Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 11082 40 пікір 13 Сәуір, 2019 сағат 10:34

«Абылайдың түсі» деп шулап жүргеніміз - Мөңке бидікі...

ХVII ғасырда туып, XVIII ғасырда өмірден озған Шекті Мөңке бидің есімі бұл күнде көзі ашық қазаққа тегіс мағұлым. Алайда оның мұралары жеріне жеткізіле зерттелді, сарқып айтылды деуге келмейді. Екі ғасырдың тоғысында, өлара шақта басы «Мөңке! Мөңке!» деп ұрандата басталғанымен, аяғы сиырқұймышақтанып барып тына қалды. Себебі, қалыптасқан советтік ескі әдіс осындай еді.

Былтыр «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай Мөңкені республикалық дәрежедегі танымал тұлғалар қатарына кіргізуге талап қылып көріп едік, бұл әрекетімізден ештеңе шықпады. Бағамдасақ, Мөңке «ескіріпті», ұмыт болуға таяпты.

Шындығында, Мөңкеде қайыра еске алатын, үңіле қарап зерттейтін нәрсе көп. Шешендік өнерді жіті зерделеген ғалым Балтабай Адамбаевтың  кітаптарында Мөңкеге қатысты «Баланың тапқырлығы», «Құда мың жылдық», «Түлкім жоғары шық» «Мөңке мен Сырым бала», «Мөңкенің сұрағына Сырымның жауабы» дейтін әңгімелер бар. Архив құжатында Сырым Датұлы сексен жастағы Мөңкеден бата алыпты деген дерек ұшырасады.

Мөңке айтқан  «Құрамалы, қорғанды үйің болады, Айнымалы, төкпелі биің болады, Халыққа бір тиын пайдасы жоқ, Күнде бас қосқан жиын болады» деп басталатын шешендік толғау профессор Серік Негимовтың «Шешендік өнер» атты оқу құралына енді. «Алдымен, Мөңке бидің бұл тақпақтап айтылған толғамы келер заман кейпін кемел көрегендікпен сипаттаумен ерекшеленеді, – дейді ғалым. – Кесек ойлар кестелі, ұйқасты тілмен өрнектелген. Болжаудың әрбір сөзінде суреткерлік сипат бар. Түйінді тұжырым, бейнелі ой, сұлу сурет, эмоциялық-экспрессивтік қуат бар».

Алайда, Мөңкенің өнері жалғыз шешендікпен шектелмейді, ол өз заманында би, ірі қоғам қайраткері, жырау, Асанқайғы үрдісін жалғастырушы сәуегей болжампаз болған адам. Мөңкенің көп қырлылығын балқы Базар жырау, Нұрпейіс Байғанин, Сарышолақ ақын, Нұржан Наушабаев, Мәшһүр Жүсіп Көпеев жырға қосқан.

Сарышолақ ақын:

Тілеудің ұлы Мөңке еді,

Алты Алашқа бас болған,

Қар мойын серке еді.

Ақылы зерек әулие,

                      Қияға көңіл сілтеді, – десе,

Базар жырау:

Тәңірі артық жаратқан,

                            Аузына халқын қаратқан,

                            Қара қылды қақ жарған,

                            Алдынан топты таратқан,

                            Мөңке, Төле, Қазыбек,

                            Әйтеке – алшын, би Кебек, – дейді.

Мөңкенің есімі қазақ, хорезм елдерінен әрі асып, қырғыз жұртына да мағұлым болған. Қырғыздың атақты ақыны Арыстанбек Бұйлашұлының (1824-1878 ж.) қазақ Қаңтарбаймен айтысқанда:

Мөңке бий айтқан кеп эле,

Арыстанбек кимнен кем эле,

Санат сөзүм сан эле,

Санжыра сөзүм қап эле, –  деуі, Мөңке би мұраларының қырғыздың әйгілі ақындары шығармашылығына шоң әсері тигеніне нақты дәлел.

