Тоқаев Путиннен Ресейде 400 қазақ мектебін ашуды талап етуі керек
Күні кеше қазақ президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Мәскеу барып қайтқаны белгілі. Қызыл алаңның тұрақты тұрғыны қазақ президентін өз жол-жоралғысымен (протокол бойынша) Кремльде күтіп алды. Кездесті, сөйлесті. Бітпей тұрған бірлі-жарым шаруаның басын қайырған болды. Солтүстікте болған сол бір кездесу туралы орыс ақпараты да, қазақ ақпараты да аз жазған жоқ. Айтпағымыз ол да емес.
Кеше Владимир Путиннің Қазақстанда орыс мектебін ашатыны туралы айтқан сөздерін орыс ақпараты сүйінші сұрағандай қылып таратты. Сол туралы сөз етпекпіз, бүгін.
«Біз Қазақстан президентімен бірге екіжақты мәдени-ғылыми байланысты әрі қарай да нығайтуға күш саламыз. Қазір Қазақстанда жаңа орыс мектебі мен университетін ашу мәселесі қаралып жатыр. Сондай-ақ, Алматыда мәдени-ғылыми орталықтың филиалын ашу да жоспарымызда бар» депті Путин.
Осы ретте айтпасқа тағы болмайды, биыл ақпанда (27.02.2019 жыл) «Abai.kz» ақпараттық порталы «Ресейдегі соңғы қазақ мектебі жабылды» атты мақала жариялады.
Онда Ресейдің Алтай аймағындағы Керей дейтін қазағы көп кіп-кішкене ауылда бар жалғыз қазақ мектебінің билік пәрменімен жабылғаны айтылған.
Әуелі бұл туралы біз естімей, білмей қалар ма едік, Айбар Азаматов дейтін блогер жігіт әлеуметтік желіде жазды. Жазған адам жаңылған болар дедік, әуелде. Сөйтсек шын екен. Бұл туралы тіпті Қазақстанның қазіргі білім министрі Күләш апай Шәмшидинова да пікір білдірді.
«Ресей тарапынан осы қазақ мектебін әдейі жауып қою туралы мәселе көтерілген жоқ. Жалпы балалардың, ата-аналардың сұранысына қарай ашылады мектептер. Ата-аналар мектептің оқу тілін анықтайды» деп қысқа қайырды.
Күләш апай, Алтайдағы ағайынның жалғыз қазақ мектебі жабылмайтынын, тек қазақ мектебі деп аталмайтынын айтты. Сөйтсе, бұл Дума депутаттарының, орыс билігінің жасаған білім реформасына сай жалпы стандартизациялау саясатының нәтижесінде болған өзгеріс екен.
Айтып-айтпай не керек, ақыры әлгі мектеп жабылды. Бұл орыс жеріндегі жалғыз қазақ мектебі еді. Қазақ тілді мектеп болатын. Енді Ресейде бірде-бір қазақ мектебі, бірде-бір қазақ балабақшасы жоқ.
Салыстыру үшін жазайық, мысалы біздің елде қазіргі уақта 3,5 миллионға жуық орыс бар. Сол 3,5 миллион орыс үшін 1500 орыс мектебі жұмыс істеп тұр. Жаңағы 3,5 миллионыңыздың барлығы оқушы емес қой. Десе де, жан басына шағып тағы есептейік, ал. Сонда әрбір 2400 славян адамына бір мектептен тиесілі екен.
Қазір Ресейде шамамен 1 миллионға жуық қазақ тұрады. Дәл осы математикалық теңдікпен есептейтін болсақ, Ресейде ең кемі 400 қазақ мектебі болуы керек. Ал ол жақта қазір мектеп түгілі балабақша жоқ. Қазағы көп Керей дейтін ауылдағы жабылып қалған қазақ мектебінде қазақ тілі енді тек факультатив ретінде оқытылады.
Ресей де біз секілді көп ұлтты мемлекет. Онысын өз конституцияларына айшықтап жазып қойған, тағы. Онда қазір қазақтан бөлек, татар, башқұрт, авар, бурят, якут, балқар, ноғай, алтай қатарлы 190 ұлт тұрып жатыр. Біз одақтасымыз болып отырған орыс осылай істеді деп өкпеледік. Шындап келгенде, бұл ондағы барлық ұлтты жаппай орыстандыру саясаты жүріп жатқанының айғағы. Путин, Жириновский, Мироновтар бастаған әйдік пропогандистер насихаттап жүрген «Орыс әлемінін» құру деген осы, міне.
Жә, тақырыпқа оралайық. Қазақ президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеу барды. Анығында барғысы келгендіктен барды деуге тағы келмейді. Оны орыс журналистеріне сұхбат берген президент Тоқаевтың өзі де емеурінмен білдірген екен. «Шақырған соң келдім» деген ауанда сөз сөйлепті. Шындығында солай ғой. Президент Тоқаев ағайын-жұрттың алдында ант қабылдап, президенттік қызметіне кірісе салған сәттен бастап Матвиенкосы - бір, Песковы - екі, Ушаковы - үш айтып жатып Тоқаевты Мәскеуге шақырды.
Тіпті болмаған соң, Путин бір жеделхат жолдады, өзі қоңырау шалып, телефонмен тағы сөйлесті. Араға экс-президент Назарбаевты араластырды. Не керек, сөйтіп кездесетін болып келіскен еді. Кеше кездесті. Сол кездесуде Путин жоғарыдағы әңгімені айтты. Өз жеріндегі жалғыз қазақ мектебін жапқан Владимир Путин Қазақстанда орыс мектебін, ол аз десеңіз орыс университетін ашу туралы айтты.
Түйін
Қош! Қазақы тілмен айтсақ, Ресей қазақ президентін жалынғандай етіп шақырып алды. Осы арқылы әлемге "Қазақстан сыртқы саясатында әлі де Ресейге басымдық беріп отыр" дегенді аңғартпақ болды. Солай үш рет шақырып әрең әкелген Тоқаевқа "орыс мектебі мен университетін аш" деп тағы буынсыз жерден пышақ ұрды. Біздің билікке "береген қолым алағанның" кебін киер сәт туды. Ендеше Тоқаев та Путиннен Ресейде 400 қазақ мектебін ашуды талап етуі керек. Егер ол талап орындалмаса, жаңа орыс мектебі мен университетін ашу емес, Қазақстанда бар 1500 мектепті жаппай жабу жұмысы қарқын алуға тиіс...
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz