Сәрсенбі, 4 Желтоқсан 2024
Экономика 5185 0 пікір 16 Мамыр, 2019 сағат 11:14

Алматы соты экс-банкир Ертаевты қамау мерзімін тағы бір айға ұзартты

Алматы қалалық тергеу соты Ресейден экстрадицияланған экс-банкир Жомарт Ертаевты қамау мерзімін тағы бір айға созды. Бұл туралы Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің жазуынша, мұндай өтінішті қалалық тергеу органдары түсірген. Мұнан соң сот Ертаевты 15 маусымға дейін қамауда ұстау туралы шешім қабылдаған. Бұған дейін Алматы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Ертаевты қамауда ұстауға негіз барын айтқан. 15 наурызда басталған қамау түріндегі бұлтартпау шарасы 15 мамырда аяқталуы керек еді.

Ресейде тұратын 46 жастағы Жомарт Ертаевты былтыр мамырда Ресей қауіпсіздік органдарының қызметкерлері ұстаған.

Қазақстан билігі Жомарт Ертаевты "қазақстандық Bank RBK-ның директорлар кеңесі төрағасының кеңесшісі болған кезінде банктен жалған фирманың атына 80 миллион доллардан астам займ алып беруге және оны қайтармауға көмектескен" деп күдіктенеді.

"Іс бойынша тергеудің аяқталғанын" айтқан прокуратура хабарлауынша, Ертаевпен бірге бұл іске 54 азамат қаржы жымқыруға күдікті ретінде тартылған. Оның 41-і – банктің топ-менеджері мен қызметкері.

Былтыр мамырда ресейлік БАҚ Жомарт Ертаевтың адвокаты арқылы жолдаған үндеуін жариялаған. Үндеуде Ертаев Bank RBK-да ешқашан жұмыс істемегенін, бұл банктің штатында және акционерлері құрамында болмағанын айтады. Ресейлік "Коммерсантъ" газеті Жомарт Ертаевтың сотта Ресейден саяси баспана және азаматтық беруді мәлімдегенін хабарлаған. Ол өзін қудалаудың саяси астары бар деп білетінін айтқан.

Қаңтардың басында Ресей ақпарат құралдары Мәскеу қалалық соты Жомарт Ертаевты Қазақстанға экстрадициялау туралы шешім шығарғанын хабарлаған.

Бұған дейін Жомарт Ертаев Қазақстанда банк заңын бұзған деген айыппен қылмыстық жауапқа тартылған. 2009 жылы Қазақстан қаржы полициясы Альянс Банктің акционерлері мен менеджерлеріне бір миллиард доллардан көп ақшаны ұрлаған деген айып таққан. Сол кезде ұсталып, тұтқындалған Жомарт Ертаев тоғыз ай қамауда отырған. Кейін оған тағылған айып "бухгалтерлік және қаржы есебі туралы заңды бұзу" және "банк қаржысын заңсыз пайдалану" деген баптарға ауыстырылған.

Сот Ертаевқа айыппұл салып, бостандыққа шығарғаннан кейін ол Қазақстандағы екінші деңгейлі басқа банктерде жұмыс істеген. Ал 2014 жылдың соңында Жомарт Ертаев "Алма ТВ" компаниясы басшылығына тағайындалған болатын.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1055