Жексенбі, 24 Қараша 2024
46 - сөз 4051 13 пікір 13 Ақпан, 2019 сағат 11:58

Қазақ пен қауіпсіздік антонимдер секілді ме, қалай?

Өткен демалыста Ақбұлаққа барып, шаңғы тептік. Тепкенде қалай, үйрене бастадық! Бір байқағаным, қазақтардың саны көп. Қазақтар болғанда да өзім сияқты ауылдың табиғи қазақтары. Осыдан шамамен 15 жыл бұрын Шымбұлаққа барғанымда алған әсерім әлі есімде. Қазақтар қайда десем, бір досым "қазақтар демалысты дастарxан басында, қонақтардың қасында, ортаға етті алып, әңгіме-дүкендетіп өткізеді" деген пікірі мен үшін дәйекке айналып кеткен. Қазақ бос уақытын иә қонақ болуға, иә қонаққа баруға жұмсайды екен. Мұны жақсы не жаман деп ой қорыту бұл постың мақсаты емес.

Айтпағым, қазір шаңғышылар қатары көбейген. Қаланың қазақтары емес, қазақша сөйлейтін кәдімгі ауылда туып өскен қазақтар.
Бірақ бір байқағаным, біз қауіпсіздікке көп көңіл бөлмейді екенбіз.
Аспа жолмен тау бөктерін бағыттап келе жатырмыз. Аяқта шаңғы. Төменде сырғанақ. Бақсам, қазақтардың басында шлем жоқ. Кейбір кісілердің қолында тіпті қолғап та жоқ. Аспа жол аяқталып, сырғанақтың бастауынан түсіп қалдық. Біздің соңымыздан екі орыс жігіті ілесті. Бірі шаңғыда, бірі сноубордта. Екеуінің басында да шлем. Киімі де қысқы спортқа арналған.
Көп ұзамай құладым. Демалып алайын деп жамбастап жатырмын. Машықтанғандар құлдилап бара жатыр, мен сияқты жаңа бастағандар әне-міне құлап қалам деп қолтыраңдап сырғып бара жатыр. Жанымнан жиырма адам өтті-ау.
Бәрінің басына қараймын. Қазақтың көбінде шлем жоқ.
Өзімнің басымды сипалаймын. Шлем менің басымда да жоқ.

Неге? Себебі, шаңғыны 5 мың теңгеге жалға алдық. Шлем қосымша ақша екен. 1,5 мың теңге. Құрсын, не қылар дерсең деп, осы жаңа ғана ақша үнемдеп қалғаным есіме түсті.

Ел көрдім, жер көрдім, азды-көпті қызмет істедім, орта көрдім деген менің өзім қауіпсіздікке салғырт қарайтыныма ұялып бара жатырмын.

Америкада да дәл осындай тағы бір жағдай болып еді. Баламызға самокат алдық. Мектепке сонымен барып жүрді. Самокат сатып аларда Амазон дулығасы мен тізерлігін қосып ұсынады. Ей, не қылар дейсің деп, самокаттың өзін алғанбыз.
Мектепке бара жатқан жолда оқушылар самокат теуіп келе жатты. Америкалықтар. Бәрінің бастарында дулыға, аяқтарына тізерлік тағып алған. Соны көріп тұрып шлемді ақыры алмадық қой. Ұят-ай!
Жолда жөңкіген белсібетшілер де басына шлем киген. Соның бәрін көріп жүрсем де қауіпсіз өмір салты маған жұқпапты.

Атырауда төрт жыл істедім. Сонда мұнайшылар шетелдік компаниялардың қауіпсіздікке қалай көңіл бөлетінін аңыз қылып айтады. Шет
жағасын өзіміз де көрдік. Айталық, ТШО-ға жиналысқа бара қалсаң, алғашқы сөз берілмес бұрын қауіпсіздікке жауапты адам шығып, нұсқаулық береді. Өрт бола қалса, ғимараттан ана есікпен шығасың, мына есікпен шығасың... Сондағы ойым: Атырау қаласының қақ ортасында орналасқан қаладағы ең қауіпсіз ғимаратты өрт шалар ма дейсің!

Енді ҚМГ мен ТШО-ның қауіпсіздік талаптарын салыстырыңыз. Білетін адамдар түсінеді. Талаптар болуы мүмкін, бірақ көпшілік немқұрайды қарайды.
Осындай жағдайда тап меннен бастап, қауіпсіздік талаптарын xалықтың өмір салтына қалай айналдырамыз?
Жаңа әдетті үйретудің бір жолы - айыппұл. Кезінде көлікте ешкім белдік тақпайтын еді. Айыппұл салып, заң қадағаланған соң, бәріміз белдік тағып жүретін болдық.
Сергек шыққаннан бері жүргізушілер тәртіпті болып шыға келді. Астананы айтамын.
Екінші жолы, қызмет сататындардың жұмысы қауіпсіздік талаптарын ескеру керек. Мәселен, шаңғы бір бөлек, шлем бір бөлек емес, екеуі бірге жалға берілу керек. Аспа жолға кірер турникетте тұратын жігіттер қауіпсіздік талаптарына сай емес киінген адамдарды сырғанаққа жібермеу керек. Сырғанаққа келгендерге алдымен қауіпсіздік талаптарын түсіндіруді жолға қойған жөн.
Сол сияқты адам жүретін жерлердің барлығында алдымен қауіпсіздік қамтамасыз етілу керек.
Кез келген қауіптер белгіленіп, сақтандыру жүйесін қалыптастыру керек.
Астанадағы бес бүлдіршін де қауіпсіздік жүйесінің қалыптаспағанынан қыршын болды.
Сақтансаң, сақтаймын деген сөз қазақтың қанына сіңсе де, өкінішке қарай, қауіпсіздікке қырын қараймыз!

Шыңғыс Мұқанның facebook парақшасынан

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1495
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3266
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5614