Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Жөн-ақ 9733 19 пікір 30 Сәуір, 2019 сағат 10:58

Облыс атауы - Сырдария, қала атауы - Ақмешіт болып өзгерсе...

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт

Тоқаев мырзаның назарына!

Қызылорда облысының әкімі

Қырымбек Көшербаевтің назарына

 

«Болса Тәңірім екінші өмір қиғандай,

Сығанақта көз жұмар ем қиналмай!»

Һысамиддин әл-СЫҒАНАҚИ.

 

Талас жоқ, Алаштың анасы – Сыр бойының көнекөз көзайымы, жауһар жәдігері – топырағы нұрға, тарихы сырға толы ежелгі Сығанақ қаласы.

Алмағайып әр дәуірде Сырдың сырбаз табанындағы көлемі 300 гектардан астам, Хан сарайы 30 гектар алып алаңды қамтыған Сығанақ шаһары (VІ-ХVІІІ ғғ. ежелгі «Қамысқала»):

1. ІХ-ХІ ғасырларда оғыздардың («Жанкент» аталған көне бекінісі);

2. ХІ-ХІІ ғасырларда Ертістен Еділге дейінгі ұланғайыр аумақтағы Қыпшақ (қаңлы) хандығының;

3. ХІІІ-ХІV ғасырда Ақ Орданың;

4. ХV ғасырда Әбілқайыр хандығының;

5. ХVІ ғасырда Қазақ хандығының астанасы болған тұрлаулы тұғыр.

Айдын сулы, терең телегейлі Сырдария өзенінің орталық ағысында палеозой дәуірінде қалыптасқан «Сыр ойысы» жазығы, парсының X ғасырдың «Худуд әл-Әлем» шығармасының өзегіне айналған «Қыпшақ даласының айлағы» көнекөз Сығанақ – Тұран эпигерциндік тұғырнама аймағының кіндігі һәм қазіргі Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданына қарасты Төменарық бекетінің солтүстік-батысындағы оншақты шақырым жердегі жәдігер-шежіре.

Сыр даласында мемлекеттік ұжымның алғашқы белгі-бедерлері б.д.д. ғұн, сақ, үйсін, қаңлы дәуірінде пайда болып, түркі дәуірінде жарқырай өркен жайды. Аймақта қыпшақ тұлпарының тұяқ-сыртылы естіліп, Сырдың орта және төменгі ағысына Қыпшақ хандығы орнағанда, оғыздар оңтүстік-батысқа қарай жылжыды.

Ежелгі қытай деректері Сығанақтың б.д.д. ІІІ-ІІ ғасырларда Қаңлы мемлекетінің бес аймағының бірі – Фуму алқабы (бүгінгі Жаңақорған мен Қазалы аудандарының арасы) болғанын болжады. Х ғасырдағы араб жазбаларында Сығанақтың аты жиі қайталанады. Махмуд Қашғари (ХІ ғ.) Сығанақ қаласы мен аймағының тұрақты тұрғындары қыпшақтар мен қимақтардың сауда-саттықтың көркін қыздырғанын кеңінен сөз қылады. Сығанақ – өз заманында халқы көп; өлкелік жер байлығы, елінің әдеп-мәдениеті ерекше сәулетті; диірменінде тартылған ұн әлемнің шартарабына тараған халықаралық сауда орталығы; қыпшақ даласындағы аса көрікті гүлденген шаһар. Махмуд Қашғари (ХІ ғ.): «Қазақ елінің тұңғыш астанасы – Сығанақ» деп көрсетті. Атақты араб жағрафиятанушысы, ғалым Ал-Идриси Х ғасырда Сырдария бойындағы ғұндардың (оғыздардың) қалаларының көптігіне меңзеп: «Сығанақ – нағыз сауданың қайнаған ортасы болды» деп куәлендіріп, 1801 жылғы «Сібірдің сызба кітабы» жинағында: «Сығанақ – Сырдария алабындағы көне де көрнекті қала» деді.

