Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Анық 10309 21 пікір 21 Мамыр, 2019 сағат 15:34

Билік транзиті һәм ТОҚАЕВ

1991 жылы ұзаққа созылған әскери бәсеке, бюрократияға құрылған жоспарлы экономика ақыры Совет одағы сынды супер державанның құлауына алып келді. Ғасырдың соңғы 10 жылы әлем картасында тәуелсіз елдердің көбеюімен есте қалды.

Соның бірі бүкіл экономикасының, әсіресе өнеркәсібінің кіндігі одақтас елдермен байланған мұхиттан алыс аграрлы ел Қазақстан еді. 51 жасында ел тізгінін ұстаған Нұрсұлтан Әбішұлының алдында көптеген таңдаулар тұрды. Нарықтың дендеп кіруімен дәстүрлі жоспарлы экономика күйреп тынды. Қазба байлығы мен ядролық қаруы бар жас мемлекет бүкіл әлемнің назарын аударып, қайшылықтар мен мүдделер тоғысының нүктесіне айналды.

Осы кезде ұлт көшбасшысы стратегиялық маңызы бар біраз шешім қабылдады. Әуелі, ядролық қарудан бас тартып, шетел инвесторларының елімізге кіруіне кең жол ашты. Екінші, құрлымдық аумақтық реформалар жасап, далиып кеткен аудан, облыстарды біріктіріп, бюжет қаржысын үнемдеді. Үшінші, дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайын өткізіп, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын құрып, әлемге шашырап кеткен қазақтардың елге оралуының құқықтық, заңдық негіздерін қалады. Төртінші, тәуелсіз, дербес сыртқы саясат жүргізе отырып, барлық шекарамыз тұтасып жатқан көрші елдермен шекара сызығын айқындап алды. Бесінші, жоспарлы экономикадан бас тартып, нарықтық қатынасқа көшті. Сол кезде ауыл шаруашылық министрінен бастап  колхоз, совхоз басшылары нарықтық қатынасты түсінгісі келмей, сол таптаурынды жолмен жүре бергісі келді. Міне осы кезде барлық салада жекешелендіру күшпен әрі сол әкім қаралардың мүддесіне бейімделіп жүрді десе де болады. Сингапурдың бұрынғы премер министрі Ли Куан ю мырзы бастаған көптеген шетелдік мамандар мен сарапшыларды кеңесшілікке алды. Алтыншы, саяси-экономикалық реформаларды түбегейлі жүргізу үшін Ресейде әр салада көзге түскен мықты мамандарды аттай қалап шақырып алды. Міне осы кезде Ғалым Әбеусеитов, Тоқтар Әубәкіров, марқұм Нағашыбай Шәйкенов, Қасым-Жомарт Тоқаев қатарлы тұлғалар жарқырап көрінді. Сонымен бірге, санасы уланбаған, нарыққа бейім, бизнесте өз қабылетін көрсеткен тәуекелшіл жастарды текедей талдап, сақадай сайлап маңызды орындарға қойды. Сонымен жаңа мемлекет құру, нарыққа өту үдерісі қатар жүріп, «қазақтың жас түріктері» атанған жастар буыны қалыптасты. Жетінші, барлық қиындықтарға қарамай Астананы солтүстікке көшірді. Бұл көш қазақ экономикасының бойына қан жүгіртті, құрлыс пен жаңарудың паровозы болды. Солтүстік облыстарда ұлттық тепе-теңдіктің сақталуына игі әсерін тигізді.

Ұлт көшбасшысының бұл саяси-экономикалық шешімдерінің нәтижесі тез арада көрінді. Жеке меншік қалыптасып, ұлттық буржуазия қоғамның белсенді факторына айналды. Шағын-орта кәсіп өз ырғағына түсіп, шетелден инвестиция тартудан ТМД бойынша бірінші орынға шықтық. Алматының ішкі өнімі Қырғызстанның 5 есесі, Тәжікстанның 7 есесі болып, бүкіл Орта азияның қаржы финаныс орталығына айналды. Арқа төсінде ертегідей қала бой көтерді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары түрлі тарихи, экономикалық себептермен 17 миллионнан 14 миллионға түсіп қалған халық жан саны қайтадан 18 миллионнан асты. Әлемнің әр қиырынан 1 миллионнан астам қандасымыз Отанына оралып, ірге қалап, жерсініп кетті.