Ғалымдар арасында Мөңкеге алғаш назар аударған Ахмет Байтұрсынов еді, ғұлама 1926 жылы  өзінің әйгілі «Сауат ашқыш» дейтін кітабында Мөңкенің бір билігін үлгі есебінде ұсынады, әрі ол билікті басқа емес, Шекті Мөңке айтқанына куәлік береді. Мәтіні мынадай: «Шекті ұлы Мөңке би жеті жасында билік айтып, кісі құны дауды бітірген екен дейді.

Бір судың бойына бір бай ауылы келіп қонады. Су бойында бір топ бала ойнап жүрсе, балаларды келіп ауыл иесі ақсақал қуалайды. Байдың астындағы асаулау байтал екен. Балалардың біреуі атын үркітіп қалғанда, байдың бөркі басынан ұшып, байталдың алдына түскен кезде, байтал тулап, бай жығылып жан тапсырады.

Байдың елі балалардан құн алмақ болып жиналады. Үш күн, төрт күн жатады, бітісе алмайды; бес күн, алты күн жатады, бітімге келе алмайды. Сөйтіп дағдарып тұрған уақытта бір тайға мінген жеті жасар бала келеді. Бала қарап тұрады да, «бұл жұмыстың билігін маған беріңіздер, мен бітірейін», – дейді. Бала бір айтады, екі айтады, оның сөзіне баласынып, ешкім құлақ аспайды. Ақырында ақсақалдар дағдарып: «Осы қой асығы демеңіз, қолыңа жақса сақадай, жасы кіші демеңіз, ақылы жақса атадай» деген қайда? Манағы бала қай бала? Тауып әкеліңдерші!» – деп іздетіпті. Сұрастырып баланы тауып әкеледі. Баланың аты Мөңке деген. Бала келіп айтады: «Билікті маған берсеңіздер, менің айтатын билігім мынау дейді: Ердің құны жүз жылқы, бұл істе тентек төртеу: әуелі ойнап жүрген бала тентек, екінші оны қуған бай тентек, үшінші үріккен байтал тентек, төртінші бастан ұшқан бөрік тентек. Төрт тентекке жүз жылқыны бөлу керек», – дейді.

Сонда жүз жылқының үш бөлімі байдың өзіне түсіп, бір бөлігін ғана бала жағы төлейді. Жұрт бала билігіне ырза болады. Сол бала үш жүзге белгілі Мөңке би атанып, аты аспанға шығады».

Әуелі ауыл молласынан, одан соң Троицкідегі З.Расулов медресесінен дұрыс білім алған, оны әрі қарата өз бетімен жетілдірген білімпаз ақын Нұржан Наушабаев өзінің «Шекті Мөңке би сөзі» атты толғауында:

Садақа-қайыр байлардан,

                                      Қол тартылар деп еді.

                                      Дүниенің жүзіне

                                      Өре менен темірден

Жол тартылар деп еді.

Осы айтқанның бәрін де

Мөңке би айтқан деп еді, – дейді.

Біз бұл жерде екі нәрсені аңдаймыз, біріншісі – көп оқыған білімдар ақын Н.Наушабевтың Мөңкені жетік білгенін, екіншісі – Мөңкенің  көріпкел болжампаздығын. Шынында да, баяғының құт дарыған байлары өз руының қамқоршысы болатын, жақсылық-жамандығына жауап беретін, жетім-жесірін, жалғыз басты қарттарын далаға тастамайтын, қарасатын. Қазір «қайырсыз, қолы тартылған» байлар көп. Екіншіден, Мөңке толғауында: «Өре менен темірден жол тартылар, Қоныс болса алдыңнан орыс шығар» деген жолдар бар екені де рас. Мөңке сөзіне Нұржан ақын білген соң куәлік беріп отыр.  Би ғұмыр кешкен 1675-1756 жыл аралығында теміржол салынбақ түгілі, әлі паравоз шықпаған еді. Алғашқы темір жол Ұлыбританияда 1825 жылы 25 қыркүйекте Стоктон мен Дарлингтон аралығына тартылды. Ықтималдық теориясына сүйенсеңіз, Мөңке мұны кемі 100 жыл бұрын болжаған.  Мөңкенің әулиелігін осы мысалдан-ақ біле беруге болады.

Әулие:

«Түрлі-түрлі халық болады,

Күндіз-түні жарық болады», – депті.

