Тоқаев жүргізетін саясат "әншілердің селфиінен" салмақты болуы керек
Елімізде ҚР Президенттігіне үміткерлер 11-мамырдан бастап үгіт-насихат жұмысын бастады. Әзірге, Әміржан Қосанов Солтүстік ауылдарды, Дания Еспаева Алматының қарапайым еңбек адамдарымен кездессе, Сәдібек Түгел түнгі клубтарды түгендеп кетті. Ал, Қасым-Жомарт Кемелұлы Nur-Otan партиясының өкілдерімен бас қосты.
Айта кету керек, Nur-Otan - еліміздегі ең көп мүшесі бар партия. Оның құрамында мемлекеттік қызметкерлер мен елге белгілі өнер адамдары бар. Содан болар Тоқаев мырза үгіт-насихат деп аса әуреленіп жатпаған сияқты. Өйткені, партия құрамындағы әншілер әлеуметтік желідегі оқырмандарының көптігін пайдаланып, өздерінің қарқынды насихатын бастап кетті.
Тоқаев - үміткерлер ішіндегі ең салмақты тұлға. Оның мықты кандидат екенін Алтынай Жорабаева, Гүлнұр Оразымбетова секілділерге айтқызғаннан Тоқаевтің айналасындағылар не ұтады? Ертең бүкіл бір мемлекеттің тізгінін ұстайтын кандидат туралы айту қажет болса, аузында дуасы бар ел ағалары айтсын. Әйтпесе, Жорабаевалармен бір селфиге түсіп, одан қырып дауыс жинау деген қай кандидатқа болсын абырой әпермейді.
Жасыратыны жоқ, біздің халық қазір жаңалық ашқан ғалымды немесе ұрпақ игілігі үшін еңбек етіп жүрген білімді азаматтарды емес, әншілерді жақсы таниды. Өйткені қоғамдағы насихат солай. Ал, сол насихатты жасап беріп отырған тағы өзіміз. Бұл билікке де тиімді. Өйткені, оларға халықтың экономикадан, саясаттан хабардар болғаны тиімсіз. Тіпті, біздің билік осы уақытқа дейін елдің тағдыры шешілер аса маңызды кезеңдерді де әншілердің көлеңкесінде қалдыруға тырысқан жағдайлар болды. Солардың есте қалған екеуін атап өтейік.
Біріншісі - 2016 жылдың мамыр-маусым айларында бүкіл халық жерді сату мен шет елдіктерге жалға беруге қарсылық танытып, әр қалада бас көтеріп жатты. Дәл, сол сәтте Баян Мақсатқызының отбасылық жанжалы шығып, сайттардың басым көпшілігі жерден жеті қоян тапқандай жарыса жазып кетті. Билік жер дауынан елдің назарын басқа тарапқа бұрып әкетер жол таппай отырғанда Құдай төбеден түскендей етіп, Баянның тағдырын "сыйлай" салды. Бұл әрине, ырықсыз болған оқиға...
Екінші мысал – Төреғали Төреәлінің дауы. Төреш тыңдарманын залдан қуардан бұрын Дариға Назарбаеваның офшорда аты аталып, facebook белсенділері сол тақырыпты қаузай бастаған. Алайда, жан-жақтан ағылған Төреғали туралы ақпараттар еріксіз сол тақырыпқа бұрылуға мәжбүр етті. Сөйтіп, Төреғали дауының арқасында Дариға Нұрсұлтанқызының шет елде бұғатталған миллиардтары тағы да сұраусыз қалды.
Қазір, инстаграм желісіндегі абырой жазылушының санымен өлшенеді. Ондай абыройдан қазақ әншілері кенде емес. Ең кемі 1 миллионнан астам адамы бар. Оны өздерінше “оқырман” дейді. Олар оқырманын: "Қазақстанның әр қаласындағы гострольдік сапарлардан суреттер. Және, “Ақтау, күт бізді”, “Жаңаөзендіктер кешке концертте кездескенше” деген сарындағы сөздер; Әр жұма сайын салынатын мүбарак картиналар. Және, “жұма қабыл болсын” деген жазулар (Ерінбегені ұзақтау етіп, шүкір мен тәубеге шақыратын пост жазады); Бір-бірінің туған күнімен құттықтау; Жарнама. Киімге, сумкаға, тамаққа т.б;" асырайды.
Енді осындай "ғаламдық мәселелерге" құмартатын оқырманға әншілер білдей болашақ президенттің жарнамасын жасауға көшкені күлкілі емес пе?
Мұны қойшы, "жұлдыздардың" дені қоғамдық мәселелерге қатысты сұрақтарға “мен саясатпен араласпаймын” деп жауап беретін еді. Саясат емес, қоғамды алаңдатқан мәселелерге азаматтық пікірін білдіре алмай жүргендер енді елдің таңдауын шешетін болғаны қалай?
Түйін
Бүгінгі қоғамда мықты экономика, сауатты саясат болмаса да, күні-түні тынбайтын даңғаза әуендер бар екені жасырын емес. Оның орындаушыларының өмірін қалт жібермей қадағалап отыратын көпшілікті кінәлауға тағы келмейді. Бірақ, өткелде тұрған қазақ қоғамы ары қарай да осы үрдісті жалғастыратын болса, мұның соңы жақсылыққа апармасы анық. Сондықтан да, Тоқаев жүргізетін саясат әншілердің селфиінен салмақтырақ болса екен дейміз. Бар айтпағымыз осы...
Нұрбике Бексұлтанқызы
Abai.kz