Жұма, 22 Қараша 2024
«Соқыр» Фемида 7338 7 пікір 10 Сәуір, 2019 сағат 12:25

"Қазақы сайлаулардың" шым-шытырық тарихы хақында...

Кеше, 9 сәуір Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс президенттік сайлау өтетінін мәлімдеді. Сөйтіп, 2020 жылы өтуі тиіс сайлау биыл 9 маусымға белгіленді. Жалпы кезектен тыс сайлау Қазақстан қоғамы үшін таңсық дүние емес. Бұған дейін де бірнеше мәрте кезектен тыс президент сайлап көрген. Оның үстіне осы жолғысы тіпті ай жарық түнде ұрлық істегендей болды. Көпшілік кезектен тыс сайлау өтетінін сезіп отырды. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттілігін тоқтататынын жариялағаннан батсап, ендігі қадам сайлау өткізу екенін екінің бірі айтып жүрді.

Сарапшылардың пікірінше, осы жолғы сайлау да Қазақстанда қалыптасқан ішкі-сыртқы саяси-экономикалық жағдайды нақты шешуге ықпал етудің орнына, әншейін шаң шығару ғана болатын ойын сыңайлы. Себебі, осыған дейін де болған бірнеше кезектен тыс сайлау елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартып, саяси ахуалға өзгеріс әкелді деп айту қиын. Дегенмен, бұл сайлаудың бұрынғылардан бір өзгешелігі бар. Осы жолы сайлауда айқын басымдылықпен жеңіске жететін фавориттің аты-жөні белгісіз. «Нұр Отан» партиясы ұсынған кандидаттың жеңіске жететінін іштей білсек те, сол бас партияның кімді ұсынатыны сәл бұлыңғыр болып тұр.

Жалпы, «кезектен тыс сайлау» дегеніміз не? Ол қандай жағдайда өтуі мүмкін?

Халықаралық түсініктер бойынша, ресми билік органының немесе билік өкілінің өкілеттілігі белгіленген мерзімнен бұрын тоқтауы салдарынан өтетін сайлау «мерзімінен тыс» болып табылады.

Бірінші жағдайда – өкілетті органдардың таратылуы кезектен тыс сайлау өткізуге себеп болуы мүмкін. Ал жеке адамның өкілеттілігіне келсек, сайланған адам отставкаға кетуі мүмкін. Осындай кезде және өкілетті адам қызметінен ерікті түрде бас тартқан кезде өкілетті тұлғаның мезгілсіз қазасына байланысты кезектен тыс сайлау өткізу орын алады.

Кезектен тыс сайлау өткізу тәртібі әр елдің өзінің ішкі заңдылықтарына бағынады. Мысалы, парламенттік республикаларда кезектен тыс сайлау – үкімет отставкаға кеткен соң өтеді. Кезектен тыс парламент сайлауы деген сөз – палатаны тұтасымен қайтадан сайлау деген сөз.

Егер сайлау бірнеше депутатқа қатысты болса, ол қосымша сайлау деп аталады. Сондай-ақ кезектен тыс сайлау – саяси шешімдерді жүзеге асыру ғана емес, үкіметтегі дағдарысты шешудегі күрес әдісі де бола алады. Мемлекет басшысы немесе үкімет парламентті тарата отырып, өзінің заңдық өкілеттілігін бекіте түсу үшін, кезектен тыс сайлау жариялайды.

Бірқатар демократиялық елдерде «кезектен тыс сайлау» деген түсінік саяси терминологияда мүлдем қолданылмайды. Мәселен, АҚШ-та президент өз өкілеттілігінен мерзімінен бұрын бас тартатын болса немесе әлдебір саяси тартыстар салдарынан өкілетті қызметін тоқтатуға мәжбүр болса, белгіленген президенттік мерзім аяқталғанға дейін, барлық мемлекеттік құзырлы жауапкершілік вице-президентке жүктеледі.

Парламенттік-демократиялы Жапонияда үкіметтің отставкаға кетуі – кезектен тыс парламент сайлауын өткізуге себеп бола алмайды. Керісінше, парламент сайлаған жаңа премьер-министр жаңа кабинетті жасақтайды.

Ал біздегі кезектен тыс сайлаулардың өзіндік «ұлттық ерекшеліктері» қандай? Бізде 2010 жылы ҚР президентіне Елбасы – «лидер нации» деген атақ берілді. Ал мұнан бұрын, яғни 2007 жылы парламент бірінші президентке сайлауға шексіз түсуге келісім беру туралы шешім қабылдады. Соған қарамастан, Конституцияның 42-бабы бойынша, бір адам екі мерзімнен артық президент бола алмайды. Бұл енді Тұңғыш президент емес, одан кейінгілерге қатысты заң талабы болмақ.

