Сенбі, 23 Қараша 2024
Енді қайттік?.. 10215 56 пікір 9 Сәуір, 2019 сағат 15:51

Дариға Нұрсұлтанқызы сайлауға түсуге құқығы бар екенін айтты

Бүгін Тәуелсіз Қазақстанның екінші президенті, дәлірек айтсақ, президенттің міндетін уақытша атқарушы Қасым-Жомарт Тоқаев ел-халыққа қайырылып сөйледі. Сайлау өтетінін айтты. Күнін де белгілеп берді. Ол – биылғы жылдың 9 маусымы күні.

Біз бүгін сол сайлау туралы азды-кем сөз шығармақпыз.

Жалпы, Қазақстанда президенттік сайлау 2020 жылы өтуі тиіс еді. Ендігі экс-президент Назарбаевтың және оның қызметін жалғастырушы қазіргі президент Тоқаевтың мерзімі сол уақытта аяқталуға тиіс болатын.

Алайда олай болған жоқ. Биыл Қазақстанды (ескі одақтағы басшылық қызметімен қоса есептегенде) 30 жыл үздіксіз басқарған Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кетті. Оның орнын Сенат спикері болған Қасым-Жомарт Тоқаев басты. 21 наурыз күні ел-халықтың алдында ант қабылдап, қызметіне кірісті. Тіпті, президент мансабымен Мәскеуге барып қайтқанын да жаздық.

Міне, президенттік қызметіне кіріскеніне тұп-тура 19 күн болғанда, президент Тоқаев кезектен тыс президенттік сайлау өтетінін хабарлады.

Иә, кезектен тыс. Бұл сөзді біз алғаш рет естіп отырған жоқпыз. Осыған дейін Қазақстанда 6 мәрте кезектен тыс сайлау өтті.

Бұл сайлаудың өзге сайлаулардан не айырмасы бар? Әзірге айтарымыз жалғыз. Ол – 30 жыл ел басқарған Назарбаев сайлауға түспейді. Болды. Бітті. Ал оның өзі және өзі басқаратын партиясы кімді ұсынады? Ол өз алдына бөлек әңгіме.

Жалпы, ел-жұрт жақын арада президенттік сайлау өтетінін сезіп-біліп жүрді. Болжам жасағандар да аз емес. Біреулер экс-президенттің әулетіндегі Самат Әбіш деген баланы әкелмек деді. Енді біреулер тұңғыш президенттің тұңғыш қызы (Дариға Назарбаева) таққа отырады екен деді. Ал біреулер, қазіргі уақыттағы ең ыңғайлы кандидат – Тоқаевтың өзі деді. Болжам да, болады-ау дегендер де жетерлік.

Біріншіден, Конституциясының 41-бабының 2,3,3-1-тармақтарының негізінде Республика Президенті болып тумысынан Республика азаматы болып табылатын қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, әрі Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын Республика азаматы сайлана алады.

Нұр Отан ұсынса, Дариға Назарбаева сайлауға түсуі мүмкін

Болжам деп қалдық қой. Жұрт аузындағы кандидаттардың бірі Дариға Назарбаева. Бүгін Сенат спикері (Қазақстанның запастағы президенті) Дариға Нұрсұлтанқызының көмекшісі Сәуле Мұстафаева сөйледі.

«Жоқ. Дариға Нұрсұлтанқызы кандидаттыққа түспейді» деп қысқа қайырды.

Ал, артынша Дариға апамыз, сайлауға әр Қазақстан азаматы түсуге құқылы екенін, бір-ақ кандидатты ұсыну саяси партиялар тарапынан болатынын екіұштылау етіп, еске салды. Толық мәтін міне. Айтылған сөзді аудармай берейік. "Баллотироваться может любой гражданин страны в соответствии с Конституцией и законами. Решение о кандидатах на выдвижение будут принимать политические партии".

Осылай, Дариға Нұрсұлтанқызыда "хан тағынан" дәмесі барлығын байқатты.

Ел тілегіндегі тағы бір кандидат – Иманғали Тасмағамбетов. Ол кісі қазір Ресейдегі елшілікке егелік қылып жүр. Экс-президент пәрменімен сол жаққа уақытша қоныс аударған. Ал жоғарыдағы сайлау туралы заңда үміткер адам кемі 5 жыл Қазақстанда тұруы шарт деп көрсетілген. Бұл Заңға талас тудыратын жалғыз тұсы бар. Шет мемлекеттегі Елшілік орналасқан территория ресми түрде сол мемлекеттің иелігінде. Яғни, Ресейдегі елшілік орналасқан территория Қазақстан аумағы болып саналады.

Тасмағамбетов те сайлауға түсе алмайды

Бұл туралы алдыңғы жылы Әділет министрі Марат Бекетаев айтқан.

«Қазақстанда тұрмайтын елшілердің президенттікке үміткер болуға құқығы жоқ. Себебі Конституциялық заң талабы бойынша президенттікке үміткер Қазақстанда тұруы керек. Ал елшілер Қазақстанда тұрмайды. Сондықтан олар үміткер болуы мүмкін емес» деген еді.

