Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2503 0 пікір 19 Мамыр, 2011 сағат 08:37

Гүлмира Тойболдина. Үржардағы үрей

ҚЫТАЙЫҢ КЕЛДІ, АҚЫРЫ...

Естеріңізде болса, өткен нөмірлеріміздің бірінде «Үржарда қытай қаптап жүр» деген тақырыппен шағын ақпарат жарияланған болатын. Бұл хабар қоғамда кәдімгідей дүрлігіс тудырды. Десек те, құзырлы орындар тарапынан қытайлардың келуін не растаған, не жоққа шығарған мәлімет әлі күнге дейін айтылмай отыр. Осыған орай шығысты бетке алып, сапарға шыққан тілшіміз күні кеше Алматыға қайта оралды. Үржардан ескен үрейлі әңгіменің анық-қанығына енді сіздер де құлағдар болыңыздар.

Қытайлар лизингтің «ішінде» келіпті...

Рас, Үржардағы қытай келді деген жерді жалға алған «Бәтуа» серіктестігі екен. «Бәтуаның» Қытайға қандай қатысы бар десеңіз, «Бәтуаға» «Пәрмен» деген ЖШС Қытайдың 70-ке жуық ауыл шаруашылығы техникасын 5 жыл мерзімге лизингке алып берген.

ҚЫТАЙЫҢ КЕЛДІ, АҚЫРЫ...

Естеріңізде болса, өткен нөмірлеріміздің бірінде «Үржарда қытай қаптап жүр» деген тақырыппен шағын ақпарат жарияланған болатын. Бұл хабар қоғамда кәдімгідей дүрлігіс тудырды. Десек те, құзырлы орындар тарапынан қытайлардың келуін не растаған, не жоққа шығарған мәлімет әлі күнге дейін айтылмай отыр. Осыған орай шығысты бетке алып, сапарға шыққан тілшіміз күні кеше Алматыға қайта оралды. Үржардан ескен үрейлі әңгіменің анық-қанығына енді сіздер де құлағдар болыңыздар.

Қытайлар лизингтің «ішінде» келіпті...

Рас, Үржардағы қытай келді деген жерді жалға алған «Бәтуа» серіктестігі екен. «Бәтуаның» Қытайға қандай қатысы бар десеңіз, «Бәтуаға» «Пәрмен» деген ЖШС Қытайдың 70-ке жуық ауыл шаруашылығы техникасын 5 жыл мерзімге лизингке алып берген.

Ал Қытай мамандары мұнда неғып жүр десеңіз, олар сол лизингтің «ішінде» келген. Сырттай бір қарағаннан-ақ, егістік басындағы бар жұмыстың тетігі қытайлықтардың қолында, солардың ығында екені байқалады. Гуа Джи Джау ханымнан бастап, жұмысшы киімін киіп, шақырайған күннің ыстығына күйіп, алқапта шаң жұтып жүрген қытайлықтар емес. Олар жайлы вагондарға қоныстанып, сыртқа шықса, көлеңкеден әрі аспай, желпініп отыр. Қаз-қатар тізілген жеті-сегіз шатыр ішіне екі қатар нар қойылған. Мұнда жұмысшы қазақтар орналасқан. Бір шатырдың ішінде 20-ға жуық адам түскі демалыс кезінде сырттағы ыстықтан паналап, демалып жатыр.

Қытайлықтар туралы серіктестіктің бас директоры Сергей Хванның орынбасары Нұрлан Биәділов: «Олар біздерге қытай техникасын жүргізуді, соя егуді үйретуге келгендер», - деп түсіндірді. Айтысына қарағанда, олар ерікті түрде, лизингке «тіркеме» ретінде «жеткізілген». «Олар бізден еш нәрсе алмайды, еш нәрсе сұрамайды, тек үйретеді де кетеді». Құлаққа жағымды естіледі-ақ...

Бірақ қыл аяғы: «Аудармашымын, Қытайдағы қазақпын» деген жастау екі жігіттің сөзіндегі шұбарлық олардың қазақ екеніне күмән туғызды. Қазақ тілін түсінгенмен, сөйлеуге шорқақтау. Есесіне қытайша және ағылшыншаға келгенде, қамшы салдырмайды.

