Жексенбі, 24 Қараша 2024
Ғибырат 4793 4 пікір 4 Ақпан, 2019 сағат 11:19

Абай Мауқараұлы. Супермансапқорлық

(ғибратнама)

Біздің қоғамдағы қазіргі эпидемияға айналған рухани дерттің атауы! Әр заманда атауы өзгергенмен адамзаттың көбі қызығып, азы қарсы шығып келе жатқан емі табылмаған кесірдің нақ өзі. Асқан мансапқорлық адамдардың ауруы да, арманы да!

Француздың данышпан жазушысы Виктор Гюго  бірнеше романында осы тақырыптың екі полюсін де шегіне жеткізе көрсетіп берді. Жазушының отыз жасқа жетпей жазған «Париждегі әулиеана собары» романында, шексіз билікті қолына жиған француз Королі, көшеде әдемі ешкісімен цирк өнерін көрсететін Эсмеральда атты әсем бойжеткенді өлтіруге бұйрық береді. Он бес жыл бойы тас үйшікке қамалып осы жоғалған қызын жаңа ғана тауып, қас-қағым сәт ғажап қуанышқа кенелген сорлы ананың қолынан жауыз жасауылдар қызды тартып әкетіп дарға асады. Қызына жан ұшыра ара түсіп, жасауылдардан сауға тілеген бишара шешенің жүрегі жарылып өледі. «Әулиеана» собарының қоңыраушысы бүкір, дүлей, құбыжық пішінді болса да, асқан ержүрек, жаны нәзік жанашыр  Квазимодо, қызды ұстап берген қаскүнем поп Клодті биік соборден құлатып өлтіреді. Мансапқор королдің алдында шарасыз қалған бишараларды адамдар көріп тұрса да, қоғамның селт етпейтінін жазушы жеріне жеткізе жазған. Әділет үшін күрескен бар-жоғы екі-ақ адам,  бұл істен қалың тобыр қалыс қалуда.

Себеп, асқан мансапқорлықтан туындайтын әділетсіздікке жақтасу  яки  күш көрсету тобырдың да ішкі арманы болу керек...

Жуықта марқұм замандасым Таласбек Әсемқұловтың «Бекторының қазынасы» деген туындысын оқып, осы тақырыпқа  жаңа қырынан келгенін байқадым. Мейрамханада күнкөріспен ғана қызмет етіп жүрген Қайырболды деген жомарт пейілді жігіт, ғайыптан-тайып ірі банкир болысымен, адамдардың аянышты халіне бүлк етпейтін  тасжүрек, қатігез мансапқорға айналды. Шарасыз адамдардың кредит үшін кепілікке қойған үй-жайын аямай тартып ала береді. Алайда, мәшине жуып күнін көріп жүрген қаршадай ұлдың көлікке соғылып жатқан аянышты қалін көргенде, Қайырболды өзінің таршылықта өткен балалық шағы есіне түсіп, мейірімі оянады. Оған аянбай көмек жасап жүргенде өзінің баяғы адами жұмсақ жүрегі кеудесіне қайтады. Сөйтіп, банкирліктен тақыр кедейліке түссе де, адамшылық қасиетті тапқанында жаны жай тауып, өзінің ең бақытты адам болғанын сезінеді. Қияли-пәлсапалық тәсілмен суреттеген осы оқиғалар тізбегі супермансапқорлық дерті меңдеген біздің қазіргі қазақ қоғамының  бет пердесін аямай ашады.

Себеп, адамдар өз жүрегін биік мансап жолында шайтани Бекторыларға сатып жіберіп, кеудесінде тек қана қан айдап тұратын насос секілді тас жүрек қалатындығында болса керек...

Ал, біздің дана қазақ осы асқан мансапқорлық қияпатын  шап-шағын әпсанаға сиғыза білген екен:

Мейманасы тасыған Самұрық деген қағанның бірі-бірінен өткен қызық пен шыжыққа толы ғұмырының бір күні ойын-той, бір күні сән-салтанат, бір күні жиын-жиналыс, кейбір күні саятшылықпен өтіп жатады.