Баста айтқанымыздай елімізде жаңа мемлекет құру мен нарыққа өту қатар жүрген кезде үлкен урбанизация күн тәртібіне қойылды. Құрлымдық реформада облыстар жабылып, аудандар біріктірілгеннен кейін сыртқы көш пен ішкі көштің ағыны ірі қалаларға бет алды. Жұмыссыздық, қылмыс өршіп кетті. Бұрынғы кейбір  облыс орталықтары шықпа жаным шықпаның кебін киді.  Міне осы кезде Елбасы Талдықорғанға, Көкшетауға облыс орталықтарын көшірді. Семейге шығыс әскери окургті, Таразға оңтүстік әскери окургті, Ақтөбеге батыс әскери окургті орналастыру арқылы қалалардың тынысын ашып, тамырына қан жүгіртті. Сонымен қала қазақ өмірінің нағыз айнасына айналды.

Түбі бір түркі халықтарының ортақ мүддесі жолында ұлт көшбасшысы аянып қалған жоқ. Түркі халықтарының қара шаңырағында көптеген білім ошақтарын дүниеге әкелді. Алыстап қалған ағайынмен қатынасты қайта жалғаса, жақындағы туыстардың басы ауырып, балтыры сыздағанда қасынан табылды. Арқада түрік акедемиясы бой көтерсе, Түріксойдың ұйымдастырылуы мен дамуын Қазақстаннан бөле қарауға болмайды. Әсіресе, өткен мен бүгінді, алыс пен жақынды саралай келе ұтымды орайды пайдалана отырып, латын жазуына көшуге пәрмен беруі түркі бірлігінің, түркі өркениетінің темірқазығы деп айта аламыз әрі Тәуелсіз Қазақстанның бүгіні мен ертеңіне айырықша ықпал жасайтын ұлы шешім болды. Әрине бұл шешімге ұлт көшбасшысы ұзақ ойланып барып, барлық қауіп-қатерді сараптай келе бекімге келгенін аңғару қиын емес. Әсіресе, сол кезде қырғыз басшысы Атамбаевтың латынға көшсек, Ресей құрамындағы татар, башқұрт сияқты туыстарымыздан алыстап кетеміз деп байбалам салуы желдің қайдан шығып жатқанын аңғартса керек.

«Мәдени мұра» бағдарламасы ауқымды жұмыстардан кейін «Рухани жаңғыру – болашаққа бағдар», «Ұлы даланың 7 қыры» болып сапалық секіріске көтерілді. Отаршылдар өткенімізге тас атып, жадымызды барынша өшіруге тырысса, тізгін шылбыр қолымызға тиген соң ұлт көшбасшысы еңсемізді тіктеп, рухымызды өсіру үшін желкеден төнген экономикалық дағдарысқа қарамай, абыздар мен батылар тойын дүрілдетіп өткізді. Оның аяғы ЮНЕСКО деңгейінде тойланған Абай, Жамбыл, Мұхтар, Құрманғазы сынды ұлылар шоғырының мерей тойына ұласты. Бұл шаралар Азияда, Спартакиада, OБCE қауіпсіздік кеңесі, Әлемдік діндер сьезі, Экспо сияқты халықаралық қауымдастықтың шараларына айналып, көк туымыз әлем назарында желбірей түсті.

