Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4735 0 пікір 9 Мамыр, 2011 сағат 22:41

Мұқаш Қожахметұлы. Дәуіріміздің дарабоз жазушысы

Жазушы болу - жан азабы. Жазушы болу - ұлы мұрат жолында үлкен жауапкершілік сезімін арқалау, айта берді, ел мен жер алдында азаматтық арыңа ақау түсірмей өту. Егер осының барлығын өз жүрегіңізден өткізе алсаңыз, ғұмырлық ұстанымыңызға адал бола алсаңыз ғана шын жазушы бола алғаныңыз. Олай болмаса, киелі сөз тұлпары сізге жалынан да сипатпайды.

Өйткені ақиқатпен өмір бойы бетпе-бет келесің. Ал бұл дегенің - қылыш жүзіңде ғұмыр кешу деген сөз. Негізі, шын жазушы мен жалған жазушының айырмасы да осында болса керек. Ақиқат, шындықты пір тұтып, адамгершілікті ту етіп, ұлттық мүддеге қызмет еткен жазушылардың қай ел, қай қоғамда болсын, тартқан тауқыметі мен арқалаған азабы ауыр болған. Өмірдің, қоғамның, адамның шындығын көркем әдебиеттің тілінде жеткізе айтып, жазуың керек. Оның аты көркем шындық деп аталады.

Жазушы болу - жан азабы. Жазушы болу - ұлы мұрат жолында үлкен жауапкершілік сезімін арқалау, айта берді, ел мен жер алдында азаматтық арыңа ақау түсірмей өту. Егер осының барлығын өз жүрегіңізден өткізе алсаңыз, ғұмырлық ұстанымыңызға адал бола алсаңыз ғана шын жазушы бола алғаныңыз. Олай болмаса, киелі сөз тұлпары сізге жалынан да сипатпайды.

Өйткені ақиқатпен өмір бойы бетпе-бет келесің. Ал бұл дегенің - қылыш жүзіңде ғұмыр кешу деген сөз. Негізі, шын жазушы мен жалған жазушының айырмасы да осында болса керек. Ақиқат, шындықты пір тұтып, адамгершілікті ту етіп, ұлттық мүддеге қызмет еткен жазушылардың қай ел, қай қоғамда болсын, тартқан тауқыметі мен арқалаған азабы ауыр болған. Өмірдің, қоғамның, адамның шындығын көркем әдебиеттің тілінде жеткізе айтып, жазуың керек. Оның аты көркем шындық деп аталады.

Қазақ көркем ойының көкжиегі кеңейіп, әлемдік өркениетке терезе ашқан тұсы - ол аумалы-төкпелі аласапыран оқиғаларға толы кешегі өткен 20 ғасыр. Дәл осы ғасырда қазақтың көркем әдебиеті барлық жанрда ірге жайып, озық елдер әдебиетімен терезе теңестіре алатын шын мәніндегі кәсіби әдебиет деңгейіне көтерілді. Қазақ әдебиетінің «алтын дәуірі» аталған осы кезеңде алабөтен мінез таныта келген «алпысыншыжылғылар» әдебиетте тұтас толқын әкелді. Айтып-айтпай не керек, осы толқынның қазақ әдебиетінде ұлттық сананың оянуы мен тарихи сананың жаңғыруына сіңірген еңбектері зор екені рас. Осы буыннан кейін сең бұзған тұтас толқын ақын-жазушылар тәуелсіздікке дейін де, тәуелсіздіктен кейін де болған жоқ. Сондығынан болар, өздері шеттерінен «мінезді» келеді.

Бұл ақын, жазушылардың бұлайша қалыптасуы мына бір тарихи өзгеріске байланысты. 20 ғасырдың аса қатыгез билеушісі Сталин өліп, билік басына Хрущев келіп, Кеңес Одағында сәл де болса еркіндік орнап, совет адамдарының санасына саңылау ене бастаған. Осындай тамаша сәтті дер кезінде сезе білген және көздеріне әлі қамшы тимеген азат ойлы ақын, жазушылар қазақ әдебиетінде бұрын-соңды болмаған социалистік реализм қалыбына сыймайтын, тумысы бөлек шығармаларды аз жылдарда тудырып үлгерді. Кеңес империясы құлап, кеңестік жүйенің шашбауын көтерген сұрғылт шығармалар жаппай күйреуге бет алған тұста осынау алапат тасқыннан заманына күйлемей жазған шығармаларында ұлттық мүддені мұрат тұтқан ұлт ақыны, жазушылары ер-тұрмандары бүтін шыға алды.

