Оңтүстік Корея ғылым мен технологияға ЖІӨ-нің 3,5 пайызын жұмсады
Оңтүстік Корея - ғылымы мен технологиясы дамыған мемлекет. Бұл елде өзім болғанмын. Тазалығы таң қалдырады. Негізі елдің өркендеп дамуы көршілеріңе де тікелей байланысты болады. Көршің қандай болса, бір тұсың соларға тартпай тұрмайтын сияқты. Немесе олардан қандай да бір жақсы, жаман тұстары жұғады. Біздің көршіміз орыс пен қытай. Олардың кім екенін дүние біледі.
Мысалы, Оңтүстік Кореяның технологиясы мен электорникасының дамуына Жапонияның үлесі өте көп болған. Жапонияның технология мен электроника индустриясы Сингапурдің өркендеуіне де барынша септігін тигізді. Одан кейін кәрістер ізденімпаз, үйренуге асығып тұратын ұлт екені рас. Олар еңбекқор болады. Тіпті 80-ге келгеніне дейін жасына қарамай, тыпырлап, тыным таппай жұмыс жасап жүреді. 1980-2000 жж аралығында Кореяның технологиялық индустриясы Жапонияның өте жоғары ғылыми потенциалын пайдалана білді. Соның салдарынан Оңтүстік Корея елі өздерінің Еуропадағы көптеген конкуренттерінен озып, алға шығып кетті. Қазіргі уақытта Оңтүстік Кореяда төрт күн сайын ірі теңіз кемелерімен Еуропа елдеріне Hyundai автокөліктері тасымалданып отырады. Ал Hyundai болса, əлемдегі 5-ші машина жасау индустриясының ошағына айналған. Бұл өте үлкен жетістік.
Ал, өткен жылы атақты Samsung кампаниясы HP, IBM, Nokia және Microsoft-тың алдын орап, әлемнің ІТ саласы бойынша лидері атанған болатын. Samsung Electronics 2009 жылдың өзінде әлемдегі «ІТ топ-10»-дықтың ішіне еніп, жылдық табысы 117 миллиард АҚШ долларына артқан еді. Байқап қарасаңыз, Samsung Electronics-тің табысы ірі теңіз судаларын (судостроение) жасайтын компаниялардан да асып кеткен. Дәл қазіргі уақытта Samsung-тің дүниені аузына қаратқан – Petronas Towers, Taipei 101, Burj Khalifa-да өндіріс ғимараттары салынған. POSCO мен LG-ді ауызға алмай-ақ қойса да болады. Олар қазір әскери техникаларды жасауға көшкен. Технологиясы мен ғылымы дамыған елдер ғылыми прогрестің арқасында осыншалықты деңгейге өтіп, әлеуетін барған сайын арттырып барады. Біз баяғыда бала кезімізде ұшатын кілем туралы есітіп, қиял-ғажайыпқа сенетінбіз. Сол ғажайыптың барлығы ғылым мен технологияны пір тұтқан елдерде іске асып қойған.
2015 жылы Корея мен Қытай арасында теңіз кемелерін шығару бойынша бәсекелістік жүрген. Сонда Оңтүстік Корея қазіргі технология әлемінде жоқ кемелердің (сверхтехнологичные проекты) жобаларын дайындап, іске асыруға кіріскен. Себебі, сол уақытта Қытай кеме жасау индустриясы бойынша Жапонияны басып озып кеткен.
2000-2008 жылдар аралығында Оңтүстік Корея технология индустриясына бұрынғысымен салыстырғанда 2,5 есе қаражат бөлуді арттыра отырып, 27,5 миллиард АҚШ долларын жұмсады. Ғылым мен технологияға одан кейінгі жылдарда мемлекеттің ЖІӨ-нің 3,5 пайызын жұмсап отырды. Бұл бюджеті триллиондаған долларды құрайтын ел үшін ғылым саласына жұмсалған өте көп қаражат болды. Соның салдарынан елдің ғылыми-технологиялық әлеуеті Финляндияны, Швецияны, Израильді басып озды. Ал, сатып алу бойынша АҚШ, Жапония, Германиядан кейінгі орындарды иеленді. Міне, алақандай ғана территорияда өркениеттің көшін жалғаған елдің мұраты мен мақсатына қараңыз.
Бұл елде ғылыми өнеркәсіп жеке кәсіпке айналған. Қаржының аса көп бөлігі сол саланың еншісінде. Ғылыми өндіріс пен өнеркәсіп орындарына өздерінің студенттерін үнемі тәжірибеден өткізіп отырады. Астанасы Сеул қаласында Сеул ұлттық университеті елдің басты ғылыми приоритеті болып саналады. Онда АҚШ-тан, басқа да өркениетті елдерден келген нобель сыйлығының иегерлері студенттерге лекциялар жүргізеді. Оқу орындарында ағылшын тілі жоғары деңгейде қолға алынған. Ал, университеттің ішкі бюджеті 560 миллион АҚШ долларын құрайды. Одан кейін бір қызығы, Оңтүстік Кореядағы көптеген университеттер мен ғылыми институттар АҚШ-тың университеттерінің моделімен жұмыс жасайды.
Бұл елдің ғылыми әлеуеті жайында өте көп қызықты әрі өркениетті әңгімелерді айта беруге болады. Бірақ ол бір ғана постқа сыймайды. Өте қызықты ғылым мен технология жайында посттарды алдағы уақыттарда да жаза жатармын. Тек біздің азаматтар осы посттарды оқып, мән берсе екен деген ниетім бар.
Қазаққа ғылым мен технология керек деп көзі қарақты азаматтар қақсаумен әлі келе жатыр. Оларды тыңдап, құлақ асатын өкіметінің түрі анау. Қазақтың өкіметі қазақты ғылым мен білімге лайық көрмейтін сияқты. Жалпы, жемқорлық шаш етектен белең алған елде ешқандай да реформаны жүзеге асыру мүмкін емес. Болмайды да. Неге біздің технократ жастарымыз шетел асып кетіп жатыр? Міне, олардың бағын байлап, жолын бөгеп отырған да осы жемқорлық. Оларға мемлекеттің тарапынан дұрыс қамқорлық жасап, дарынды жастардың шығармашылығына молынан қаражат бөлсек, ғылыми потенциалдарын дұрыс пайдалансақ, мынау тоқыраған елдің әлеуметтік жағдайын гүлдендіріп жіберуге болатын еді. Оның үстіне біз жерінің асты мен үсті байлыққа шылқыған ел едік. Өкінішті!
Кейде, қазаққа Құдай мұнай мен қазба байлықтарды бекер беріпті деп те ойлаймын. Өзіне емес, өзгеге бұйырып кетті. Оны жоқтап, айқайлай бергеннен біз не ұттық? Уақыттан да ұтылдық. Қазір қазақтың ойлағаны той мен ойын-күлкі. Қашанға дейін жалғасатынын ойлап біле алатын емеспін. Әлеуметтік желі таңнан кешке дейін ұрыс пен тартыс.
О, Құдай! Біз қашан оңалады екенбіз осы... Қазақтың қазіргі күйі – шырылдауық шегерткенің күйі. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де өзіңіз білесіз. Бар шындық осы.
Бекболат Қаржанның facebook парақшасынан
Abai.kz