Сенбі, 28 Желтоқсан 2024
Әдебиет 7566 11 пікір 30 Мамыр, 2019 сағат 13:16

Служак (әңгіме)

Қырымбек Көшербаевқа

 

Үмбеке?!

– ?

– Әу, Үмбеке?!

Білте шамның сығырайған жарығымен таңғы оразасын ашқан беті сол еді Үмбеттің. Айналасы қамыстан қоршалған қора жақтан біреулердің «Үмбекелеп» үздіккен даусы естілді.

– Бұл кім екен таңсәріден тағатсызданған?! Мана Ақмайлақ үріп еді. Сен де құйрығыңды көтермедің, – деп әйелі Тұрсын жыландай жиырыла қалды.

– Жә, кім болса да сыр берме. Ұят болар. Ешкім есік ашпастай қу молада отырған жоқпыз ғой. Тіпті ұры-қары болса да қай жиғаныңды жайпар дейсің, – деп Үмбет әлдене жақсылықты сезгендей жайбарақат отыра берді. Сол-ақ екен тасқараңғы ауыз үйге ұзынды-қысқалы екеу сау етіп кіріп келді.

– Үмбеке?! Әу, Үмбеке?! Қайдасың? – деді біреуі емешегі үзіліп.

– Міне, міне, мен мұндамын, – деді Үмбет те жарды
жағалап, сипалаған қонақтардан қысылып. – Сырттан кіргенде қараңғы болғанмен, сендерді көріп тұрмын.

– Ойпырмай, соқыртеке ойнаған баладай болдық қой. Ассаламағалейкүм, Үмбеке?

– Уағалейкүмассалам!

Қатқан қазықтай қақшиып қарсы алдында тұрған екеуі Үмбетке құлаштай қолдарын қатар созып, жан-тәндері қалмай амандасты.

– Бұ қайсың? Өңдеріңді шырамытқанмен, танымай тұрмын. Қане, жоғары шығыңдар, – деді Үмбет қазақы салт-дәстүрмен.

– Жиембет ағай ғой, ауыл әкімі. Ал мен Тастай қарттың кенже баласымын. Әкімнің көмекшісі, – деп сумаң етті бойы тәштигені.

– І, жөн екен. Қане, төрлетіңдер.

Көктен түскендей ойда-жоқта кеп қалған екеуді Үмбет төргі бөлмеге қарай алып жүрді.

– Жеңеше, бізге төсекшенің қажеті жоқ. Азаптанбаңыз. Біз көп отырмаймыз. Асығыспыз. Тек бір бәжный шаруамен келдік, – деді Жиембет баяғы әдетімен қойыртпақтай сөйлеп. – Сіздерге үлкен хабар алып...

– О, не хабар? Жайшылық па байғұс?! Зәремді ұшырмай не болса да тезірек айт. Өтім жарылып кетпес! – деп Тұрсын дыз етті.

Екі көзі төртбұрыштанған Үмбетте үн жоқ. Тізесін бүгіп отыра қалды.

– Үм...бе..ке...– деді Жиембет баяу әндетіп қана.– Үм...беке... сізге сонау алыстан мәртебелі бір мейман келе жатыр!

– ?

– Қой, байғұс? Ол кім тағы?! Ішер асқа жарымай отырғанда! Мүйізі сынық ешкі мен қотыр қойдан басқа соятын мал да қалмады. Енді оларға немді беремін? – деп Тұрсын безілдей кетті.

– Түу, жеңеше-ай! Әуелі сабыр сақтап, сөзге құлақ түрсеңізші, – деп Жиембет ұртын томпайтты.

– Менен не сабырын сұрап тұрсың. Айтарыңды айт жұмбақтамай. Бәсе, біз байғұсқа неғып көзің түсті десем. Қонағыңның осал болмағаны-ау шамасы?! Күнінде осы Үмбеттен совхоздың  қираған трәктірін қызғанып, тартып тынып ең. Соған бұл да қорсынып, кеңсені көруден қалды. Анау тұрған ауылға барып қайтуға да бетінен басады. Есектей жегіп-жегіп, қысқартып тастаған сендерде түк әділдік жоқ!

– Өкпеңіз орынды, жеңеше. Дұрыс айтасыз. Бізден бір қателік кетті енді. Сол айыбымызды бүгіннен бастап жуамыз, – деп Жиембет ағынан жарылды.