Осы қуатты толқынның қасқа маңдайында келе жатқан қазақ әдебиетінің қадірменді ақсақалына айналған, дәуіріміздің дарабоз жазушысы Қабдеш Жұмаділов осы күндері 75 жастың жотасына көтерілді. Әдетте, мұндай мерейтойлар кезінде әр ақын-жазушының өз өткен өмір жолына үңіліп, оқырман халықпен қайыра қауышып, шығармашылық қызметінен есеп беріп отыру - біздің елде қалыптасқан дәстүр. Өйткені арнайы зерттеушілер болмаса, жазушының жеке шығармашылық лабораториясынан былайғы оқырман көбіне хабардар бола бермейді. Әсіресе қазіргідей кітаптың тиражы кеміген, оқырман мен жазушының арасы алыстаған уақытта. Міне, осы тұрғыдан келгенде, әрбір мүшел той аталып өтуі керек. Жазушы үшін емес, оқырман үшін.

Қабдеш Жұмаділовтің өмір жолы бұралаң-бұлтарысты, тіпті қатерлі кезеңдерден тұрды. Алпысыншы жылдар Кеңес Одағында демократияның лебі ескен жылымыққа толы болса, Қытайда, керісінше, Мао Цзе Дунның қызыл терроры миллиондаған адамдардың тағдырын ойрандаған өмір мен өлім белдескен арпалысты кез болатын. Сондай сұрапыл қанды қырғыннан сәтімен жол тауып шыға білген болашақ жазушы енді сол өзі көзбен көрген трагедияны жазуға мықтап бел буды. Өйткені тағдыр оның иығына сондай ұлы миссияны жүктеген болатын. Бұл қаншалықты қиын да азапты болғанымен, тек Жұмаділовтің ғана маңдайына бұйырған бақыт еді. Себебі, азамат үшін өзіңнің туған еліңнің, жұртыңның, ұлтыңның алдында абыройлы қызмет атқарудан артық қандай бақыт болсын.

Жазушы шығармашылығы туралы сөз болғанда, алдымен атақты «Соңғы көш» роман-дилогиясы аталады. Бұл кітап - бүгін де жазушының әдеби паспортына айналған, қазақ әдебиетіндегі саусақпен санарлық классикалық романдардың бірі. «Соңғы көш» реалистік романы қазақ әдебиетінде сең бұзған, тыңға түрен салған кітап болды. Бұған дейін бұл тақырыпта жазылған бірде-бір шығарма болған емес. Мейлінше жабық тақырып болатын. Жасыратыны жоқ, бұндағы қарапайым халық Қытайда қазақтар тұратынынан хабарсыз болса, біле қалған жағдайда оларды совет үкіметінің жаулары, сатқындар деп келді. Ол үшін қарапайым халықты жазғырудың жөні жоқ. Сол кездің саясаты, үгіт-насихаты солай болды. Осындай жағдайда «Соңғы көшті» мұндағы оқырманның бірден қабылдай қоюы неғайбыл болатын. Өйткені романдағы сөз болатын оқиғалар мен алмағайып заман, халықтық қозғалыстар мұндағы жұртқа мүлде бейтаныс еді. Міне, осының барлығын көркем әдебиет арқылы түсіндіріп берудің оңай еместігі белгілі.

Екінші бір үлкен қиындық советтік цензура болатын. Саптаяққа ас құйып, сабына қарауыл қойған, әрбір сөзіңнен астар іздеп, сүріндіруге дайын тұратын цензураның қылышынан шығарманың жал-құйрығы күзелмей аман шығуы мүмкін емес болатын. Бұл туралы жазушы өзінің «Таңғажайып дүние» деп аталатын ғұмырнамалық романында егжей-тегжейлі тоқталған. Көзі қарақты оқырманның одан хабары бар деп білеміз. Біз тек бұл жерде жазушының шығармашылық лабораториясына байланысты өз ойларымызды білдіре кеткенді жөн деп таптық.

