Электрондық сауда елімізде жақсы дамып келеді
Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен қолға алынған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының бір бағыты – электрондық сауда. Ал бұл өз кезегінде еліміздің күллі экономикасының қозғаушы күшіне айнала алады. Осы негізде Үкімет қаулысымен іргелі реформалар басталып, олардың жалғасын тауып жатқанына да куәміз.
Интернет-бизнес – қаржы мен уақыт үнемдеудің жаңа жолы. Өз кәсібін ашуды ойлағандар осы салаға қаржы салуды құп көреді. Бірақ қазақстандық сауда-саттықтың 1,2 пайызы ғана онлайн бизнеске тиесілі. Басқаша айтқанда қазақстандық e-commerce нарығының көлемі 106,9 млрд теңгені құрайды.
Әлемдік тәжірибе бойынша, соңғы жылдарда интернет-сауда қарқынды дамуда. Мысалы, Ресейде жұмысқа қабілетті тұрғындардың 30%-ы интернет-дүкендер арқылы тапсырыс береді. Онлайн сатып алушылардың саны соңғы жылдары 2,5 есеге өскен.
Электронды коммерциясы дамыған алпауыт мемлекеттерге келетін болсақ, ең алдыңғы орынды 681 млрд доллармен Қытай алады. Артынша, АҚШ (438 млрд доллар), үшінші орын болса Ұлыбританияға тиесілі (196 млрд доллар).
Аустралия мен Түркия елдерінде де аталған сауда түрі даму үстінде. Электронды сауданың өсу қарқыны 31 пайыздан 40 пайызға дейін екен. Ал, осы аймақтардағы электронды коммерцияның даму деңгейі орта есеппен алғанда 17 пайызды құрайды.
Еуропа мемлекеттерінде е-commerce ЖІӨ-нің 4,91% құрайды. Одан кейінгі орынды Азия-Тынық мұхиты елдері иемденеді (4,87%). Ал, ең жоғарғы көрсеткіш Қытайға тиесілі (ЖІӨ – 7,9%), ЖІӨ бойынша екінші орынды Франция алады (3,95%).
Қазақстандағы е-коммерцияның дамуы деңгейі де жыл санап артуда. Статистикалық мәліметтер бойынша, елімізде 10 млн адам интернетті пайдаланады екен. 2017 жылы ҚР электрондық сауда нарығының көлемі 106,9 миллиард теңгені құраған. Яғни, ол бөлшектік тауар айналымы көлемінің 1,2 пайызын құрады. Ал, 2018 жылдың 5 айындағы электрондық сауда нарығының көлемі 101 миллиард теңгені немесе бөлшек тауар айналымының жалпы көлемінің 2,9 пайызын көрсеткен.
Онлайн-сауда саласында satu.kz, технодом, kaspi.kz, flip.kz, AliExpress сияқты ірі ойыншылардың қызметі елімізде күннен күнге жанданып, сұранысқа ие болып жатыр.
Ендеше электрондық сауданың ел қызығатын қандай құдіреті бар екеніне назар салайық. Электронды коммерцияның күннен күнге әлеуеті артып келеді, тіпті оның географиялық шектеуі жоқ. Заманауи қоғам қолма-қол ақша төлеуден кетіп жатыр. Адамдар әмиянда ақша ұстаудың орнына қаражатын интернет қосымшалары арқылы басқарып, бірнеше төлем карточкаларын ғана алып жүреді. Бұл ыңғайлы әрі қауіпсіз.
Электрондық сауданың ерекшеліктері ретінде мыналарды атауға болады: уақыт үнемдеу, қауіпсіздік, салықтан жеңілдіктер, кэшбэк және бір теңгеге дейінгі дәл есеп. Осындай артықшылықтарына арқа сүйеген электронды сауда саласы күн санап дамып келеді. Елімізде де бұл саланың өте үлкен сұранысқа ие екенін баста айттық. Енді еліміздегі электронды сауданың даму жолына назар аударайық.
Электронды сауда түсінігі Қазақстанға 2005 жылдардан бастап ене бастады. Осы уақыттан бастап 10 жыл ішінде кәсіпкерлер ғаламторда өз парақшасын ашып, кәсібін виртуалды әлемде ұсынуды үйренді. Дегенмен қаржылай кеңесші Расул Рысмамбетовтың сөзінше, елімізде интернет-бизнестің 90 пайызға жуығы міндетті түрде жабылып қалады екен. Оған себеп – тұтынушылардың көпшілігі ғаламтор дүкендерінің саудасына сенбеуі.
Мамандар Қазақстандағы электрондық сауда-саттықтың ерекшеліктері ретінде мынадай мәліметтер келтіреді:
Қазақстандық интернет пайдаланушыларының 11 пайызы интернет арқылы қызметтер үшін есеп айырылысады, тағы 11 пайызы интернет арылы тауар сатып алады.
Қазақстандықтардың интернетте жасайтын саудаларының 90 пайызға жуығы шетелдік интернет-дүкендерде жасалады.
Қазақстандағы e-commerce нарығының басым бөлігі «Air Astana» мен «Қазақстан темір жолы» АҚ-на тиесілі.
Көбінесе баннерлік жарнаманың үлесі басым.
Интернет-жарнама – жарнама нарығының 4 пайызын құрайды.
Қазақстандағы e-commerce нарығының көлемі 400 миллион доллардан асады.
Жылдық өсімі 100 пайызды құрайды.