Осымен сөзді доғар дегендей Үмбет те әйеліне қарап, қабағын шытты.

– Жиембет ағаны жерге қаратпаңыз. Ол сіздерден сүйінші сұрай келді, – деді ішінен тынған көмекшісі тілі тықылдап.

– Не сүйінші? Манадан сүйіншіңе көшсеңші, – деп Тұрсын да құлағын түре қалды.

– Сүйінші! Сүйінші, Үмбеке!

Жиембет жерден жеті қоян тапқандай басын шалт көтерді.

– Сүйінші! Сізді  іздеп әкім, әкім келе жатыр, Үмбеке!

– А? Не дейсің? Қайдағы әкім айтып отырғаның? Біздің әкім сен емессің бе? – деді Үмбет түкке түсінбей.

– Мені қойшы. Сонау облыс орталығынан үлкен кісі
келе жатыр!

– Мәссаған, үлкен кісің кім ол? Бастықтардың үлкені, кішісі бола ма?

– Неге болмасын, болады!

– Бізге бәрің бірдей болған соң қайдан білейік.

– Шенеуніктерді шатыстырмаңыз, Үмбеке. Сізге анау-мынау емес, білдей облыс басшысы келе жатыр!

– Облыс әкімі ме?

– Иә, о..о.. облыс әкімі келе жатыр! Кәдімгі Қанатбек Қуанұлы!

– Не дейді, не дейді байғұс?!

Тосын жаңалықты Жиембет әрі қарай жалғап әкетті.

– Үмбеке, мына біз білмей жүрсек, облыс басшысы сіздің служагыңыз екен ғой. Сізбен әрмиядә бірге служит етіпті. Баяғыда айтсаңыз қайтеді жасырмай. Мана таңғы төртте Ізімбек Сәуірович збондап, аяғымыздан тік тұрғызды. Солай да, солай... Іссапармен үлкен бастық біздің жаққа келгелі жатыр. «Баяғы да әрмиядә ордалық Үмбет деген жігітпен дәмдес болып едім. Егер аман-сау болса сол служагыма жолшыбай соғып, көрісіп шығамын», – деді. Ал енді абыржымай  іске кірісіңдер, – деп аудан әкімі бізге тапсырманы үйіп-төкті. Бастықтың бұйрығын естіген бойда атқа қондық. Қазірден бастап іске кірісуіміз керек. Шаруа шаш-етек-
тен, – деп  Жиембет шабақ балықтай майлы алақанын ысқылап-ысқылап жіберді.

Манадан тілін тыққылаған Тұрсында ес жоқ. Өтірігі ме, әлде шыны ма дегендей Жиембетке жұтына қарап қалған. Үмбет болса екі оқты күйде. Сенер-сенбесін білмейді. Қайдағы әрмиә, қайдағы служәк, қайдағы әкім екенін есіне түсірмек түгіл, өз атын өзі ұмытып қалғандай.

– Үмбеке, сізге не болды? Қанекеңнің біздің облысқа әкім болғанын естіген жоқсыз ба? Тізгінді ұстағанына аз уақыт болса да, аты ауызға ерте ілікті. Келген бойда қыруар шаруаны жапырды. Қауырт жұмысына қарамастан сізді де көруге асық. Нағыз азамат деп, міне, соны айт, нағыз азамат! – деп Жиембет мақтауын асырды.

– І, білуін білем ғой, әкімнің ауысқанын. Бірақ дәл мына менімен әрмиәдә служәк болғанына күмәнданып отырғаным. Ол қайда, мына мен қайда?! Екеуміздің арамыз жер мен көктей емес пе? – деп Үмбет әлденеден қысылып-қымсынғандай арық мойнын ішіне тартып, мықшия түсті.

– Сіз шатыссаңыз да, Қанекең шатыспас, Үмбеке. Пәмиті мықты боп тұр ғой ол кісінің. Білімі де күшті көрінеді. Бәленбай тіл біледі дейді қасында жүрген жігіттер. Өзін қырағы, алғыр, жұмыскер деп естідік.

– Ептілігі болмаса екінің бірі ел басқара ма, шырақта-
рым-ау. Дегенмен, ұйқылы-ояу жүріп шала естіген шығарсыңдар. Бізді босқа әуреге сап даурықтырмай, анығын сұрап білші ауданнан! – деп Тұрсын қайтадан «тірілді». – Жұртқа бошқа күлкіге қалмайық. Досың да қасқырдың терісін жамылған мына заманда өз басым екі иығымнан басқаға сенбеймін. Меңіреу далада мелшиіп отырған мына бізді сәмөлөтпен ұшып-қонып жүрген әкімдер қайтсін?! Тіптен ақылға сыймайды! Үмбет әрмиядән келгенде қылдырықтай қыз едім. Қазір қара қатын болдым. Содан бері қай заман?!..

– Айпырмай, жеңеше-ай, не айтсам да иланбадыңыз-ау. Маған сенбесеңіз осы қазір Ізімбек Сәуіровичпен қайта сөйлесейін, – деп жаны көзіне көрінген Жиембет шалбарының ышқырынан тышқандай қара телефонды суырып алды.

Әңгіменің жай-жапсарын енді ұққан Тұрсын райынан қайтты. «Алла, дүние-ай! Жүйткіп жылдар өтсе де мені ұмытпаған Қанекем-ай! Көкте жүрсе де көзі жерге түскен
неткен жан еді. Ол әкім емес, Әулие ғой, Әулие!» – деп
көңілі шалқып-тасыған Үмбет те қуаныштан жанарына ыстық жас алды.

– Әулие адам болған соң да сені іздеп келе жатқан шы-
ғар. Әйтпесе, аузын құр шөппен сүрткен бізді қайтсін?
Служәк түгілі, осы күні сүрінсең ағайының да қайырылмайды. Қап, ойбай-ай, қыстақтан-қыстаққа көшіп-қонып жүргенде әлгі ескі әлбөмнің де қайда қалғанын білмеймін. Ең болмаса жігіт күнгі түрінен таныр ма едің? Қап! – деп Тұрсын сіңірі шыққан арық санын бір соқты.

– Осы үйде сарғайған суреттен басқа көп нәрсе жоқ еді ғой. Іздеп көрсеңші. Мүмкін табылып қалар. Қанатбек дейсіңдер ме, ә, Қанатбек. Қан...а.т..бек...

Арада сүт пісірім уақыт өткенде барып Үмбет ұзақ ойдан оянды.

– Таптым! Егер сол болса, таптым! Екі беті дөңгеленген, қараторы, орта бойлы, еті тірі жігіт кәмәндеріміз болып еді. Қазақшаға да, орысшаға да ағып тұрған пысық еді. Мақал-дап-мәтелдеп сөйлегенде пәлкөвниктерге де дес бермейтін. Кешкісін бүкіл сәлдат сол жігіттің аузына қарап отырушы ек. Әңгімені де көсілтіп, майын тамызып, тұздығын құйып айтатын. Әл-қисса, дастандарды жатқа соғатын. Ешкімді жатырқамай, қасына үйіріп алатын. Бос уақытында кітаптан да бас алмайтын. Көбіне кешкісін домбырамен ән салатын. Қоңыр даусы да тым жақсы еді. Орыс демейді, ұйғыр демейді, өзбекпен де, түрікпен де тіл табыса кететін. Иненің көзінен өткен пысық еді. Әй, меніңше сол, сол жігіт! Одан басқа әрмиядә арамызда жанып тұрған служәк жоқ еді.

Жанар оты жылтыраған Үмбет тым алыстап кеткен
оттай ыстық он сегіз бен жиырма жасын еміс-еміс есіне ала түсті...

 

*  *  *

 

– Жігіттер, қане, тездетіңдер! Батылдау қимылдайық!

– Жәке, мына сымды енді қайда тартамыз?

– Үйге жарық кірді ме?

– Әрине. Ауладан бастап анау шеткі қораға дейін жарқыратып қойдық.

– Мәләдес!

– Жәке, түс ауа екі «КамАЗ» шиыршық тас келетін болды. Оны қайда төсейміз?

– Жазғы сарайдан бастап, үйге дейін жайып тастаңдар! Біздің Үмбекең қораға да асфальт жолмен барсын бұдан былай баптанып!

– Әй, бәрекелді! Бәрімізден Үмбет озды-ау! Әкіммен бірге менің де служит етпеуімді қарашы. Осы ауылдан әрмияға Үмбетпен бірге аттанып едім. Пойызбен басқа қалаға алып кетті мені. Әйтпесе, – деп Амантай өткен күнге өкінгендей сыңай танытты.

– Қане, бос сөзді доғарайық. Басқа да тапсырмалар не боп жатыр? – деп Жиембет көмекшісіне қарады.

– Әкеледі. Бәрін бүгін әкеледі. Жаңа бір әзірде хабарластым, – деп еліп ете қалды көмекші жігіт.

Әншейінде ұшқан құстан басқа тірі жан көрінбейтін мынау жапандағы жалғыз үйге ауыл-аймақ тайлы-таяғымен түгел көшіп келгендей. Құмырсқадай қыбырлап, жыбырлап, жанталасып Үмбеттің бар шаруасын істеп жатқан бір жан. Баяғыдан жөндеу көрмей іріп-шіріп, азып-тозған үйдің ұсқынынан үркіп, ілкіде Жиембет биесауым уақыттың ішінде Үмбетті көшіріп әкетпек болды. Оны естіп Үмбет ер-тоқымын алып тулады. Тұрсын болса сіріңкедей тұтана кетті. «Көктен Құдай жетіп келсе де, құтты қонысымды аттап ешқайға кетпеймін. Осы босағада тоқпақтай үш ұлды доғдырсыз өзім туып, кіндігін өзім кестім. Барымен базар, жоқты қайдан қазар», – деді нығыздап.

– Дегеніңе құлдық, жеңеше. Ешкімді азапқа салмай, салулы тұрған су жаңа үйдің қызыл жібін әкімдерге қиғызып, «Үмбекеңе служәгі төрт бөлмелі үйдің кілтін беріпті» дегізгім келіп еді. Сізге бір үй баяғыдан тиесілі болатын,– деп Жиембет жалпылдай жөнелді.

Құбылмалы ауыл әкіміне құлақ аспай-ақ, «қалауын тапса қар жанады» дегенді іс-қимылдарымен дәлелдеген жұмысшылар шаруаны дөңгелентіп тастады. Ертеректе қара сымаламен қапталған үйдің төбесіне күн нұрымен шағылысқан ақ шатырды тұрғызып та тастады. Шарбағының айналасын қызыл топырақтан арылтты. Тауық қораның орнын қырып жіберіп, қызыл тастан өрілген керемет монша салып берді. Малдың жапасы мен саз балшықтан қосып сыланған үйдің төрт қабырғасын әп-сәтте жоқ қылған сайдың тасындай жігіттер кірпіш тастан қайтадан өрді. Үмбеттің ескі қонысы көзбен көрсең сенбестей, тілмен жеткізе алмастай әдемі түрге еніп, жаңарып шыға келді. Үйдің ішін де, сыртын да айнадай жарқыратты. Қас-қағым сәтте сыры ұшқан ыдыс-аяқтан бастап, тышқан тесіп, мүжілген сандық та, қисық шкаф та, шиқылдаған кереует те, аяғы ақсақ үстел де енді келмеске кетті. Байбалам салған Тұрсынның да салақұлаш гүлді кілемді көргенде көзі оттай жайнады. Қайтсін-ай енді? Хан сарайындай өз үйінен өзі үріккен Үмбет те өкпесін сыртқа шығарып, күңкілдеді. «Бір шегесін де жұлмаңдар дегенім қайда?! Қанекең менің дүние-мүлкімді түгендеуге келе жатпаған шығар. Оған дүние таңсық деймісіңдер» – деп кейіді.

– Үмбеке-ау, Құдекең берсе желдеткіштен де береді деген осы, міне. Көрмейсің бе, жыртық үйдің де Құдайы барына көзің жетіп тұрғанын. Босқа налып қайтесің. Совхоз тарағанда сені ит жемге алдымен тастап еді көк бөлдөзірдің шіріген болтына дейін түгендеп. Көрдің бе енді айыптарын жуып-шайып, алдыңда құрдай жорғалауын бұлардың. Служәгың аман болса, бұлар сені ақ киізге көтереді әлі. Дыбысыңды шығармай, бұйырған несібеңді алып қал, – деп баяғы кластасы Амантай ақ ниетін білдіріп бәйек.

– Дегенмен жұрттан ұят қой. Қоңыр тірлігімнің қайы-
рын көрсем де жарар. Осы жақсылықты баяғыда жасаса
қайда қалыпты. Біреу қолдарын қағып па. Егер Қанекең служәгім болмағанда  бұ  дүниенің ырыздығынан құр қала-
ды екенмін, – деп Үмбет иегінің астынан күңкілдеді. Бәрінен қысылатыны ертең сыйлы қонағы келгенде өзінің қоян жүректігін шәу тартқан жүзінен аңғартып қоятын тәрізді. Осы қылығын байқаған Жиембет те буы бұрқыраған ыстық моншаға кіргізіп, сақал-мұртын қырғызып, шашын жұқартып, әйелі екеуін мұздай киіндіріп қойды. Көңілі де жайланып:

– Жарайсыңдар, жігіттер! «Ала қойды бөле қырыққан
жүнге жарымайды» деген, сөзге қалдырмай, шаруаны жайғастырып тастадыңдар. Үмбекеңнің үйінде бірінші рет телевизір сөйлеп тұр, тоңазытқыш гүрілдеп тұр. Жеңешем енді құдыққа айран-сүтін байламайтын болды. Әзірге мына газ балонын жаға тұрыңыз. Таусылса әкеліп тұрамын. Ауданға көгілдір отын келген бойда алдымен осы кеңшарға тартқызамын. Сонымен, мал сойылды. Бас үйтілді. Енді жеміс-жидек келсе, дастарқанның да мәзірі әзір, – деп ауыл әкімі әдеттегідей  қос алақанын ысқылады.

 

*   *   *

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген осы екен. Әне-міне дегенше, Үмбеттің «служагы» келетін кезде
таялды. Сол күні қоңыр күздің шапағаты айналаға алтындай арайын шашты. Әншейінде жанарыңды жасауратып, берекеңді бес тиын қылатын қызыл топырақ та сап тыйылды. Бесеңеден биік қарағайлар бұтағына қыздай нәзік еркелеген құс біткенді қондырып, самал желмен сызылтып ән сап тұрды. Әуелден көрікті де көркем Құм-Нарын айналаға ерекше нұр сыйлай түсті. Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарап, алакеуім шақтан ат-арбасын қамшылап сайдың тасасынан, құмның бөктерінен ағайын-туыс, жақын-жұрағат төбелерін қылтитып, асығып-аптығып келе бас-
тады. Үмбеттің тақтайдай тегіс тас төселген ауласына тілдері салақтаған өңкей қара ит пен сұр ит толып кеткенде Жиембеттің ұсқыны бұзылып, шәйіт болып кете жаздады. Көмекші жігітке «дереу көздерін құрт!» деп жекіді.

– Шырағым, Жиембет, атам қазақ жақсыны көрмекке деген. Ауылға бес жасар бала келсе, қалтыраған қария да тәлтіректеп кеп сәлем бермей ме. Сырттай болса да әкімнің түрін көріп қалайық, – деп еті тірі біреуі тоқтатты қайта.

– Ендеше, жұмған ауыздарыңды ашпаңдар. Ештеңе сұрамаңдар. Ол кісі үйге кіреді де шығады, – деп ауыл басшысы жиналған жұртқа шарбақтың сыртынан қарап тұруға рұқсат етті. Өзі қасына бешпетінің төсіне екі-үш түйір жылтыр темір қадаған төрт-бес шалды алып, оң жағына Үмбетті әйелімен бірге тұрғызды. Алыстан жыбырлай көрінген көлік біткенге көзін сүзген Үмбеттің дегбірі қашты. Қылғынып, ыстықтаған соң мойнындағы жуан галстукті де шешіп тастады. Ердің құнын, нардың пұлын сұрамағанмен, Жиембет бастаған команданы бидайықтай қуырып, бәлен жылғы өкпесінің кегін жақсылап бір алған Тұрсында тап қазір үн жоқ. Сапта тұрған сарбаздай сазарып қалыпты.