Қабдеш Жұмаділовтің жазушылық жолы да тақтайдай түзу болған жоқ. Империялық саясат, қасаң идеология, қырағы цензура, қызылкөз белсенділер жазушының жолына кедергі жасаудай-ақ жасады. Соның бәрінен де жазушылық таланты мен қайсарлығының арқасында жеңіп шығып отырды. Ресми билік қасақана елемегенімен, қарапайым оқырман қауымның жазушыға деген ықыласы ерекше жоғары болды. «Соңғы көштің» жарыққа шығуы жазушы есімін дүйім дүниеге мәшһүр етті. «Соңғы көш» социалистік реализм қалыбына сыймайтын шығарма болғандықтан, бұл роман әдеби сыннан да, ресми билік тарапынан да өз уақытында әділ бағасын ала алмады. Бұл туралы жазушы Әкім Тарази 1989  жылы «Жазушы» баспасынан жарыққа шыққан Қабдеш Жұмаділовтің екі томдық таңдамалы шығармалар жинағына жазған алғы сөзінде былай дейді: «Қабдеш творчествосында «Соңғы көш» дилогиясының алатын орны ерекше. Осы күнге дейін әділ бағасын ала алмай келе жатқан бұл шығарма - шынайы толғақтан, нағыз жан мен тәннің жарасынан туған асыл дүние. Жазушының жаны мен тәніне түскен жаралардың тыртығы ақ қағаздың бетін ғана тырнап қойған жоқ, оқырманның жүрегін де осқылады. Дилогияны оқыңыз, қайталап оқыңыз, сонда сіз Қабдештің талантына ғана бас иіп қоймайсыз, оның төтенше тағдырына да тәнті боласыз. Соншалықты алапат, сұрапыл сәттерді автордың өз басынан кешіргеніне күмәніңіз қалмайды. Өз басым, оқырман ретінде «Соңғы көшті» қазақ әдебиетінің мәуелі бағында оқыстан бой көтерген, бізге бейтаныс та, құнарлы топырақтан нәр алған зәулім шынар деп қабылдаймын. Бұл дилогия тек автор талантының ғана өресін танытатын шығарма емес, ол - бүгінгі әдебиетіміздің төбелер, жоталар, таулар жүйесінде беделді ориентир шыңдардың бірі». Өте әділ айтылған пікір. Жалпы, «Соңғы көш» туралы қазірге дейін осыдан асырып ешкім айта қоймаған сияқты. Ресми билік «Қазақ-совет әдебиетінің төл шығармасына жатпайды», - деп, әдейі жолын кескенімен, халықтың ықыласына шектеу қоя алған жоқ. Шын жазушы үшін ең үлкен сыйлық та, баға да биліктен емес, халықтан келеді.

Қабдеш Жұмаділов - Қазақстанның халық жазушысы. Бұл атақты оған биліктен бұрын халық берді. Өзге халық жазушыларынан оның есімінің бөлектеу аталатыны сондықтан. Олай дейтініміз: Жұмаділов қаламынан туған қай шығармасын алсаңыз да, елдік, ұлттық мүддені мұрат еткенін аңғарасыз. Он екі томдық «Таңдамалы шығармалары» мен кейінгі шыққан жаңа әңгіме- повестер топтамасын оқып отырғанда, оның қаламына қанат бітіріп, өлмес өміршең шығармалардың дүниеге келуіне себеп болған құдіретті күш, ол тек өз ұлтына деген шынайы махаббат екеніне көзіңіз жетеді. Әлемде ұлы жазушылар көп болғанымен, шынайы ұлт жазушыларының аз болатыны жазушы бойында ұлттық рухтың жетіспеуінен, өз ұлтының өткен тарихын терең зерделемеуден, ұлттың қуанышы мен шаттығын, қайғысы мен қасіретін жан жүрегімен сезіне алмаудан болады. Қабдеш Жұмаділовтің өзге әріптестерінен оқ бойы озықтығы оның шығармаларында ұлттық рухтың басымдығында. Сол «Соңғы көштен» бастап, «Қыл көпірге» дейінгі романдарында тек қана ұлт тағдыры сөз болады. Ал бұл дегеніңіз - шынайы ұлт жазушысының ғана қолынан келетін ерлік.