Қаған ығай мен сығай нөкерлерін ертіп тағы бір алыс салбурын саятқа шығады. Сайын даланың үйір-үйір киігін қуа-қуа төрт тарабы бірінен-бірі айырғысыз сағым қуған бетбақ далаға шыққанын саятшылар сезбей де қалады.

Қайтар жолда аптапқа ұшыраған  қаған тобының  ауыз суы таусыла бастайды. Қағанды шөлден аман алып өту үшін алдымен қосшылар, онан кейін атшылар, одан кейін бапшылар... дегендей үлкен топтағылар өз-өз дәрежесімен үлес сусындарынан бас тартып жолда қала береді. Үшінші күні қағанның бас уәзірі өзінде қалған жарты торсық суын қаған иесінің қолына ұстатып, кеберсіген ерінімен бір мезірет айтып  ол да айдала қалады. Тағы бір күн өткенде небір шөлден жұлдыздай ағып өте шығатын қағанның ақ тұлпары да қайнаған аптаптан жер сүзе құлайды. Ең соңында қағанның сенімді күзетшісі ілбіс пішінді көк тазы да ұзын қызыл тілі одан әрі ұзара салақтап, бір төбеде шоқиған күйінде ол да иесіне қош айтысады.

Иен түзде жападан-жалғыз қалған қаған ең соңғы сарқын суын қақалып-шашала жұтып, бағытын да ұмытып ілбіп келе жатса, сексеуіл түбінде отырған біреуді көреді. Құтқарушысы алдынан шыққандай қуаныштан есі шығап, сенделе басып әлгі жалғыз адамның алына келсе, басына бақырдай ғып сәлде ораған, жалаңаш етіне шекпен киген, жалаңаяқ табаны көнтеріге айналған дәруіш отыр екен.

Келген адамды көрсе де көрмегендей көкжиекке көзін сүз..е...еп жайбарақат отыр. Қаған қарлыққан дауыспен:

«Мен осы елдің ханымын, ізет-сәлемің қайда!?» деп, ақырды. Ол қоңыр дауыспен үн қатты:

«Иә, көріп отырмын, хандық деген сарайда ғана болатын нәрсе ғой, сахарада қайдағы хандық?» деп, таңданды.

Қаған осы кезде айналаға бір сәт көз салды да «а, мына дәруіш рас айтады-ей, анау аспандағы ақ бұлт басқа жаққа жаууға өз жайымен көшіп барады, мына тас төбеден күйдірген Күн де мені тыңдамайды, міне ештеңеден алаңсыз ұшып жүрген бозторғай да маған жалынышты емес... мынау дәруіш көлеңкелеп отырған сексеуіл де менен ештеңе сұрамайды ғой... сонда бұл дәруіш те менің хандығымды не қылсын!?» деп ойланып, алғаш рет қағандықтың түкке тұрғызыз екенін мойындап, жуаси қалды.

Дәруіштің мойынындағы асып алған тері торсық пен көнқапқа көзі түскенде құрғап қалған тамағын жұтынып:

«Суыңнан берші, ей бейтаныс жан!» деді, хан жұп-жұмсақ дауыспен. Дәруіш:

«Сахарада су өте қымбат екенін білесің бе, адасқан адам. Мен түні бойы күзетіп отырып тамшыжапырақтан күні бойы ішетін суымды жинап аламын. Бір тостақ судың ақысына не бересің?» деді. Хан көзінен үміт оты жылт етіп:

«Бүкіл байлығымды!» деді. Дәруіш:

«Оған кепілдік керек!» деді. Хан белдігінен мөрін шығарып, алтын кісесінен қағаз алып қолхат берді.

Дәруіш мөлтілдеген бір тостақ суды ханға ұсынды. Хан малдас құра отырып, тостақтағы суды ауызына таятқанда өмірі бастан кешпеген ғажап күйге бөленді. Судың иісін сезді, сондай пәк, таза осы жасында еш түйсінбеген ғаламат иіс! Тостақтағы суға көзі түскенде оның мөлдірлігіне тәнті болды, сансыз тамшы жиналып әрбірі өзіне мөлдірей, мүсіркей қарап тұрғандай көрінгенде, аяныш сезімі кеудесінде жас  баладай іңгалап, сонау періште балалық шағына оралғандай көзі жасқа шыланды.