Енді қалғаны бойынша сараптап көрейік.

Біріншіден, Президент болу үшін соңғы бес жылда мемлекеттік қызметкер болуға міндеттісің...

Екіншіден, сені қоғамдық ұйым, яғни Партия ғана президенттікке ұсына алады.

Осы мақала жазылып жатқан сәтте Бақытжан Көпбаев дейтін адам өзін президенттік сайлауға кандидат ретінде ұсынып, әлеуметтік желіге бейне-үндеу таратты. Ол өзін интернационалистер атынан ұсынды. Қазақтың Мұстафа Шоқай сынды алыбының әруағымен алысып, ұлтшылдармен күресіп жүрген азаматтың қаншалық халықты артынан ертері әзірге белгісіз.

Кандидаттарды тіркеу ертең аяқталады

Кеше президент Тоқаевтың партия басшыларын Ақордаға алдыртқаны да тегін болмаса керек. Алдағы  сайлау додасында биліктік партия үміткерімен бірге ілесіп шабатын қосымша кандидаттар мәселесі сөз болуы әбден мүмкін.

Енді мына бір қызық дерекке көз жүгіртіңіз. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» 1995 жылғы 28 қыркүйектегі № 2464 Конституциялық Заң бар. Сол Заңның 51-1 бабында Республика президентінің кезектен тыс сайлауы туралы былай деп жазылған:

«Президенттің кезектен тыс сайлауы Республика Президентінің шешімімен тағайындалады және тағайындалған күнінен бастап екі ай ішінде өткізіледі».

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін, 9 сәуір күні кезектен тыс сайлау өтетіні туралы мәлімдеді. Сайлау 9 маусым күні өтеді. Демек, тұп-тура екі айдан соң.

Дәл сол  Заңның «Республика президенттігіне кандидаттар ұсыну» туралы 55-бап бар. Ол баптың 2-тармағында былай деп жазылған:

«Президенттiкке кандидаттар ұсыну сайлау жарияланған күннен кейінгі күні басталып, сайлауға екi ай қалғанда жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады».

Бізде кезекті сайлау тұп-тура 2 айдан соң, 9 маусымда өтеді. Ал кандидаттарды тіркеу ертең аяқталады. Ал заң бойынша бүгін аяқталуы тиіс. Немесе сайлау өтетін күн 10 маусымға белгіленуі тиіс. Сонда ғана кандидаттарды тіркеуге ең құрығанда 1 тәулік уақыт беріледі.

Ал енді осы баптың (55-баптың) 5-тармағында: «Егер кандидаттарды тiркеу мерзімі аяқталатын күні Президенттікке екіден кем кандидат тiркелген жағдайда, Орталық сайлау комиссиясы кандидаттарды ұсыну мерзiмiн жиырма күннен аспайтын мерзiмге ұзартады» деп жазылған.

Демек, ертеңге дейін кемі екі адам табылмайтын болса, кандидаттарды тіркеу мерзімі тағы 20 күнге ұзартылады.

Ал енді, есептеп көрейікші, президенттікке кандидаттарды саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер ұсынады. Кандидатты ұсыну үшін кез келген партия сьез өткізуі, үміткердің кандидатурасы сол сьезде бірауыздан мақұлдануы тиіс. Одан кейін сьез шешімі мен кандидаттыққа түсу туралы өтініш Орталық Сайлау комиссиясына тапсырылуы керек.

Ал кезектен тыс сайлау туралы мәлімдеме жарияланған сәттен бастап, партиялардың немесе қоғамдық ұйымдардың мұнша шараны өткізуге уақыты жете ме?  Ол да өз кезегінде бөлек талқылануы тиіс әңгіме.

Кандидаттарға келейікші. Президент Тоқаевтың мәлімдемесінен кейін әлеуметтік желіде белгілі саясаттанушы Әміржан Қосанов, Дос Көшімдерді президенттікке ұсынушылар болды. Біз бүгін Дос Көшім мен Әміржан Қосановтың сайлауға түсуі, не түспеуі туралы өз пікірлерін білдік.

Оппозициялық күштер бірігуі тиіс

Әміржан Қосанов, саясаткер:

- Негізі, тұрақты әрі өз болашағына сенімді мемлекетте (біздің қазіргі билік бізге күні-түні айтып, насихаттап келе жатқандай-ақ) айналасы 20 күннің ішінде президенттер тарапынан екі бірдей мұндай маңызды мәлімдеме жасалмайды. Екі президенттің де жалма-жан шешім қабылдап, халыққа үндеу жасауы – қазіргі жүйенің шатқалақтай бастағанын білдіреді.

Кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы айтылатыны әу баста-ақ, белгілі болған. Жұрт сайлау өткізу туралы мәлімдемені күтіп жүрді. 1995 жылдан бері қарай ел Конституциясын бір адамның ыңғайына келтіріп келе жатқан жүйені айтамын. Әңгіме тіпті биліктің президенттік сайлауды үнемі кезектен тыс өткізуінде де емес.

