Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Күбіртке 8913 30 пікір 16 Мамыр, 2019 сағат 10:27

Ермекбаев шейіт кеткен аталарға шіркеуде дұға жасатпақ па?

ҚР Қорғаныс Министрлігі Ресей Қарулы Күштерінің негізгі шіркеуінің құрылысына қаржы бөлді. Бұл туралы сейсенбі күні Қорғаныс министрінің орынбасары генерал - лейтенант Мүсілім Алтынбаев мәлімдеді.

2019 жылдың сәуір айында Қазақстан Ресейге екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақстандықтар туралы ақпарат жіберген. Алтынбаев мырзаның айтуынша, сол қазақстандықтардың есімі әлгі Ресейдің бас әскери ғибадатханасында сақталатын көрінеді. Алайда, Алтынбаев Ресей шіркеуіне қанша қаражат бөлгенін нақты айтпады.

БАҚ мәліметінше, Ресей армиясының негізгі шіркеуі РФ-дағы ең ірі діни ғимараттардың бірі болмақ. Оны Мәскеудің маңындағы Кубинка қаласында салу жоспарланған. Ғибадатхана 2020 жылы “Жеңістің 75 жылдығына орай” ашылады. Сөйтіп, өзіндегі ескі-құсқы әскери базаны жабдықтай алмай отырған Қорғаныс министрлігі Ресейдің әскери шіркеуіне атымтайлық көрсетті.

Біріншіден, соғысқа қатысқан қазақ жауынгерлерінің есімі Ресей шіркеуінде мәңгілікке сақталады деген қаншалықты абыройлы іс. Себебі, екінші дүниежүзілік соғыстың шындығы әлі күнге беймәлім. Және, Путин сол соғыс туралы мұрағатты 2040 жылға дейін құпия ұстауды бұйырды. Ал, оған дейін қаншама құнды мәліметтердің жойылып жатқаны белгісіз. Есесіне, әлі күнге  “Ұлы Жеңіс”, “Ұлы Отан Соғысы” деген жалаң ұрандармен сол қырғынды өзінің идеологиясына пайдаланып отыр.

Екіншіден, қазақ әлімсақтан мұсылман халық. Кеңестер Одағы қанша қырғын салып, тілін тұралатып, дініне шектеу қойса да, шоқынып кеткен жоқ. Және, сол соғыста шейіт кеткен аталары үшін бүгінгі ұрпағы шіркеуге емес, мешітке барып дұға жасайды. Мұны бір кездері Дін істеріне жауапты болған бүгінгі Қорғаныс Министрі Ермекбаев неге ескермейді?

Үшіншіден, Ресей зымырандарының зияны туралы осы уақытқа дейін жүздеген мақала жаздық. (Оның бәрін айғайлатпай бірнеше сілтеме ғана берейік. Қараңыз! Наразылық: «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға беру мәселесі қайта қаралып, Ресей полигондары жабылсын! РЕСЕЙ ПРЕЗИДЕНТІ ПУТИНГЕ ХАТ, Шәріпхан Қайсар. Ресей «Байқоңыр» турасында күңк етті, Ресей Байқоңырдан біржола кетпейді, Ермек Қарабала. Зымырандардың айналасындағы зымиян саясат). Осы мақалаларда айтылғандай Ресей Байқоңырды жалға алады, бірақ келісілген қаржыны бөліп-жырып төлегісі келмейді. Байқоңырды жалға берген ақшамызды ала алмай отырып, оларға қаржылай көмек бергеніміз қаншалықты қисынды?

Төртіншіден, Ресей 10 млн. га жуық қазақ жерін сынақ алаңына айналдырған. Ол үшін төлеуге тиіс 27 млн.доллар  да құмға сіңген айрандай жоқ болды. Ал, жерімізге 32  мәрте құлаған «Протон» зымыранының өтеуі не болғаны белгісіз. Оны сұраған ешкім жоқ. Керісінше, сол көршіміздің көңілі тыныш болсын деп 2016 жылы Қостанай облысы мен Ақтөбе облысынан зымыран қалдықтарын құлатуға 63 мың гектар жер беруге тағы келістік. Тіпті, қазақ ғарышкері Айдын Айымбетовтың  Байқоңырдан ұшқаны үшін Ресейге 20 миллиард ақша да төледік. Бұл Құдайы көршімізге аздық етіп отыр ма?

Бесіншіден, Қазақстан билігі дағдарысқа байланысты 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетті қысқартуға мәжбүр болды.Өйткені, еліміздегі бюджет табысы 12 пайыз төмендеген. Соған қарамастан, Қорғаныс министрлігінің кірісі шамамен 25 пайыз өсіпті. Енді, Ермекбаев сол “артық ақшаны” өз жыртығымызды жамамай Ресейдегі шіркеудің құрылысына жұмсап, сауап алмақ па?

Ал, шын мәнінде еліміздегі әскери-техника мен қорғаныстың қауқары қандай?

Біздегі базаның басым көпшілігі ескі. Сатып алғаны сапасыз. Нәтижесінде, жыл сайын әскери ұшақ құлайды. Мәселен, 2012 жылы 25 желтоқсанда, қазіргі Түркістан облысының Сайрам ауданында Астана - Шымкент бағытындағы  Ан-72 әскери ұшағы апатқа ұшырады. Оның бортында 20 әскери адам болса, жетеуі экипаж мүшелері. Апаттан ҚР ҰҚК Шекара қызметінің жетекшілері түгелге жуық қаза тапты.

Содан басталды, бізде ұшақ құлау әдетке айналды. Айдың-күннің аманында қаншама әскери соғыссыз шейіт кетті?  Ермекбаев осындай шетін оқиғаларды болдырмаудың қамына кірісудің орнына шіркеуге қол ұшын созып жатқаны қалай?

Ермекбаев Қорғаныс Министрлігіне 2018 жылдың 7-тамызында тағайындалды. Алайда, ол келгеннен Қорғаныс саласында тың серпін байқалмады. Керісінше, тағы да сол ескі техниканың кесірінен болатын апат қайталанды. Нәтижесінде 13 азамат қаза тапты. Айтпақшы, Қорғаныс Министрлігіне кіріскен соң, қазақтың 120 сарбазын Таяу Шығысқа аттанды.

Түйін

Қош! Екі жыл бұрын Дін істеріне жауапты болған министр Ермекбаев енді Ресейдегі әскери шіркеуге қаржы бөліп, Путиннің дәргейіне жақпақ. Ал, ол Путин сәуір айында ғана Қазақстанға АЭС салу туралы ұсыныс айтты. Тіпті ол үшін Алматы облысынан жер де таңдап қойылғаны анық болды. Қоғам жаппай қарсылық танытқанына қарамастан, Путиннің ұсынысы әлі күшінде тұр. Ермекбаев сол АЭС істен шықса, опат болуы мүмкін азаматтардың есімін де әлгі шіркеуге алтын әріппен әрлеп жазу қажет екенін Ресей билігіне бекітіп алса болғаны... Басқа айтарымыз жоқ!

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

30 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2056