1990–1991 жылдардағы сайлау

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінде депутаттардың дауыс беруімен өткізілген тұңғыш президент сайлауы мұнан тура ширек ғасыр бұрын – 1990 жылы болғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Бұл сайлауда Назарбаевқа балама үміткер болмаған. Әлі президенттік институт құрылмаған Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаев әрі Компартияның бірінші хатшысы, әрі президент болып, өтпелі билік біраз уақытты бастан кешкен.

Дүниежүзілік қауымдастық, әсіресе Батыс бұл сайлауды тек 1991 жылы мойындаған болатын. Бұл тұста Қазақстан ядролық қарудан бас тартып, Батыстың көңілінен шығып тұрған кезтұғын.

Ал 1991 жылдың қазан айында жарияланып, 1 желтоқсан күні жалпыхалықтық дауыс берумен өткен президенттік сайлауда Назарбаев тағы да баламасыз үміткер болды. Дұрысында, сайлауға о баста үш кандидат түсіп, баламалы сайлау өтетін болған: президенттікке кандидаттардың бірі – бүгінгі Нұрсұлтан Назарбаев, екіншісі – «Невада-Семей» қозғалысының лидері, ақын Олжас Сүлейменов, үшіншісі – диссидент, желтоқсаншы қоғам қайраткері Хасен Қожахмет.

Бірақ Олжас Сүлейменов сайлауға қатысудан бас тартты, ал Хасен Қожахмет «халықтан тиісті мөлшерде қол жинай алмағандықтан», Орталық сайлау комитеті оны үміткерлер тізімінен алып тастады.

Сөйтіп, Коммунистік партияның өкілі Нұрсұлтан Назарбаев 98,8% дауыс жинап, Тәуелсіз Қазақстанның бірінші президенті ретінде билік басына келді.

1995 жылғы референдум

1991 жылдан соң, Қазақстандағы кезекті президент сайлауы Конституциялық талап бойынша 1996 жылы өтуі тиіс еді. Бірақ ол 1999 жылы бір-ақ өткізілді.

Қазақстан үшін бұл кезең жаппай партия құру кезеңімен есте сақталады. Бірақ, айналып келгенде, биліктегі президенттің өкілеттілігін ұзартудың жолы партиялар арасындағы бәсекелестік бойынша емес, референдум арқылы іске асырылды.

1994 жылы Қазақстанда Жоғарғы кеңес сайлауы өтті. Ал 1995 жылдың басында, кандидаттыққа депутат болған Татьяна Квятковскаяның шағымы бойынша, сайлау қорытындысы заңсыз болып табылып, Жоғарғы кеңес таратылды.

Біздің елде қазіргі жиі сынға ұшырайтын Қазақстан халқы ассамблеясы деген ұйым бар. Тіпті көп адам бұл ұйымның қоғамға түк пайдасы жоқ деп есептейді. 1995 жылы наурызда дәл осы Қазақстан халықтарының ассамблеясы (қазіргі атауы - Қазақстан халқы ассамблеясы) құрылып, іле-шала президент Назарбаевтың өкілеттігін 2000 жылға дейін ұзарту үшін референдум өткізуді ұсынды. Сол жылы 29 сәуірде референдум өткізу туралы шешім қабылданды. Референдумға қатысқандардың 95,5 пайызы Назарбаевтың өкілеттігін ұзартуды қолдағаны хабарланды. Қазақстан президентінің өкілеттілігі 2000 жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзартылды. Конституцияда алғаш рет басқарудың президенттік моделі жасалды.

Осы тұста Қырғызстан мен Өзбекстанда да президенттер референдум жолымен өкілеттіліктерін ұзартқан еді. (Орта Азия мемлекеттерінің арасынан сол 90-жылдары тек Сапармұрат Ниязов қана бірден халықтық сайлауға түскен-ді). Ресми Қазақстан болса, референдумды «Орта Азия бойынша аймақтық ішкі тұрақтылықты сақтау үшін» деп тұжырымдады.

1999 жылғы кезектен тыс сайлау

Қазақстандағы президенттік сайлау мерзімі 2000 жылға белгіленгенімен, ол тағы да өзгерді. Дұрысы – өзгертілді.

1998 жылы Қазақстан конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, президент өкілеттілігі 7 жылға ұзартылды. Осы өзгерістен кейін мәжіліс депутаттары уақытынан бұрын президент сайлауын өткізу туралы ұсыныс жасап, Нұрсұлтан Назарбаев ол ұсынысты қабылдады.

Бұл кезең Қазақстан үшін азиялық қаржы дағдарысымен тұспа-тұс келеді. Елде наразылық белгілері таныла бастаған соң, тез арада қоғамда жағдай біршама тұрақты және тыныш болып тұрған кезде сайлау өткізуге шешім қабылданды.

