Мұхан Исахан. Қазақ үшін 1941-1945 жылдардағы қан майдан «Ұлы Отан соғысы» емес
Әдетте, бағымсыздыққа қол жеткізген елдер өткен тарихын тәуелсіздік тұрғысынан жаңаша бағалай бастайды. Себебі, тарих қалтарысындағы бұра тартуға жол беретін бұралаңдарда ұлттық мүддені қорғап қалу үшін тарихты тәуелсіздік тұрғысынан қорыту аса маңызды. Осылай қорыту арқылы ғана қай кезеңде болмасын ұлт абыройын сақтап, тәуелсіз сананы қалыптастыра аламыз. Ал, біз тәуелсіздіктің жиырма жылдығында тарихымызды тәуелсіз бағалай алатын биік өреге көтеріле алдық па? Әлбетте, «жоқ» деп жауап беруге тура келеді. Өйткені, санамыздағы сіресіп қалған құлдық психология тарихымызды тәуелсіздік тұрғысынан тұжырымдауға мұрша берген жоқ.
Әдетте, бағымсыздыққа қол жеткізген елдер өткен тарихын тәуелсіздік тұрғысынан жаңаша бағалай бастайды. Себебі, тарих қалтарысындағы бұра тартуға жол беретін бұралаңдарда ұлттық мүддені қорғап қалу үшін тарихты тәуелсіздік тұрғысынан қорыту аса маңызды. Осылай қорыту арқылы ғана қай кезеңде болмасын ұлт абыройын сақтап, тәуелсіз сананы қалыптастыра аламыз. Ал, біз тәуелсіздіктің жиырма жылдығында тарихымызды тәуелсіз бағалай алатын биік өреге көтеріле алдық па? Әлбетте, «жоқ» деп жауап беруге тура келеді. Өйткені, санамыздағы сіресіп қалған құлдық психология тарихымызды тәуелсіздік тұрғысынан тұжырымдауға мұрша берген жоқ.
Біздің бүгінгі ой-талқымыз 1941-1945 жылдардағы ғаламдық соғысты қазақ қалай бағалау керек деген сұраққа арналып отыр. Кеңестік дәуірде бодан ел болғандықтан, орыс ұлтының қас-қабағына қарап ІІ Дүниежүзілік соғысты «Ұлы Отан соғысы» деп бағалауға мәжбүр болдық. Ал, шынтуайтында, 1941-1945 жылдардағы қан майдан қазақ халқы үшін «Ұлы Отан соғысы» санала ма? Тәуелсіз санамыз толық қалыптаспағандықтан бірден «иә» немесе «жоқ» деп жауап бере алмайтынымыз белгілі. Сол сұрапыл соғысқа жарты миллионнан астам ата-бабаларымыз аттанып, көбісі ерлікпенен қаза тапқандықтан, сондай-ақ, тылдағы қалың ел жеңіске жету үшін «Бәріде майдан үшін, бәріде соғыс үшін!» деп төрт жыл аянбай тер төккендіктен, біз, әрине, алпыс алты жыл бойы насихатталып, санамызға сіңісті болып қалған «Ұлы Отан соғысы» деген ұғымға қарсы шыға алмаймыз. Десекте, хақиқи түсінік түбінде жеңіске жетпей қоймайды. Күштеп танымға таңылған ұғым әйтеуір бір тәрк етіледі.
Қазақстан Республикасы 1936 жылы Кеңес Одағына тәуелсіз субекті ретінде мүше болды. Қызыл империяның кезінде Қазақстанда мәдени-экономикалық тұрғыда аздап болса да алға жылжушылық байқалды. Сол себептен Кеңес үкіметінің фашистік Германияның басқыншылығына қарсы жүргізген соғысы біздің еліміз үшін «Ұлы Отан соғысы» болып саналатын сияқты. Әйтсе де, Кеңес Одағының құрамына мүшелікке қазақ халқы өз еркімен енген жоқ. Кеңес үкіметі 1918-1920 жылдары қазақ халқының тәуелсіз мемлекетін құрмақ болған «Алаш Орда» үкіметін саясат сахнасынан күштеп ығыстырды. 1932-1933 жылдарғы Голощекиннің жасаған геноцитінде халқымыздың тең жартысы аштан қырылып, бір бөлігі аман қалу үшін еріксіз шетел асты. 1937-1938 жылдары сүт бетінен қазақ халқының қаймақтары сылынып алып, арыстарымыз нақақтан нақақ мырышқа түйрелді. Соғыстан бұрын қаншама ұлт қайраткерлеріміз итжеккенге айдалып, абақтының атжалманына жем болса, соғыстан кейінгі жылдары да ұлттың жоғын жоқтаған қаншама ғалымдарымыз жазықсыз жапа шекті. Қала берді, орыс мәдениетінің экспанциясына ұшыраған қазақ халқының дәстүрлі діні мен мәдениеті қатты құлдырауға ұшырады. Сайып келгенде айтпағымсыз, қазаққа көрсетпеген құқайы жоқ Кеңес үкіметі қалайша бізге «Отан» бола алады? Тек орыс ұлтының мүддесін көздеген Кеңес үкіметінің фащистік Германияға қарсы күресі қалайша біз үшін «Ұлы Отан соғысы» болып саналады?
