Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 5322 20 пікір 31 Мамыр, 2019 сағат 13:13

Ашаршылықты "геноцид" деп танитын кез келді...

31-мамыр – Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Осыған сәйкес, бүгін Abai.kz ақпараттық порталының қызметкерлері Алматы қаласындағы Қарағайлы скверіне орнатылған ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке тәу етіп қайтты.  Сондай-ақ, қалалық әкімшіліктің зұлмат жылдарды еске алу жиынына қатысты.

Оған қала тұрғындары мен зиялы қауым өкілдері және шаһар басшысы Бауыржан Байбек келген жиын қаладағы Наурызбай мен Қарасай батыр көшелерінің қиылысындағы Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш алаңында өтті. Сағат 9 болмай ол жерге бірнеше адам жиналды. Олардың ішінде репрессия құрбандарының ұрпақтары, жастар мен қоғам белсенділері, зиялы қауым өкілдері бар. Ал, сағат дәл 9 да қала әкімі Бауыржан Байбек келіп, гүл қою рәсімін жасады. Шаһар басшысының салтанатты рәсімінен соң, алаңдағы барша халық зұлмат жылдар қасіретін бір минут үнсіздікпен еске алды. Одан соң, Бауыржан Байбек сөз алып, мұндай қасіретті тарихтың халық жадынан ешқашан ұмытылмайтынын айтып өтті.

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:

- Бұл - адамзат тарихында бұрын соңды болмаған қанды қырғын. Ешқандай ақтап алуға келмейтін қасіретті нәубет. Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин және басқа да көптеген саңлақтарымыз қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Нәубет заманның ауыртпалықтарын қазақ халқымен бірге елімізге жер аударылған неміс, поляк, кәріс, шешен, түрік, грек және басқа да этнос өкілдері бастан кешті. Солақай саясат зобалаңы туғызған аштық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына әрдайым тағзым ету – еліміздің әрбір азаматы үшін қасиетті парыз. Енді елімізде мұндай заман болмасын. Әрдайым бірлігіміз жарасып, ынтымақ пен татулықта өмір сүрейік.

Айта кетейік, қала әкімдігінің ұйымдастырумен еске алу жиынан соң, Алматы қаласының орталық мешітінде барша құрбандардың рухына арнап құран оқылатыны, кешке сол боздақтарға арнап қала тұрғындарына ас (ауызашар) берілетіні айтылды.

Жұмабек Ашуұлы, тарихшы:

- Қазақтың бағы да, соры да ұлан-байтақ, қазынаға толы жері болды ғой. Осы жерге қызыққан талай көршілеріміз қазақты ұлт ретінде жойып жіберуге бағытталған бірнеше солақай саясат жүргізді. Солардың ішіндегі ең қиыны Кеңестер Одағының тұсында болды. Оның үстіне 1916 жылғы, 1921 жылғы, 1931 жылдағы ашаршылық халықты қынадай қырып кетті. Мысалы үшін 1932 жылы халық қырылып жатқанда сол кездегі Халық Комиссарлар кеңесінің төрағасы Ораз Исаев Сталинге: “Халық қырылып жатыр, аң аулауға рұқсат беріңіздер” деп  телеграм соғады. Оған жауап ретінде  Ресейдегі Халық Комиссарлар кеңесінің төрағасы Куйбышевтың қолы қойылған телеграм келеді. Онда: “Аң аулайтын болсаңдар жауапқа тартыласыңдар” дейді. Сонда, Халық қырылып жатқанда аң аулауға да рұқсат бермеудің астарында - ұлтқа деген өшпенділік жатыр. Ұлтты жоюға деген мақсат жатыр.

Біз осындай озбырлықтан аман-есен Тәуеліздікке жеткен ұлтпыз. Енді сол қиянат пен қиындық халықтың басына келмесін. Ал, біз жас ұрпаққа  сол қасіретті тарихымызды таныта берейік.

Бұдан соң, жиналған халық ескерткішке гүл шоғын қойып, тағзым жасады. Сонымен, Сталиндік Геноцид саясатының құрбандарын еске алу жиыны аяқталды. Алайда, халық салтанатты шеруден соң да толассыз келіп жатты. Олардың ішінде кейбір зиялылар да бар. Олар "жиын 10 да басталады деп естідік" дейді.

Сондай-ақ, саяси партиялардан "Ауыл", "ЖСДП", және "Ақ жол" партиялары келіп, тағзым етіп жатты. Ал,"Бесмертный полк" шеруі мен Комсомолдың 100 жылдығын тойлауға белсене араласқан "Коммунистік Халықтық Партиясы" бұл жиыннан төбе көрсетпеді.

Ауыл партиясының өкілдері

Тағы бір көңілге қонбағаны - сол ескерткіш тұрған алаңнан екі көше жоғары “Динамо” стадионында спорттың әр түрінен жастар мен жасөспірімдер арасында жарыс өтіп жатты. Ондағы музыканың қаттылығы адамның еріксіз назарын аударады (Бұл да "арнайы" жоспарланғандай  әсер қалдырды). Бұл шараны кімдер ұйымдастырып жатқанын білмедік, алайда, 4 миллионнан астам боздағынан айырылған қасіретті тарихымызды еске алу күнінде, мұндай сауық шараларын тоқтата тұруға болар еді...

Және, ашаршылық құрбандарының ескерткіші алаш арыстары атылған бұрынғы НКВД ғимаратының дәл жанында орналасқаны да қисынсыз секілді. Ал, еске алуға жиналған халық ескерткіш алаңына сымай парк ішін шарлап кеткенін де айта кетейік.Халықтың бұл күнге деген құрметі ерекше екенін және жыл сайын адам саны көбейіп келе жатқанын ескерсек, бұл олқылықтардың орны алдағы уақытта толығады деп сенеміз.

Және, бұл қасіретті кезеңді жалпы ұлттық "геноцид" деп танитын уақыт келді...

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1458
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3225
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5282