Қазақ детективі қашан жанданады?
Қазір Алматыдағы кітап дүкендерін араласаңыз, Ресейден шыққан шытырман оқиғалы детективтерден көзіңіз сүрінеді. Сатушылардың айтуынша, дүкендегі ең өтімді тауар – осылар. Бұрындары детектив жанры Агата Кристи, Эдгар Аллан По, Артур Конан Дойль секілді шытырман оқиғалы әдебиеттің шеберлері жетіп артылатын Батыс әдебиетінің жемісі саналатын. Қазір болса детектив жанрының орыс әдебиетінде айы оңынан, жұлдызы соңынан туып тұр. «Мәңгі мызғымас» КСРО-ның құлауы бұрын тыйым салынған небір тақырыптарға даңғыл жол ашып, кешегі 90-жылдардағы қылмыс әлемінің бұлтарыс-қалтарыстары орыстың детектив жазушыларына таптырмас азық болды. Керісінше, қазақ әдебиетінде бұрын да кенже қалып келген бұл жанр қазір де өгей баланың күйін кешіп отыр десек болады. Қылмыс тақырыбына жазылған қазақ жазушыларының дүниелері көбінесе күнделікті қара мақаланың көтеретін жүгінен аса алмай жататынын мойындауға тиіспіз. Ал негізінде нарық заманы детектив жанрын бізде де жандандыруы тиіс емес пе еді? Ресейде болған 90-жылдардағы қылмыстық оқиғалар Қазақстанда болмап па?.. Әлде бұл жанрдың жүгін жеңіл санап, менсінбеушілік бар ма? Мүмкін, басқа да себептері бар шығар?..

Көпшілігіміз ойлайтындай, детектив жеңіл жанр емес. Тіпті үлкен ғылыми дайындықты қажет етеді. Мәселен, Пушкиннің өлімін зерттеушілер ақынға қандай тапаншаның оғы тигенін, қай жақтан, қай кезде, қанша қашықтықтан атылғанын әлі күнге дейін математикалық дәлдікпен анықтап, өлшеп-пішіп, зерттеп келеді. Дәл осы сияқты қылмыс тақырыбын жазу үшін сіз сол саланың кәсіби мамандарынан кем білмеуіңіз қажет.
Қазақ әдебиетіне үңілсеңіз, мәселен, М.Әуезовтің біз 5-сыныпта оқыған «Бүркітші» әңгімесінде детектив элементтері ұшырасады. Колхоздың жылқысын ұрлап кеткен ұрыларды таң бозынан қуа шыққан жылқышының із кесуі, жырынды Сәтбектің үстінен түсу үшін ойлап тапқан айла-амалдары оқырманды ынтықтырып, қызықтыра түседі. Нағыз детектив шығарма осылай оқырманды өзінен бас алдырмайтын, басынан аяғына дейін ынтықтырып, «не болар екен?» дегізіп отырса кәдік-ті. Осы орайда бала кезімізде оқыған «Комиссар Мегре» сынды шытырман оқиғалы кітаптардың жалпы нобайын ұмытсақ та, уыз дәмі әлі аузымызда. Оның бәрі аударма кітаптар еді. Адамның дүниетанымын кеңейтер детектив жанрындағы туындылармен балалардың қазақ тілінде танысуы әлі де сол аударма арқылы жүзеге асып келеді. Оның өзі де жеткіліксіз. Егер осы жанрдағы төл туындыларымыз мол болса, қолы боста мектеп оқушылары компьютерлік ойындармен шектелмес еді...
Қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының көш басында жазушы Кемел Тоқаев тұрғанына ешкімнің таласы болмаса керек. Осы кісі біз айтып отырған жанрдың жүгін бірталай уақыт жалғыз өзі сүйреді. Кеңес заманында детектив жазатын осындай санаулы адамдар ғана КГБ-ның, тергеу орындарының рұқсатымен мұрағат ақтаруға қол жеткізе алатын. Мұның да детектив жанрының дамуына өзіндік әсері болғаны анық. Екінші жағынан алып қарасақ, өркениетті елдерде детектив жанрының дамып кетуі негізінде ол жақта ғасырлар бойы қала тіршілігінің үздіксіз қайнап жатуынан. Өзін-өзі өлтіру, маньяктар, жезөкшелер, ұры-қарылар өмірі – қала өркениетінің улы жемісі. Қазақ халқының қалаға шоғырлануы (урбанизация) енді-енді жүзеге асып келеді. Сондықтан үлкен қалаларға тән психология бізге әлі сіңісіп болған жоқ. Мұның да біз айтып отырған жанрдың дамуына әсері бар әрине. Үшіншіден, қазіргідей нарық заманында детектив жанрына баспалар тарапынан қызығушылық тумай болмайды. Бұл жөнінде детектив шығармалар жазып жүрген жазушы Базарбай Исаев былай дейді:
– Қазақ детективі баспалар жанашырлық танытса ғана жанданады. Детектив шығарма өтімді тауар болса да, тендерден басқаға телміруді білмейтін біздегі баспаларға қазір шығарма емес, өтімді адам керек. Менің мәселен, осы жанрдағы шығармам басылмай «Жеті жарғы» баспасында жеті жыл жатты. 2002 жылы әрең шығардым. Қайта детектив шығармаға КСРО-ның кезінде баспалардың қызығушылығы зор еді. 1989 жылы менің «Өң мен түс» деген детектив кітабым отыз мың данамен шығып, бір жылдың ішінде тарап кеткен. Шетелдерде баспаның агенті жазушылармен сөйлесіп, қолында не барын сұрап отырады. Бізде ол жоқ, әйтпесе қазақта да осы жанрда жақсы жазып жүрген Сабыр Ұзақбаев, Алпамыс Бектұрғанов сынды жазушылар бар. Марқұм Табылды Кенжетаев осы детектив жанрының дамуына үлкен үлес қосты. Сондықтан адамдар қызығып оқитын детектив шығармаларға баспалар бет бұрмай болмайды...
Төреғали ТӘШЕНОВ
«Айқын» газеті, 12 маусым 2009 жыл