Қысық көздердің бар мақсаты - соя егу ғана болса жақсы ғой. «Естуімізше, өзге елге барып, жұмыс істеуге келісетін қытайлықтар өз елінде: «Мен түбі сол елде біржола қаламын», - деген келісім-шартқа қол қояды екен. Оны өз елі ай сайын жәрдемақы жіберіп, қолдап отыратын көрінеді» деген әңгімелер ел ішінде гу-гу етеді.

Ағайынды алалау бар...

Үлкен-үлкен екі қойма мен техникалық жөндеу орталығы салынып жатқан бұл жерде құйындай дөңгеленіп, құрақ ұшып жүрген-  дер - жергілікті әкімшілік пен «Бәтуаның» қызметкерлері. Бүкіл жұмысты ұйымдастыру солардың мойнында. Ал қытайлар, біз байқағандай, оларды тек бақылайтынға ұқсайды...

Жол бойы Үржар мен Егінсу ауылы тұрғындарынан естігеніміздің біразын көзімізбен көрдік. Алқаптағы қостың басында қойдай иіріліп, қазақтар түскі асты күтіп тұр. Жүзі жарқылдап, қуанып тұрған ешкімді көрмедік.

Бұл қазақтар тіршіліктің өзегі - бидай өсіріп тер төксе, астың төресі дерлік тары өнімін өндірсе, құрып кеткенде, астыңдағы атына азық болар сұлы ексе, еңбекке деген құлшыныстары да, көңіл күйлері де өзгеше болар еді ғой деген ой еріксіз көкейге келеді. Өйткені осы Сарытерекке жақын жатқан жазықтағы бір үйір жылқы мен отарда жатқан қой үшін - соя азық емес. Ал қазақ қашан етсіз, яғни қойсыз, жылқысыз күн көрген?!

Қайсысымен сөйлессеңіз де, адамдар өздерінің аты-жөндерін ашық айтудан басын ала қашады, бірақ жұмыстың жоқтығынан амалсыз келгендерін жасырмайды. Осында келе жатқан жол бойында азын-аулақ малын ұқсатып, бағып отырған жергілікті тұрғындар «Бәтуаға» жұмыс істеуге біреулер келсе, біреулер кетіп жатқанын жеткізді. Бір сөзбен айтқанда, адамдар тұрақтамай жатыр-мыс. «Осыдан екі-үш күн бұрын үш жігіт Сарытеректен жаяу кетіп бара жатты», - дейді олар. Ал Сарытеректен кейінгі елді мекен - Егінсу 60 шақырым қашықтықта.

Елдің үркіп отырғаны: «Бар жұмыстың үстінен қытайлықтар бақылайды екен. Бел жаздырмай, желкеңде тұрады. Бұған көнбесең, бізге мұндай жұмысшының керегі жоқ деп, қуып жібереді»; «Еңбек тәртібі өте қатал. Ертеңгі елең-алаңнан бел шешпейсің. Біраз жігіттер осындай шектеусіз жұмыс мерзіміне шыдамай, белінен шойырылып, денсаулықтарынан айырылып, ауылдарына кетіпті»; «Тұқым себу машинасында жұмыс істейтін жігіттердің көздері үнемі жасаурайтын жағдайға жетіпті»; «Қытайдан әкелінген тұқымның қалай, не дәрімен өңделгені, сақталғаны белгісіз, олардың адам ағзасына зиянды әсер етуі әбден мүмкін», - деп, желдей ескен сөздер. Жұрт тіпті: «Ел шетіне қытай келіпті», - деп қарадай үркуде. «Қытайдың бірі кірген жерден мыңы кіреді, әттеген-ай», - деп, ауыл ақсақалдары бас шайқап отыр. Үлкен Үржар өзенінен су соратын құбырларды орнатып жатқан адамдарға ат басын бұрдық. Су соратын құбыр Ресейде жасалып, Шымкентте құрастырылған.Енді ғана құрылып, тексеруден өткен. Үш адамның бірі орыс жігіті - аға механик, бір қазақ - оның көмекшісі. Енді бір жергілікті қазақ осы құбыр өзен басына жеткізілгеннен бері оны күзетіп, осы жерде түнейтін көрінеді. Құбыр жұмыс істеген күнннен бастап та, оны күзету соның мойнында болмақ. Бір айға жуық жұмыс істеп жатса да, әлі ешқайсысы еңбек келісім-шартына қол қоймапты.

