Есей Жеңісұлы. Есем кетті, есем!...
Қазақстан құрамасының 6 маусымда Англияны өз алаңында қабылдайтыны өткен жылдың көктемінде белгілі болғаннан-ақ, ел ішін футбол елесі кезіп кетіп еді. Иә, бізге Криштиану Роналду бастаған - Португалия, Йон Даль Томассон бастаған - Дания, Ангелос Харистеас бастаған - Грекия, Яри Литманен бастаған - Финляндия, қыл-аяғы, Андрей Шевченко бастаған Украина да келіп кеткен-ді. Бірақ сол құрамалардың ешқайсысы дәл Англиядай дүрмек тудыра алмаған еді. Келді, көрді, жеңді... кетті. Олар келгенде, стадионға кіру билеті де арзандау болған сияқты еді... Әйтеуір, Англияға деген аңсарымыз керемет болды.
Қазақстан құрамасының 6 маусымда Англияны өз алаңында қабылдайтыны өткен жылдың көктемінде белгілі болғаннан-ақ, ел ішін футбол елесі кезіп кетіп еді. Иә, бізге Криштиану Роналду бастаған - Португалия, Йон Даль Томассон бастаған - Дания, Ангелос Харистеас бастаған - Грекия, Яри Литманен бастаған - Финляндия, қыл-аяғы, Андрей Шевченко бастаған Украина да келіп кеткен-ді. Бірақ сол құрамалардың ешқайсысы дәл Англиядай дүрмек тудыра алмаған еді. Келді, көрді, жеңді... кетті. Олар келгенде, стадионға кіру билеті де арзандау болған сияқты еді... Әйтеуір, Англияға деген аңсарымыз керемет болды.
Хош, сонымен Англия келді. Бастапқыда жоспарланғандай, Астанаға емес, Алматыға келді.
Әуелі жанкүйерлердің жүрегіне ұлттық құрамамыздың бас бапкері Бернд Шторк қанжар сұқты. «Мұрат Тілешевті шақырмаған себебім, ол арықтаған жоқ, қайта семіре түсті. Самат Сымақов белорустармен өте нашар ойнады. Александр Кучма қазір құрама деңгейінде өнер көрсетіп жүрген жоқ. Нұрбол Жұмасқалиевтің жарақаты толық жазылмады. Руслан Балтиев балтырының етін ауыртып алды» деп саусақтарын бір-бірлеп бүгіп, аузын қу шөппен сүртті ол. Жанкүйер жазған оның эксперименттеріне бой үйретіп қалған-ды. Дәл сол Англиямен өткен жылы күзде, даңқты «Уэмблиде» кездескенімізде, алаңға кіл жас ойыншыларды жіберіп, 50 минут жақсы ойнағаны есімізден шыға қойған жоқ. Бірақ Қазақстан үшін футболда арнайы заң қабылданбас, яғни біз де жұрттың баласы секілді 90 минутты толық ойнауға тиіспіз. Сондықтан «Уэмблидегі» 1:5 есебіне разы болған ешкім жоқ шығар деп ойлаймын. Ал 1 сәуірде дәл осындай есеп Алматыда, Беларусь құрамасымен ойында қайталанды. Содан да ма екен, біздер, жанкүйерлер, Англиямен қарымта матчты қорқа күттік. Қорқыныш шоғын құрамадағы тәжірибелі футболшылардың мүлде аздығы одан ары қоздата түсті.
Ойын біз күткендей болды. Тағы да 4 доп айырмашылығымен ұтылдық. Тағы да Мокин ағылшын футболшыларына екі үлкен сыйлық жасады. Біз неге жеңілдік? Әрине, әлемнің үздік құрамаларының қатарындағы Англияны дәл қазіргі жағдайымызда «жеңеміз» деп ойлау утопия болар еді. Сонда да біз неге жеңілдік? Талдап көрейікші.
