Сәрсенбі, 16 Қаңтар 2019
Дат 1628 9 пікір 9 Қаңтар, 2019 сағат 10:39

Қазір олар билікте жүр...

Айтпаса,  сөз  атасы  өледі
Өмірді  қысқартатын  күлкі
(болған  оқиға)

Бастау

- Түуһ, қай-қайдағыны айтпай, жөніңе жүр! О заман да, бұ заман, жұрт естімеген, өмірді қысқартатын күлкі дегенің не, тәйірі?!. Күлкі деген – өмірді ұзартатын дәрумен. Күлкі – ішкі дүниенің күш-қуат көзі. Ол ғылыми дәлелденген! – деп кейістік білдірерсіз.

Рас, күлкі – дәрумен. Күлкі – өмірді ұзартар ерекше құбылыс. Мұның бәрі рас! Алайда, кейбір күлкі өмірге аса қауіпті екен! Оны өз тәжірибемнен байқадым. Сондықтан, ондай күлкілерден жұртшылықты сақтандырғым келді.

Бірінші  күлкі

1986 жылдың «Желтоқсан» оқиғасы шовинистердің жүгенсіздігін әлемге әшкере етті. Қазақтың намысты ұл-қыздары бұл жүгенсіздікті кешіре алмады. Тістерін қайрай бастады. Тіс қайраушылардың бел ортасында мен де болдым. 1987 жылдың мамыр айында ауылымыздан (Арал ауданы, Қамыстыбас ауылы. – Н.Ж.) «Саяси клуб» ұйымын құрып, елді қолдан келгенше, елдікке үгіттей бастадық. 1989 жылы ұйымды Алматыдан құрылған «Азат» азаматтық қозғалысы құрамына қостық. Сөйтіп, «Азат» болып шыға келдік. 1990 жылдың 2  наурызында Сексеуіл кентіне (Арал ауданы) қоғам белсенділері, «Азат» қозғалысын құрушылардың бірі Сәбетқазы Ақатай мен этнограф ғалым Жағда Бабалықұлы келіп, «Азат» қозғалысы Арал аудандық үйлестіру кеңесі құрылды. Мен де кеңес құрамына кіріп, «Азат» қозғалысы Арал аудандық кеңесінің тең төрағасы болып сайландым.

Осы жиында Сәбетқазы Ақатайдың аузынан: «Мен Нұрекеңмен (Нұрсұлтан Назарбаев. – Н.Ж.) жеке кездесіп, сұхбаттастым. Пікірімді жақсы қабыл алды. Сосын ойланып тұрып: «Мен Қазақстанға 20 жылда тәуелсіздігін алып беремін. Коммунистік партияны бүйтіп кетемін», - деп қолымен таптағандай ишара жасады», - дегенді естіп, қуанғаннан көзімнен қалай жас шығып кеткенін әлі күнге ұмытқаным жоқ.

Содан бастап қазақтың елдігі үшін күресімді бір сәт те босаңсытпадым. Әлімнің келгенінше елдік үшін халық арасына үгіт-насихатымды жүргізе бердім.

Осылайша тәуелсіздіктің тәтті үміті ұзаққа созылып кете берер ме еді? Оны 1991 жылдың тамыз айындағы КСРО вице-президенті Г.И. Янаев бастаған «Тамыз бүлігі» тездетіп жіберді. Оның үстіне Кеңестер Одағының бірінші және соңғы президенті М.Горбачев пен Ресей Федерациясы басшысы Б.Ельцин арасындағы текетірес те жылдамдатты.

Елбасы Н.Назарбаев осы текетіресті ұтымды пайдаланып, 1991 жылдың 29 тамызында Семей полигонын жапты. Осы сәтті қалт жібермеген қазақтың намысты ұл-қыздары қолдарынан келгенше Семей полигонынан зардап шеккен халыққа көмек қолын созды. «Азат» қозғалысының азаматтары да «Аттан» атты газет шығарып, полигон зардабын халыққа түсіндірді. Газетті сатып, түскен қаражатты полигон зардабын жою қорына аударып отырды.

Осы мақсатпен мен де 1992 жылдың тамыз айында өтетін мұғалімдердің тамыз мәслихатына бір құшақ газетімді арқалап, аудан орталығына тартып кеттім.

Конференция басталды. Төрде сол кездегі аудан басшысы Балтабай Ақпамбетов, аудандық тұтынушылар одағының басшысы Тілес Боқаев, тағы екі-үш адам болды. Баяндаманы аудандық білім бөлімінің басшысы Алматбай Жалмағанбетов жасады. Іле-шала жарыссөз басталды. Сценарий бойынша алдын ала дайындалып қойған небір қамшы салдырмас сөйлегіштер бірінен-бірі асып түсіп, баяндамашыны да, баяндаманы да мақтап жатыр, мақтап жатыр...

Жарыссөз сәл-пәл босаңсыған сәтте мен де қолымды көтере қойдым. Мақсатым – Семей полигонының зардабын айтып түсіндіру, конференцияға жиналғандар газетті сатып алып, түскен қаржыны полигоннан зардап шеккендерге жәрдем есепшотына аударып, көмек көрсету.

Ойымда бөтендей ештеңе жоқ. Мінберге көтеріліп:

- Ассалаумағалейкүм, ағайын! Құрметті ұстаздар! – деп сөзімді бастай бергенім сол, залдағылар қырылып қала жаздады. Шынымды айтсам, мен өмірімде тап мұндай күлкі құйынын көрмеппін! Күлкінің жойқындығы сол – салыстырмалы түрде айтқанда, бүгінде «елді күлкіге қарқ қып жүрмін» дейтін Қазақстандағы бүкіл күлкі театрларын бір жерге жиып, қанша қинаса да, олардың күлкілері «Ассалаумағалейкүм!» деген бір ауыз сөзге күлген бұл күлкінің қасында қолына су құюға да жарамас!

Не деген күлкі!.. Осы бір бес-он минутқа созылған күлкі құйыны талай адамның обалына қала жаздады. Жаппай ішін басып, орындықтан құлап, екі бүктетіліп, жер тепкілеп күлген күлкіні өмірлеріңізде көріп пе едіңіздер?! Оны мына шыққыр көзім көрді! Ол-ол ма?! Орындықтан аунап түсіп, қайта міне алмай, тоңқайған күйі, орындықты құшақтап, селкілдеген күлкіні көрдіңіздер ме?!... Жоқ! Оны да көрмегендеріңізге мен кепіл! Ал, мен мінберде тұрып, оны да көрдім. Әсіресе, осы тоңқайғандардың арасында ерекше көзге түскен бір ұрғашы әлі күнге көз алдымнан кетер емес!

Анау-мынау емес, майға бітіп қалған зор «зеңбірегін» маған туралған күйі, орындықтан мықтап ұстап алып, селкілдейді кеп, селкілдейді кеп!..

Ал, керек болса!.. Егер «зеңбірегі» жазатайым «атылып» кетсе ше?!. Құдай сақтасын!..

Төрде отырғандардың тоқпағымен әрең дегенде басылған күлкі құйыны, жұртты қайдам, менің жан дүниеме жазылмас жара салып кетті.

Бұл күлкі – өз дәстүрінен өзі ұялған құлдық күлкі еді.

Екінші  күлкі

Тәуелсіздігіміздің екінші жылына қарай, яғни 1993 жылдың мамыр айында Арал ауданының тұңғыш әкімі Биғали Қаюповтың қабылдауында болып, еліміздегі идеологиялық хал-ахуалды толықтай баяндадым.

Коммунистік идеология қирағаннан кейін, орнында пайда болған бос кеңістікті жаңа идеологиямен толтыруда сырттан ағылып кеп, ойран сала бастаған аса қауіпті жат идеологиялар ағыны да, сондай-ақ, іштен де бас көтере бастаған келеңсіз идеологиялар да аса белсенділік таныта бастаған. Осы тұста елдігімізді қорғайтын, жат ағымдарға тосқауыл бола алатын бірден-бір идеология – ол тек ұлттық идеология еді.