«Неге?» деген сұрағымызға: «Еңбек келісім-шартын талап еткендердің кейбірін жұмыстан шығарып жібергенін көрмесек те, естіп жатырмыз. Сондықтан бұны қалай талап етерімізді білмей, тұйыққа тіреліп отырмыз», - деді олар.

Жұмысшы неге тұрақтамайды?

Біздің бір күн ішінде түсінгеніміз, мұнда, негізінен, ауылда екі қолға бір жұмыс таба алмағандар мен қосымша табыс табуға келгендер жұмыс істейді. Тұрмыстық жағдай жасалмаса да, әйтеуір тамақтарын уақытылы ішеді. Көпшілігі соны да қанағат етіп, тұрмыстық-санитарлық жағдайға көңіл де аудармайды. Әне-міне, адамдар алғашқы айлығын алуға тиіс. Алқап басындағы түрлі қара жұмысты атқаратындардың айлық жалақысы - 40 мың теңге деп белгіленген. Егер тұқым себуші күніне 12 айналымнан артық жұмыс жасаса, оған қосымша ақы төленеді.

Дегенмен мұнда адамдардың тұрақтап жұмыс істеуі - кәдімгідей қиындық туғызып тұрған жағдай. Мұны басшылардың өздері де мойындайды. Олардың айтуынша, қазір алқапта 100-ден аса адам жұмыс істейді, әлі 40 жұмысшы керек. Бірақ олардың пікірінше, адамдардың мұнда тұрақтамауы ауыр еңбек пен келісім-шартқа қатысты немесе жұмыстың зияндылығында емес. Мәселе басқада. Олардың пікірінше, адамдар соңғы 20 жыл бойы еңбек ету дағдысынан жаңылып қалған. Олар, керісінше, жан аямай еңбек еткеннен гөрі, тиіп-қашып жұмыс істеп немесе темір-терсек жинап өткізіп, сол тапқан ақшасына арақ ішуге дағдыланып кеткен. Бір сөзбен айтқанда, жандарын қинап жұмыс істегілері келмейді.

Бірақ сол басшының көзінше егістік басындағы адамдардан: «Қайсыңыздың мамандығыңыз жоқ?» - деп сұрағанымызда, олар арнайы техникалық білімі бар аса тәжірибелі механизаторлар болып шықты. Және жұмысқа қабылданар алдында арнайы іріктеуден өткен. Яғни арақ ішіп, аунап жататындардың мұнан алпыс шақырым ауылда қалғаны анық. Мұндағылар - етек-жеңін түрініп, «нартәуекел» деп еңбек етуге келгендер. Сонда да болса, олардың кез келгені қалай өз төсек-орнын көтеріп келсе, солай төсек-орнын көтеріп кері қайтуы да ғажап емес.

Біздің көз алдымызда Еркін есімді жігіт асай-мүсейін арқалап, бізді алқап басына әкелген жылқышының көлігімен кері қайтып бара жатты. Басшылардан қаймықты ма, сөйлесуге құлқы жоқ екенін айтты. Бар болғаны: «Ауырып тұрмын», - деді. Шынында да, екі беті қызарып, сүлесоқ тұрған жігітке сұрақ қоюдың өзі ыңғайсыз еді.

Жалданып еңбек етіп жатқандар өздері ауылда жүргізетін «Беларусь» тракторы мен Қытайдан келген трактордың еш айырмашылығы жоқ екенін айтады. Бір ғана айырмашылығы - Қытайдың техникасы алғашқы күннен-ақ сынып, істен шығып, бұларды итәуреге түсірген. «Бәтуа» ЖШС бас директорының орынбасары да мұны жасырмады. «Біз ол техниканы келген бетте «обкаткадан» өткізбей, бірден жұмысқа салыппыз, бар кінәрат содан болды», - деген уәж айтты. Олардың бәріне қайыра қосымша бөлшектер алуға тура келуде. Сонда, келген бетте сына бастаған техниканың құны бес жыл ішінде қанша қаржыға айналады?

Бұл жерде кім үшін болса да түсініксіз тағы бір нәрсе бар: қазақтарға техниканың тілін үйретуге келген қытайлықтар қайда қараған? Әлде олар техника үйретуші мамандар емес пе? «Жұмысшылар, әсіресе тұқым себушілер неге респиратор кимеген?» - деген сұрағымызға күн ыстық, оны киіп жұмыс істеуге шыдамаймыз деп, өздері кимейді», - деген жауапты естідік. Бірақ алқап басындағылар бет-ауыздарын орамалмен тұмшалап алып жұмыс істеуде... Қап-қап тыңайтқыштарды ешбір арнайы жұмыс қолғабынсыз түсіріп жатқан жұмысшыларды да көзіміз шалып қалды. Егер абайсызда қап жарылып кетсе ше?

Адамдарды жұмысқа жалдауға қатысты еңбек келісім-шартына қатысты қойған сұрағымызға ЖШС басшыларынан: «Иә, бізде о баста ондай олқылық орын алды, қазір мұны қолға алудамыз», - деген жауап естідік. Ал бірақ алқапта жұмыстың басталғанына бір жарым ай өтті емес пе?

Кіммен «Бәтуамыз»?

Нұрланның айтуынша, «Бәтуа» ЖШС үстіміздегі жылдың қаңтар айында құрылған. Бірақ өткен жылдың күзінде-ақ Сарытерек жазығындағы 3 гектар жерді жыртып, соя егуге дайындап үлгерген. Оған дейін, әрине, оңтүстіктегі көршімен «Пәрмен» ЖШС арқылы техниканы лизингке алу мәселесі шешілетін болған. Әлі құрылмаса да, «Бәтуаның» болашақ басшылары жергілікті механизаторларды ұйымдастырып, күзгі парды жыртқызып тастаған. Бір тракторшыға 80 мың теңге жалақы белгілеген.

«Былтыр 3 мың гектар жерді алдын ала дайындап қойғанымызбен, биыл тағы 1 мың гектар жерді өңдеп, тұқым сеуіп үлгеруіміз керек. Және оны мамырдың 25-іне дейін аяқтауға тиіспіз», - дейді ол. Мамандығы агроном болмаса да (бас директор Сергей Хван да агроном емес), есепке жүйрік екені көрініп тұр. Олардың есебі бойынша, өздері жалға алған 7 мың гектардың әзірге 4 мың гектарына соя егіп, оның әр гектарынан 2,5 тоннадан өнім алса, барлық шығынды қайтаруға және айтарлықтай пайда тауып, келесі жылы да адамдарға тұрақты жұмыс орнын қамтамасыз етуге мүмкіндік туады екен. «Бәтуа» неге астық немесе осы өңірге аса қажет өзге өнім, айталық, күнбағыс өндірмейді? Мәселен, күнбағыс өңдейтін май зауыты бұл жерден аса алыс емес. «Бәтуаның» өз есебі бар. Қазір әлемдік нарықта сояға деген сұраныс өсіп, оның бағасы шарықтап, 1 тоннасы - 500 доллар (Нұрланның айтқанына сенсек) болып тұр. Соя егіп үйренгендер бұл дақылдан 14 түрлі өнім алады екен. Бірақ қазақ үшін бұл 14 түрлі өнім алудың ауылы әлі алыс сияқты. Соя өңдейтін технология болмағандықтан, биылғы өндірілген өнімнің бір дәні де Қазақстанда қалмай, Қытай асады. Әзірге Қазақстанның ішкі нарығында сояға деген сұраныс жоқ, ал Қытай соямен күн көреді. Екіншіден, алынған өнім шикізат түрінде Қытайға жетсе, одан әрі өзге нарыққа шығу қиын емес. Сарытеректен Қытайға өнім тасу логистикалық тұрғыдан алғанда, өте ыңғайлы. Қытай бұл жерден бар болғаны 110 шақырым қашықтықта ғана. Және теміржолдың қажеті жоқ, автокөлік болса - болғаны.