Қабдеш Жұмаділовтің өзі бір сөзінде «Ұлттан тыс тұратын жазушы болмайды», - деген еді. Осы сөздің ақиқатын жазушының он екі томдық таңдамалы шығармаларын зейін қойып оқыған адам жақсы түсінеді. Ал отар елде өмір сүріп, ұлттың мұңын мұңдап, сөзін сөйлеп, тұтас шығармашылық ғұмырын сол ұлы мақсатқа бағыштап өту - нағыз қас таланттардың қолынан ғана келетін ерлік. Қабдеш Жұмаділовтің жазушы ретіндегі бақыты, міне, осында.

Егер «Соңғы көшке» қайсыбір кеңестік идеологияның сойылын соққан сұрғылт роман-трилогияларға жасалған насихаттың жартысы бұйырғанда, қазақ әдебиетіне үлкен олжа әкелген болар еді. Бірақ шын жазушы үшін өзгенің емес, өз ұлтыңның жүрек төрінен жол табудан артық не бар? Сондықтан да ол жалған атақ қуып, «Әлемнің әлдекімі...» болғаннан, «Қазақтың Қабдеші» болғанды артық көрді.

Тәуелсіздік жылдары Жұмаділов қаламының қарымы тіптен асқақ естілді. Тәуелсіздіктен бергі кезеңде жазушы қаламынан «Дарабоз» роман- дилогия, «Прометей алауы», «Қыл көпір» романдары мен тағы қанша әңгіме, повестер туды. Мұның сыртында тәуелсіздікті бекемдеу жолында ел мен жер, ұлт тағдырына арналған тұтас бір том мақалалар жазылды. Сол бір том мақаланың әрқайсысы - бүгінде билік тұтқасында отырған ресми идеологтардың қиялына кіріп шықпаған дүниелер және барлығы да өз уақытында жазылғаны қуантады. Қазіргі кезде біреулер жарапазан айтқандай жалаулатып жүрген ұлттық идеология туралы алғашқы болып айтқан да, жазған да Жұмаділов болатын. Бірақ соны кезінде тыңдаған ешкім болған жоқ. Ол туралы жазушы бірде былай деп жазды: «Сенің жазғаныңнан ештеңе өзгермейді, соны біле тұра, кейде өзіңнің арың үшін жазатын кез болады. «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары осы мәселе талқыға түскенде, Жұмаділов те өмір сүріп еді ғой. Ол кісі бұған қалай қарады екен?» - деп біреулер сұрайтын секілді. Сондай кезде ұрпақ алдында аруағымыз күңіренбесін дейміз». Бұл ретте айта кетер бір жайт: Қабдеш Жұмаділовтің тәуелсіздік шежіресін көркем әдебиетте бірінші болып жасаған қаламгер екені дау тудырмайды. Тек тәуелсіздіктен кейінгі кезең емес, жалпы қазақ халқының жауынгерлік, ұлттық тарихының төрт ғасырлық шежіресін жасай білді. Дәлел керек пе? «Дарабоз» - он сегізінші ғасыр, «Тағдыр», «Прометей алауы» - он тоғызыншы ғасыр, «Соңғы көш», «Атамекен», «Көкейкесті», «Сарыжайлау», «Таңғажайып дүние» романдары мен тағы қанша әңгіме, повестер - жиырмасыншы ғасыр.