Мамыр айының қарсаңында Ресей телеарналарында көрсетілетін кино-фильмдер 1941-1945 жылғы соғысты орыс халқының жеңісі ретінде көрсетуден бір танбайды. Әрі-беріден соң сол соғыста құдды тек орыс ұлты ғана ерлік көрсеткен секілді сюжеттер сомдалады. Осыны көре-тұра сұм соғысты «ІІ Дүниежүзілік соғыс» деп бағалаудың орнына, солтүстіктегі көршімізбен бірге әрбір жылы «Ұлы Жеңіс күнін» еске алып, мәре-сәре той өткізуден бір жалыққан емеспіз. Тарих қойнауына көз жіберер болсақ, бабаларымыз жалдамалы әскер болып өзге елдер үшін қаншама мәрте қан кешкен. Біз Византия мемлекетін қорғап қалған Кеген ханды, Грузияны сыртқы жаулардан аман сақтаған Артық ханды, Мысырды жауламақ болған басқыншыларды тас-талқан еткен Бейбарысты батыр бабаларымыз деп мақтан тұтамыз. Олай болса, біз Бауыржан, Қасым, Төлеген, Талғат, Мәншүк, Әлия, Хиуаздарды да фашистік Германияның агрессиясынан Ресейді қорғап қалған қазақ халқының батырлары деп мадақтағанымыз абзал. Осы тұста айта кететін жайт, мектеп қабырғасында жүргенде біздің толқынға 1812 жылғы орыс-француз соғысы «Отан соғысы» деп оқытылды. Тарихшыларымыз оған дәлел ретінде орыс-француз соғысына Бөкей ордасының жүздігінің қатысқандығын алға тартатын. Дербестік алғаннан кейін бұл соғысты «Отан соғысы» демек түгілі тарих оқулықтарынан көрмейтін болдық. Ал, бірақ біз одан кейін болған 1941-1945 жылғы қан кешуді ІІ Дүниежүзілік соғыс деп бағалаудың орнына әлі күнге дейін «Ұлы Отан соғысы» деумен келеміз. Тегінде, 1812 және 1941-1945 жылдардағы басқыншыларға қарсы күрес тек орыс халқы үшін ғана Отан соғысы саналады.
Біздің бұл ой-тұжырымызға замандастарымыздың көпшілігі «Германия соғыста жеңіске жеткенде біздің еліміздің қалі не болар еді? деп қарсы дау айтатыны белгілі. Әсілі, Гитлердің біздің маңдайымыздан сипап, аяушылық білдіріп, басымызға бостандық беріп қоя бермейтіні айдан анық. Әу бастан ефрейтор басшының Қазақстан тәрізді шикізат қорлары мол елдер көзінің құрты болғаны көпшілікке мәлім. Әрине, ғайыпты Хақ-Тағала ғана біледі. Бәлкім, Германияға отар болсақ, қаліміз тым мүшкіл болар еді, бәлкім жағдайымыз Ресейге бодан болған күнімізден жақсы болар еді. Біздіңше, болмаған іске баға беріп басты ауыртқанша, болған істі ұлт мүддесі тұрғысынан қорытқан әлдеқайда дұрыс сияқты. Сөз соңында айтпағымыз, күндердің күнінде «Ұлы Отан соғысы» деген жалаң ұғымды тәуелсіз санасы қалыптасқан өскелең ұрпақтың «ІІ Дүниежүзілік соғыс» деген ақиқат ұғыммен алмастыратыны анық. Ендеше, сол күндердің ертерек таңы атсын деп тілейік!
«Қазақстан заман» газеті