Дегенмен соядан өнім алу үшін, бұл маңда болашақта үлкен зауыт салынуы да ғажап емес. Соя Қазақстанда қытай технологиясымен өсірілетін болғандықтан, қазақ жеріне қытайлардың көптеп келуі сол кезде үдемесіне кепілдік жоқ. Бүгін 4 мың гектар, ертең 7 мың гектарға соя себу ғана емес, оны ертең күтіп-баптау, шөптеу мен түптеу, суару деген сияқты қырауар шаруа атқарылуға тиіс. Ал ауылдарда жұмыс күші аз. Жергілікті қазақтардың «қытайлардың көптеп келуі мүмкін» деп қауіптенулері де сондықтан. Қазірдің өзінде «соя өсіруді үйретеміз» деп келген қытай мамандарының желкеден дікілдеуі жергілікті тұрғындардың көңілін қалдырған. Айтпақшы, Кеңес кезінің өзінде-ақ, осы өңірде 1000 гектар жерге соя егілетін. Ендеше, қазақ соя егуді білмейді деу - бекер сөз. Дәл осы мәселеде және дәл қазір қытайдың кеңесі бізге неге керек бола қалды? Қазір Талдықорған айналасында кейбір кәсіпкерлер бұл іспен айналыса бастады. Сонда, сонау Қытайға шапқыламай-ақ, өзімізде бар мамандармен кеңесіп, тәжірибе алмасуға болмады ма? Бұл осы іске қаржы салған жеке кәсіпкерлер үшін де, республикалық деңгейде оларға қаржы бөліп отырған мемлекет үшін де тиімді болар еді ғой?!

Техниканы Сарытерекке жақын жатқан ауылдардан жалға алса, бұл да әлдеқайда арзанға түсері сөзсіз. Қазір Егінсу деген ауылдың өзінде ғана, ауласында жаңа болсын, ескі болсын, әйтеуір бір-бір трактор тұрғанын көруге болады. Оның үстіне, Семейде «Беларусь» тракторын құрастыру жолға қойылғаны тағы бар. Бірақ неге екенін қайдам, біздің қалталы қазақтар мұны есепке алмаған. Оның орнына Қытайдан келген тракторлардың жоқ-жітігін түгендеп, оған қосалқы бөлшектер сатып алуға уақытын да, өз қаржысымен қоса, мемлекеттен бөлінер қаржыны да рәсуа етуге дайын. Мұндағы басшылардың сөзіне сенсек, былтырдан бері ғана бұл іске ондаған миллион доллар жұмсалған.

Кеңес заманында керемет еді...

Осы Сарытеректе бір кезде 800 ірі қара, 10 000 мың қой бордақыда тұратын. 60 000 гектар жерге түрлі дақыл егілетін. 8-ші ауылда ет комбинаты ет өнімінің түр-түрін тонналап шығаратын. Бұл өңір сонау Кеңес кезінде аң мен құс, балық қорығына жатқызылған. «Егер қателеспесек, қазір де солай», - дейді олар. Бір кездері осы маңдағы үлкенді-кішілі көлдердің маңында құс пен аң жыртылып айырылатын. Қызыл кітапқа енгізілген дрофа да осында. Қазір сирек те болса, дала бүркітін көріп қалуға болады. Балықтың не түрі тайдай тулап жататын. Алдыңыздан елік қашып, қасқыр мен жабайы қабан жортып, борсық жемтік аулап жүретін. Қысық көз көршілеріміз келе бастағаннан, құс атаулының сиреп кеткеніне қарап, елдің көне көз қарттары аң-құс құрып кетпес пе екен деп алаңдаулы.

Кеңес кезінде суармалы жерлерге бидай мен картоп, күнбағыс, тіпті, қауынға дейін егіліп, халық аста-төк өнімге кенеліп өмір сүрді. Қазір мұның бірі де жоқ. Бидай мен күнбағыс егілген алқаптар қаңырап бос жатыр. Былтыр күзден Сарытеректің оңтүстігінен қалың шаң шығып, жер асығыс жыртыла бастаған. Азды-көпті күнбағыс егіп, кәсіп етіп жүрген жігіттер қытай мамандарын жетектеген қалталы қазақтар келген соң, жерге ие болудан күдер үзіп, күнбағыс алқабын тастап, кеш қалмай тұрғанда басқа кәсіппен айналысып кеткен. Жылда осы маңға қауын салатын жігіттер де биыл қауын салмады. Мал өсірумен айналысатын орта және шағын кәсіп иелері ғана әліптің артын бағып, жайылымдықтарында отыр. Бірақ олар да күн сайын мал басын азайтып, қажет болған жағдайда малын қора-қопсысымен сатып, қала жаққа қарай көшуге дайын. Өйткені «қытай технологиясының» түрі жаман. Бүгінгі қарқында жүргізілсе, таяу жылдары мал жаятын орын қалмайды.