«Қыл көпір» романы кейінгі жылдары жазылған тұтас үлкен екі томды құрайтын әңгіме, повестер жаңа жиырма бірінші ғасыр оқиғаларын арқау еткен. Осы аталған шығармалардың барлығы - тек қазақ ұлтының басынан кешкен тауқыметті, тарихын сөз ететін шыншыл реализм туындылары. Бір жазушы үшін осынша дүние жазудың толағай табыс екені - дау тудырмас ақиқат. Жазушы еңбегі ресми билік тарапынан да ескерусіз қалмады. Бәрібір мойындалды. Бүгінде ол - М.Әуезов атындағы республикалық сыйлықтың, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың және тәуелсіз «Тарлан» платина сыйлықтарының лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы «Парасат» орденінің иегері. Осы атақтардың барлығы - жазушының мемлекет пен халық алдында сіңірген ұзақ жылдарға созылған шығармашылық еңбегіне берілген баға. Жұмаділов өзге біреулер секілді атақ қуған жоқ. Атақ оның өзін іздеп тапты.

Қабдеш Жұмаділов шығармашылығының негізгі бір арқауы диаспора тақырыбы екені қазақ оқырманына жақсы таныс. Ол - бұл тақырыпты алғаш ашқан жазушы. Бүгінде бұл салада Жұмаділовше жазатын жазушылар пайда бола бастады. Нақтырақ айтқанда, қазақ әдебиетінде Қабдеш Жұмаділов мектебі қалыптаса бастады. Бұл әсіресе шекараның арғы бетінен келген жазушылардың жазу мәнерінен айқын аңғарылады. Ал «Дарабоздың» сыңарындай болып келетін жасамыс және егде жазушылардың қаламынан туған романдар да жоқ емес. Оны аз десеңіз, «Дарабоздағы» жазушы қиялынан туған кейіпкерлер мен ойдан қиыстырылған оқиғаларды сол қалпында көшіріп, кітап жазған жазушылар да кездесті.

Бір айта кететін жағдай: Жұмаділов шығармаларын мұндағы оқырман мен шекараның сыртындағы оқырманның қабылдауы - екі басқа. Жетпісінші жылдары жарық көрген «Соңғы көш» Шыңжаң қазақтарына күні бүгінге дейін толық жеткен жоқ. Жазушы үшін бұл да - бір өкінішті жағдай. Бірақ роман шығар-шықпаста-ақ шамкөс Қытай билігінің үстінен бомба түскендей тулағандары белгілі. Жетпісінші жылдардың орта шенінде Шыңжаң өлкелік партия комитетінің арнайы қаулысымен роман маман аудармашылардың ұжымдық аударуында жедел түрде қытай тіліне аударылады. Бұл кез Қытайда атақты мәдени революцияның ең шырқау шегіне жеткен кезі болатын. Дәл сол тұста Мао Цзе Дунның қызыл терроры салтанат құрған Қытай қоғамын жіліктеп талдап, жеріне жеткізіп әшкерелеген «Соңғы көш» секілді кең тынысты эпикалық роман Қытайдың өзінде де, өзге жерлерде де жазылған жоқ. Тек мәдени революция аяқталып, Мао өлген соң, қытай жазушысы Бәй Хуаның «Өкініш» деп аталатын киноповесі қытай қоғамын әшкерелеген шығарма ретінде ресми билік тарапынан қатты сынға алынып, шетелде біраз дабыра тудырды.

Миллиондаған тағдырларды ойрандаған, тарихи деспотизм жайлаған қатыгез қытай қоғамы мен оның озбыр билеушілерін әлем алдында масқара етіп әшкерелеген сол кездегі небары 34-35 жастағы жас қазақ жазушысы бүгінде жетпіс бес жастың жотасына көтеріліп отырған қазіргі қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі Қабдеш Жұмаділов болатын. Егер Жұмаділов осы «Соңғы көштен» кейін ештеңе жазбаса да, қазақ әдебиетінің классигі болып қалатын еді. Сол тұста Қытайдың қорғаныс күштерінен тыс, ауыл шаруашылығымен айналысады деген жалған желеумен, құрылысшы он дивизияны Шыңжаңға әкеп орналастырған Қытай билігі көршілес Кеңес Одағынан қатты сескенетін. «Шыңжаңға басты қауіп Совет одағынан, соның ішінде Орталық Азиядан» дейтін Маоның қанатты сөзін Құран тәпсіріндей көретін Қытай билеушілері «Соңғы көшті» оқып шыққаннан кейін Қабдеш Жұмаділовтің бұл «қылмысын» кешіре алмады. Қажет десеңіз, күні бүгінге дейін солай. Ал қазақтан шыққан шолақ белсенділер қазір де Жұмаділовті су ішкен құдығына түкірген, арттағы елге топырақ шашқан деп қыжыртады. Ондай көркөкірек топастар осы күні Қазақстанда да бар. Тәуелсіздік жылдары шекара асып келген ағайынның арасында да Жұмаділовтің Қытайдағы аз ұлттардың көрген қиянатын, қытай отаршылдарының озбыр саясатын әшкерелеп шығарма жазуын «отанға жасаған опасыздық» деп білетін, «отаншыл патриоттар» Жұмаділовке қарсы күрес ашқандарына да біраз болды. Арғы бет пен бергі беттің батыраш-қотыраштары тізе қосып, тіресіп-ақ жатыр. Бірақ арам тірліктерінен ештеңе шықпай-ақ қойды.