Іргесі б.д.д. қаңлылардың кезінен қаланғаны топшаланған қаланың алты метрлік тереңдік қабатынан қымбат жәдігерлердің табылуы – моңғол шапқыншылығының мерзімін айқындайды. Жошы хан – Сығанақты Ақ Орданың орталығына айналдырды. Ақ Орда Ертістен – Сырдарияға, Саураннан – Аралға, Қараталдан – Төменге (Тюмень) құйған алып аймақты қамтыды. Шыңғысханның үлкен ұлы Жошыдан тараған ұрпақ Ерзеннің баласы Мүбарак хан (Сығанақта жерленген) Сығанақта теңге шығарды. Шежірелі шаһарда Тоқтамыс ханның бейнесімен де теңгелер соғылды. Шамамен, 670-680 жылдарда Сырдарияның орталық ағысының оң жағындағы 15 шақырым, яғни, қазіргі Жаңақорған кентінің солтүстік-батысындағы 40 шақырым қашықтықта орналасқан Сығанақ – ХІV ғасырдың 30-40 жылдарында Қазақ Елінің алғашқы астанасы атанды. Қазақ мемлекеттігінің Ақ Орда хандығынан басталатынына айқын дәйек – халқының негізгі бөлігін қазіргі қазақ ұлтын құрайтын байырғы тайпалар: Үйсін, Қаңлы, Дулат, Арғын, Қыпшақ, Найман, Жалайыр қатарлы рулар құрады.

Сығанақ қаласының дүниенің төрт бұрышымен сауда-саттығының куәсі жер жаһанды жаулаған Сығанақ теңгелері. Жершарының кез келген танабынан табылған Сығанақ теңгелері Қазақ хандығының әлемге әйгілі даңқын айқындады. Сығанақтың теңгеханасынан 1371-1372 жылдары шығарылған 12 дана теңге Отырар қазбаларынан олжаланды. Сырдария мен Еділ бойындағы қалалардан ХІV ғасырдың соңғы кезінде Сығанақта құйылған күміс және мыс теңгелер жолықты. Қазан уезінің Сосновка ауылындағы №197 қоймадан 1375-1376 жылдары Сығанақта жасалған күміс теңгелер шықты. Еділдің орта ағысы мен Кама бойындағы қалалардан 1380-1400 жылғы Сығанақтың сыңғырлаған құнды теңгелері кезікті. Алтын Орданың астанасы Сарай қаласына 1996-2000 жылдары жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстарын Сығанақтың күміс теңгелері байытты. ХV ғасырдың соңы, ХVІ ғасырдың басында Сығанақта шығарылған Отырар мен Құйрықтөбе қалаларынан тәбәрік болған мыс теңгелер – ертеде Тұран ойпатында тұрған ескі шаһар, кәрі тарихтың айғағы.

Орта ғасырдағы Қазақ хандығы дәуірлей бастағанда атағы атойлаған, жері шұрайлы, ауасы жайлы, адамы қолайлы Дешті Қыпшақтың астанасы Сығанақты ХVI ғасырдың танымал тарихшысы Фазлалах ибн-Рузбихан Исфахани: «Сығанақ қаласының жанынан Дешті Қыпшақ басталады. Қыпшақтардың астанасы – Сығанақ қаласының базарында демалыс күндері 500 түйе сойылып, кәуап жасалып, кешке дейін бір түйір қалмай сатылып кететін. Тұман тайпасының адамдары қаланың суландыру жүйесін Сейхун (Сырдария) өзенінен – Тұман арығына оман (канал) тартып, шаһар аймағының көкорай бау-бақшаға оралып жатқанын көргенде, өзіңізді жалғандағы бір бейіште жүргендей сезінесіз. Орман-тоғайы отын-судан таршылық көрсетпейді. Емен жайылған аң-құстар – молшылық белгісі. Сығанақтықтар ет керек болса, мойындарына садақтарын асынып, ақбөкенді атып алады. Қыс азығын да аңның етінен дайындап, сүрлеп алады» – дегенде, қазіргі Жаңақорған ауданының аумағын меңзеп, жайсаң жер, жағымды жұрттың мерейін тасытты, көне тарихымыздың көкжиектерін дөп басып, анық айтты. Қажырлы қайрат жұмсаған Қасым ханның тұсында Қазақ хандығы үшін қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман туды. Қыпшақтармен айырбас алыс-беріс қыздырған Түркістан, Мәуреннахр, Қашқар саудагерлері қымбат бағалы заттар әкелді. Төрт түліктің төресі (семіз қой, жылқы, түйе, сиырлар); құндыз ішіктер, әшекей әсем бұйымдар; ақ қайыңды мықты мір-садақтар, сәнді жібек маталар, т.с.с. тынымсыз жеткізді. Жерорта теңізі мен Таяу Шығысты, қытай мен үндіні, парсылар мен славяндарды бір жең, бір жағаға жалғастырған қыпшақ даласындағы Ұлы Жібек жолы – Түрік имерияларының құзыретін асқақтатып, өркениетін өрістетті. Алып Сырдария өзенінің арналы арықтарымен, тапыраң тау бұлақтарымен суландырылып, егіншілігі емен дамыған мамыражай тыныш, мейлінше бейбіт-қауіпсіз, барынша барақат-берекелі кең аймаққа айналып, даңқы дүркіреген Сығанақ – Дешті Қыпшақтың шекаралық бекеті әрі Түркістанның мәртебелі ірі сауда орталығы болды. Білімі бекем, ілімі ілкімді ғұлама ғалымдар Шайқы баба Сығанаки мен Хусам ад-Дин ас Сығанаки (атышулы «Нихая» мен «Хидая» атты діни шығармалар жазған) Сығанақ қаласында дүниеге келді. Бұрындық хан билеген XV ғасырда бұл қала – қазақ тайпаларының қамсыз, құтты қысқы қонысына айналды.

