Жұма, 27 Желтоқсан 2024
«Соқыр» Фемида 9232 4 пікір 26 Сәуір, 2019 сағат 09:32

Ардагер ағамыз Өзбек мемлекетіне тілеулес болып жүр

Қазақстанда тұратын, баласы Түркістан облысының Жетісай ауданындағы Асықата кентінің әкімі болып қызмет істейтін ардагер ағамыз: "Өзбекстан мықты ел болатынына сенеміз!", - деп қоңсыларымызға ерекше тілектес екенін жеткізді.

Бұл бейнежазба бізге ұялы байланыс жүйесі арқылы келді.

Онда Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Миромонович Мирзиёевтің аға ұрпақ өкілдерімен өткізген кездесуінде бір кісі орысша, қазақша, өзбекше араластырып сөйлеп тұр.

Алдымен бейнежазбада баяндалған сөздерді сол қалпында келтірейік:

"У меня очень много друзей, очень много ребят из-за рубежа, которые здесь в Гагарине жили, их дети, в Германии, в России, в Казахстане, много-много, они все смотрят на Гагарин, по ватсапу, телевидению, Интернету, и удивляются, спрашивают у меня, я говорю: "поверьте, это вот так, поверьте, на самом деле, вы поезжайте, приезжайте, посмотрите на Гагарин, вы много потеряли уже, Вы приезжайте" деймін да.

Мана шунуң өзі долан булияпты. Видно, что делается, и делается для людей. Шунуң учун біз толық ишонамиз, Құдай қаласа, Өзбекстан буюк давлот болады".

Енді бейнежазбадағы ардагердің Өзбекстан Президентіне айтқан сөздерінің мазмұнын қазақша қысқаша баяндап шығайық.

Бейнежазбада сөйлеп тұрған кісі өзінің кезінде Гагаринде тұрған, қазір Германияға, Ресейге, Қазақстанға көшіп кеткен достары, олардың балалары өте көп екенін айтады.

Олар ватсап, телевидение, Интернет арқылы бұл жердің қазір қандай екенін көріп, ерекше таңданатын көрінеді, өзінен "шынымен де сондай ма?" деп сұрайтын көрінеді.

Бұл кісі оларға: "Сендер көп нәрсені жоғалттыңдар, осында қайта көшіп келіңдер", - деп шақырады екен.

Көрші ел - Өзбекстанның басшысына қаратып айтқан сөздерінің соңында бейнежазбада бейнеленген ағамыз:

"Жүзеге асырылып жатқан жұмыстар, мұның барлығы адамдар үшін жасалып жатқаны көрініп тұр. Құдай қаласа, Өзбекстан мықты мемлекет болатынына сенеміз!", - деп ойын түйіндепті.

Көрші ел - Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевпен болған кездесуде сөйлеп тұрған бұл кісі - Бегім Серікұлы Серіков ағамыз дейді жақсы танитын кісілер.

Жоғарыдағы бейнежазбада сөз болған Гагарин деген елді мекен - ХХ ғасырдың 50-70-ші жылдары сол тұстағы солақай саясаттың салдарынан Қазақстанның Өзбекстанға өтіп кеткен жерлерінің есебінен құрылған, ал қазір көрші елдің Жызақ облысына қарайтын Мырзашөл ауданының орталығы Гагарин қаласы.

Интернет желісіндегі мәліметтер бойынша Бегім Серіков Түркістан облысының Жетісай ауданына қарасты Асықата кентінде тұрады екен.

Жетісай қаласындағы "Сырдария" университетінің ресми сайтындағы ақпараттарға сүйенсек, осы жоғары оқу орнында "Құқық және экономика" кафедрасының меңгерушісі болып қызмет істейді, экономика ғылымдарының докторы, профессор.

Білетін адамдардың айтуынша, бүгінде еңбек ардагері болса да, қоғамдық және білім-ғылым салаларындағы қызметтерден қол үзбеген Бегім Серіков ағамыздың ұлы Бақыт Бегімұлы Серіков сонау 1940 жылы құрылып, 1997 жылы жабылып қалған, 2018 жылы қайта ашылайын деп тұрған жерінен Түркістан облысының бұған дейінгі басшыларының тікелей кінәсінен ашылмай қалған қазақтың Мырзашөл өңіріндегі Асықата ауданының бұрынғы орталығы Асықата кентінің әкімі екен.

Кеңес Одағы кезінде Өзбек КСР аумағында әртүрлі басшылық қызметтер атқарған ағамыздың Өзбекстанның қазіргі Президентімен кездесіп, осындай ой-пікірлерін ортаға салуын өте құптарлық деп есептейміз.

Өйткені былтыр біздің елімізде Өзбекстанның Қазақстандағы жылы өткізілді.

Ал 2019 жылдың 14-15 сәуірінде біздің қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Өзбекстан Республикасына алғашқы мемлекеттік сапармен барып, Өзбекстандағы Қазақстан жылының ашылу рәсіміне арнайы қатысып қайтты.

Қысқасы, бұл бейнежазбадан әлдеқандай астар іздеуден мүлдем аулақпыз.

Бетпе-бет жүздеспесек те, Бегім Серіков ағамызды сырттай айрықша құрметтейміз.

Әйтсе де, кезінде ірі-ірі мемлекеттік және саяси қызметтердің тұтқасын ұстаған, көрші елдің мықты мемлекетке айналуына тілектес-тілеулес болып жүрген ардагер ағаларымыз қоғам алдындағы барлық абырой-беделдерін ортаға салып, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен немесе Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен де дәл осылай арнайы кездесіп, бүгінде Түркістан облысының орталығынан 400-500 шақырымдай түкпірде қалып қойған, Шымкент және Түркістан қалаларына апаратын жолдары шұрқ тесік болып жатқан, қазақтың Мырзашөл өңірінде тұратын жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайына, өзіміздің Қазақ еліне де мынау бейнежазбадағыдай айрықша қамқорлық мен жанашырлық танытса екен деген тілегіміз бар.

Мырзантай Жақып

Abai.kz

 

4 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2054