Қазақ топырағы әлі талай дарындарды тудырар, бірақ Қабдеш Жұмаділов қазақ әдебиетінде бір өзі бүкіл бір ұрпақтың жүгін жалғыз арқалап, төңкеріс жасаған дарабоз дарын ретінде Хан Тәңірі биігіндей боп мәңгі қалады. Ол қазақ әдебиетінде ұлы Әуезовтің мектебін жалғастырды. Жұмаділов шығармашылығынан өзге мін таба алмаған қызылкөз ағайын оны Әуезовше жазасың деп кінәлайды. Әуезовтің алдын көрген шәкірттері қазақ әдебиетінде, құдайға шүкір, баршылық. Бірақ солардың арасында Әуезовке бір табан жақын тұрған - Жұмаділов қана. Оның ең үлкен бақыты да сонда. Әуезовті бойына сіңіре білмеген, оның телегей-теңіз сөз дариясынан қанып ішпеген базбір жазушылардың шығармаларын оқып отырғанда, сіңір шайнағандай боласың.  Иә, бір жазушының екінші бір жазушыға ықпалы болатыны - әлем әдебиетінде де, қазақ әдебиетінде де бар мысал. Орыс әдебиетінде Толстой мен Достоевскийден үйренбеген жазушы бар ма? Тіпті сол ұлы орыс әдебиетінің арғы жағында француз әдебиеті тұрған жоқ па? Гогольдің шинелінен шыққан қаншама орыс жазушысы бар. Оны аз десеңіз, бүгінгі әлемді аузына қаратып отырған жер шарының нөмірі бірінші абыз жазушысы саналатын Гавриил Гарсия Маркес те Франс Кавканың жалғасы емес пе. «Құбылуды» оқыған соң, осылай да шығарма жазуға болады екен-ау деп, жазушылықтың жаңа жолына түстім демейтін бе еді». Демек, ұстаз Әуезов пен шәкірт Жұмаділов арасындағы өзара үндестікті осы тұрғыдан қарастырған дұрыс. Бұл ретте Әуезовті қалай қадір тұтатынын Қабекең өзі де талай рет айтып, жазды да.

