Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3336 0 пікір 24 Маусым, 2011 сағат 11:55

Мұстафа Шалқар. Шашылған «нұр», ашылған сыр

Тіфә, тіфә, еліміз «нұрланып» келеді. Қуаныштан басы айналып, байлыққа белшеден батып, айлықтан мол табыс тапқан халықтың нұрлы жүздерінен қанағатшыл сезімнің лебі еседі. Жаһанданудан жалт беріп айналып өткен, арзан да тиімді тұрақты бағаның буына мастанған қала мен даланы «нұр» кезіп жүр. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері шыр етіп дүние есігін ашқан сәбилер есімі мен өсімі де "нұрлы" санға артқаны байқалады. Бейресми дерек «нұрға» бөгіп, «нұрлы» өмірге бет алған сәбилер саны жиырма мыңнан асып кетті деп отыр. Ырымшыл халықпыз ғой, «аталардың аруағы» «нұрдан» айырмасын.

Тіфә, тіфә, еліміз «нұрланып» келеді. Қуаныштан басы айналып, байлыққа белшеден батып, айлықтан мол табыс тапқан халықтың нұрлы жүздерінен қанағатшыл сезімнің лебі еседі. Жаһанданудан жалт беріп айналып өткен, арзан да тиімді тұрақты бағаның буына мастанған қала мен даланы «нұр» кезіп жүр. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері шыр етіп дүние есігін ашқан сәбилер есімі мен өсімі де "нұрлы" санға артқаны байқалады. Бейресми дерек «нұрға» бөгіп, «нұрлы» өмірге бет алған сәбилер саны жиырма мыңнан асып кетті деп отыр. Ырымшыл халықпыз ғой, «аталардың аруағы» «нұрдан» айырмасын.

Айтпақшы, ұмытып барады екенмін ғой, көші-қонның нұры солғын тартқасын «Нұрлы көш» бағдарламасы қолға алынды емес пе? Астананың қақ төріне «Нұр Астана» мешітін салып тастадық. «Нұр Отан» мен «Нұр медиа» қандай. Құстың қос қанатындай. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік жолын, "нұрлы" жолға айналдыру қолға алынуда. «Нұр шуақ», «Нұр сая», «Нұр қанат», «Нұр шаттық» секілді «нұрдан» басталатын бала бақшалар кез келген қаланың сәні. «Нұр» есімін иеленген мектептер мен университеттер бар. Бір ғажабы «нұр» себелесе парламент пен үкіметтің түксиген қабақтары жазылып, енді «ерімейтіндей» көрінетін қырау-заңдар да бұрмаланып борша-борша еріп жатады. Тоқ етері «нұрдың» жолы болып тұр.

Осы қатарға былтырдан бері «Нұр Отан» ХДП «ойлап» шығарған «Нұр сұңқар» журналистер байқауы қосылған. Көз алдарыңызға сұңқарды «нұрсыз» елестетіп көріңізші. Аспанның өр мінезді жыртқышының айбары пәс тартып қалары һақ. Сол «Нұр сұңқар» биыл «Нұр сарайда», кешіріңіздер, "Конгресс Холда" екінші рет жалауын көтерді. "Біткен іске сыншы көп" демекші, бет алды сынап, журналист әріптестердің жыртығын жамауға аз да болса септігін тигізіп жүрген «Нұр сұңқардың» қанатын қырқу ойымызда жоқ. Қайта қолдап қорғауға, қаламынан басқа қаруы жоқ қаламдастарды елеп ескергені үшін, Брежнев атамыз құсап беттерінен шөпілдетіп сүюге бармыз. Шынымыз осы.

Бірақ кейбір түсінбеген жерімізді айтпай тағы отыра алмаймыз. «Айтпаса сөздің атасы өледі». «Нұр Отанның» аты «нұрдан» басталатын бірінші орынбасары Нығматулин өз сөзінде: «бұл жолғы «Нұр Сұңқар» бәйгесі тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналып отыр» дей келіп, әбден құлағымыз сасыған «бүгінгі күнге жету үшін Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сіңірген еңбегін екі тілде 15 минут баяндады. Осы аралықта «Нұр Отан» мен Нұрекеңнің есімдері "конгресс холдың" кең залында 27 рет жаңғырды. Пай-пай дестік. Жаттанды сөзден сәл ауытқығанда, «Нұр Сұңқар» байқауында шындықты шырылдап айтып, орынды сынымен ел ішіндегі келеңсіздіктерді ашып көрсеткен, биліктің бағыт бағдарын айқындап, тезге салып отыратын журналистер іріктеліп алынғанын естіп төбеміз көкке жетіп, дүркірете қол соққандардың ішінде біз де болдық.