Осы ұлттық идеологияны жандандыруды тез арада қолға алу керек болатын. Әйтпесе, елдігімізге қарсы жат идеологиялар жетегіне азаматтарымыз, әсіресе, жастарымыз көбірек еріп кетуі кәдік екендігіне тоқталып, жан-жақты талдап бердім.

Обалы нешік, сөзге құлақ қойған аудан әкімі Б.Қаюпов сол жылы шілде айының ішінде аудан белсенділерін жинап, әкімшіліктің мәжіліс залында идеологиялық үлкен жиналыс жасады. Оған сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Бибіжамал Жәукебаева да қатысты.

Баяндаманы аудан басшысы Б.Қаюпов бір сағат он минут оқыды. Баяндаманың желісі менің ойыммен қабысып жатты. Баяндама аяқталған соң, бір қызық басталды. Баяндаманы түсінбеді ме, әлде ұзақ сонар баяндаманы тыңдауға жалығып кетіп, ұйықтап алды ма, қайдам?! Әйтеуір, жарыссөзге шыққандар бірінен соң бірі баяндамада айтылған жайттың біріне де тоқталмастан, қайдағы бір аудан шаруашылығы жөнінде, сәлемдесудің түрлеріне, тағы басқа да баяндамада көтерілген мәселелерге сай емес, жараға жуыспайтын нәрселерді айтып, бет алды лаға берді. Кезек маған тиіп, мінберге көтеріліп, ойымды бүкпесіз жасырмай:

- О-о, ағайын! Жарыссөзге шыққан азаматтар! Сіздер жасалған баяндаманың желісіне сай, бүгінгі Қазақ еліндегі идеологиялық мәселелерге, туындаған ахуалға тоқтауларыңыз керек еді. Сіздер күн тәртібінен алшақ кеттіңіздер! – дей бергенмін...

Шыбынның ызыңы естілердей тым-тырыс отырған залдағылар менің сөзімді естігенде, жынданып кеткендей болды. Шыдамсыздары орындарынан атып-атып тұрып, аттаннан гөрі ойбайға көбірек ұқсас қатын дауыспен, арттары қақ айырылғанша:

- Кет, Азат!.. Азат, кет! – деп бақырғандары жан алғыш періштеден қорыққан пәтшағарлардың қиналған даусындай қыңсылай шықты. Ер-азаматқа сай емес үндері де тым ерсі, әрі ащы естілді. Бірсыпырасының бақыруға да шамалары жетпей, орындыққа шалқаларынан  сұлық түссе, залдың орта тұсындағы кейбірлері алақандарын, бөкселерін шапаттай, сұқ саусақтарын шошайта, қарғаларша қарқылға басты.

«Әй!» дейтін ажа жоқ, «қой!» дейтін қожа жоқ!» демекші, залдағыларды тыныштыққа шақырар ешкім табылмады. Әлде маған солай көрінді ме?! Бір кезде әбден ойнағын басқан пәтшағарлардай әйтеуір бір басылды-ау!

Ішімнен: «Ойпырмай, мыналарға жынданатындай не айтып қойдым соншама?!» деймін өзім де түкке түсінбей.

«Демократия – пікірлер еркіндігі» дегені қайда?! Оны ауданның әкімшілік залына жиналған мына қоғам белсенділері түсінбесе, көшедегі қарапайым халық қайдан түсінсін!».

Залдағылардың қысымына қарамастан, пікірімді жаңылмай айтып шықтым. Әсіресе, елімізге кең қанат жая бастаған түрлі діни секталардың идеологияларынан өте сақ болу керектігіне тоқталдым. Менен кейін біраздан соң, облыс әкімінің орынбасары Б.Жәукебаева қорытынды сөз сөйлеп, әлгі «жын қаға жаздағандардың» жынын қағып алды. «Орынды сөзге құлақ қоймай, апақтап шығып, айқай шығарғандарыңыз ұят емес пе?!» – дегені сол- осы жерде тағы бір қызық жайттың куәсі болдым. Б.Жәукебаеваның пікірін естігенде, әлгі «Азатты» қатырдық!» деп қақиып, жеңген ердің кейпінде отырғандар аяқ асты солған жуадай салбырады да қалды.