Сонымен берген серт те, айтқан уәде де орындалды. Кешікпей түрі де, әйнегі де жылтыр қара көліктер бәйгеден оза шапқан сәйгүліктей зыр етіп ауланың алдына тоқтай қалды. Сол-ақ екен, ешкімнің жетіп келіп қошемет білдіруін күтпестен көліктің артқы есігінен орта бойлы, тығыз денелі, дөңгелек жүзі жылы әрі сүйкімді жігіт ағасы шыға келді. Қимылы шапшаң, жүрісі шалт, көңілі сергек жан екен. Іле-шала «Ассаламағалейкүм» деп қалт-құлт еткен қарияларға қос қолын созып, емен-жарқын көрісті. Жан-жағынан ентелей қарап тұрған көпшілікке де күлімсірей амандасты. Сосын сол жақ шекесіне ағы сиректеу қалың шашын толқындата қайырып тастап, айналаға нұрлана қарап,
көп..т...ен көрісуге асыққан служагын іздей бастады. Осы сәтте манадан именшектеніп, топ арасына бойын тасалаған Үмбет те шыдай алмай, шідерінен босаған асау атай алға ұмтылды.

– Служәк?! – деді Қанатбек Қуанұлы қыран құстай кең жайған құшағына жиырма бес жылдай көрісіп, біліспеген ескі досын емін-еркін сыйдырып. – Служәк! Служәгым менің! Өзіңді көретін күн бар екен-ау...

Қаумалай қараған ел-жұртта ес жоқ. Аң-таң. Көрген түс дейін десе түске, әл-қиссаға, ертегі-дастанға мүлдем ұқсамайтын мына бір шынайы көрініске бәрі іштей қайран! Үмбет те жерден жеті атасы тіріліп келгендей өз құлағына, сығырайған екі көзіне сенер емес.

Мәре-сәре болып амандық-саулық сұрасқан соң қадірлі қонақтар төрге озды. Қазақы ырыммен тізесін бүгіп, кең дастарқаннан бауырсақ ауыз тиген Қанатбек Қуанұлы уақытының тығыз екенін, осы облыстың тізгінін ұстағалы аудан жаққа іссапармен келіп-кеткенін, бірақ қанша жол түссе де служәгымен кездесудің сәті енді түсіп отырғанын айтып, аз-мұз шерін тарқатты. Сәлден соң қабырғаға сүйеулі тұрған домбыраны қолына алып: – Киелі мекенге келіп тұрып, Құм-Нарынға табаным тиіп тұрып, кезінде қара нанды бөле жеген служәгымды көріп тұрып бір күй тартып бермесем болмас деді. Сөйтті де Құрманғазының «Балбырауын» күмбірлете жөнелді.

– Әй, бәрекелді! Арда туған алаштың азаматы екенсің, шырағым. Сен келгелі Жайық өңірі өзгеріп, жағдайы әбден түзелді. Мүйізі қарағайдай мықты ақын-жазушыны да елге әкеле бастадың. Мәдениеттің мәртебесін өсіріп жатырсың. Еңбегің Алладан қайтып, тіл-көзден аман жүр, айналайын, – деп ақсақалдар жағы қол жайып батасын берді.

– Рахмет. Сіздерге де жаратқан ием жар болсын. Ал енді служәк, қысылмай жағдайыңды айта отыр. Жер аяғы кеңігенде қалаға қыдырып келіңдер. Бұдан былай мына отырған аталарыма, Үмбекеңе көздеріңнің қырын сала жүріңдер, – деп Қаңекең әзіл-шынын араластыра сөйледі.

– Әрине, Қанеке, әрине. Мына біз Үмбекеңнің сізбен әрмиәда бірге служит еткенін жақында білдік. Естіген бойда тікелей өз қамқорлығыма алдым, – деп аудан әкімі Ізімбек Сәуірович тіл алғыш баладай басын шұлғыды.

Табалдырыққа таман отырған Жиембеттің кеудесінен шыбын жаны мана ұшып кеткендей. Аузын буған өгіздей
үн жоқ.

– Қанатбек Қуанович, қызмет айтыңыз. Біз осы барға әзір. Жоғымыз жай жандармыз, – деп Тұрсын өлімсірей тіл
қатты. Манадан дыбысы шықпап еді. Қайта, облыс басшысының иманжүзді жан екеніне көзі жетіп, тіріле бастағаны. Ара-кідік басындағы сусылдаған ақ жібек орамалын ұшынан тартып-тартып қояды.

– Менің аты-жөнімді түстеп қайтесіз. Сіздерге қызмет сала келгем жоқ. Үмбетті бір көру баяғыдан ойымда еді. Дәм бұйырайын десе осы. Тірлік болса әлі талай тілдесерміз. Жүздесерміз. Қарға тамырлы халықпыз ғой. Бізді осы бірлігімізден айырмасын, – деп сүтпісірім уақыттың ішінде жұртты айрандай ұйытқан Қанекең кетуге ыңғайланды.

