«100 жаңа есім» жобасы арқылы жаңа бір қырым ашылды»
ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «100 жаңа есім» жобасының 2018 жылы екінші кезеңі өтті. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен Қазақстан халқы Ассамблеясы бірлесе ұйымдастырған жобаның екінші кезеңіне 2 388 өтінім келіп түскен. Солардың ішінен 29 үміткер үздік деп танылды. Ерекше айта кетерлігі, биыл жеңімпаздар қатарында алғаш рет әдебиет саласынан үздік жас таңдалды. Өзінің сырлы лирикалық поэзиясымен оқырман жүрегін жаулаған жас ақын, Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, аудармашы Мақпал Тәжмағамбетова (Мыса) «Қазақстанның жүз жаңа есімі» атанды.
Мақпал Мыса — тау тұмасындай тұп-тұның поэзиясымен, өзіне ғана тән сыршыл жырларымен ерекшеленген ақын. Елдегі ең үздік жастарды іріктеп, өзгеге үлгі етуді мақсат еткен бірегей жобаның таңдауы Мақпалға түсуінің басты себебі де осы. Қасиетті өлең өлкесінде өзгеге үлгі боларлық сара жол сала білген жас ақын «100 жаңа есім» жобасында жеңіске жетіп, Елбасымен дидарласу өзіне ерекше әсер еткенін айтады.
– «100 жаңа есім» жобасы – еш елде болмаған тың бастама. Еліміздің түкпір-түкпірінде әр салада жетістікке жеткен талантты жастарды насихаттуды мақсат етеді. Бұл жастарға мотивация, серпіліс беретін бірегей жоба деп есептеймін. Өйткені, көптеген жетістікке жеткен, елге үлгі болуға лайық жастар зерттелмей, насихатталмай жатыр. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін бұл жоба өте керек. Елбасы өзі айтқандай, қасиетті бойтұмарымыз тәуелсіздігіміз тұрғанда, егеменді елдің іргесі берік қаланып жатқан тұста жастарымыз елдің тарихын жасауы керек. «100 жаңа есім» жобасы да осы мақсатта қолға алынып жатқаны сөзсіз.
Жобаға қалай қатысқанымды өзім білген де жоқпын. Мені Қапшағай қалалық кітапхана ұсынған екен. Шынымды айтсам, алғашқыда қатты мән беріп, белсенділік таныта қоймадым. Тек бірнеше іріктеу кезеңінен өтіп, жалпыхалықтық дауыс беру сатысына жеткенде ғана достарымнан, таныстарымнан дауыс берулерін сұрадым. Дауыс беру қорытындысында 20-орынмен жоба жеңімпаздарының қатарына қосылдым. Ең алдымен шынайы қолдау білдірген Жетісу жұртына және барша оқырмандарыма алғыс айтамын.
«100 жаңа есім» атанған соң қатты қуандым. Қуанышыма қанат бітірген негізгі себеп, осындай ірі жобада алғаш рет әдебиет саласынан жеңімпаз шығып отыр. Әдебиетке осылай көңіл бөлінгеніне қуандым. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дейді, жобаның марапаттау рәсіміне дайындық барысының өзі керемет қызық әсерлерімен есе қалды. Қалай болар екен деген қобалжу да болды. Дайындық кезінде министр Дәурен Абаев Елбасымен кездесуде патриоттық тақырыпта өлең оқып беруімді сұрады. Бірақ, кездесуде сөйлейтін сөздерімді өзгертіп немесе редакциялаған жоқ, өз көңілімдегі сөздерімді дайындадым.
Салтанатты жиналыстың барынша шынайы өтуін қаладым. Өзге қатысушыларға да осы ойымды айтып, бір шеңберге қамалып қалмауға жігерлендірдім. Бұған қоса, Елбасы залға кіріп келгенде маған керемет әсер етті. Өз үйімде, ата-анаммен бірге отырғандай сезіндім. Тіпті кең залда тек жақын адамдарым отырғандай болды. Осы әсермен Елбасының алдында еш қысылмай, барынша еркін сөйледім. Тіпті алдын-ала келіскендей патриоттық өлең емес, өз қалауымдағы өлеңді оқыдым. «Сен меннен алыстама» өлеңі Елбасына да, басқаларға да өте ұнады.
— «100 жаңа есім» жобасы жетістікке жеткен жастарды насихаттайтын жақсы бастама. Бірақ, кей жағдайда жақсы басталған осы істің соңы ұраншылдыққа ұласып бара жатқан секілді. Еліміздің «100 жаңа есімі» атанған жастардың бұрынғы еңбегін елеп-ескермей, тек жоба жеңімпазы екенін ғана айтып, есеп беру сынды науқаншылдыққа айналып бара жатқандай…
– «Қазақстанның 100 жаңа есімі» керемет ауқымды жоба екенін дұрыстап түсіне білу керек. Шынымен жоба жеңімазы ретінде жаппай насихатталып, сұхбаттар алып жатыр. Менің ойымша, жастардың еңбегі барынша айтылуы, зерттелуі керек. Мәселен, меннен «жобада қалай жеңіске жеттіңіз», «әсеріңіз қалай» деп сұхбат ала бермей шығармаларымды зерттесе деймін. Не жазып жүргенімді, не айтқым келгенін сыншылар ауқымды түрде қарастырса оң болар еді.
– Өлеңдеріңіз туысқан ұлт тілдеріне ғана емес, алыс шетел тілдеріне де аударылып жүр.
