Сенбі, 23 Қараша 2024
Анық 5801 15 пікір 10 Қаңтар, 2019 сағат 15:55

Әр сөзден саясат іздеудің қажеті жоқ

Күні кеше Алматыда қаладағы 27 шағынауданның атаулары өзгергенін ресми мәлімдеген болатын. Яғни, КСРО уақытынан келе жатқан ескі атаулар қазақшаланды. Бұған басты себептердің бірі – жергілікті тұрғындардың өтініші мен ұсынысы дейді ономастикалық комиссияның өкілдері.

Жаңа атаулар қалалық мәслихаттың кезектен тыс өткен 39-шы сессиясында мақұлданған. Ал, бұл жаңалық БАҚ арқылы жарияланысымен қоғамда қызу талқыға түсіп үлгерді. Әсіресе, «Нұршашқан», «Нұр Алатау» секілді атауларға қатысты пікір айтушылардың қатары көп. «Ана тілі» газетінің бас редакторы, ақын Жанарбек Әшімжанның айтуынша, «Нұр» сөзінің астарынан саясат іздеудің еш қажеті жоқ.

«Қала ұлғайып жатыр. Алматы – еліміздегі ең ірі мегаполис. Жыл сайын қала аумағына жаңа елдімекендер қосылып жатыр. Олардың атаулары қайталанатын кездер жиі болады, оның үстіне, Кеңес заманынан қалған атаулар бар, оларды қазақшалауымыз керек... Сондықтан жаңартып жатқан болуы керек. Мен бұл өзгерістерді құптаймын. «Нұр» деген сөзден астар іздеудің қажеті жоқ, біз әр сөзден саясат іздейтін сәттен өттік. Неге біз бұл сөзден бас тартуымыз керек? Нағыз қазақы сөз ғой. Тіпті, дін тұрғысынан қарасақ та «Нұр» сөзі өте жақсы мағынада айтылады», - дейді Ж.Әшімжан.

Айта кетейік, атауы өзгерген шағынаудандардың біразы бұған дейін орысша аталып келсе, өзгелері бірін-бірі қайталаған. Мәселен, Алматыда 6 – «Алғабас», 3 – «Каменка», 2 – «Дубок», 2 – «Школьный» шағынаудандары бар. Бұдан былай олардың әрбірі жаңаша аталатын болады.

Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасы ономастика бөлімінің басшысы Өтепберген Қалабайдың айтуынша, шағынаудандардың атауын өзгертуде сол елдімекендер тұрғындарының талабы мен ұсынысы ескеріліпті.

«Жаңа атаулар өзіміздің қазақи, ұлттық танымдық атаулар. Ежелгі атауларды ұсындық. Соны жалпы жастарға насихаттау барысында әрі солардың бойына сіңіру үшін, отансүйгіштікке тәрбиелеу үшін жасалып жатқан үлкен бір жұмыс», - дейді ономастика бөлімінің басшысы.

Айта кетейік, тұрғындарға қолайсыздық тудыратын арнайы рәсімдерді өту қажет етілмейді. Мемлекеттік орган тарапынан дерекқорда атау өзгертілген жағдайда барлық қажетті анықтамаларды ЭСҚ-ны (электрондық сандық қолтаңбаны) қолдана отырып, «Электронды үкімет» порталы арқылы немесе ХҚКО (халыққа қызмет көрсету орталығының) кез келген бөлімшесінен бірнеше минут ішінде алуға болады.

Жанарбек Әшімжан

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5357