– Әттең, служәк, – деді сосын Үмбеттің сүйегі шодырайған иығынан қапсыра-қапсыра құшақтап. – Өзіңмен құмға аунап, қарағайдың түбінде жұпар ауаны жұтып жатар ма едім. Бірақ уақыт тапшы. Шаруаң оқсамай жатса, хабарлас. Мынада бәрі жазылған, – деп аты-жөні көрсетілген визитканы қолына ұстатты.

Сәлден соң дыбыссыз тұтанған жеңіл көліктер Нарынның бетегеден биік жусан даласымен бой тасалап бара жатты...

 

*   *   *

– Айпырмай, Қанатбек деген осы екен ғой. Жүрсең көре бересің деген, елді аузына қаратқан әкімді де көрдік-ау?!

– Өзі ақ сөйлеп, адал күлетін, жақсымен жолдас бола білетін азамат екен!

– Кісілігің айтсаңшы. Әкіммін деп кеудесін ұрып тұрған жоқ. Түу Оралдан служәгын іздеп келудің өзі неге тұрады?

– Арыстанның аузындағысын алатын нағыз азамат екен! Ер екен! Балдай тәтті тілі қандай, өзі қандай!

– Пай-пай шіркін, әкім біткеннің бәрі Қанекеңдей болсашы?!

– Жарадың, Үмбеке! Ырыздығың мол екен. Служәгың шынымен ер екен!

Үмбетті ортаға алып, ауланың ішін басына көтерген бір адам.

– Анау-мынау емес, «Облыс әкімі келе жатыр!» дегенде жанымызды қоярға жер таппап ек. Бәрі де көрген түстей өте шықты, – деп Жиембет бастаған ауылдың атқамінерлері бар, басқасы бар улап-шулап үйге кірді.

– Қанекең ауыз тиген бас қайда, бас? Миын жеп, көзін алайық. Бір көзді Үмбетке, бір көзді Жиембетке берейік. Әкім тапсырып кетті ғой. Бұдан былай Үмбетке ғана емес, бәрімізге көз болып жүрсін, – деп қағытты қу шалдың біреуі.

– Қане, мына төсенішке немеремді аунатып-аунатып алайыншы. Жақсы адамның отырған орны сәбиіме жұғысты болсын. Қанатбек ағасындай өскенде ақылды азамат болсын, әкім болса халқына жақын болсын, – деп көрші кемпір құрдас шалын төрден ысырды. Сол бойда жас келіндер де әжейдің ырымын сәбилеріне жасап, мәре-сәре болысты.

Не керек әйтеуір, ойда-жоқта служәгы келіп-кеткелі Үмбеттің үйінде отыз күн ойын, қырық күн той болды. Қазан-қазан ет асып, бауырсақ пісіруден Тұрсын да қажымады. Тым-тырыс жатқан жайлаудағы жалғыз үйдің алыстан шамы жарқырап, тірліктің баянды бақыты сезілді.

 

*   *   *

Иә, содан бері арада жылжып біраз жыл өтті. Азып-тозып, жаны жүдеп, шәу тартқан Үмбеттің көкірегі мен жан сарайы кеңіп, бұрынғы құсалық пен күйзелістен құлантаза айықты. Қит етсе теледидар мен радионы тыңдап, газет-жорналды қалдырмай оқып, служагы жайлы жазылған мақала мен сұхбаттарды бөлек сақтайтын болды. Тұлпарлармен бірге жүріп, сұңқарлармен бірге ұшатын служагының амандығын көктен тілейтін болды. Тіпті, жол-жөнекей өткен-кеткен жолаушыға дейін әлі күнге «Қанекеңнің служәгы» деп Үмбеттің қыстауына әдейі бұрылып, хал-қуатын біліп тұрады. Ауылдағы ағайындар «Служәгын» іздеп келген қарапайым әкімді жиі-жиі еске алып, сол күнді сағынады. Ал көз көрген қариялар жағы Қанатбек ұлдарының зәмзәм суындай әр сөзін, әңгімесін тыңдауға ынтығады.

– Үмбеттің служәгы – нағыз служәк! – деп тасы өрге домалаған қазақтың бір ұлына ақ жол тілейді...

Мира Шүйіншәлиева

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2070