Біріншіден, Бернд Шторк айтқанынан қайтпайтын, қияңқы баланың образындағы өз тактикасының құрбаны болды. Яғни беларусьтармен ойында еш нәтиже бермегеніне қарамастан, ол алаңға тағы екі шабуылшы қойды. Басқа-басқа, ағылшындардың өзі алға жеке-дара Еміл Хескиді ғана жіберіп, Уейн Руниді сол қапталға қарайлатып жүргенде, біз Таңат Нөсербаев пен Сергей Остапенконың Джон Терри бастаған қорғаушыларды әйтеуір бір киіп-жарып өтетініне үміттеніп отырдық. Бірақ футболдың аты - футбол. Ол сенің титтей қателігіңді кешірмейді. Остапенко ойын орталанбай жатып-ақ, ауыр жарақаттанып қалды. Міне, осы кезде біздің құраманың барлық проблемасы аймандай болды да қалды. Қосалқы құрамда, сенесіз бе, басқа бірде-бір шабуылшы жоқ екен! Амал жоқ, алаңға Сабырхан Ыбыраев шықты да, оң қапталға өзі орналасып, алға Евгений Аверченконы жіберді. Бірден айтайық, Таңаттың да, Аверченконың да бойы 1 метр 70 сантиметрден сәл-ақ асады. Яғни олар Терриден, Апсоннан және артқы жартылай қорғаушы Барриден кемі бір қарыс аласа. Оның үстіне, Аверченко бұған дейін құрамаға шақырылған емес. Бірден оттың ортасына түскен соң, қызылжарлық жігіт маталды да қалды. Өз басым Аверченконың ойын тізгінін қолға алып, атойлай шапқанын көрген жоқпын. Егер алаңға кісі санын көбейтуге жіберер болса, мен де бүлк-бүлк желіп жүре алар едім.
Екіншіден, ағылшын футболшылары шетінен атлет. Теледидарда сіріңкенің шырпысындай көрінетін жігіттер Алматының стадионында кенет зорайып, тұлғаланып, ертегідегі дәулерге айналып кеткендей көрінді де тұрды. Олардың қасында біздің Көкеев пен Нөсербаев, Карпович пен Аверченко доп тасып жүрген бала сияқты. Яғни біздің футболшылардың дене күші кем екені бірден көзге ұрды. Шындығына келсек, бұл ойында ағылшындар барын салған жоқ. Өз мүмкіндіктерінің 60-70 пайызында ғана өнер көрсетті. Соның өзі Қазақстан қақпасына жауапсыз 4 доп соғуға жеткілікті болды. Ойын барысында мынадай сәтті көріп, «нағыз футбол осы-ау» деген ойға берілдім. Нөсербаев сол қапталға қашқан допқа жандәрмен жетіп, Эшли Коулдан сытылып үлгерген кезінде... Джон Терри сап ете қалып, оны доп-мобымен қоса алаң сызығынан шығарып жіберді. Итерген де жоқ, ойын тәртібін бұзған да жоқ, кәдімгідей, жата қалып тепті. Міне, біздің футболшылар алаңдағы осындай «соғысқа» толық дайын емес сияқты. Жата қалып, төрешінің бетіне үміттене қарау, айып добын сұрау, ысқырық күту сияқты күлкіңді тудыратын сәттер де аз болған жоқ.
Үшіншіден, қорғаушылар да, қақпашымыз да өте нашар ойнады. Менің ойымша, соңғы пенальтиден соғылған голда ғана қақпашы Александр Мокиннің кінәсі жоқ. Басқасының бәрінде - бар! Алғашқы гол соғылғанда ол өзінен алыс бұрышқа мүлде қарайлаған жоқ. Екіншісінде Джеррардтың қитұрқы соққысына мүлде дайын болмай шықты, сөйтіп, допты дәл Хескидің алдына тастап берді. Үшінші голда Рунидің тіземен соққысын қақпаның ішінен (!) алып шықты. Оны Рунидің өзі қайшылай теуіп, қайыра соқпағанның өзінде голдың саналатыны күмәнсіз еді. Осы сәттердің бәрінде біздің орталық қорғаушылар сырттай бақылаушы болды да тұрды.
Ойын біткен соң Бернд Шторк өз командасының ойынына ырза екенін мақтанып тұрып айтты. Иә, онымен келісуге де болар. Сергей Скорых, Андрей Карпович, Жамбыл Көкеев, Таңат Нөсербаевтың арыстанша айқасқанына күмәніміз жоқ. Бірақ олар шамасы жеткенінше ғана жақсы ойнады. Яғни олар дәл бүгінгі өзінің «максимум бағдарламасын» іске қосты. Ары қарай - ештеңе жоқ. Тек өсу керек. Әйтпесе сол 1:5, сол 0:4...