Тәбиғаты жәйлі, адамдары еңбекшіл, халық саны тығыз орналасқан түстіктегі үлкен облысымыз Алматының өркендеуіне, Астананың демографиясына мол үлес қосқаны қазір де екінің бірінің ауызында айтылады. Міне осы кезде ұлт көшбасшысы халықтың жүрегіне жол тапқан, тарихи үдерісте бір бел болып қалатын шешімін халыққа жариялады. Шымкент республикалық қала болып мерейі өссе, Түркістан облысы құрылып, қасиетті Түркістан облыс орталығына айналды. Орта шығыстағы қауіп факторларының Ауғанстанға жылжуы, Тәжікстандағы тынышсыздықтар оңтүстік шекарамызды бекемдеуді әрі өркендетуді қажет етеді. Құрылстар салынып, өндіріс өнімі артса әлемдік дағдарысты экономикалық дамудың беталысына айналдырудың тиімді тәсілі емес пе? Оның үстіне екінші меке атанған қасиетті Түркістан бүкіл Тұран даласының киелі ошағы еді.

Ресей империясының мұрагері болған, Ахаңның (Ахмет Байтұрсынұлы) сөзімен айтсақ «Нәжісті нәжісбен жуған» Совет империясы қазақты ұлт ретінде жоюдың барлық тәсілдерін пайдаланды. Аштық, репрессия, күштеп жазу өзгертуді айтпағанның өзінде тарихи қалалар мен ескерткіштерді елеусіз қалдырып, халықтың жадын өшіріп, өткенін ұмыттыруға бар күшін салды. Ресей кезінде окург орталықтары болған Түркістан, Аякөз, сияқты тарихи қалаларды аудан деңгейіне түсірсе, ежелгі Жібек жолының маңызды бекеттері Жаркент, Меркі, Қапал сияқты қалалардың дамуын тоқтатып, бүкіл Советті шикізатпен қамдайтын келімсектер қоныс тепкен, жергілікті халыққа мандымды пайдасы жоқ Текелі, Балқаш, Жаңатас, Жезқазған қатарлы шыт жаңа қалалар салды. Оңтүстік қазақтарының орталығы Ташкент, батыс қазақтарының орталығы орынбор, шығыс-терістік қазақтарының орталығы болған Омбы уысымыздан шығып кетті. Бәлкім, сол шекара бөліске түскен келіссөздерге 22 жастағы Әлімхан Ермеков емес, кемеліне келген Алаш көсемдері Әлихан, Ахмет, Халел, Жаһаншалар барғанда нәтиже басқаша болар ма еді? Бұл енді мәңгілік арман, сыздаған күйік болып жадымыза қалды. Міне осы тұрғыдан келгенде Түркістанның облыс орталығы болуы тарихи әділдіктің салтанат құруы, еліміздің тұтастығы мен өркендеуінің кепілі десек артық айтқандық емес.

Снимок.PNG

2019 жылды наурыз айының 19 күні кешкі сағат 19-да ұлт көшбасшысы 3 жылдық ұзақ толғаныстан кейін (өз сөзі) өз өкілеттілігін тоқтатып, кезектен тыс сайлауға дейін ел басқаруды Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырзаға өткізетінін жариялады. Елбасының бұл тосын қадамы ел іші-сыртына зор сілкініс тудырды. Біреу қуаттап көзіне жас алды, енді біреулер кезекті бір көзбояу есептеп, қараңқы үйден қара мысық іздеу дағдысын жалғастырды.  Деседе, біз тарихи фактілерге жүгіне, қазіргі орта азияның саяси-тарихи жағына сүйене отырып талдау жасап көрейік. Әуелі, Совет одағының шекпенінен шыққан тәуелсіз елдердің тағдыры қилы-қилы болды. Одаққа екінші дүниежүзілік соғыстан кейін күшпен қосылған Балтық жағалауы елдері экономикалық дағдарыстан естерін жия сала ың-дыңсыз өркениетті, демократиялы елдердің қатарына қосылып кетті. Тіпті билік транзитының қаншалықты ауысқанын сезбей де қалдық. Империяның жұртына ие болған елде демократ Ельцин өз миссиясын аяқтаған соң билікке келген тұлғалар таққа кезек отыру қойылымын бастап кетті. Халықтың жағдайы жақсарған жоқ, әлем қырғи-қабақ соғыс кезіндегі жағдайға бет алып барады. Жас саясаткерлердің амбициясы мен батыстың стандарттарына көбірек бой ұрған Грузия мен Украина территориялық тұтастығына нұқсан келтіріп алды. Батыс жағынан орта азиядағы бірден бір бостандық аралы атанған қырғыз ағайындар төңкеріс ошағына айналып кетіп, жазықсыз қан төгілді, бейуаз жұрт жапа шекті. Әзербайжан мұрагерлік жолына түсіп, елді отбасы болып басқаратын болды. Іргедегі өз ағамыз бен төр бермейтін туыстарымыздың билігі Алланың есебімен ғана реттелді. Сонымен инвестиция тартуда, қала салуда, шетелдегі қандастарын қамқорлық жасауда ТМД бойынша топ жарсақ, биліктің бейбіт ауысуында Тұран Даласына үлгі болдық.