Суға еріні тиігені сол еді, сөз жеткізсіз шәрбат дәмнен тілі ғана емес, бүкіл өнебойы ләззатқа бөленіп, құлағалы тұрған денесіне күш бітті. Хан дүр сілкінген қырандай серпіліп, енді бір тостақ су ішсе еліне жететіндей сеніммен:

«Ей, қайырымды жан, тағы бір тостақ су берші!» деді, өтінішпен. Дәруіш:

«Оның да ақысы бар» деді. Хан:

«Бүкіл сұлу әйелдерім мен бала-шағамды түгелдей!» деді де, айтқызбай-ақ, мөр басылған қолхатынын ұсынды. Екінші тостақ су ханды аяғынан тұрғызды. Енді, үшінші тостақ суды ішсе, тіпті қанат бітіп ұшып та кететін сияқтанды. Хан:

«Ей, мәртебелім! Тағы бір тостақ су қайырым етші!» деді, жалынышты үнмен. Дәруіш:

«Иә, сенде енді беретін нәрсе қалды ма?!» деді. Ханның дауысы дірілдеп, амалсыздық пішінде:

«Алтын тағым мен бүкіл билігімді де саған қидым!» деді.

Хан дәруіштің кепілдік сұраған сөзін естір-естімес күйде, қалтырған қолымен соңғы қолхатын да жазып ұсынды... Жаны мен алтын тағы таразыға түскенде, алтын тақтың үстінде мәңгі жасайтындай жайсаң болып жүрген асқақ хан, тірішілік көзі бір тостаған судың алдында ең мүсәпір кепке түсті...

Тордан босаған құстай асқан мансапқорлықтың тұтқынынан босанған сәтте Қаған дәруіштің көз алдында қара қарғаға айналып аспандай ұшып көзден таса болды...

Дәруіш өзіне ханның қалдырған үш қолхатын сахарада соғатын кешкі самалаға ұшырып отырып, рахаттана күлді. «Апырай-ай! Адамдардың ең қымбат санаған үш нәрсесі үш-ақ тостаған судың құнындай екен ғой! Сонда да, алтын тақтың мәнсабы байлық пен әйелден де артық болып тұрғаны, адамның асқан мәнсапқор екенін әшкерелеп тұр-ау! Мен бұл қасіреттен құтылатын жолды өзімше тапқан екенмін ғой, міне, Құдай соған көзімді жеткізді...» деді, мұңая ойланып.

Ал, дәруіштің өзі осы мансапқорлықтан қашып жүрген көрші елдің ханының үлкен ұлы еді. Сахарада адасып өлді, деген желеумен ел есінен ұмытылған-ды.  Еркін далада киік сауып, бүкіл тірліктің тілін тауып, жаратылыстың Жаратушысын танып, жалғыздықтан жаны жай тапқан жан болатын...

Асылында, адамзат тарихында мансапты әділет жолына қызмет етуге жұмсай білген адам, жер жүзіндегі аң мен құсқа дейін билік жүргізген Сүлеймен әлейхсәлам ғана.

Одан кейін, Хақ дінді жер бетіне таратудың жолын салған Хазреті Омар халқы не ішсе соны ішіп, не кисе солай киініп, сарай салмай, таққа отырмай, кемшілігін айтқандарға сыйлық беріп, өзін мақтағандарға айып салып, мансапты мансапқорлыққа емес, халыққа қызметке айналдырған пайғамбардан кейінгі адамзаттың ұстазы еді...

Ал, біз мансапты әділдікке емес аярлыққа айналдырған, аярлықты ақылдылық санаған, мансаптың  халыққа қызмет етуші жай құрал екенін ұмытып, халықтың өзі сол мансапқа құл болатын масқарлықты таңдаған,  сөйтіп, «супермансапқорлық» деген дертті бәріміз жабыла өзіміз қолдан жасаған, енді соның бәлекетінен құтылудың жолын таба алмай, Айға алақан жайған сандалбай деген тобырға айналып барамыз...

Өйткені, әділдік жолындағы күрес деген біздің «жеңді, жеңілді» деп, айтып жүрген нәтижемен емес, сол әділдікке жақтасаудың өзі нағыз жеңіс екенін білмей шатастық...

Абай Мауқараұлы

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572