Шторктың өз сөзін өзі жоққа шығаратынына да таңым бар. «Мен қазақ футболының болашағына жұмыс істеп жатырмын. Біз құрамаға жас ойыншыларды көп тартып, оларды өсіруге тиіспіз» дегенді ол көп айтады. Біріншіден, сіз Қазақстан құрамасын мәңгі басқармайсыз, Шторк мырза! Күзге жетпей-ақ отставкаға жіберіліп жатсаңыз, қайтпексіз? «Мен құрамаға Ыбыраев, Ербес, Нөсербаев, Киров, Логвиненко сияқты жас футболшыларды жаңадан шақырып, енді ғана команда жасақтап жатыр едім» деп ақталасыз ба? Ұлттық құрама - барлық жас деңгейіндегі құрамалардың шыңы. Онда сол сәттегі елдің ең үздік футболшылары ғана ойнауы қажет екенін сіз жақсы білсеңіз керек. Жастар солардың арасына сыналап кіріп, өздерінің «бәсекеге қабілетті» екенін дәлелдесе керек еді. Мынадай эксперименттен кейін олардың тауы шағылып, жігерлері шаладай бықсып қалмасына кім кепіл? Екіншіден, жас ойыншыларды көп тартқан екенсіз, неге тым құрмаса ойыншы алмастыру лимитін толық пайдаланбайсыз? Беларусьпен де, Англиямен де ойын барысында екі ойыншы ғана алмасты. Алаңға Нұрғалиев, Хижниченко, тіпті тәжірибелі Травиннің өзі шықса, білігі өсе түспесіне кім кепіл?
Сырттан бапкер әкеліп, сынап отыру осылай әдетімізге айналып бара жатыр. Ешкім бізді өзіміздей түсінбейді-ау осы...
Англия құрамасы үшін Алматыға сапар үлкен серуен болды. «Біз алғашқы жарты сағатта ғана қиналдық. Одан ары ойын тізгіні түгелдей өзімізге көшті», - деді еліне барғасын Джон Терри. Рас-ақ... Ал ағылшындардың бас бапкері Фабио Капелло ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында қойылған «Егер Остапенконың голы саналғанда, қандай жағдай болар еді?» деген сұраққа: «Кездесу 1:4 есебімен бітер еді», - деп жауап берді. Тағы да рас-ақ...
Ал осы сәрсенбіде Қазақстан құрамасы Киевте Украинадан 1:2 есебімен жеңіліп қайтты. Мокин тағы да екі үлкен қате жіберді. Әйтпесе Нөсербаев есепті бірінші болып ашқан-ды.
«...Сырт алаңда ірі есеппен ұтылмай, бір доп соғыппыз қайта» деп қуанып жүр жанкүйерлер. Әй, бірақ жеңілістің аты - жеңіліс қой. Ол қашан да ащы.
Сіз не дейсіз?
Нұртай Сабильянов, депутат:
«...Былай ойласаң, осы жерде тумаған адам, осы елдің намысын қалай қорғайды? Олардың барлығы ақша үшін жүрген адамдар. Яғни, футболды бизнеске айналдырған адамдар ғана бізге келуде. Ал, футбол дегенде біз ең алдымен қазақтың намысы деп қарауымыз қажет. Яғни, қазақтың намысы тапталмас үшін қазақ азаматтары алаңға шығуы керек. Соған жағдай жасауымыз керек...»
Ерболат Әпсәлямов, депутат:
«...Шынын айтқанда, бүгінгі күні Қазақстанға жаны ашып болысатын футболшылар, дені дұрыс бапкер керек. Себебі, Шторк болса, өңкей жастарды жинап алды да, солармен ойнап жүр. Әрине, оның өз ойы дұрыс шығар. Бірақ... Шторк жіберген кемшіліктер туралы газеттер көп жазып жатыр. Дайындықтар дұрыс жүрмейді дейді. Ол да бар шығар. Бірақ, менің ойымша, әр команданың бір тіреуіші болуы тиіс. Бізде сол тірек жоқ. Тірек деген шабуылшы, ортадағы ойыншы және жақсы қорғаушы...»
«Жас қазақ» газеті, №23, 12.06.2009