Электр шамы Еуропа көшелерінде ХІХ ғасырдың аяғында пайда болды. Сонда мұны Мөңке кемі 150 жыл бұрын болжап отыр!

Тағы бір тұста:

Өзім аттас балық шығар,

         Бармақтай зат тауды жығар.

         Усыл Жадит деген кітап шығады,

Бай құрып, бақсы азады,

Кен көбейіп, бейшара озады, – дейді Мөңке.

Мұнда «Бармақтай зат тауды жығар» деген сөз тұр. Бұл басқа ештеңе де емес, атом бомбасы! Тұтас бір тауды бір мезетте құртып жіберу үшін атом бомбасы керек. Алғашқы атом бомбасы 1945 жылы 16 шілдеде АҚШ-та сынақтан өтті. Тамызда Жапонияның екі қаласына тасталды.  Ал Мөңкенің 1756 жылы өмірден озғаны белгілі, сонда көріпкелдің  екі ғасыр  бұрын болжағаны.

Көп білетін Мәшһүр Жүсіп Көпеев Мөңке хақында:

Ауылдарын шу қылған,

                            Жаулықтарын ту қылған,

                            Зайып шығар деп еді.

                            Оқшантай жоқ, кісе жоқ,

                            Белбеу шығар деп еді,

                            Жүгініс жоқ, малдас жоқ,

                            Көлбеу шығар деп еді, – дейді.

Негізінде,  он тоғызыншы ғасыр перзенті Жүсіп атамыз Мөңкенің сөзін айтуға аузы бармай, «қой, олай бола қоймас» деген оймен «сыпайылап» беріп отыр. Мөңке бүгінгі күнгі әйелдердің сырт бейнесін қалай білсе, олай білсін, дәл берген. Былай дейді:

Әйел жағы ден болар,

                            Жаман-жақсы айтса да,

                            Өзінікі жөн болар.

                            Орай салып бастарын,

Желпілдетіп шаштарын,

Тақымдары жалтылдап,

Емшектері салпылдап,

Ұят жағы кем болар.

Қараңыз, данагөйдің дүниетанымының кеңдігі, логикалық ойлау жүйесінің тереңдігі сонша, біріншіден, орыс отарлаушыларының «әйел теңдігі мәселесін» өз мақсаттары үшін шебер пайдаланатынын көрсетіп кетті. Екіншіден, омырауы ойық көйлекті немесе тақымы жалтыраған миниюбкалы қыз-келіншекке келсек, бұл біздің теледидардан, интернет желілерінен ғана емес,  күнбе-күнгі өмірде  кеңінен кездестіріп отырған бейнеміз.

Қазіргі түнгі клуб жөнінде:

Атасының асы емес, келін түсірген той емес,

Бозбала мен қыз бас қосқан жиын болады,

Мұның өзі жасы ұлғайған адамға қиын болады, –

депті әулие атамыз. Мұны азсынсаңыз, Н.Наушабаевтың куәлік беруі бойынша төмендегіні айтыпты:

Тайынша мен танаға

                            Жүк артылар деп еді,

                            Қарап тұрған жігітке,

                            Қыз артылар деп еді.

Оның есімі орыс-қазақ қатынастарына байланысты құжаттарда таңбаланған, «Орта жүз және Кіші жүз билері мен батырларының Нұралы сұлтанды Кіші жүз және Орта жүз қазақтарына хан етіп тағайындау туралы император Елизавета ханымға хатына» Шақшақ Жәнібек тархан, Керей Наурыз билермен қатар қол қойған адамның бірі Шекті руының Мөңке биі.

Демек, Мөңке – ірі саясаткер. Көрші отырған патшалық  Ресейдің даму тарихын, жүргізіп отырған аяр саясатын, ондағы өндірістік күштің деңгейін, өндірістік қатынастар сыпатын зерттеген адам. Сондықтан да ол келешекте  Қырым, Қазан, Сібір, Ноғай т.б. хандықтар сияқты Қазақ Ордасының да патшалық Ресей отаршылдарының табанына түсетінін анық біледі.

Өре менен темірден жол тартылар,

Қоныс болса алдыңнан орыс шығар...