Әрине, ұлт көшбасшысының Қауіпсіздік кеңес пен Нұр Отандағы орынын сақтап қалғанын қысыр кеңеске айналдырып, күңкілдейтіндер баршлық. Бізше бұл өте дұрыс әрі парасатты шешім болды. Тарихқа үңіле отырып, бір тарихи тұлғаның тарихи сәтте, шешуші кезеңде атқарар ролын ешқашан кем бағалуға болмайды деп айта аламыз. Бұл жеке басқа табыну емес, ұлт пен мемлекет тағдыры сынға түскенде тарихтың таңдауы, халықтың қалауы тұлғаға түсетіні дәлелденген аксиома.

Өткен ғасырда екі жаһандық соғыстың алды артында әлемдегі азулы империялар ыдырап, адамзат өркениетке ұмтылып, кониститутициялық реформалар заман ағымына айналды. Ұлы британияның, Францияның, Испанияның, Османлы империясының иеліктерінен респблика мен сұлтандықтар, монархиялар дүниеге келді. Осы кезде арыстаннан құтылып, жолбарысқа тұтылдық дегендей отарлық, феодалдық қамыттан құтылған, экономикасы кедей, өркениеті тұралаған осы елдерде өз атқа мінерлері жағынан діни патихарддық үстемдік пен коммунистік диктартуриялық режим орнау қауіпі төнді. Алдына орнап та үлгерді. Орайшыл саясаткерлер халықтың сеніміне кіріп алған соң біртіндеп төбесіне шығып, арсыздық пен жауыздықтың құлақ естіп, көз көрмеген қойылымдарын саханаға шығарды. Халқы қалай болса, көсемі солай болады деген сөзді батыс сарапшылары осыған қаратса керек. Бұл күнде бүкіл әлемнің ортақ танымына сай келетін саясаттағы демократия, кісілік құқық, еркін сайлау, экономикадағы еркін бәсеке, әлеуметтік тепе-теңдік деген қастерлі ұғымдар көп елде тегеуірінді тұлғаның қатаң позициясы, түбегейлі шарасы арқылы орнықты. Мысалы, Жапонияда Европада тәлім-тәрбие алған бас уәзір Мэйдзи реформасынан басталған дәстүрлі консервативтік күштерге қаратылған қатаң жазалау шарасын үзіліссіз жүргізді.