18 номинация бойынша сынға түскен жұмыстарды «қара қылды қақ жаратын» комиссия жіліктеп талдағанын естігенде бөркімізді аспанға атпасақ та беріліп тыңдадық. Сараптама номинациясында «АйтПарк пікір сайыс клубының» төрағасы, «Горячая студия»-ның қызу қанды жүргізушісі аты «нұрдан» басталатын Ерімбетов жүлдеге іліккенде жоғарыда айтылған сөз рас екен дестік. Өз айтары бар азаматтың топ жарғаны құптарлық. Алайда үш жүз мың теңге ақшаның буы ма, әлде «Нұр Отанның» алдында толқып кетті ме: «Елуге дейін ескерусіз келіп ем, өмірім жаңа басталғандай әсерде тұрмын» деп «босағаны» жарамады. Саясатты судай сапырып, жалынан сипатпайтын тарпаң жігіттің, келешекте «тұсалып» бауырынан кім көрінгенді өткізіп, жинаған азғантай беделінен жұрдай болып, халықтың бетіне қарай алмай қалмаса жарады десті жиналған қауым.

«Нұр» аты аталмай, «ұмытыла» бастағанда, қызықты қараңыз, жеңімпаздар мен жиналған журналистерді мерекелерімен құттықтап сахна төріне қазақ эстрадасының жарық жұлдызы есімі «нұрдан» басталатын Абдуллин көтерілді.

Осыдан кейін «Нұр Отанның» бұлағынан шөл басатын журналистер өз саласына тән номинацияларды қанжығаларына байлап жатты. Тек арасында «Мінбер» сайтынан Есенгүл Кәпқызы мен КТК телеарнасының «Астарлы ақиқат» бағдарламасымен танымал Дина Төлепберген «Нұр Отанның» «табағына» қол салып «ұят жасады». Қатты толқыған Дина қарындасымыз «Астарлы ақиқатты» ашуға көмектескен Нұрсұлтан Әбішұлына айтар алғысым шексіз деп бәрін «бүлдірді». Сөйтіп «Астарлы ақиқаттың» «астары» белгілі болып қалды.

Ел жұртқа беймәлім Геннадий Белгицкий деген журналист жүлдесін алып жатып: «мен «Нұр Отан» дегенді білмеймін. Білгім де келмейді. Керек десеңіздер оған мүше болып кірмеймін де» деп салды. Қуанған адам не демейді. Бәлкім айтпағы басқа болған шығар. Ойында тұрған көрікті сөзі аузына түскенде адыра қалып, сөздерінің орындары алмасып кетсе өз обалы өзіне.

Нұрлан Зайроллаұлы айтқандай «Нұр Отан» партиясы «Нұр сұңқар» сыйлығын шындықты, халықтың жоғын жоқтайтын, әділдікті ту ететін басылымдар мен теле арналарға үлестіргені рас болса, кешегі «Нұр Отанның» ауласында отқа оранған әйелді, «Хабар», «Қазақстан», «Егемен», «Айқын», «Дала мен Қала» т.б толып жатқан халықшыл басылымдар тарқатып жазып, талдап көрсетіп беруге жарамағаны қалай? Бірақ жүлденің астында солар қалады.

«Байдың малын байғұс қызғанып» жатыр деп ойламасаңыздар екен. Өйткені болып жатқан кез келген  оқиғаны дер уақытында халыққа жеткізуге күш салатын телеарналар мен интернет газеттердің дүбірлі доданың мәресінен қарасын көре алмай пұшайман болдық. Жоғарыда жүлдегер атанған, ащы айтып, үкімет пен билікті сынауға бір табан жақын бір-екі журналисті «аламанға» қосып қою, «арпа ішінде бір бидай» секілді көрініс қой. Біздің айтарымыз келешекте «Нұр Отандықтар» Нұрағаның елуде елу саясатын «Нұр сұңқарға» енгізсе нұр үстіне нұр болар еді.

Әңгімені «нұрмен» бастадық, енді «нұрмен» аяқтайық. Сыйлықтар үлестіріліп болған соң ең таңдаулы сыйлықты Нұрлан Зайроллаұлы, өз қолымен эфирі «нұрлы» Хабар арнасының журналисі Нұрлан Окаұлына тапсырды. Ол сыйлық Астана қаласының қақ төріндегі үш бөлмелі пәтердің кілті болып шықты. Құттықтаймыз! Нұрларыңыз жарқырай берсін!

www.masa.kz интернет газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5454