік шекарасы. Өйткені, ізгі ниетпен келген елдердің бәріне есігіміз айқара ашық.
Гүлмира Аймағамбет
Abai.kz