1998 жылы – «саяси реформа» жылы деп аталып, 1999 жылдың қаңтар айында мерзімінен бұрын сайлау өтті. Өзге сайлаулармен салыстырмалы түрде алғанда, бұл аса тартысты өткен сайлау болды. 1999 жылы 10 қаңтардағы президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаев - 80 пайыз, Серікболсын Әбділдин - 15 пайыз, Ғани Касымов -4 пайыз, Энгельс Ғаббасов 1 пайыз дауыс жинады.

2005 жылғы сайлау

Бұл – заңда белгіленген өз уақытында өткен сайлау болды. Ол кезде президенттің сайлауалды дайындығы жарты жылға жалғасты. 2005 жылдың жаз айында президент елдің барлық аймақтарын аралап шықты. Бұл кезеңнің өз ерекшелігі – кешегі Кеңес кеңістігінде түрлі-түсті төңкерістер орын алған болатын. Бұл билік үшін – «төңкеріс атаулы адамдарға кедейлік пен жоқшылық, қан мен көз жастың төгілуін әкеледі, жаппай тәртІпсіздік орын алады» деп, үрейді жарнамалауға мүмкіндік берді. Осы жылдардан бастап қоғамды қорқытып билеу дәуірі басталды.

2005 жылғы сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев 91,15 пайыз дауыс жинап, президенттікке қайта сайланды. Оның басты қарсыласы Жармахан Тұяқбайға сайлаушылардың 6,61 пайызы дауыс берді.

2011 жылғы кезектен тыс сайлау

Кезекті сайлау – 2012 жылы өтуі тиіс еді. Бірақ бір жыл бұрын тағы да саяси ауыс-түйістер басталып кетті. Бұл жолы президенттің өкілеттілігін біржола ұзарту туралы, яғни мәңгілік президент етуді ұсынған бастамашыл топ пайда болды. Бір жағынан, осы уақытқа дейін қарсыластарына «дес бермей» келе жатқан президентті біржола мәңгілік президент ету дұрыс деген насихат тарады.

Бірақ мұндай ұсыныс іске асатын болса, ол дүниежүзілік қауымдастықтың сынына қалатыны да анық еді. Сөйтіп, Конституцияға тағы да өзгеріс енгізілді – президенттің өкілеттілік мерзімі қысқарды. Сол кезде президент сайлауын мерзімінен тыс өткізу «қажеттігі» туындады.

2010 жылы 23 желтоқсанда Өскеменде 320 адам қатысқан арнайы жиын өтіп, Назарбаевтың президенттік өкілеттілігін 2020 жылға дейін ұзарту үшін референдум өткізуді ұсынды. Бұл ұсынысты Қазақстан халқы ассамблеясы, мәжіліс депутаттары қолдады. Бірақ Назарбаевтың өзі референдум өткізуге қол қоймай, президент сайлауын 3 сәуірге белгіледі

Сөйтіп, 2011 жылдың сәуір айында президенттік сайлау мерзімінен бұрын өткізілді. Бұл сайлауда Назарбаев 95,55 пайыз дауыс жинап, жеңіске жетті. Ғани Қасымов - 1,94 пайыз, Жамбыл Ахметбеков - 1,36 пайыз, Мэлс Елеусізов 1,15 пайыз дауыс жинады. Соңғысы «дауысымды Назарбаевқа бердім» деп мәлімдеді.

2015 жылғы кезектен тыс сайлау

2015 жылы 14 ақпанда тағы да Қазақстан халқы ассамблеясы елде кезектен тыс президент сайлауын өткізуді ұсынды. Ассамблея ұсыныстарын "әлемдегі экономикалық жағдайға байланысты Қазақстанда 2016 жылы президент және парламент сайлауын өткізу қиынға соғады" деп түсіндірді. Бұл ұсынысты «Нұр Отан» партиясы, Қазақстан парламенті мәжілісі, Қазақстан жазушылар одағы қолдады.

Осылайша, кезектен тыс сайлау 26 сәуірде өтті. Дауыс беру қорытындысы бойынша Н. Назарбаев 97,75 пайыз дауыс жинады. Бұл көрсеткіш бойынша, 1991 жылғы алғашқы жалпыхалықтық сайлаудың (98,8%) нәтижесінен ғана аз дауыс жинады. Ал өзге үміткерлерден Әбiлғазы Құсайынов 0,64 пайыз, Тұрғын Сыздықов 1,61 пайыз дауысқа ие болды.

Түйін

Қош! Қазақ елін тағы да кезектен тыс сайлау күтіп тұр. Бұл сайлаудың сценарийіне де көп өзгеріс енбейтіні байқалады. Десе де, еліміз "қазақы сайлаулардың" шым-шытырық һәм ыңғайсыз оқиғаларына тойып бітті. Осы жолғы сайлаудан бастап, аз да болса демократиялық құндылықтарға бет бұрсақ екен. Елдің тілеуі осы.. 

Кемел Кеңес

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1440
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3202
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5174