– Татарстан, Әзербайжан, Түркия, Қытай секілді көршілес және туысқан елдерде болдым. Соның бәрі шығармашылықтағы ізденістерім деп айтуға болады. Осы елдің ақындарымен танысып, шығармашылық байланыс орнаттық. Осы байланыс негізінде өлеңдеріміз өзара аударылды. Кейін қазақтың қырық шақты ақынын бірнеше тілге аудару ісі қолға алынды. Осы жоба аясында өлеңдерім өзге ақындармен бірге испан тілінде сөйледі. Оған дейін орыс тілінде өлеңдерім жарық көрген болатын.
Ал «Шоған абыз» атты поэмам үш тілге аударылды. Алғашқыда екі тілге ғана аударуды жоспарлаған едік. Кейін түрік тілінде де жариялауды жөн көрдік. Сөйтіп Түркияда оқып жүрген жас ақын Балсан Мәдиге аударттық. Ал орыс тіліне өзіммен бұрыннан шығармашылық байланыста жүрген ақын Надежда Чернова аударды. Ағылшын тілінде жақсы аудармашы Гүлнәр Бекқожанова «сөйлетті». Бұл жұмыстар өз қаржыммен жүзеге асты. Өздеріңіз білесіздер «Шоған абыз» шығармасы «Алтын тобылғы» байқауында жүлде алған. Сол жүлдені осы жұмыстарды атқаруға пайдаланадық.
– Өзіңізді аудармашы ретінде де білеміз, жалпы қай тілдерден аударма жасайсыз?
– Жоғарда айтылған туысқан елдердің тілі маған қиын емес. Бұдан бөлек аздап француз тілін білем. Көбінесе орыс тілінен аударам. Біз шетел шығармаларын көбіне орыс тілі арқылы аударамыз. Негізі осыны өзгерту керек, түпнұсқадан оқып-аударған жөн.
– Шығармашылығыңызға әсер еткен ақын-жазушылар болды ма?
– Аспантаудың қызы болған соң ең бірінші Мұқағали Мақатаевты оқып өстік. Кейін Алматы қаласында әдебиет сабағын тереңдетіп оқытатын дарынды балалар мектебінде оқыдым. Сол кезден бастап қазақтың өзге де үлкен ақындарымен таныстым. Сөйтіп, өлеңдері өзімнің жаныма жақын Кеңшілік Мырзабеков, Қанипа Бұғыбаева секілді кісілерді жиі оқи бастадым. Бұл кісілердің өлеңіндегі тереңдік, мағыналы астар мені баурап алды. Екінші жағынан, менің атам үш жүздің тарихын білетін білімді, шежіре кісі болды. Бала кезімізден сол кісінің әңгімесін естіп өстік. Ол кісі қазақтың көптеген жыр-дастандарын жатқа айтатын. Әжем де өлеңші кісі еді, ауылда жиын-тойларда өзі жанынан шығарып өлең айтатын. Менің ақындығым осы кісілерден келген қасиет деп есептеймін. Тіпті әулетімізбен өлеңге жақынбыз деуге болады.
– Өзіңізден кейінгі жас ақындардың шығармашылығымен таныссыз ба?
– Жас ақындардың шығармашылығымен жақсы таныспын. Әлеуметтік желілерден болсын оқып отыруға тырысамын. Жастар шығармашылығы жайлы айтылар сын көп. «Сөзжұмбақ секілді» немесе «есеп шығарғандай» деген сын пікірлер бар. Алайда маған өте ұнайды. Менің ойымша, қазіргі таңда терең драмалық-психологиялық бағыт пайда болған секілді. Табиғатты суреттеп немесе өмір, философия жайлы ғана жазбай, адамның миының ұры қыртыстарына сапар шегетін сияқтысың. Көлеңкеде жатқан көп ойларды тануға тиіссің. Бірқатар жас ақындарды оқу барысында осындай әсерде болдым.
– Сөз соңында жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз?
– Ақынға жоспар жасағаннан гөрі жазған жарасады… Биыл жазда Түркияда кітабымның презентациясын өткізуді жоспарлап отырмыз. Тағы бір жағымды жаңалығым, бесінші кітабым мемлекеттік тапсырыспен шыққалы жатыр. Бұл кітапқа соңғы бес-алты жылда жазған өлеңдерім мен поэмаларым кіреді. Бұған қоса, мүмкіндік болса үлкен сахнада шығармашылық кеш беру де ойда бар. Ондай деңгейге де жеттім деп есептеймін.
Тағы бір айта кетерлігі, «100 жаңа есім» жобасы арқылы тағы бір жаңа қырым ашылды деуге болады. «Дауысыңыз әдемі екен, неге телеарнада немесе радиода жұмыс істемейсіз» деген ұсыныстар көбейді. Дәл қазір облыстық газетте жұмыстамын. Газеттегі жұмыс өзіме қанша ұнаса да, шығармашылығыма қанша қолайлы болса да жоғардағы ұсыныстарды байқап көруге бекіндім. «Алматы телеарнасында» эфирге шығатын «Сәуле ғұмыр» әдеби-танымдық бағдарламасын жүргізуге келістім. Бұл бағдарлама маған жақын, кейіпкерлерін танимын. Еркін әңгімелесе алам. 15 мамырдан бастап «Алматы телеарнасында» көрсетіледі. Бұған қоса «Хабар» телеарнасынан да ұсыныс алдым. Егер авторлық, әдеби бағдарлама болса неге бағымды сынап көрмеске…
Қуаныш Қаппас
Abai.kz