...Орыс, қазақ қосылып,

Бір-біріне үйір болар,

Сөйткен заман кез болса,

Түзелуі қиын болар, –  дейді ойшыл.

Отарлық езгіге түскен соң қазақ халқының қоғамдық болмысы, қоғамдық санасы да өзгермек:

Көлдің суы кетіп, табаны қалар,

Жылқының жүйрігі кетіп, шабаны қалар.

Жігіттің ақылы кетіп, амалы қалар,

Әйелдің ұяты кетіп, ажары қалар.

Сөздің мағызы кетіп, самалы қалар,

Әулиенің әруағы кетіп, мазары қалар.

Адамның жақсысы кетіп, жаманы қалар,

Ақылы жоқ, санасыздың заманы болар .

Расында да, отарлық езгі кезінде көл түгілі Арал теңізі тартылды. Баяғы қазақы қазан ат, суын жылқының тұқымы құрып кетті. Жігіт ақылынан гөрі амал-айлаға, қулық-сұмдыққа жүгінетін болды. Отарлаушылар ұлт мұраты, жер мен ел тағдырының не екенін білмейтін, тек өз құлқынын ойлайтын ақылы жоқ санасыздан басшы қойды. Заман солардікі болды. Мұның зардабын әлі шегіп отырмыз.

«Тапқанын олжа дейді,

Аллам білгенін молда дейді»,

«Дүдамалдау дінің болар,

Алашұбар тілің болар».

Бұның бәрі сол отар кезде тапқан «олжамыз».

«Құрамалы, қорғанды үйің болады,

                                    Айнымалы, төкпелі биің болады».

«Құрамалы» деп отырғаны осы күнгі биік қабатты үй де, «қорғанды» деп отырғаны коттедждер болса керек.

Әулие қыл аяғы осы заманда жер жүзіне кең тарап отырған сусын «Кококола», «Пепсиколаға» шейін болжап кеткен.

«Туған балаң қу болар,

                            Тамағы сары су болар,

                             Итке құйсаң, ит ішпес».

«Кола» мен «пепсиді» итке құйып көрдік, расында да, ит ішпейді екен.

Айттық, Мөңкеге қатысты зерттелетін нәрсе әлі көп дедік, соның бірі Мөңке мұраларының өзгеге телініп кетуі. Бірлі-екілі мысал келтірейік.

Бірінші, жұртқа кеңінен таныс «Абылайдың түсі» дейтінді алайық. . «Арыстанның ішін жарып едім, жолбарыс шықты. Жолбарыстың ішін жарып едім, қасқыр шықты. Қасқырдың ішін жардым, түлкі шықты. Түлкінің ішін жарып едім, ішінен бір қоян  шықты». Бұл бәрімізге етене таныс Абылайдыкі.

Енді Мөңкенің түсін қараңыз: «Түсімде қырық ат қостым, біреуі келмеді. Отыз ат қостым біреуі келмеді. Бес ат қостым, төртеуі келмеді, біреуі келді де пышаққа ілікті. Бауыздап ішін жардым, ішінен арыстан шықты. Арыстанның ішін жарып едім, бұдан адал құлан шықты. Құланның ішін жарып едім, қасқыр шықты. Қасқырдың ішін жардым, түлкі шықты. Түлкінің ішін жарып едім, ішінен бір қоян ата келе қашты». Салыстырыңыз, екеуінің қайсысы толық һәм озық, әрине - Мөңкенікі.

Осы түсті жазушы Ілияс Есенберлин өзінің «Қаһар» романында дінге қатысты «40 ат, 30 ат, 5 ат» деген жерлерін алып тастап, «Абылайдың түсі» қылып берген. Көркем шығарманың шырайын шығару үшін қолданған. «Қаһар» романы  тарих оқулығы емес, көркем туынды, көркем әдебиетте мұндай бола береді.  Ал шындығында, біздің  «Абылайдың түсі» деп шулап жүргеніміз, іс жүзінде Мөңкенің түсі.  Ілияс Есенберлин мұны қайдан білді десеңіз, жазықсыз жазаға іліккен жазушы 1950 жылдың басында жер аударылып, Мөңкенің ата қонысы Шалқар ауданындағы көмір өндіретін «Шахта» деп аталатын поселкте біраз жыл тұрған. Әне, сонда естіген. Бұл түйіннің шешімі осы.