"Қазпошта" АҚ мәліметінше, электрондық сауда нарығының көлемі 2018 жылдың 5 айында 101 млрд теңгені немесе бөлшек сауда айналымының жалпы көлемінің 2,9 пайызын құрады (3,53 трлн теңге). Тағы да айта кетерлігі, елімізде жыл басынан бері 110 жаңа электрондық сауда субъектісі тіркелген. Нарықта 1658 интернет-дүкен жұмыс істейді, сатып алушылар саны 5 пайызға өсті. Салада 71,6 мың қызметкер жұмысқа орналастырылды.
ОК интернет-дүкені әр түрлі санаттағы тауарды таңдауға, сатып алуға және пошта арқылы жеткізуді ресімдеуге мүмкіндік береді. E-commerce платформасының негізгі ерекшелігі – пайдаланушы контентінің интеграциясы (UGC): сатып алушылар тауарларды бейне және фото шолулар арқылы қарап, бағалай алады. Сондай-ақ тауарлар туралы ақпаратты достарымен әлеуметтік желілерге бөлісіп, оларды жақындарына ұсына алады.
Барлық сатып алулар толық қорғалған. Төлем банк картасымен ОК аккаунтына байланысты жасалады, егер тауар келмесе немесе оның сапасы сатып алушыға ұнамаса, әлеуметтік желі ақшаны қайтарады. Жеткізу бүкіл Қазақстан бойынша тегін және «Қазпошта» арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, тапсырыстан кейін үш сағат ішінде сатып алушы оны жоя алады. Интернет-дүкен сатып алуға, қайтаруға, жеткізуге, тауардың сапасына байланысты мәселелерді шешуге көмектеседі.
Болжам бойынша, елдің электрондық коммерция нарығының көлемі 2017 жылы 189 млрд теңгені құрады. Бұл жалпы бөлшек сауда көлемінің 2,6%-ын және елдегі ІЖӨ-нің 0,51%-ын құрайды. Салада 900-ден астам компания жұмыс істейді. Электронды сауда саласында 68 мыңға жуық адам, ал онымен байланысты салаларда 677 мың адам жұмыспен қамтылған. 2017 жылы болжамдық деректер бойынша, 74 млн тапсырыс жасалып, 21,9 млн сәлемдеме жеткізілген. Электронды коммерцияны қолдау және дамыту үшін біздің тарапымыздан тиісті институттық база құрылды. 2017 жылы Премьер-Министрдің орынбасары А.Жұмағалиев 2018-2020 жылдарға арналған электронды сауданы дамыту жөніндегі жол картасын бекітті. Жаңа Салық кодексінде 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап электронды сауда саласында алынған табыстардың КТС және ЖТС мөлшерлемесін 0%-ға дейін 2023 жылғы мерзімге азайту бойынша жеңілдіктер көзделген.
2018 жылғы 20 ақпанда Е-commerce орталығы базасында 140-тан астам ШОБ өкілдері қатысқан «Өз қазақстандық Амазоныңды құрғың келе ме?» тақырыбында оқыту өткізілді. Бүгінде Е-commerce орталығында 40 ірі және шағын интернет дүкендерге қызмет көрсетіледі. Олардағы тауарлық салымы бар жөнелтілімдердің жалпы көлемі 200 мыңнан астам дананы құрайды. E-commerce орталықтарында кәсіпкерлік сауаттылықты арттыру үшін дайын интернет-дүкен ашу бойынша 1000 қызмет көрсетіліп, 150 интернет-дүкен ашылады. 2018 жылы осындай орталықтар Алматы және Қарағанды қалаларында ашылады. E-commerce орталықтарының базасында АҚШ-тағы Amazon, Қытайдағы Alibaba және басқа жаһандық интернет-алаңдарда тауар сату үшін кәсіпкерлерді дағдылар мен процесстерге оқыту бойынша Экспорт мектебі ұйымдастырылатын болады. Бұл 5000 ШОБ субъектілерін оқытуға және жыл сайын 1,8 млн дана тауар экспорттауға мүмкіндік береді.
2018 жылдан бастап логистикалық инфрақұрылымды дамыту үшін кем дегенде екі логистикалық хаб және сұрыптау орталықтарын («Fulfillment» орталық) құру жөніндегі жұмыстар басталды. Өңделетін сәлемдемелер саны 5,148 млн-нан 6 млн-ға дейін 20%-ға ұлғаяды деп болжанып отыр. 2017 жылы Қазақстан бойынша жеткізу мерзімі 15 күннен 6 күнге дейін және 2018 жылғы 3 күнге дейін, сондай-ақ 50 бағыт бойынша жедел пошта арқылы 1 күнге дейін азайтылады. Электронды сауданы жылжыту және бизнесті тарту үшін ақпараттық-имидждік жұмыс жүргізілуде. «Ел жүрегі Астана» бірыңғай республикалық медиа-жоспары аясында электронды сауданы ақпараттық сүйемелдеу мен оған бизнесті тарту жөніндегі іс-шараларды қамтитын «Технологиялық жаңару және цифрландыру» жеке тақырыптық желісі қарастырылған.
Сөз соңында Ұлттық экономика министрлігінің 2022 жылға қарай 22 мыңға дейін интернет дүкен құру, 83 млн-ға дейін онлайн тапсырыстар санын арттыру, электронды сауда және онымен байланысты салаларда қосымша 200 мың жұмыс орнын құру жоспарлап отырғанын айта кетейік.
Abai.kz