Осыманлы империясының ойраны шыға бастағанда билікке келген Мұстафа Кемал Ататүрік жаулаушыларға қарсы күрестің жеңісіне қол жеткізген соң реформаторлар мен армияға сүйене отырып, сұлтандық түзімді жойып, республика құрды. Халифалық иниститутты күшінен қалдырды, дінді биліктен бейтаранптандырды. Зайырлы қоғам құрды. Жазуды өзгертті. Сөйтіп Түркия халқының ғасырлық дамуын қамтамасыз етті. 1906 жылы Түркиямен бірге конититуциялық реформа жасаған Иран 1950-1960 жылдары экономикалық өсуде Жапония мен Корияның алдында болса да ашық ойлы, әлсіз королдың алдын орап кеткен Хомейнидың Иранды қандай қалге түсіргенін бұл күнде ақыл есті адамға айтпаса да анық. Өркениетке ұмтылған ашық ойлы шахтарын қуып жіберген Ауғанстанның жағдайы тіпті де өкінішті әрі аянышты. Ауызы асқа, иіні киімге жарыған, шекарасы тынышталған Мысыр халқы бақытты кезеңге Мубарактің заманында жетті. «Араб көктемі» кезінде тегеуірінді көсемін биліктен тайдырып, мұсылман бауырларға қараған кездегі бұлғақты бұл күнде батыс сарапшылары да мойындап отыр.

Қызыл індет Азияны кеулегенде Қытай, Ветанам, Камбоджа, Лаос сияқты елдер соғыс ошағына айналып, айналасындағы Малайзия-Сингапур, Индонезия, Тайландтарда Карл Маркс айтқан «коммунизм – елестің» сұлбасы көріне бастады. Міне осы кезде Оңтүстік Кориядан Пак Чон хи (1962-1978), Индонезиядан Сухарто, Малайзияда Махадыр, Сингаупурда Ли Куан ю қатарлы тегеурінді көсемдер биліктің құлағын ұзақ ұстай отырып, бақытты, еркін, заң салтанат құрған қоғамды күшпен құрды әрі жалғасты дамуына кепіл болды. Батыс әріптестерінің көмегінде алды, сынын естіп, таяғын да жеді. Бірақ өз елдерінің жаңа даму моделдерін қалыптастырды. Қытай реформасының атасы Дың ақсақал өзі ортаға қойған реформа, есік ашу саясатын табанды атқару үшін Қытай коммунистік партиясы орталық әскери комитетінің билігін өз қолына мықты ұстап, консервоторлармен жан алып, жан беріп күресті. Сол күрес жолында өзі тарбиелеп өсірген екі шәкіртін құрбандыққа шалды. 1989 жылы Тиян анмын алаңында қолын қанға малуға да мәжбүр болды. Мао заманында мысық назариясын ортаға қойса, измдер қақтығысы кезінде «даму бірден-бір өлшем, кім реформа жасамаса сол табанын жалтыратсын» деп кесті. Дың ақсақалдың тегеуіріні мен парасатына бұл күнде Қытай ғана емес бүкіл әлем куә, риза.

Жақынғы жылдан бергі Түркия мен Қытайдың саяси бағытындағы өзгерістер дәстүр мен дін сабақтасқан азиялық менталиеттің қаншалық сұрапыл күшке ие екенін, демократия мен кісілік құқық қаншама тәтті арман болса да адамдар санасына бірден орныға алмайтындығын бағамдауға болады.

Орта Азия әлі де шоқтың үстінде отырғандай, кім қай жақтан қаттырақ үрлесе лауылдап жанғалы тұр. Өткен ғасырдың ортасынан бері ішкі кикілжің мен сыртқы озбырлықтың кесірінен наркотиктің ошағына, жаңадан тапықырланған соғыс құралдарының сынақ алаңына айналған Ауғанстанның қазір тынышталатын түрі көрінбейді. Орта шығыстан ығысқан содырлар топтала бастады. Қытайдың батысы мен Ресейдің Кавказ өңірі әупірімдеп әрең тұр. Мың күн сынбас шөлмек бір күні сынса, Орта Азиядағы қауға сақалдар қолын ысқылап шыға келмей ме? Демек, көңілді кеңге салып, көсіліп жатуға әлі ерте. Ұлт көшбасшысы осы 30 жылда бекемдеген шекара нығайтылып, жүйеге келтірген экономикалық модел жалғасын табуы, саяси құқықтық реформаның жаңа кезеңі басталуы керек. Тумысынан сабырлы, амбициясы бәсең, кландық топтардың додасына түспеген, әлемдік жағдаймен етене таныс, атқарушы билік пен заң шығарушы биліктің тұтқасын ұстап көрген Қасым-Жомарт Кемелұлы Елдің үміті мен Ұлт көшбасшысының сенімін абыроймен ақтайды деп сенуге болады. Саясатта мол тәжірибесі, ел іші-сыртында үлкен ықпалы бар, ұлт көшбасшысы Нұр Отан мен Қауіпсіздік кеңестің барлық мүмкіндігін пайдалана отырып, еліміздің үздіксіз даму қыбыланамасын белгілеп отырады әрі биліктегі барлық күштердің тепе-теңдігін сақтайды.