Бұл жолы шынында маңызды себептері бар секілді. Соның ішінде, менің ойымша, уақыт факторы. Дәлірек айтсақ, Назарбаевтың денсаулығы. Көзінің тірісінде-ақ, постназарбаевтық басқару жүйесін қалыптастыруды ойлаған Ол өзінің орнына өз адамының отырғанын көріп кетуді қаласа керек. Тіпті болмағанда, өзге мемлекеттерде болып жатқан халықтық революция оның өзі мен отбасының қамын ойлауға мәжбүрлеуі мүмкін.

Енді әңгіме билік басындағы Назарбаев тізгінін ұстап отырған партияның сьезіне қатысты болмақ. Ол кімді өз кандидаты ретінде ұсынады?

Тағы бір мәселе, өзін оппозиция санайтындарда. Осы ретте мен билікке күні бүгінге дейін оппонент болып келген барлық азаматтарды бірігуге шақырамын. Бірігейік. Өзіміздің позициямызды білдірейік. Біз, оппозиция, сайлауға қатысамыз ба, жоқ па, ақылдасып, келісіп шешейік. Егер қатысатын болсақ, кімді біріккен демократиялық күштердің кандидаты ретінде шығарамыз?

Көп жұрт әлеуметтік желіде маған сайлауға түсіңіз деп жатыр. Бұған да жауап бере кетейін. Мен демократиялық қоғам ұсынған кез келген кандидатты қолдаймын. Тіпті өзім де түсуге әзірмін. Әрине, демократиялық күштер тарапынан қолдау болса.

Алайда, билікке оппонент болған күштер мен топтардың басы бірікпеуі де мүмкін. Оған себеп те жоқ емес. Статегиялық қарама-қайшылықтар көп. Жекелеген тұлғалар көп. Әрқайсысы бір-бір төбе. Әрқайсысы өздері түскісі келеді. Жеке амбициялары басым. Ондай жағдайда шешімді өзім қабылдаймын.

Қазақстандағы сайлау жүйесі әділетті сайлауға кепілдік бермейді

Дос Көшім, саясаткер:

- Біріншіден заң бойынша мен сайлауға түсе алмаймын. Себебі, осыдан бір жыл бұрын сайлау туралы заңға өзгеріс енгізілген. Ол бойынша мемлекеттік қызметте бес жыл болуы шарт. Мен мемлекеттік қызмет істемеген адаммын. Сондықтан мен сайлауға түсемін десем де түсе алмаймын.

Өз басым жасы 60-тан асқан адамдарға саясатта тек қана кеңесшінің рөлін атқарғаны дұрыс деп ойлаймын. Өзім сол бағытты ұстанып келемін.

Шындығында, менің сайлауға түсу немесе мемлекеттік бір қызмете орналасу туралы ойым болған жоқ. Әрбір азамат өзінің дұрыс деп тапқан кандидатын, адамын ұсынуға толық құқысы бар. Егер ұсынған жағдай болатын болса, шынымды айтайын, мен ол туралы ойланып көрмеппін де.

Қазақстандағы сайлау жүйесі әділетті сайлауға кепілдік бермейді. Бұл сайлау заңына да, осы уақытқа дейін жұмыс жасап келген сайлау комиссияларына да қатысты. Мен 5 жыл бойы тәуелсіз бақылаушы болдым. Бақылаушылар ұйымын құрдым. Сайлауды ішінен де, сыртынан да бақылап көрдім. Сайлаудың барлық қулық-сұмдықтарын бір адамдай білемін. Сондықтан, Қазақстандағы сайлау жүйесі халықтың ұсынғанын емес, биліктің ұсынған кандидатын өткізетіндей қылып жасалған. Сондықтан кез келген адам бұдан өте алмайтынын білуі керек.

Мен Қасым-Жомарт Тоқаев келгенде ол кісі сайлауды жылдың аяғына таман қалдырып, осы 5-6 ай ішінде сайлау жүйесін демократиялық бағытқа әкеле ме деп ойлаған едім.  Яғни, тәуелсіз, ашық, демократиялық түрде сайлау өткізеді деп.

Енді екінші жағынан қарасаң, Тоқаевтікі де дұрыс. Өйткені, дүниежүзінің тәжірбиесі бойынша, президентің орнында қалған адам ол – президент емес. Ол президенттің міндетін атқарушы ғана. Халық оған президенттік мандат берген жоқ.  Ал президенттің міндетін атқарушы адам міндетті түрде екі айдың ішінде сайлау тағайындауы керек.

Екіншіден, осына пайдалана отырып, ол кісі сайлау заңын толық өзгертіп, демократиялық бағытқа бұрылуға мүмкіндігі бар еді. Өкініштісі олай болған жоқ.

Түйін. Сонымен сайлау өтеді. Потенциалды кандидаттар – Қасым-Жомарт Тоқаев, Әміржан Қосанов. Шешім қабылдаған кандидат – Бақытжан Көпбаев. Бас тартқандар – Дос Көшім. Үміткер ұсынып қалады-ау деген партиялар – Ақ жол, Ауыл, Коммунистік партия, ЖСДП.

Әзірге естіп-білгеніміз осы. Ендігісі ертеңгі сағат 18:00-ге дейін белгілі боп қалар...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

56 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5456