Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Күбіртке 8092 18 пікір 22 Сәуір, 2019 сағат 14:09

Жастар жылындағы ұран: “От правды не убежишь”...

Кеше Алматыда 17 мың адамның қатысуымен жүгіруден жалпыхалықтық марафон өтті. Қатысушылардың ішінде алдағы сайлауға қатысты өз ойларын білдірген жастар да болған. Олар көшеге “от правды не убежишь”, “әділ сайлау үшін”, “у меня есть выбор” деген жазулары бар плакаттарды іліп қойды.

Алайда, полиция ол жастарды ұстап, Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбаевқа "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айып тағып, 15 күнге абақтыға қамады. Бұл жағдайға қатысты ІІМ Ерлан Тұрғымбаев: “Толымбеков (кейбір деректе Толымбаев деп айтылады) пен Төлесова плакат жайып, "митинг, жиын және шеру өткізу туралы" туралы заңды бұзды. Оның үстіне плакатты жайған кезде адамдардың оған көңілі бөлініп, суретке, видеоға түсіре бастаған. Осылайша марафонды өткізуге кедергі келтірді. Осыдан кейін олар ұсталып, сотқа жеткізілді. Сот шешімімен 15 тәулікке қамалды", - деді.

(оң жақта бірінші тұрған Ә.Төлесова)

Ал, Әсия Төлесова Vlast.kz сайтына берген сұхбатында, осы әрекеті арқылы көптің назарын сайлауға аудартқысы келгенін, Қазақстандағы сайлауда таңдау жоқ екенін айтқан. Және, ол “билік проблемадан қашпай, онымен күресуі керек” дейді.

Шын мәнінде, Әсияның сөздерінің жалғаны жоқ. Тәуелсіздік алған жылдан бері өзгермеген бір ғана саяси жүйе сайлаудағы адам құқығын аяққа таптап келгені жасырын емес. Әйтпесе, өркениетті елдердің қай Президенті сайлауда 99% дауыс жинайды. Дамыған қай елде студенттер мен мектеп мұғалімдерін бір ғана адамға дауыс беруге мәжбүрлейді? Өз пікірін айтқан жастарды қудалау да демократияға апаратын жол емес. Жуырда ғана Астана қаласының Nur-Sultan болып өзгеруіне қарсы пікір білдірген колледж студенті де ескерту алып, оқудан шығарылған еді. Алайда, колледж басшылығы ол студенттің қайтадан оқуға қабылданғанын мәлімдеді. Жалпы, өркениетті қоғамда адамның ой еркіндігі мен сөз еркіндігін шектеу – адам құқығын аяққа таптау. Ал, адам құқығы аяқасты болған қоғамда демократияның болмайтыны ақиқат.

Ал, "жастар жылы" деп жалаулатқан биліктің жастарды қудалап, абақтыға қамағаны тіпті түсініксіз...

Айтпақшы, ұсталған белсенді Әсия Төлесова жыр құлагері Ілияс Жансүгіров пен қоғам қайраткері Ораз Жандосовтың шөбересі болып келеді. (І.Жансүгіровтың қызы Ильфа Жансүгірова мен О.Жандосовтың ұлы Санжар Жандосов ерлі-зайыпты болған.Ильфа мен Санжардың қызы Жанар Жандосова - Әсияның анасы). Сталиндік репрессияның құрбаны болып, жазықсыз атылып кеткен қос арыстың ұрпағы енді тәуелсіздік кезінде қудалау көріп отыр. Сонда, біздің құқық қорғаушылардың Алаш арыстарын атқан НКВД ның жендеттерінен не айырмашылығы бар?

Түйін.

Күні кеше Украина демократиялық жолмен сайлау өткізіп, өз таңдауларын жасады. Бұл сайлау Қазақстан азаматтарын да бей-жай қалдырмады. Басым көпшілігі Украина қоғамының ашықтыққа, еуропаға бет бұрған батылдығына риза болып жатты.

Дәл осы күні біздің билік өз пікірін білдірген жастарды қудалап, абақтыға қамады. Осылайша, бір шекпеннен шыққан екі мемлекет екі түрлі қадамға барды. Ал, осы екі қадамның қайсысы дұрыс екенін біздің билік әлі түсінбейтін секілді...

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

 

18 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2058