Отбасылық өмір көпшілікке ұсынылатын қызықты шоу емес
Отбасы - кішкентай мемлекет. Оның ешкімге жария етпейтін өзіндік ішкі ұстаным-ережелері болады. Неке - бұл екі тағдырдың бір арнада тоғысуы. Ол аса нəзік, сырт көзден тасада өте аялап, абайлап сақталуы қажет қарым-қатынастың басталуы. Көпшілікке ұсынылатын қызықты шоу емес.
Соңғы кездері адамдар арасында əрбір əрекетін əлемге паш етіп, əлеуметтік желіге жариялау жаппай белең алып барады. Бұрынғылар "Жақсы - көргенін, жаман - жегенін айтар" деуші еді, қазіргі таңда ол сөздің құны бес тиын боп қалғандай. Əлеуметтік желіні ашсаң, кімнің қайда барғаны, ол жерде неше сағат отырғаны, не жегені, не ішкені жайлы жазба мен суреттерден көз сүрінеді. Сондайларды көргенде еріксіз ойға қаласың. "Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді", айналамыздағылардың бəрінің «аузынан ақ майы ақтарылып» отырмағаны анық. Əрбір желі тұтынушы жазба мен суреттерді қоярда күндік асын əзер тауып ішіп отырған, тағдырдың түрлі тауқыметін тартып жүрген, не болмаса қимасынан айрылып, аңырап қалған қаншама жанның бар екенін ескеріп, «олардың көңіліне қаяу түсіріп жатқан жоқпын ба?» деп аз-кем ойланса қайтеді.
"Бір апам бір апамнан сорақы" демекші, бұл желі құрғырды қарай берсеңіз, небір «қызықты» көре бересіз. Сөйтесіз де, ішкен-жегенін жазатындармен жылап көрісерсіз, сірə. Соңғы кезде байқағанымыздай, некелі өмірдегі небір нəзік, біреу тұрғай өз сұғыңнан сақтанатындай дүниелерді əлеуметтік желіге жүктеу сəнге айналып барады. Бойына "шыр" бітсе, əлемге жар салып, əлі біліне қоймаған ішін ұстап, киімін тартып, ішін кере түскен суреттердің талайын көзіміз көріп жүр. Ана бақытын сезіну əрине ерекше жағдай екені даусыз, алайда, оны сүйіншілеудің де өз əдебі бар. Бұлайша жарияға жар салуды қазақы орта, қазақы қоғам қабылдай қоймасы анық. Ең сорақысы бұл суретті оның əкесі, ағасы көрмей ме? Сонда ұяттың осыншалықты арзандап кеткені ме? Қазақтың бойына қанымен дарыған келіндік иба, əке мен қыздың арасындағы жазылмаған əдеп заңдылықтарының бүгінде əдіра қалғаны ма? Халықтың үлгі-өнеге, тəлім-тəрбие берудегі таптырмас құралы «тыйым» деген бар емес пе еді?
Бала жастайынан үлкендерден есті тыйым естіп өссе, айтылған ақыл-кеңестерді көңілге тоқыса құба-құп. Біз де Анамыз, алайда, жүкті кезімізде суретімізді желіде жарияламақ тұрғай, бір рет əкеміздің көзіне көрінуге ыңғайсызданып, жылдап төркінімізді төңіректей алмайтынбыз. Ата-бабамыз ғұрып бойынша бойына бала біткен келіншекті бүгінгілердей «жарқыратып» жарнамаламақ тұрғай, тіл-көздің сұғынан сақтасын деп, «күмəнді», «ішінде көжесі бар», «аяғы ауыр» деп тұспалдап айтқан. Сонымен қоса, халық аяғы ауыр, болашақ ананы тəрбиелеуді де əсте ұмыт қалдырмаған, аналарымыз жас келіннің таным-талғамын ұштап, өмірлік тəлімге баулыған. Біздің де жан қалауымыз осы. Бұл бір жағы.
Екінші, Бала - Алланың нығметі, аманаты. Ендеше, сол аманатқа қиянат жасалмауы тиіс. Олай дейтініміз, бойдағы баланың дұрыс дамып, жетілуіне жағдай жасау ананың міндеті. Баласының денсаулығына, амандығына алаңдайтын əрбір ана мұндай қадамдарға бармағаны абзал. Себебі, жүктілік кезінде əйел қыл үстінде жүргендей нəзік күйде болатындықтан барынша сырт көзден, сұқты жанарлардан сақтанғаны дұрыс, əйтпегенде бұл баланың не ананың өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Қасиетті Құранда "...Сонда оған (әйелге) жүктілігінің әр күні үшін күндіз ораза тұтқанның, түнде Аллаға құлшылық еткеннің сауабы жазылады» делінген. Бұл кезеңнің өте жауапты сəт екенін осыдан-ақ пайымдауға болады.
Үшінші, осы бір сурет қою арқылы қаншама жанның жарасын жаңғыртып, жанын жүдетесіз. Себебі, өмірде перзенттің тəтті иісін иіскеу екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Ал сізге бұйырған екен, онда əлемге жар салмай, үнсіз шүкір етіңіз. Жабырқау жанның жүрегіне артық жүк артпаңыз.
Бұл ойымызға қарсы дау айтатындар да аз болмас. "Бұл олардың тағдыры" дер. Жарайды, солай-ақ болсын. Алайда, одан гөрі өмірде көргеніңіз бен түйгеніңізді жазсаңыз, білгеніңізбен бөліссеңіз қаншама жанның сауабын алып, қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей, сіз де нешеме жанның жүрегіне ізгілік дəнін егер едіңіз.
Осы əлеуметтік желіні дұрыс пайдаланбаудың кесірінен қаншама отбасы ойран боп жатыр бүгінде.
Отбасының ешкім білмеуге тиіс ішкі құпиялары болады. Қуанышын ет жақыны білсе жетіп жатыр емес пе? Бөгде жандардың назар тіккені
оның тағдырын тас-талқан етуі əбден мүмкін. Себебі, тіл-көз, сұқ деген дүниелердің бары да рас. Көз тию жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Көз тию - ақиқат. Егер тағдырмен жарысқа түсе алатын бір нəрсе болса, онда ол нəрсе көз тию болар еді (тағдырды өзгертер еді)" - деген. (Мүслим, Ибн Мажә). Осы тұрғыда дін өкілдері "Адамға бөгде адамдардан бөлек өзінің, туыстары мен достарының да тарапынан көз тиюі мүмкін" дегенді алға тартады.
Қазіргі қоғамда ушығып тұрған тұрмыстық түрлі кикілжіңдер мен тіршіліктің қиюы қашқан көріністерінің туындауына осы əлеуметтік желі белгілі бір деңгейде себепкер болып жүргенін мойындауымыз керек.
Қазақ қоғамында ақыл-есі дұрыс əрбір адам жүрген-тұрған жерінде елге жақсы іс, үлгі-тағылым қалдырып, сонымен қатар жолда жатқан бір түйір тас болса да алып тастау сынды қарапайым жол жомарттығын жасап отырған. Ал, бұл жомарттық – ел ішінде нағыз ерлік саналған. Олай болса, бəріміз Өмір көшіне ілескен жолаушы екенімізді дəйім естен шығармай, келер ұрпақтың болашағына темірқазық боларлық жол жомарттығымызды көрсете жүрейік.
Гүлбала Қоштай
Abai.kz