Қазірдің өзінде мал өсірумен айналысатын орта кәсіпкерге жер жоқ. Дұрысы, жер бар. Бірақ оны иесіз деуге де, иесі бар деуге де болмайды. Мәселен, 1000 гектар жерге бір отар қой, жүзден аса жылқы бағып отырған малшының жерімен іргелес 1500 гектар алқап қазірдің өзінде бос жатыр. Бірақ онда ешкім мал да бақпайды, егін де салмайды. Қолында билігі мен мөрі барлар жерді бауырына басып алған. Не өздері ұқсатпайды, не жалға бермейді. Кәдімгі шөп қорыған ит секілді. Ондай адамдар үшін, бұл жер о баста оның жеке өзіне емес, жерді өңдеп, халықтың игілігіне жарату үшін берілген деген ұғым жоқ, ондай ұғым ұмытылған, жоғалған. Аудан мен ауылдың байлары мен байшікештері шамалары келгенше «ИП» ашып, соны айналдырып кәсіп етеді. Не жермен жұмыс істемейді, не шаруаның көзін білетін ауылдастарына ол жерді жалға беруге қимайды. Қимайды дегеніңіз не, мал ойнақтап олардың жеріне шығып кетсе, күзетшісі табанда шауып келіп, айыппұл салып кетеді. Жерге қатысты қазақтардың өзі бір-бірімен жаға жыртысуға дайын отырғанда, бір шеттен қытайлардың қара көрсетуі нені білдіреді?

«Ертең мына соя егетіндер бұл жер тегін жатқан соң, басып алмай ма?» - дейміз көңіліміздегі күдігімізді жасыра алмай.

«Айтқаныңыз жөн, жер керек болса, олар ешкімнен рұқсат сұрамайды ғой. Мына жер осылай иесіз жата берсе, қытайдың техникасын алдыға салып, ақшасы көп біреулер бұл жерді басып алмасына кепілдік жоқ. Қазір мынау соя егуге қатысты күнде көріп-естіп жатқанымызға қарағанда, қазақтар жұмыс істей алмайды, жалқау екен немесе адам күші жетіспей жатыр деген сылтаумен қытайлықтар қаптап кете ме деген қаупіміз де бар», - дейді олар. Біз ойланып қалдық. Мәселен, бізге «Бәтуа» басшылары: «Міне, мынау - біздің агроном», - деп жергілікті мамандардан ешкімді таныстыра алмады. Ал агроном мамандығын қызыл дипломмен бітірген Серік Нығызбаев деген азаматтың агроном емес, механизатор болып жұмыс істеп жүргенін ойламаған жерден біліп қалдық. Мұндай жағдай неге орын алады?

Уланудың да қаупі бар...

Маман түгілі, қазір ауылдарда адам күші - жұмыс күші де тапшы екені рас. Жастар екі қолға бір кәсіп іздеп, Семейден Алматыға, одан әрі Астанаға дейін сандалады. Ал соя егу науқаны ауылдарды шаң қаптырды. Көктем кезінде, ауылда бар аз-мұз адам күші Сарытерекке ауып кетті. «Дәл мал төлдеп, бір қолымызды екі ете алмай жатқанда, менің көмекшім ол жақта жақсы еңбекақы төлейді деп, Сарытерекке кетті. Енді жақында айналып келіп тұр. Ең қиын кезде жұмысты тастап кеткен адамды мен қалай қайтадан жұмысқа аламын - алмадым», - дейді жергілікті кәсіпкер өз ренішін ашық жеткізіп. Осыған дейін, бірі екіншісінің жерін жыртып, малын бағып, шөбін шауып, тірлік етіп жатқан ауылдастардың арасында осындай дүрдараздық көбейген.