Не деген екіжүзділік! Осы екіжүзділік те, мәнсіз ыржалаң да жанымды жегідей жей түсті.

Бүгінде сол жиында «жындана жаздағандардың» біразы марқұм боп кетті, біразы әлі күнге әкімдікті жағалап, бірі «ақсақалдар кеңесі дей ме, ардагерлер кеңесі дей ме, әкімнің кеңесшісі дей ме», әйтеуір, халыққа түк пайдасы жоқ бірдеңелердің басын ұстап келеді. Есесіне, өз жақын-жуықтарын қызметке орналастыруда, өз пайдасына келгенде, еш жаңылар емес! Не деген өміршеңдік! Не деген итжандылық!

Кейін аудандық мәслихат депутаты боп сайланып, әлгілердің небір ерсі қылықтарын көріп, ұялар деген мақсатпен:

«Жылмаңдаған партияшыл шалдарың,

Жасынан-ақ өлтіріп алған арларын.

Әкімдіктің сайқалындай жалданған,

Өсекпенен түзеп жүр-ау халдарын.

Мысық табан білінбейді жүрісі,

Кішік көрсе, шірен болар тұрысы.

Есік аңдып, пәле іздеп жүргенше,

Пеш түбінде артын қысып отырған-ау дұрысы!» - деп өлең шығарып, оны «Алаш үні» газетіне жариялап, Көкшетаудан арнайы алдырып,  әрқайсысына таратып беріп те көрдім. Ұялу қайда? Ыржың-ыржың күлгенде, жынданып кете жаздадым.

Санасы құлданған жандар ұятыңды не істесін!

Үшінші...

Жоқ! Үшінші... Төртінші... Бесінші... Бұл таусылмайтын мәнсіз күлкілерді енді айтпай-ақ қояйын! Одан да осындай күлкілерден есемді қайтармақ болған күлкімнің бірін айтайын...

«Желтоқсан» оқиғасының 10 жылдығы қарсаңында жолым түсіп, Арал қаласына бардым. «Азат» қозғалысы аудандық үйлестіру кеңесінің тең төрағасы, інім, әрі партиялас досым Аманқос Есмұрзаевты іздедім. Ол «Маяк» (бүгінгі «Жыраулар» үйі) клубында екен. Жолықтым. Залда «Желтоқсан» оқиғасының 10 жылдығын өткізуге қызу дайындық жүріп жатыр екен. Көзім мінберде «Желтоқсан» оқиғасы туралы жалынды сөз сөйлеп тұрған жігітке түсті.

«Апыр-ау! – деймін іштей, - мынау әнебір жылы, «Желтоқсан» оқиғасының 5 жылдығын өткізерде барынша қарсылық көрсеткен шенділердің бірі емес пе?! Бұл мына жерде не істеп тұр?! «Желтоқсан» оқиғасының 10 жылдығын өткізуге, оған атсалысуға оның ешқандай моральдық құқы жоқ қой!».

Бұл ойымды Аманқосқа айттым. Ол бір мырс етіп күлді де: «Бұлар қызылдар келсе, қызыл шәпкі, ақтар келсе, ақ шәпкі киетін бейшаралар ғой! Қолдарында билігі бар бұл сорлыларды пайдаланып, іс-шараны талапқа сай өткізіп алайық», - деді басын шайқап. Мен де бұл пікірді мақұлдадым.

Алайда, неге екені белгісіз, «Желтоқсан» оқиғасының 5 жылдығын атап өтуге жан дүниесімен қарсы болған шендінің аяқ асты «Желтоқсан» оқиғасы туралы егіле айтқан екіжүзділікке толы ұранды әңгімесіне рухтанудың орнына күлкімнің келгені сонша – өзіме-өзім ие бола алмай, ал күлейін кеп, ал күлейін кеп!..

Бірақ, менің күлкіме ешкім де назар аудармады. «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас» деген осы-ау! Дегенмен, шенділердің, жандайшаптардың арсыз күлкісіне шерменде күлкімді қарсы қойып, өзімше есе қайтарған болдым.

Өкінішке орай, құлдық сезімдегілер бұл әрекетімді тіпті де сезбеді!