Жұмаділов - досы да, дұшпаны да шартсыз мойындаған жазушы. Осыдан бес-алты жыл бұрын «Қазақстан» телеарнасында «Шынның жүзі» дейтін бір жақсы хабар болатын. Сол хабарға қатысып отырып, марқұм жазушы Сәкен Жүнісов ағамыз журналистің: «Қазіргі Қазақстандағы ең мықты жазушы кім?» - деген тосын сауалына ойланбастан: «Қабдеш», - деп жауап берген еді. Кейін Астанадағы өз пәтерінде Сәкен ағамызбен оңаша отырып, екеуара сағатқа жуық әңгімелескеніміз бар. Алғашқы, әрі соңғы кездесуіміз де сол болды. Сол жолы жоғарыдағы сөзін есіне салған едім. Сонда Сәкен Жүнісов: «Қазақстанда үш-төрт мықты жазушы бармыз, Қабдеш - соның ішіндегі мықтысы», - деді. Бүйенінде шынтақ айналмайтын қызылкөз қызғаншақ, іштерінде ит өлген ағайын еш уақытта олай айта алмайды. Ал Сәкендердің жөні басқа. Өзі айтқандай, қазақ дейтін халықтың маңдайына біткен үш-төрт классик жазушысының бірі сол Сәкен Жүнісов ағамыз еді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», - дейді атамыз қазақ. Қабдеш Жұмаділовтің ұлт алдында көрсеткен мына бір-екі азаматтық ерлігін айта кеткеніміз орынды секілді. Бүгінде қазақ оқырманы жақсы таныс, жақында ғана дүниеден озған Шыңжаңдағы қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, классик жазушы Қажықұмар Шабданұлының қашан өмірден озғанша жоқшысы болып келген де, өзге ешкім емес, Қабдеш Жұмаділов екенін исі қазақ жақсы біледі. Бұл енді - Аллаға да, адамға да аян ақиқат. Егер Жұмаділов бел шешіп кіріспегенде, алты томдық «Қылмыс» және «Пана» романдары Қазақстанда жарық көрмей қалуы да мүмкін еді. Азаматтық кісілік деп осыны айтар болар. Біреулер беттері бүлк етпестен: «Бар беделімізді салып жүріп, біз шығардық», - деп мақтанатын көрінеді.

Ал екінші ерлігі - атажұртқа көш бастап өткендігі. 1962 жылы көктемде Шығыс Түркістанның Тарбағатай аймағынан босып өткен 200 мыңға тарта қазақтың саны бүгінде миллионның үстіне шығып кетті. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың бастарын қатерге тігіп жүріп істеген осынау ерліктерінің арқасында сол ұлы көш атажұрт Қазақстанға құт болып дарыды. Бұл - ешкім жоққа шығара алмайтын ақиқат. Сол көшті сонау Кремль мен Алматыға қайта-қайта хат жазып жүріп, ұйымдастырған санаулы азаматтардың бірі Жұмаділов екенін оның кешегі жауларының өзі ашық мойындап, елді бүлдіруші «бунтарь» деп келгені ондағы елге жақсы таныс. Базбір ағайындар бұл күнде ол көшке Жұмаділовтің ешқандай қатысы жоқ деп байбалам салады. «Сонда ол көш аяқ астынан қалай болды?» - деген сауалға жауап жоқ. Ал енді біреулер Хрущев пен Мао Цзе Дунның екеуара келісіп істегені», - дейді шімірікпестен. Сонда қалай? Егер шынымен екі империя көсемдері шашылған қазақтың басын қосуды алдарына мұрат етіп қойса, қазақ халқына сондай жанашырлық танытқан болса, онда оларға арнап Астана мен Алматыдан зәулім ескерткіш қою керек шығар. Содан соң, тағы бір күлкілі жері - неге ондағы елді тұтас көшірмей, тек Шәуешек жұртына ықыластары ауды екен алып елдің алпауыт басшыларының. Атажұртқа бет алған ұлы көшті ұйымдастырғандар да - қазақтың өз қайраткер ұлдары. Солардың қасқа маңдайында Қабдеш Жұмаділов те бар. Демек, Қабдеш Жұмаділов жай жазушы емес, ол - ұлттық ойдың басында тұрған қайраткер жазушы.

Иә, қазақ көші отыз жылдай уақыт үзіліп қалғанмен, тәуелсіздік таңы атқан сәттен бастап, қайта қозғала бастады. Бір кездері балаң жігіт Жұмаділовтер бастаған ұлы көш қазір де жалғасын табуда. Атажұртқа қарай бет алған қазақ көші әлемнің шартарабынан андыздап болса да, келіп қосылып жатыр.  Ал Алаш арыстары негізін қалаған, ұлы Әуезовтер бастаған кейінгі толқын ұлт жазушылары жалғастырған қазақ әдебиетінің ұлы салқар көші жиырма бірінші ғасырда да қазіргі өркениетті әлемнің ең озық әдебиеттерімен қара таласып, болашаққа бұйда созып барады. Көш басында - қазақтың дарабоз жазушысы Қабдеш Жұмаділов!

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 16 (99) 04 мамыр 2011 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407