Үлкен Үржар өзенінің жағалауын бойлай су тартатын құбырлар орнатылған. Ресми түрде бізге айтылған ақпарат бойынша, бес су құбыры орнатылуға тиіс. Бірақ біз бір жерде моторы жеке-жеке орнатылған екі құбырдың тұрғанын көзімізбен көрдік. Ендеше, Үлкен Үржарды жағалай 5 емес, 10 құбыр қойылуы ғажап емес. Рас, Үлкен Үржардың ең саяз жері бір метрден асады. Бірақ әрқайсысы сағатына 7 шаршы метр су соратын 10 құбыр қойылса, бұл ертеңгі күні Алакөл мен Сасықкөлдің суының тартылуына себеп болмай ма? Мұны да тексеріп жатқан ешкім жоқ. Дабыл қағып, алаңдаушылық білдіріп отырған - тағы да сол қорғансыз халық қана. Бірақ олардың сөзін сөйлер жақын маңда кім бар? Ауыл әкімдерінің жергілікті тұрғындарды соя егуге үгіттегеннен басқа, қолдарынан еш нәрсе келмейді. Бұл өңірдегі жергілікті малшы мен диханшы ғана емес, бүкіл халықты алаңдатып, оларды, тіпті қоныс аудару туралы ойға да итермелеп отырған ең үлкен қауіптің бірі - жер мен су улануы мүмкін деген күдік. Бұған қатысты халықтың өз зерттеуі бар. Жер мен су улана бастаған соң, аң мен құс та жоғала бастайды.

«Ертеңгі күні Үлкен Үржардың суы алқапқа шығады. Арам шөпті мүлде өсірмей тастайтын тыңайтқыш себілген соя алқабынан артылған су айналып келіп, өзге алқаптарға тарайды, соя егілген жер де, өзге жер де улануы мүмкін». Бұл -  халықтың сөзі.

Ал біз көрген тыңайтқыш қаптарының сыртында «Алматыфосфат» деген жазу бар. Бірақ халық: «Бұлар тұқымды да, тыңайтқышты да Қытайдан әкеп жатыр», - дегенді айтады. Кімге сенеріңізді білмейсіз. Бірақ «Жел болмаса, шөп басы қимылдамайды» деген...

... Қайыржан Әсет деген оралман бауырымыз соя алқабынан соң мал қыстауына келген біздерді қуып жетіп, өкпе-арызын айтты. Шамырқанып, айбаттанып айтты.

- Менің Қытайдан келгеніме 5 жыл болды. Алғаш келген бетте жер жоқ деп, күл-қоқыстың үстіне қоныстандырды. Қазіргі тұрып жатқан үйім де құлағалы тұр. Ол да -  біреудің үйі. Қазір менде үй де, жер де, істейтін кәсіп те жоқ. Жыл он екі ай ауылды жағалап: «Малыңызды бағып берейінші, шөбіңізді шауып берейінші» деп, кім көрінгенге жалынып жүргенім. Бұдан табандай бес жыл бұрын Қытайдан еліме келдім. Енді бүгін сол қытайлар мені өкшелеп, артымнан келіпті, саптай тізіліп. Сонда бұл ел кімдікі? Менің атамекенім қайда? - дейді қажыған, күйінген қазақ.

Гүлмира

ТОЙБОЛДИНА,

Журналист

Алматы - Үржар - Алматы

Редакциядан: Бет қатталып жатқанда, Сарытеректен хабар жетті. Механизатор болып жүрген Серік Нығызбаевты біз кеткеннен кейін Бас директор Сергей Хванның өзі шақырып алып, агрономдық қызметке қойыпты. Біз Серікке хабарластық. «Екі күн болды, жаңа қызметті қабылдап алып жатырмын. Бұған дейін штаттағы орынға басқа біреу келеді деп ұстап отырған болатын, - деді ол. Серік Нығызбаев 2005 жылғы президенттік сайлау кезінде Жармахан Тұяқбайдың сол өңірдегі сенімді өкілі болған еді.

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 18 (101) 18 мамыр 2011 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5498