Сығанақ – алғашқы қазақ мемлекеті – Ақ Орданың тұңғыш астанасы ғана емес, Ақ Орда дәуірінде Шыңғысхан әулетінен тараған қазақ хандары Орыс ханнан – Кенесарыға дейін қалыптасты. «Алаш хан» атанған Орыс хан Сығанақта хан сарайын салдырды. Орыс хан жасақтаған Қазақ мемлекетінің алғашқы ресми әскері – «Алаш мыңдығы» ақ-қара ту ұстап, «Алаш» ұранымен жауға шапты. Алаш – ел ұранына айналып, ел мен жердің тұтастығын жанкештілікпен қорғайтын қазақтың бірлігін дәріптеді. Алтын Орда мен Ақ Орда дәуірінде қыпшақ-қазақ тілі мемлекеттік жазба тіліне айналды. Сыр бойына б.з.б. 128 жылы төтенше тапсырмамен келген қытайлық Чжан Цян «Өңірде ірі 70 қала бар» деп жазса, Жошы ұлысының қарамағында 150-200 қала болған. ХІ ғасырда ғұмыр кешкен атақты ғұлама Жүсіп Баласағұн:

«Болған талай қалалар да халық та,

Уақыт көмді бәрін жерлеп табытқа.

Болған талай ауылымыз, тайпамыз,

Енді соның ізін тауып байқаңыз», – деген ғибрат аманаттады.

Сығанақ жайлы ең алғашқы мәлімет 982 жылы таңбаланған. Х ғасырдағы араб географы аль-Мукаддаси (Макдиси) Сығанақты «Отырармен кіндігі бір егіз қала» деп көрсетті.

«Сығанақ» сөзінің алғашқы буыны көне түркі сөзі «суб», «сығ» немесе «сұғ», «су» деген түсінікке саяды да; екінші буыны «ан-ақ» «он-оқ» деген І-VІІІ ғасырлардағы түркі ру-тайпаларының жалпы атауынан шыққан. Үндестік заңына орай«Сығанақ», яғни «Сулы қала» «су жағасына салынған қала (қамал, қорған)» деген мағына береді. Ортағасырлық деректерде «Сығанақ – Қыпшақ даласының суықта пана, ыстықта сая болған қақпасы (гаваны)» деген теңеулер бар.

Ақ Орданың билігі үшін де, Сығанақ үшін де талас-тартыс аз болмады. Алып шаһар Сығанақ үшін Тоқтамыс пен Орыс ханның, Әбілқайыр хан мен қалмақ Енге төренің, Қазақ хандары мен Шайбани ұрпақтары аяусыз шайқасты. ХІІ ғасырда Ислам дінін қабылдаған қала хандар мен айтулы ақсүйектер жерленіп, әулиенің сағанасы жатқан қасиетті атақорыққа айналған ұлттық мәдениетіміздің өрісті өзегі, келешегіміздің сәулелі күнгейі, көне күмбезіміз, көрнекті кешеміз.