Заман азып, заң тозып, жаман болар.

Қарағайдың басына шортан шығып,

Бабалардың дәурені тамам болар.

Ол күнде қарындастан қайыр кетер,

Ханнан күш, қарағайдан шайыр кетер.

Ұл, қызың орысқа бодан болып

Қайран ел, есіл жұртың сонда не етер.

Осы толғау кейде Асанқайғыға телініп жүр, алайда байқап отырған шығарсыздар , шешендік толғаудың  құрылысы, буын саны, бунағы сөз саптауы Мөңкеге келіп тұр. Асанқайғыда осыған ұқсас:

Ай, Жәнібек ойласаң,

         Қилы-қилы заман болмай ма,

         Суда жүрген ақ шортан

Қарағай басын шалмай ма?

Мұны неге білмейсің! – деген жолдар бар.

Байқап отырғанымыздай, екеуінің өлең құрылысы екі басқа. Екіншіден, жыраулар поэзиясын терең зерттеген М.Мағауин жоғарыдағы жолдарды Асанқайғынікі демейді. «Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиетте» де, «Алдаспан» мен « Бес ғасыр жырлайдыда» да бұл Асандікі делінбеген.  «Қазақ әдебиеті» атты тұңғыш монографиясында мұның Асанқайғынікі екеніне М.Әуезов күмән келтіреді. Бұл толғауды  Асанқайғы айтса, онда оның Абылай хан тұсында өмір сүргені дейді Әуезов.  Асанның әріде, ХҮ ғасырда ғұмыр кешкені, ал Мөңкенің М.Әуезов айтқандай Абылай тұсында өмір сүргені баршаңызға мәлім. Олай болса, жоғарыдағы «Мұннан соң қилы-қилы заман болар, Заман азып, заң тозып, жаман болар» деп басталатын толғау Мөңкенікі. Өзіне қайтару керек.

Мөңкенің тағы бір қыры – оның ғұлама жырау екендігі. «Шекті Мөңке би Шеркеш Түрке би, Тана Нүрке билермен кеңесіп отырып айтты» деген философиялық толғау Мөңкенің жыраулығын бізге түбегейлі айқындап береді. Өмір тәжірибелерін ойлы түйіндермен ұштастыра, дәл баламалар тауып суреттеуі жыраулық өнердің үздік үлгісін аңдатады.

Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек,

Бір тоғайға қоныңыз.

Қарындаспен, туғанмен,

Бір туғандай болыңыз.

Өзіңе кеңес салғанның,

Өрісі кең болмас па?

Жатқа кеңес салғанның,

Жазымға басы кетпес пе?

Жаманнан жесең бір қамшы,

Ол сүйегіңе жетпес пе?

Сом, сом жүйрік, сом жүйрік,

Шұбалаңды шаба алмас,

Мойнынан жалы кетіп арыса.

Жақсылар жаман болады

Күнінде жасы жетіп қарыса.

Жамандар жақсы болады,

Дәулеті асып байыса.

Бұл үзіндіден ескі жыраулық поэзия үлгісін анық көреміз. Біріншіден, кәдімгі ұйқаспен қоса басқы ұйқастар қабат қолданылған. Басқы рифманың болуынан толғау мінсіз көрініп тұр. Екіншіден, көне жыраулық поэзияның өзіндік ерекшеліктерінің бірі өлең жолдарындағы алғашқы сөздердің қайталануы. ХV ғасырдағы әйгілі жырау Қазтуған: «Алаң да алаң, алаң жұрт, Ағала ордам қонған жұрт», десе, ХVІ ғасырдағы Доспамбет: «Тоғай, тоғай, тоғай су, Тоғай қондым, өкінбен», дейді, ал Шалкиіздің бір толғауы: «Ор, ор қоян, ор қоян, Ор қоян атылы бір қоян», деп басталады. Мөңке  толғауында: «Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек», «Сом, сом жүйрік, сом жүйрік», деген қайталауларды қолданған. Мұндай сөз қайталаулар Мөңкенің замандасы Бұқарда да бар: «Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек, Бұрылып ұшар жаз күні», деп бастайды даңқты жырау өзінің философиялық астарға толы бір толғауын. Айтайық дегеніміз, Мөңкенің бүгінгі күнге жеткен 109 жолдан тұратын екі толғау аз дүние емес. Марғасқа жырау 13 жолдық жалғыз толғауымен ЖОО-ның оқулығында тұр. Мектепте де оқытылады. Жыраулығы ешкімнен кем емес, 109 жол құрайтын ғибратқа толы екі толғауы бүгінгі күнге жетіп отырған Мөңкені неге оқу бағдарламасына енгізбейміз? ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырлардағы Үмбетей, Бұқар, Көтештердің қасында неге тұрмайды?