IMG_20190322_141129_150.jpg

Жоғарыда айтқанымыздай биліктің барлық өткелінен өткен Қасым-жомарт Кемелұлы билік дәлізін аттаған алғашқы қадамдарында-ақ өзін ысылған, дербес саясаткер ретінде ұлт көшбасшысының мақсат - мұратын жалғастыратынын дәлелдеді.

Алғашқы ел іші қызметтік сапарын қасиетті Түркістаннан бастауы тегін емес. Жаңадан облыс орталығына айналған Түркістан исі түрік халқының қасиетті ордасы әрі тарихымыз, дініміз, салт-санамыздың шешжіресі сонда сақталған. Рухымыз жинақталып, өркеніміз сонда өсіп жатыр. Бұл сапар өткенімізге құрмет, келешегімізге үміт артқызады. Екінші сапарын еліміз бюджетін қазба байлықпен толтырып отырған ер жүрек, еңбекшіл, ақ көңіл халқы бар Маңғыстауға арнауы жаңа команданың өткен-кеткенді дұрыс саралап, ел ауқымын жіті бақылап отырғанын көрсетеді.

Президенттің алғашқы шетелге сапары мәңгілік көршіміз Ресейден басталып, түбі бір туыс Өзбекстанмен жалғасты. Бұл сапарлар тәуелсіз Қазақстанның халықаралық байланыста тәуелсіз ойыншы екенін дәлелдеп, мына қым-қуыт дүниеде өзгелерді сыйлап, өзімізді сыйлата алатынымызды дипломатиялық тілмен әдемілеп жеткізді. Ақ Орда аппаратының жаңаруы, жоғарғы сот 5 судьясының жаңадан тағайындалуы, соңғы жылдары қазақи болмысымен ел есінде қалып, қоғамда өзін мойындатқан саясаттанушылардың кеңесші болып, президенттің айналасына жиналуы, алғашқы сұхбаттың «Егемен Қазақстан» мен «Айқын» газеттерінде қазақ тілінде өрбуі Тоқаев мырзаның дербес тұлға, халқына жақын қайраткер екенін көрсетеді.

19 ғасырда қалың елі қазағын ұлы Абай руханият шыңына сүйреп, санамызға сілкініс тудырса 20 ғасыр мен 21 ғасырдың түйлісінде ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы нарықтың қатаң тезінен, көршінің сұқ көзінен жол тауып отырып, берекесі бар келешегі зор мемлекет құрып шықты. Ақылды адам елдің қателігінен, ақымақ өз қателігінен ғибарат алады деген сөз бар. Жоғарыда талай тарихи мүмкіндіктерді жіберіп алған елдерді атап кеттік. Байырғы Рим, Гректен келе жатқан биліктің үш бұтарланып, тепе-теңдік сақтауын біз де құп көрсек те, өтпелі дәуірдегі тарихи тұлғаның ролын төмендете алмаймыз. Қайта белгілі дәрежеде басымдылық бергенді жөн санаймыз.

Тарихи шешім қабылданды. Билік транзитының бейбіт алмасуының алғы шарттары жасалды. Енді ұлт көшбасшысының ұлы мұраттары бірте-бірте, кезең – кезеңімен іске ассын деп тілейік.

Омарәлі Әділбек

Abai.kz

21 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2063