ХIV ғасырдың басында шежірелі шаһар қайта жанданып, ескі қаланың шығыс жағындағы қақпаның алдынан 50 метрдей жерден жаңа Сығанақ бой көтерді. ХV ғасырда қала біраз жылдар бойы Әмір Темірдің немересі Ұлықбектің билігінде болғанда, бір кезде Сығанақта әртүрлі ғимараттар салғызып, астана еткен Барақ хан Ұлықбекке елшілер арқылы: «Сығанақ аймағының жайылымдықтары заң бойынша да, әділеттік құқық бойынша да маған тиесілі» – деп, хат жазды. Ақырында, Сыр бойындағы қалаларды, Оңтүстік Дешті Қыпшақты, Ақ Орданың астанасы Сығанақты өзінің қол астына біржола кіргізген Барақ хан кенет белгісіз жағдайда қаза тауып, Сығанақ қаласы Шайбани ұрпағы Әбілқайыр ханның құзырына уақытша қалды. Ал, Бұрындық ханның тұсында Сығанақ қаласы қайта Қазақ хандығының астанасына айналады. Жетісу аймағынан оралып, Ақ Орда билігін орнатқан қазақ хандары Керей мен Жәнібек – Сығанақта ата билігін жалғастырды.

Орта Азия мен Дешті Қыпшақ хандығының кіндігінде һәм Ұлы Жібек жолының табанындағы Сығанақ – қияпат-қиын жаугершіліктің соңында тез есін жиып, еңсе көтеруге бейім еді. Көшпенділер өзге жұртқа еш ұқсамайтын сындырлы өркениет жасады. Көшпенділік – адамдардың өмір сүрген төл табиғатының, жер-суы, ауа-райы, тұрмыс салтының айрықша құбылысы. Десе де, қазақты біржақты, таза «көшпенді» деп қарау – текті тарихымызға зор қиянат. Сыр бойындағы Түркістан, Сығанақ, Сауран сияқты қалаларда тұрған халық отырықшылық, ортақ шаруаға да пейілді болған.

Қазақ ұлтының негізгі этникалық құрамы Қыпшақ хандығының ХІ-ХІІ ғасырлардағы астанасы Сығанақ – қазақ халқының ұлт болып ұжымдасып-ұйысқан, мемлекеттік іргетасы қаланып-қалыптасқан бастау бұлағы, тұма көзі. Қазақ баласы ұшы-қиырсыз зорлық-зобалаң кезеңдерді, қиямет-қайым, қиын-қыстау күндерді, жауыз-жаугершіліктерді, аяусыз-ашаршылықты бастан кешіп, жер бетіне тарыдай шашылып, ақырында, Сырдың бойына ат байлады. Сырдың шуақты күні, мақпал түні, саумал самалы, жайсаң желі, жылы жауыны, жұмсақ қары қазақтың жанына жай тапқызып, есін жиып, еңсесін тіктеді; қарны тойып, ас ішті; дертіне дауа, науқасына ем тапты, ұл сүйіп, ұлыс көбейді.

Қылышынан қан тамып, қазақтың қызыл қанын асау судай ағызған қаныпезер советтің зорлықшыл-зомбылықшыл билігі «Қызылорда» айдарын тағып, киелі жеріміздің «бұрқыраған шаңын ғана қалдырды» (Н.Назарбаев). Орыстың озбырлығы озған кезеңде сауатсыз совет басшысымақтарының бірі Хрущевтің топастық тапыраңымен өзбектерге өтіп кеткен қазақ жері қазір Өзбекстанның Сырдария облысы аталады.

Фазлалах ибн-Рузбихан Исфахани «Бұқара қонағының жазбалары» («Михман-наме Бұқар») атты еңбегінде «Жер жәннатының шеті» деп сипаттаған ортағасырлық сырға толы Сығанақ – қазіргі Қызылорда облысының орталығы – Қызылорда қаласынан шамамен 140 шақырымдай ғана жерде (Жаңақорған ауданына қарасты Сунақата ауылынан 1,5 шақырым) жатыр. ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұрасының, Қазақстанның киелі жерлерінің картасына таңдалған 100 қасиетті орындардың тізіміне енгізілген, туризмдегі рөлі зор, тарихи экскурсиялық сапарлардағы орны орасан Сығанақтай сырлы жәдігері бар қазіргі Қызылорда облысының атауы әр кезеңде (Ақмешіт, Перовск, Ақмешіт, Қызылорда) бірнеше мәрте өзгертілді. Алты жылдан кейін Қызылорда аталғанына ғасыр толады.

