Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 3926 3 пікір 24 Қаңтар, 2019 сағат 12:20

Жастар жылы және әдебиет академиясы

Бүгін елбасының алдында «тізгін ұстап», сөз сөйлеген жастардың жеткен жетістігі мен өнеріне тәнті болдық. Бізде де әр саланың үздік мамандары жетіп жатыр екен ғой деген шүкір, тәубемізді айтып отырдық. Бірақ, осындай талантты жастарды бүгінгі жағымпаз билік дәл өздеріндей етіп сарнатып, «табан жалатып» қойғаны жаңағы үмітімізге су сепкендей болды.

Таланттың тәуелсіз, еркін болғаны жөн еді. Жағымпаз-талант елді жарылқар ма екен?! Мүмкін, жастық өтіп бара жатқан соң қызғанған да шығармыз. Өзің кешір, Алла!
Негізгі айтайын дегенім бұл емес еді, біздікі реті келгенде дүрсе қоя беру ғой.

Дегенмен, Осыдан біраз уақыт бұрын Жас қаламгерлердің республикалық кеңесінде айтылған Әдебиет академиясын құру жайлы бастаманың президентке тікелей ұсынылғаны көңілден шықты.

Егер әдеби мектеп жайлы ғаламтордан іздей қалсаңыз әлемнің түкпір-түкпірінен осындай шығармашылық адамдарымен жұмыс жасайтын орталықтарды жүздеп кездестіресіз. Және халықаралық, мемлекеттік әдеби сыйлықтарды да дәл солардың тағайындап отыратынына көзіңіз әбден жетер еді.

Мысалы бір ғана қытайдың өзінде бірнеше әдебиет иниституты бар. Лушүн атындағы әдебиет иниститутының атқарған жұмысының өзі ұшан-теңіз. Бүгінде қытай әдебиетіндегі мүйізі қарағайдай қаламгерлердің басым көпшілігі осы иниституттың түлектері. Нобель сыйлығын алған екі қытай қаламгері де осы институтта тәжірибеден өткен. Онда қытай әдебиетіне қызығатын қаламгерлер әр елден келіп білім алып жатыр. Бұрын соңды өзге жұрт қытай халқында әдебиет пен өнер бар деп білмесе, осы институттың атқарған шаруаларының нәтижесінде соңғы 20-30 жыл ішінде қытай өз әдебиетін әлемдік өреге көтере білді. Өзге елдердегі әдебиет академияларымен байланыс арқылы «бес мың жылдық» тарихындағы классикалық шығармаларды әлемнің барлық тілдерінде сөйлете білді. Осы институттың алты айлық, бір жылдық курстарын тәмәмдап келген менімен замандас қазақ қаламгерлері де бар. Қытай қазақ әдебиетінде аударма жасап, өз шығармалары да өзге тілдерде жарық көріп жүргеніне куәмін. Қытайдағы ең үздік авторларды бағалау, оларды ынталандырып, сыйлық таратып отыру да осы институттың мойынында. Жыл сайын мұнда әлемнің көптеген елдерінен келген Нобель сыйлығының иегерлері мен халықаралық мәртебеге ие жазушылар келіп, апталап, айлап жатып лекция оқиды, тәжірибе алмасады.

Америкадағы Солтүстік Каролина университетіндегі әдебиет факультетінің жанынан ашылған сондай бір шығармашылық орталықтың ақын-жазушылар арнайы келіп оқитын лекцияларының жоспарын көргенім бар. Есімде қалуғаны, Жаңа заман АҚШ әдебиетін, Латын Америка әдебиеті, Латын Америкасындағы модернистік ағымдар, Америка және Еуропадағы араб нәсілді эмигранттар әдебиеті, Еуропа жаңа заман ағымдары, әлем әдебиетіндегі соңғы 20 жыл, Иран түрме әдебиеті, т.б толып жатқан леция тақырыптарын көріп таң қалғаным бар.

Мәскеудегі М.Горький атындағы әдебиет институтының атқарған жұмысын мұндағы қаламгер қауым менен жақсы біледі деп ойлаймын. Әрине, «қаламгерлік құдайдан ғана берілетін талант» деп кері кетіп отырған ағаларға айтарым, Құдай талант берген екен оны неге шыңдамасқа, жетілдірмеске?!

Бірақ осындай арнайы мектептің, тәжірибе алмасудың жоқтығынан осы отыз жылға жуық уақыттан бері тек өз қазанымызда қайнап қалған жоқпыз ба?! Әлемді айтпағанда, тіпті, туыс түркі жұртының не жазып жүргенінен хабарымыз жоқ екені бәрімізге аян ғой.

Зәудеғалам, президент тапсырма беріп, бұл ұсыныс жүзеге асып жатса, әдеби мектеп құрылса, оның жұмысы жүйелі жүргізілсе, өзді-өзімен тұншығып жатқан қазақ қаламгерлерінің қанат жаяр күні туса НҰР үстіне нұр болар еді.

Қайсар Қауымбектің facebook парақшасынан

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322