Түйін

Батыр-бағланға, жақсы-жайсаңға, кең болмысты кемелге, өресі биік өренге, жақынды емес, алысты көздеген көрегенге, көкейі күмбірлеп тұратын дараға, қара бастың, қу құлқынның құлы болмай, халықтың қамы деген көпшілге қазақ қай дәуірде де кенде болған жоқ. Тек әттегенайы сол – көшпелілердің өнері отырықшылардың өнерімен бәсекеде тізе бүгіп, жасындай жарқылдаған алдаспанымыз отты қаруларына төтеп бере алмай, «күлдір-күлдір кісінетіп, күреңді мінген» дәуірімізден, отаршылдардың бұғауына түсіп қалып, игі қасиеттеріміздің біразынан айырылып қалғанымыз!

Бодандықтың қамытын киген төрт жүз жылда төрт жүз рет көтеріліске шығыппыз. Төрт жүз рет бодандықтың қамытын үзбек боп халықты көтерген, «елім!» деп еңіреген» ерлерімізді отаршылдар отбасыларымен бірге қудалап, құртып-жойып отырыпты. Яғни, төрт жүз жылда төрт жүз рет рухтыларымызды сындырып, қаймақтарымызды сыпырып, елімізді елдіктен ездікке қарай икемдей беріпті.

Осылайша отаршылдар ғасырлар бойы асылдарымызды қоғамнан аластатып, жасықтарымызға жағдай жасап, елдің тұтқасын ұстатып, сұрыптап келсе, осы сұрыптаудың «жемісін» нақ осы 1986 жылдың «Желтоқсан» оқиғасы барынша айқындап берді.

Рухсыздықтың, жасықтықтың, жағымпаздықтың, екіжүзділіктің, құлдық санаға тән жылпос күлкінің типтік дәрежедегі образын еліміздің рухани абызы атанып жүрген бірі – ақын, бірі – жазушы атақты абыз-ақсақалдарымыз сомдап, ұлттық намысымызды таптап, халықты жерге қаратты.

Бұл оқиға 1986 жылдың 16 желтоқсаны күні кешкілік Қазақ басшысы Д.Қонаевты 18 минуттық партия пленумында орнынан алып тастап, орнына Ресейдің Ульянов облысының басшысы Г.Колбинді қойғанда болған-ды.

Пленум аяқталысымен, кенет есік ашылды да, сырттан ішке қарай жазушы абызымыз кіріп келе жатты. Жай кіріп келе жатпаған-ды. «Мен бұл сәтті жиырма бес жыл күттім ғой!» деп үрен де сүрен танымайтын Г.Колбиннің бетінен шүпілдетіп сүйе бастағанда, қайдан шыға келгені белгісіз, екінші абыз ақсақалымыз әлгі Г.Колбиннің иығына сары шапанын қалтырап-дірілдеп жаба берді...

Неткен сұмпайы көрініс! Бұл көрініс – қазақ ұлтының ғасырлар бойы тапталған рухының бейшара болмысы!

Менің де куә болып жүрген «өмірді қысқартар күлкілерім» - бүгінде қазақ даласын ен жайлап алған құлдық сана күлкілерінің бір парасы ғана!

Құлдық санадан арылмай, еліміз тәуелсіз бола алмайды.

Мен құлдық санадан құтылудың жолын таба алмай, жалғыз келемін. Тек қолымнан келетіні – Ахаң (Ахмет Байтұрсынұлы) айтқандай, халықтың санасын оята беру үшін  «Маса» боп ызыңдай беру ғана!

Құлағыма Мағжан ақынның толғауы да келеді.

Жапанда жалғыз күңіреніп,

Мен ойыма ергенмін.

Қайда барсам, көр көрдім,

Айдарлысы құл болып,

Тұлымдысы тұл болып,

Еңіреген ел көрдім.

Иә, солай!.. Құдайым санасын құлдық ой, құлдық күлкі билеп алғандардан сақтасын!

«Елді арыстан билесе, ел арыстан болады, қой билесе, қой болады». Құдайым қойлықтан сақтасын!

Менің сақтандырғым келгені осы еді!

Нұрбай  ЖҮСІП

Abai.kz

9 пікір