Қандықол совет коммунистерінің ұраны Қызыл (орда) атауы – бүгінгі тәуелсіз еліміз бен еркін жұртымыздың асқақ рухы мен асыл мұратына мейлінше қайшы, болмысы бөтен, аса жат. Алаштың ардақты азаматтарының арман-тілегін табанға таптап, алдап-арбап, атып-асқан; адамзат баласы бұрын көріп-білмеген қасақана жаппай қырып-жойған (геноцид); малы мен дәнін күшпен тартып алып, аштыққа ұшыратқан; қазақ халқының жетпіс-сексен пайызын қынадай қырған «қызыл» биліктің қарғыс атқан атауы – қазіргі бостан қазақтың маңызды мүдделерімен мүлдем қабыспайды. «Қызылдардың ордасы» деген қандыбалақ атау, құлдық санадан арылатын уақыт жетті.

Азаттықтың жұпар ауасын жұтып, отыз асудан асқанда, құтты қонысымызды алқызылдан арашалап алу – еркін елдің кешегі ерлігі мен бүгінгі еркі ғана емес, ел еркіндігінің берекетті белгісі. Бұл – еріккенің ермегі, есеп-қисаптың мәселесі емес; қабырғалы мал-жанның, қастерлі қазан-ошақтың келешегінің көкжиегі. Бұқар Жырау:

«Шүршіт келсе, Сырға көш,

Ішетұғын суы бар.

Атың жатыр белеңде,

Түйең жатыр өлеңде!

Он сан алаш билігі,

Хан Абылай төреңде» – деген, ескідегі ерлігіміз бен көнедегі дәргей-қуатымыздың дерек-дәлелі, алаш арыстарының түгелінің табаны тиген таза топырақ, қадір-қасиетті жер, 2 мың жылға жуық тұғырлы тарихы бар Алаштың анасының қадірін қайта жаңғырту – перзенттік парызымыз.

Бодандықтың борсыған иісі мүңкіген Қызылорда облысының атауы – Ақмешіт (Aqmeshit) облысы ((екінші нұсқасы – құрлықтағы ең ерен өзеннің сырбаз атымен Сырдария облысы (Syrdaria) бұрын осылай аталған)); Қызылорда қаласы – Ақмешіт қаласы (Aqmeshit) болып өзгерсе, қазақтың рухы асқақтап, елдің ертеңге үмітіне алау жалғайды.

Бұл қадамның – әділдікпен қаруланып, елдікті айқындатқан тарихи ақиқаттың баянды байрағы болары сөзсіз. Сыр аймағы соңғы жылдары елімізде қарқынды дамыған үздік бес өңірдің қатарына кірді. Былтыр 700 мың шаршы метр баспана бой көтеріп, тұрғын үй салу көлемінде ең жоғарғы көрсеткішке қол жетті. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында негізге капиталға салынған ивестиция мөлшері 84 млрд теңгеге жетіп, алдына қара түспеді. Сыр өңірі алашының қарасы 2018 жылдың аяғында 789,8 мың адамды құрап, табиғи туу өсімінің алдыңғы жылдан 11,2 мың адамға артуы – әл-ауқат артқандығының көрсеткіші ғана емес, аймақтың баянды болашағының айқын дәлелі.

Сыры мен сымбаты, құпиясы мен құдіреті тым терең – Сырдың бойы, Сырдың жері туралы толғам-түсінік сонау көне қадымнан жетіп, ауыздан-ауызға тараған әпсанамен бүгінге тамыр тартты. Сондықтан, Сыр бойындағы Сығанақ тарихы – қазіргі қазақтың намысын қайрап, жігерінің жандануына жойқын сілкініс, толқынды талпыныс үстемелейді. Туған ел мен жердің кешегі өткен кемел өнегесі – төл тарихын бағалайтын жұрттың болашағын баянды бастау-бұлаққа бұрады. Ескінің есті ескертпелеріне тереңдей бойлап, таным-түйсігіміз сергек серпілсе, тіршілік тамыры табиғи тезін тауып, өркенді ел, желкенді жұртқа айналамыз.

Алашқа – ана, қазаққа – пана болған Сыр топырағына ат байлаған қыпшақтың қымбат қазығы – көрнекті астанасының тарихы екі мың жылдан асып-жығылады. Бағзы Рим императоры Октавиан Август: «Римді балшық күйінде тауып, мәрмәр кейіпте қалдырып барамын» деген екен, иісі қазаққа бас-аяғы он ғасырда төрт мәрте салтанатты орда, мәртебелі астана болған құтты қақпа, айбатты ақ босағамыздың ардақты атын қайтару – әркімнің басына қонатын бақыт емес!

сәуір, 2019 жыл

Мыңжан Байжанин, қоғам қайраткері

Abai.kz

19 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052