Және бір айтатын мәселе, Мөңкенің өзінен кейінгі мықты ақындарға өнеге болғаны.

Әулиенің жоғарыдағы толғауында:

...Қырға боран бораса,

Нуға боран борар ма?

Ел шетіне жау келсе,

Халық үстіне дау келсе,

Жамандайын жалтаңдап,

Ер жігіт қарап тұрар ма?

Арғымақтың алдына,

Найза бойы жар келсе,

Жабыдайын жалтаңдап,

Түсер жерін қарар ма?

Арғымақтың аяғы,

Айдай таға қағылса,

Кілегей мұздан таяр ма?

Жақсы алдына сөз айтсаң

Жабығып сөзге тояр ма?

Күндердің күні болғанда;

Басыңа қиын іс түссе,

Жалғасып өскен жақыннан,

Жақсылар басын аяр ма? — деген жолдар бар.

Бұл жолдар Махамбеттің бәрімізге етене таныс: «Орай да борай қар жауса, Қалыңға қар борар ма?» деп басталатын толғауын еске салады. Сондай-ақ «Махамбеттің Баймағанбет сұлтанға айтқанында»:

Арғымақ дейтін жығылар,

Найза бойы жар келсе,

Жабыдайын жалтаңдап,

Түсер жерін қарай ма?

Арғымаққа айдай таға қақтырса,

Кілегей қатқан Еділдің

Көкше мұзынан таяр ма? — деген жолдар бар екені қазақ тілінде сауат ашқандарға тегіс мәлім. Бұл жолдар жыраулық толғаумен ұштасып жатыр. Махамбет Мөңкені үлгі тұтып отыр.

Махамбет жыраулық дәстүрден қол үзбеген ақын. Ол нақты жағдайды айтқанда — ақын, дүниетанымдық мәселелерді сөз еткенде — жырау. Бұған «Орай да борай қар жауса», «Арғымақ сені сақтадым», «Күн қайда?», «Арғымақтың баласы» т.б. шығармалары мысал бола алады. Есет Көтібарұлының  Исатай өлетін жойқын ұрысқа қатысқаны, патша офицері Шустиковқа байланысты оқиға, кейін Махамбеттің Есет Көтібарұлы  ауылын паналап келгені тарихтан белгілі. Яғни, Махамбет Мөңке тұрған өлкені жіті білген. Бұрынғы өткен жыраулар поэзиясының тарихына үнемі көңіл аударған, өте жетік Махамбеттің Есет елінде әулие деп бағаланатын, кейінге қалған сөздері үлгі тұтылатын Мөңке мұраларынан жақсы хабардар болғанына күмән келтіруге болмайды.

