Қазақ "автоматтандырудың" құрбанына айналады
XXI ғасыр ғылыми технологияның дамыған заманына айналды. Соған сәйкес, дамудың жаңа бағыты - роботтар дүниеге келе бастады. Робототехниканың кең өріс алғаны соншалықты, "адамның орнын робот басты" деген нақты деректердің қатары да артты. Шындығында, адам болу қолтемірдің қолынан келер іс пе? Қауіптің деңгейі қаншалықты?
Жеке бағыттар мен бөлек экономикалық мамандық иелерін роботтармен алмастыруды қарастыратын зерттеулер саны бүгінде жүзден астам. Экономист Карл Фрей мен Майкл Осборнның зерттеулеріне жүгінсек, роботтандыру нәтижесінде АҚШ-та 2033 жылға қарай бүгінгі 47% жұмыс орындарының жойылып кету қаупі бар. Дүниежүзілік банктің есептеуінше, Қытайда бұл көрсеткіш, тіптен, 77%-ды құрайды. Халықаралық еңбек ұйымының деректеріне сүйенсек, Камбоджа, Индонезия, Филиппин, Вьетнам, Таиланд және Қазақстан секілді мемлекеттердің өзінде 56% жұмысшылар "автоматтандырудың" құрбанына айналуы мүмкін. Биылғы жылы экспорттауға арналған алма жинаушы роботтардан бастап, тұрғын үйлерде күзетші болып жүрген қолтемірлерге дейін өз қызметтерін бастады.
Ең маңыздысы, мамандық иелерінің орнын роботтар басатын болса, адамдарға білім алудың қажеті не? Жапондық отбасында дүниеге келген Американдық профессор, "Нью-Йорктың ең ақылды адамы" атанған Митио Каку "The New York Times" газетіне берген сұхбатында "Ең бастысы - оқу-білім алдағы уақытта есте сақтауға негізделмейді. Жақын арада компьютерлер мен Google Glass көзілдіріктері (Android жүйесіндегі смартфондарға арналған Google компаниясының өнертабысы) барлық қажетті мәліметтерді жүктеуге мүмкіндік беретін шағын линза түрінде шығарыла бастайды" деген болатын. Қазіргі уақыттың өзінде бұл көзілдіріктер көптеген мемлекеттерде сатылымға қойылған, Қазақстанда Google Glass-тың бағасы 200 мың теңгені құрайды. Демек, адамдар компьютер секілді ойланса, олардың білім деңгейі де бір көзілдірікпен өлшенбек.
Мамандардың айтуынша, роботтандыру нәтижесінде 57 мамандық адамдарды қажет етпеуі мүмкін. Олардың ішінде есепшілер, сарапшылар, заңгерлер мен журналистердің қызметке қажеттілігі қарапайым қойма қызметшісіне қарағанда әлдеқайда төмен. 2018 жылы өткен Superjob сауалнамасының нәтижесі бойынша, call-орталықтардың операторлары, наубайханашылар мен туризм менеджерлерінің жартысынан астамы алдағы 10 жылда олардың қызметін толықтай немесе жартылай формада роботтар атқаратынына сенімді. Егер мамандыққа қауіп төнсе, тығырықтан шығудың екі жолы бар - мамандық деңгейін арттыру (мысалы, қызметші бухгалтерден бас бухгалтер деңгейіне көтерілу) немесе жаңа мамандықтарды меңгеру.
Автоматтандырылған қоғамда абыройлы әрі табысты тұлға болып қалыптасу үшін не істеу керек? Профессор Митио Какудың пікірінше, ол үшін роботтарға қолжетімсіз қабілеттерді дамыту қажет екен. Соған сәйкес, адамдардың ендігі жұмысы интеллектуалды, шығармашылық бағыттарды шыңдау болмақ. Себебі, ешқандай жасанды интеллект адам интеллектісінің орнын баса алмайды.
Қорыта айтқанда, робот психолог, музыкант, суретші немесе әнші бола алмайды. "Мен, робот" фильміндегі бас кейіпкер Уилл Смит «Робот симфония жазып, көркем туындыны құрастыра ала ма?» - деген сұрақ қойған еді. Жауабы да белгілі - бұл мүмкін емес. "Техника қаншама жетілгенмен, дамығанымен, бәрібір күрестің құралы ретінде қалады. Адамның жан-дүниесі – ұрыста ең қатерлі, көзге көрінбейтін қару. Жан дүниесіне заң бойынша бірінші орын тиесілі, оған күш-қуаты жағынан теңесер күрес құралы жоқ және болмайды да" - деген Бауыржан Момышұлының даналық сөзі адамның қайталанбас жаратылыс екендігінің нақты айғағы десек артық болмас.
Шынар Төлеухан
Abai.kz