Қазіргі күнге Мөңкенің төрт күйі жеткен. Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі, марқұм профессор Тұяқберді Шәмелов  ол күйлерді нотаға түсіріп, өзі орындап қана қоймай, оркестрдің репертуарына қосқан. Т.Шәмелов :«Бөкей ордасы ауданындағы туған ауылым Құрманғазыда Аманғали Иманмағзомұлы деген қарияны бала кезімде көре қалдым. 1974 жылы 90 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Мықты күйші еді. Нақтырақ айтқанда, күйге қиқым-сиқым араластырмай, бір кездері алдыңғы күйші аталарынан құлағына құйып алған әдіспен, сарынмен тартатын саф алтындай өнерпаз болатын. Домбыраның әліппесін сол атамнан үйрендім. Музыкалық сауаты болмаса да тәңір берген құдіреттің арқасында күйшілікті өз бетімен меңгерген жан еді. Аманғалидың дәулескер күйші екенін менің Қали бабам да мойындап отыратын. Күйшілер жөнінде сөз қозғалса, «мен ондай күйшіні көрген жоқпын» деп әңгімесін сол кісіге апарып тірейтін. Мен Мөңкенің күйлерін сол Аманғали атамнан үйреніп едім.  Өкінетінім — Аманғали атамнан Мөңкенің күйлерін қайдан, қалай естігенін тәтпіштеп сұрап алмаппын. Жас кезде, ақыл-сананың таза шағында естіген әуен-күй санаңда тасқа басқандай болып, мәңгілік қалып қояды екен. Бұл төрт күйдің Мөңкенікі екеніне дау жоқ. «Өттің, жалған-ай», «Шалқыма», «Қиқу дәурен», «Жиын-алқа, кеңес» күйлерінде күйшінің өзіндік қолтаңбасы бар. Музыка тілімен айтқанда, қағысы шалма қағыс және ритмі (ырғағы) үзік-үзік (пунктирный ритм) болып келеді. Мұны музыка мамандарына байқау қиын емес. Күйдің төртеуі де өмір туралы цикл күйлер, яғни бір кісінің қолынан шыққан екеніне дәлел бола алады. Мажор мен минор тональсі көңілді, мұңды әуендер алма-кезек кезектесіп отырады. Әдетте, бұл күйлер серпінді әуенде тартылады. Үлкен сағаны көп маңайламай, тұжырымды, жұп-жұмыр, көңілге жеңіл қонады.

Мөңкенің күйшілігінде өзінің циклі бар. Ол цикл – өмір ағысы. Жастық шақтан қарттық дәуренге дейінгі халықтың өмірі жырланады. Иә, кәдімгі Мөңкенің жыраулығы секілді сөздер өріліп, лекіп, төгіліп отырады. Қазақтың қуанышы мен қайғысы қат-қабат кезектесіп толғанады. Басты ерекшелік осында жатыр», – деген еді марқұм 2009 жылы өзінің ақтөбелік жорналшы Бердібай Кемалға берген сұхбатында. 2010 жылы атақты өнерпаз бұл күйлерді дискке жаздырды. Өкінішке орай, ұзамай ауыр науқасқа шалдықты, ақыры дүниеден озды, Мөңкенің мұрасын зерттеуге мұршасы болмай кетті.

Одан бері де көп жыл өтті, Мөңке күйлері еш жерде орындалмайды, ғылыми тұрғыдан  зерттеусіз жатыр. Тұяқберді өмірден озған соң Мөңкенің күйлері шын мәнінде далада қалды.

Мөңкені  шешен есебінде орта мектепте, жырау ретінде жоғары оқу орнында, композитор ретінде консерваторияда оқытса, бағдарламаларына енгізсе артық болмас еді. Мұны аталған салалардың тұтқасын ұстап отырғандар онша хош көрмей отыр.

Міне, азды-көпті проблемалық мысалдар келтірдік, біреудің жел жағына шығып қалмайық деп шет жағалап қана айттық, шындығында, осындай-осындай проблемалық мәселелер айта берсек Мөңкеде шаш етектен.

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Пангереев А. Асанов Ж. Шекті Мөңке бидің ғибраттары. – Ақтөбе, 1998ж.
  2. Көпеев М.Ж. Таңдамалы шығармалар. – Алматы: Ғылым, 1992.
  3. Асанов Ж. Шекті Мөңке би Тілеуұлы. – Астана: Елорда,2001.
  4. АВПР Ф.122, 1748 г. Д. 8 л.л. 15 об. – 16 об.
  5. Сәрсенбай Қ. Шал мен шенунек// Жас алаш, 09.10.1999
  6. Шалқар газеті, 04.03.1994
  7. Адамбаев Б. Шешендік сөздер. – Алматы: Отау, 1992

Жұманазар Асан, филология ғылымдарының докторы

Abai.kz

 

 

40 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5511